Қош келдің Наурыз, мол болсын дәм-тұз!

2991
Adyrna.kz Telegram

2018 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «ҚОШ КЕЛДІҢ, НАУРЫЗ, МОЛ БОЛСЫН ДӘМ-ТҰЗ!» атты Ұлыстың Ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара өтті.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Әрбір мерекенің өзіндік салмағы бар, ал Наурыз біздің ұлттық ең бірінші мерекеміз! Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады»,– деп атап көрсетті.

Ұлттық музей шаңырақ көтерген күннен бастап Наурыз мерекесін дәстүрлі түрде атап өтіп келеді. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің ошағы биыл да аталмыш мерекені үлкен дайындықпен өткізді.

0001 377

 

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары, ғалым, археолог Ж. Таймағамбетов: «Көптен күткен Наурыз мерекесі – тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі тілдес елдердің мейрамы. Бұл күн кешірім күні, ренжіскендер татуласып, жастар ойын-сауық құрып, күллі жұрт жақсылыққа бет бұратын күн. Қазіргі кезде Наурыз мерекесі тәуелсіз Қазақстанда зор ықыласпен тойланатын халықтық сипаттағы салтанатты мейрамға айналды. Бұл мейрам әр уақытта іргесі мықты бірліктің, еңселі елдіктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналады»,– деді.

0001 521

 

Ұлттық Музейдің жер жүзі жаңғырар осы мереке қарсаңында «Тұсаукесер рәсімі» жобасы бойынша бүлдіршіндердің дәстүрімізге сай тұсауы кесілді. Екі жыл бойы өміршеңдігін көрсетіп келе жатқан бұл жобаның мақсаты – ата-анасының қамқорлығынан шет қалған сәбилердің өміріндегі маңызды сәттерінің бірін мерекеге айналдыру. Сонымен қатар, халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғырта түсу.

0001 421

 

Астана қаласындағы балалар үйінен арнайы келген сәбилердің тұсауын елімізге белгілі тұлғалар кесті. Атап айтар болсақ, биылғы жылы бес бүлдіршіннің тұсауын кесу міндеті ғалым, антрополог Оразақ Смағұлұлына, ғалым, археолог Жәкен Таймағамбетовке, жазушы, журналист Қуаныш Жиенбайға, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбаевқа және ақын Серік Сейтіманға бұйырды. Бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін Ұлттық музейде тұсауы кесілген 10 сәби бүгінгі таңда өз отбасыларын тауып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

0001 550

 

«Қош келдің, Наурыз, Мол болсын дәм-тұз!» атты мерекелік шара «Тұсаукесер» рәсімінен кейін Наурыз мерекесіне арналған «Аңыз әлемінде» атты балалар ертеңгілігімен және «Іңкәр сезім» атты балалар дефилесімен жалғасты.

Ұлттық музейдегі мерекелік шараны арнайы тамашау үшін қарттар үйінен 10 адам шақырылып, арнайы құрмет көрсетілді. Шараға келген қонақтар мен қатысушылар төс қағысып, көрісу салтын орындап, мерекелік концертті тамашалады.

0001 566

Поделиться

Пікірлер