ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 50 мың сыйақы беріп жатқаны рас па? - Фактчек

15096
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта WhatsApp мессенджерінің қолданушылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен “2022 жылға арналған қолдау қоры” деген сөз тіркестері кездесетін SMS хабарлама ала бастады. Рассылкаға өтсеңіз, кішігірім сауалнама толтыру арқылы 50 мың теңге көлемінде сыйақы алуға болатынын көресіз.

Алаяқтардың WhatsApp-тағы кезекті фейк таратылымы ма? Схема бойынша көрсетілген сілтемеге өтіп, бірге тексеріп көрейік.

Назар аударыңыз! Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді болдырмау үшін бұл қадамдарды қайталауды ұсынбаймыз.

Күдік тудыратын #1 фактор: өте күмәнді сілтемеге - https://jvip8kt.top/i/day100/?g=1 өту ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен шынымен сыйақы берілетін жағдайда, пайдаланушыларға министрліктің ресми сайтын ұсынар еді.

Сілтемені басқаннан кейін біз автоматты түрде басқа доменге қайта бағытталамыз: https://ldvipxrtfb.xyz/whatsapp/day100/ g=1&t=1642053825309 және барлық келесі әрекеттер осы сайтта орын алады.

Сайт ашылған бетте бізге: “Құттықтаймыз! Бүгін, 2022 жылдың 13 қаңтарында сіз біздің сауалнамаға қатысу үшін таңдалдыңыз. Бір минуттан кейін сіз 50 000 теңге көлемінде сыйақы аласыз. Біз сауалнама қатысушылары үшін марапаттар дайындадық. Бұл сауалнамаға жауап беруге бар болғаны 4 минут 18 секундыңыз бар! Асығыңыздар, ақшалай сыйақылар саны шектеулі!” - деп хабарлайды.

Назар аударыңыз, бұл ақпарат хабарламада болған ақпаратқа сәйкес келмейді. Бізден талап етілетін ендігі нәрсе — көрсетілген 4 сұраққа жауап беру және сыйлық қорапшаларын табу. Тесттен өтіп, барлық сұрақтарға жауап бергеннен кейін бізге 9 нұсқадан тұратын жүлде қорабын 3 мүмкіндік арқылы табу ұсынылады.

Осыдан кейін бізге 50.000 теңге бонус жеңіп алғанымызды хабарлайды.

Алайда, жүлдені алу үшін WhatsApp-тағы контактілерге сыйлық ұтып алуға шақыру үшін бірқатар әрекеттерді орындау қажеттілігі айтылады.

Хабарлама таратылуына қарай суретте көрсетілген көк индикатор жолағы толтырылады. Оны толтыру үшін кемінде 5 топқа және кем дегенде 20 пайдаланушыға шақыру жіберу керек. Осыдан кейін тіркеуді аяқтау туралы ұсыныс пайда болады.

Тіркеуден өтуге және көрсетілген сілтемені басуға тырысқанда, 404 Not Found қате сілтеме деген ақпарат шығып, сәйкесінше сайт ары қарай ашылмайды.

🔍 Енді ldvipxrtfb.xyz домені кімге тиесілі екенін тексеріп көрелік. Тексеру барысында сайттың 2022 жылдың 12 қаңтарында тіркелгенін анықтадық. Сайт АҚШ-тың NameSilo ұйымына тиесілі. Яғни, тіркеу иесі: АҚШ- та, оның ішінде Аризона штаты, Финикс қаласында тұрады. Осыдан кейін-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дәл осы доменге және жалпы таратуға қатысы бар екені үлкен сұрақ тудырады.

 

Тестілеу нәтижесі көрсеткендей, алаяқтар таңбалардың кездейсоқ комбинациясын білдіретін домен атауларының тұтас жиынтығын пайдаланады. Барлық домендер бір күнде және бір байланыс адамымен тіркелетіні анықталды.

🔴 Үкім: Манипуляция және Жалған

WhatsApp-тағы 50 мың теңге сыйақы тарату хабарламасының ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ешқандай қатысы жоқ.

Тарату (рассылка) интернет-алаяқтық/фишинг санатына жатады. Алаяқтар мобильді құрылғыда немесе компьютерде бірқатар манипуляциялар жасай отырып, желі қолданушыларының жеке ақпаратына, соның ішінде банк / несие картасының дербес деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.

 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер