Даңқы кеткен алысқа - Жоламан әнші алпыста!

3431
Adyrna.kz Telegram

Жасымда болдым балдырған,
Талайды əнге қандырған. 
Сол балдырған кезімде,
Ғашықтық отын жандырған. 
Мәжілісімді көркейт деп,
Төрелер қалап алдырған.
Алпысқа келіп əн салып,
Атын бір қойдым "Қалдырған"
Үкілі Ыбырай

Бір өзі бір консервотория, бір өзі бір филармония - Жоламан Құжиманов ағамыз асқаралы жас - алпысқа келді.
Бір өзі бір консерватория дейтінім, осы күнгі қолына домбыра ұстап жүрген кейінгі буын əншілердің Жоламаннан өрнек алмағаны кемде-кем. Оны көшпелі яки жылжымалы консервотория десе де болғандай. Олай дейтінім - қашан көрсең Жөкеңнің домбырасы ылғи жанында, көлігінің ішінде жүреді. Осылай жүрген Жөкеңе "Аға, мына бір əнді үйренейін деп едім" деп ылғи да бір кілең жас əншілер телефон соғып, хабарласып жатады. Жөкеңнің сондағы беретін жауабы жалқы: "Қай жердесің? Өзім келіп кетем!" Осыдан кейін Жөкеңді жылжымалы консервотория демей көр! Көлігіне бензинді құя салады да, сонау Алматының бір шетінде тұрып жатқан жас əншіге қарай құстай ұшады. Сөйтіп өз аяғымен барып күні бойы əлгі жас əншіге əн үйретіп қайтады. Əрине, тегін. Жөкеңнің орнында басқа бір ысқаяқ ұстаз болса, сол əнін құнан қойға бұлдап я саудалап багажнигіне бөктеріп қайтар еді. Жоқ, Жөкең өйтпейді, əн үйретіп, өнер шашпақты ол өзіне парыз көреді. Осы күнге дейін ол өстіп жас өнерпаздарға əн үйретумен, өрнек үлестірумен ғұмыр кешіп келеді.
Жоламан əнші үлкен сахнаға ерте шығып танылды. Ұмытпасам, 1988 жылы Жоламан Құжиманов Жігер фестивалін жеңіп алды. Сол жолы шырқаған "Қараңғы түнде тау қалғып", "Қорлан" əндерін тыңдап қайран қалғанымыз есімізде. Оның даусы ерекше биік, серпінді, бірақ қоңыр барқын, сұлу баритон болатын. Оның əн салу мəнерінен Қайрат Байбосыновты ұстаз тұтатыны сезіліп тұратын. Арнайы музыкалық оқу орнын бітірмесе де əнді сауатты орындау жөнінен Жоламан əншіден өз замандастары мен қазіргі тұстағы "оқыған" əншілер озып көрген емес. Бұл да халықтық əншілік мектептің күштілігін көрсетсе керек.
Жоламан Құжиманов барлық саналы ғұмырын тек əн жолына бағыштаған сайыпқыран өнерпаз. Ол бұл дүниеде əн салудан басқа маңызды іс бар деп мойындамаған майталман. Сөйткен əншілікке адал өнерпазды мəдениет шенеуніктері сахнадан ерте "босатты". Таққан айыптары біреу-ақ: "Қалыпқа сыймайды". Оларға қалыпқа сыйғандардан ешқашан үлкен өнерпаз шықпайтынын қайтіп түсіндіресің. Дүниенің бəрін бүлдіріп жатқан "қалыпқа" сыйғыштар ғой...
Сол қалыпқа сыймаған Жоламан əнші қалыпқа сыймаған қалпымен алпысқа келіпті! Қызық қой, өркениетті елдің БАҚ болса мұндай "қалыпқа сыймаған" əншіні мерейтойымен құттықтап, көлдей көлдей сұхбаттар ұйымдастырып, етектей-етектей мақалалар басып, бір жырғап қалар еді. Қарап отырмын, теледидар, баспасөз түгілі, əлеуметтік желілерге дейін тып-тыныш. Рухани жаңғырғалы жатқан сыйқымыз осы болғаннан соң не істейсіің?
Өркениетті елдер демекші, мына Жапонияда мемлекет мойнында отырған "масыл" өнерпаздар тобы бар екен. Ши сындырып, еш жерде жұмыс істемейді, бірақ бір кісідей бақуатты, күйлі тұрады. Мемлекет асырап, сақтап, баптап отырған бұл өнерпаздардың бар бітіретіні - ұлттық, мемлекеттік мейрамдарда біздің қобыз сияқты аспабын бір-екі рет толғап шалып-шалып жіберу екен. Болды, бітті! Келесі мейрамға дейін сау-сəлəмат боп тұрыңыз! Бейнелеп айтқанда осылай. Сіз жапондардан: "Осындай масыл музыканттар не үшін керек", - деп сұрауыңыз мүмкін, ондайда жапондардың сізге берер жауабы жалғыз-ақ: "Олар жапон ұлттық музыкалық аспабын, жапон ұлттық өнерін сақтаушы!" Ал қазақ əнінің қазынасы, жүрегіне жүздеген əнді сыйғызып, сақтап келе жатқан сирек үнді əнші Жоламан Құжимановтың мемлекет пен қоғам назарынан тыс қалғанына ондаған жылдардың жүзі болыпты! Мен кейде осы Жөкең қайтіп күн көреді екен деп ойлаймын. Жөкең өз алдына, қазақта қара қобыздан алдына жан салмаған, əлемде теңдесі жоқ музыкант Сматай қобызшыны да іздемегенімізге, жарыққа шығармағанымызға нешеме жылдар өтіпті. Өнерпазын іздемейтін неғылған елміз, асылдың құнын білмейтін неғылған жұртпыз?!
Бірде айтып бірге кетемін. Жоламанның əншілігі мен қазіргі жай-күйін сіздерге жеткізгім келген түрім ғой өзімше. Енді көп созбай сол 88-ші жылғы байқаумен жазбамды түйіндейін. Сол байқауға марқұм Жəнібек Кəрменов ағамыз жюри болыпты. Лауреат атағын алған Жоламан əнші галаконцертте ""Қараңғы түнде тау қалғып"-тан бастап сорғалатқан ғой.. Жюридің кіл мықтылармен бірге Жəнібек ағамыз да байқау жеңімпазы - Жоламан Құжимановты мұқият тыңдап отырыпты...
Ол уақытта Жəнібек ағамыз Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде ұстаздық қылады, жүзінде толқу табы бар, ертеңіне сабаққа келіпті. Класқа кірген бетте, терезенің алдына өтіп, сыртқа ұзақ ойлана қарап тұрған күйі: "Адамзат баласы осылай да əн салады екен ғой" - деп жанары жасқа шыланып тұрып қалыпты...


Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші-композитор,
өнертанушы
Пікірлер