НЗМ мұғалімді балағаттаған оқушыны оқудан шығарды

1459
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/photo-output-48-960x500.jpeg?token=f29bad368773744f7f67105606aa0658

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы оқудан шығарылды. Бұған білім алушының мұғалімді балағаттауы себеп болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, оқушы өткен аптада тоқсандық қорытынды бақылау кезінде академиялық адалдық ережесін бұзып, ұялы телефон қолданған.

«Белгіленген ережелерге сәйкес, емтихан кезінде кез келген көмекші құралдарды қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы біз үнемі оқушылар мен ата-аналарға хабарлап отырамыз. Аталған ережені бұзғаны үшін мектеп мұғалімі белгіленген тәртіппен оқушының телефонын алып қойды. Алайда білім алушы агрессия танытып, мұғалімге дөрекі әрі бейәдеп сөз айтты. Соның ішінде «ш...ва» деген сөз қолданылған. Бұл жағдай басқа оқушылардың көзінше болған, дәлелдер бар»,—деді Жанғозин.

Сондай-ақ ол оқушының бұрын да тәртіп бұзғанын атап өтті.

«Біз бұл істі тексеріп, тиісті қорытынды шығарамыз. Алайда болған оқиғаға тек мектепті кінәлау дұрыс емес, отбасы мен қоғамның жауапкершілігі бар, оны ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны оқудан шығару туралы шешімі, менің ойымша, қисынды және орынды»,—деп қорытындылады НЗМ басқарма төрағасы.

Қазір оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешілген.

댓글
기타 기사