«Самұрық-Қазына» биік мінберде сыналды

134
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hvvLb7vmBLd51TRz2bDTBduINB9H86hqasAWEmT2.jpg

23 қарашада Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева «Самұрық-Қазына» қорының отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмысын сынға алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, импортты алмастыруға арналған ауқымды бағдарламалар мен ұлттық компаниялардың триллиондаған теңгелік сатып алуларына қарамастан, қазақстандық кәсіпкерлер әлі де ашық емес рәсімдер мен ұзақ мерзімді тапсырыс алудағы қиындықтарға тап болып отыр.

Еспаева мемлекеттік органдар өңдеу өнеркәсібінің өсуі, цифрлық тізілімдердің іске қосылуы және бизнесті қолдаудың жаңа шаралары туралы үнемі есеп беретінін атап өтті. Алайда оның пікірінше, бұл бастамалар әзірге ел ішіндегі өндірістік тізбектердің толыққанды дамуына ықпал ете алған жоқ.

«Егер тауар өндірушілер тізілімі бұрауышпен құрастыру мен терең өңдеуді әлі күнге дейін ажырата алмаса, оның нақты экономикалық тиімділігі қандай? Отандық зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыстар мен негізгі шикізатқа қол жеткізе алмай отыр», – деді вице-спикер Құрылтайдағы  Үкімет сағаты кезінде.

Ол мысал ретінде шикізат өндіруші компаниялардың сатып алуларын келтірді. Оның мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мұнай-газ секторының сатып алуларындағы қазақстандық тауарлардың үлесі небәрі 21 пайызды құраған. Ал қатты пайдалы қазбаларды өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар арасында бұл көрсеткіш 17 пайыз болған.

Еспаева Қазақстанның отандық кәсіпорындар өндіре алатын арматураны, сорғыларды, кабельдерді және басқа да өнімдерді әлі де шетелден импорттап отырғанын атап өтті.

Вице-спикер «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне де жеке тоқталды.

«Самұрық-Қазына» қоры импортты алмастыруға бағытталған ауқымды бағдарламаларды таныстырады. Бірақ жекеменшік бизнес неге жылдар бойы сатып алу рәсімдерінің күрделі жүйесінен өтуге мәжбүр? Неліктен ол ашық емес бас тартуларға тап болады? Ал офтейк-келісімшарттар тетігі неліктен корпоративтік KPI көрсеткіштерін орындау үшін жасалатын қарапайым қысқа мерзімді келісімшарттармен алмастырылып жүр?» – деп сауал қойды Еспаева.

Вице-спикердің «Бәйтерек» холдингіне де қатысты да ескертулері болды. Оның айтуынша, қолданыстағы кәсіпорындардың едәуір бөлігі жобаларды іріктеуге қойылатын жоғары талаптарға байланысты инвестициялық преференцияларды пайдалана алмай отыр. Сонымен қатар коммерциялық несиелердің жылдық мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады. Бұл да бизнестің мүмкіндіктерін шектейді.

Дания Еспаева аграрлық сектордың шетелдік технологияларға, импорттық бөлшектерге, агрохимияға және ауыл шаруашылығы техникасына тәуелділігін де сынға алды.

Оның пікірінше, негізгі мәселе – өнеркәсіптік саясаттың үйлестірілмеуінде. Ведомстволар өз көрсеткіштері бойынша есеп бергенімен, кәсіпорындардың шикізатқа, қаржыландыруға және кепілдендірілген тапсырыстарға қол жеткізуін қамтамасыз ете алмай отыр.

댓글
기타 기사