«Көктем симфониясы»

2410
Adyrna.kz Telegram

2018 жылғы 13 наурызда ҚР Ұлттық музейінде Наурыз мейрамы аясында түрлі санаттағы мүгедектігі бар келушілерге арналған «Көктем симфониясы» тақырыбында музыкалық аспаптар мен мүсін өнері туындылары  көрмесінің тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Бұхаров Ерғали Брянұлы, Астана қаласының Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханасының директоры Оверчук Анна Васильевна, сонымен қатар,  зағип және көзі нашар көретін және қимыл-тірек аппараты бұзылған келушілер қатысты.

ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық жұмыстар және музей педагогикасы орталығының жетекшісі Жанар Бейісова: «Наурыз мерекесіне арналған көрменің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, қуантып, шығармашылық шабыт сыйлау. Көрмеге отандық және шетелдік авторлардың туындылары қойылып отыр. Мұндағы экспонаттарды қолмен ұстап көруге болады және туындыларға Брайл жазуы орнатылған. Қонақтардың назарына музыкалық аспаптар мен түрлі мүсіндерді ұсынып отырмыз» деді өз сөзінде.

Көрмеге Марат Ғабдрахмановтың «Жауынгер», Валерия Пирожкованың «Бүркітші», Анатолия Посядоның «Табында», Асгат Динекеевтің «Әуен», Рысбек Ахметовтің «Немере», франко-хорватсуретшісі, мүсіншіЯсенка Тучан Вайанның «Көктем келді»аттымүсіндері қойылды. Қазақтың ұлттық музыка аспаптарын зерттеуші Болат Сарыбаевтың коллекциясынан алынған домбыра, қылқобыз, сыбызғы, ұран, асатаяқсияқты саз аспатары аталған көрменің басты әшекейіне айналған.

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Гауһар Сәдібай: «Көктем симфониясы» көрмесі Ұлттық музейдің «Мейірім» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналғандықтан, ондағы экспонаттарды қолмен ұстауға болады. Бұл шара келушілердің таным-түсінігін кеңейтіп, рухани азық береріне сенеміз. Көрмеге қойылған жұмыстар музейдің қорынан таңдап алынды» деді.

Жәдігерлер жанында өлеңдер оқылып, күйлер орындалды. Осылайша Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мәні мен жөн-жоралғысын білдіретін көктемнің өзіндік әуені шырқалды. Сонымен қатар, көрме қатысушыларының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Тұсаукесерде Аманжол Шәмкеновтың «Қамшы» (Астана қаласының зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханасының Брайль жазуы бойынша оқытушысы Қарибаева Бағдат Қарибайқызының орындауында), Абай Құнанбаевтың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (64 дойбы бойынша жарыстардың жеңімпазы, зағип жандар арасындағы қалалық көркем сөз оқу байқауының жеңімпазы Софья Дмитриевна Максимованың орындауында), Баян Бекетованың «Нағыз қазақ даласы» («Рух күші» номинациясының жеңімпазы, Лондондағы «Жақсылық әлемді құтқарады» халықаралық фестивалі медалінің иегері Шолпан Шәріпованың орындауында)өлеңдері оқылып, «Разные-равные» атты астаналық байқаудың «Үздік орындаушысы» және «Үздік би» номинацияларының бірінші дәрежелі дипломанты Қоқанова Әселдің орындауында күйлер орындалды.

Пікірлер