Үш қоғам - үш жүйе. Олигархат. Досаев

2568
Adyrna.kz Telegram

Біздің ел демократиясырап жатыр. Қаңтар революциясы (әлі қоғамдық ауқымда бұлай мойындалған жоқ, қанды қырғын ретінде трагедиялық сипатына алаңдату бар) әділет іздеп, демократиялық талап қойған халықтың екінші талпынысымен аяқталды. Алайда 30 жыл бойғы қалыптасқан авторитаризм бұл жолы күйреген жоқ.

Екінші тыныс алуға талпыну үстінде. Бірінші саналық революция 2019 жылғы президент сайлауында орын алды. Бұл сайлауға қатысқан сайлаушылардың саны мен сапасы бұрынғыдан мүлдем басқаша болды. Сайлауда халық өз таңдауын жасады, авторитарлық өкілге қарсы дауыс беріліп жүйені дірілдетті - бірақ нәтижесі сәтсіз болды.

Алайда, қоғамды өзгерту үшін, түлету үшін соның болмысын ұға жүрген абзал, сонда ғана оңды өзгерістерге жақындау тезірек жүзеге асады.

Сонымен қазырғы әлемде қоғамдық-әлеуметтік жүйенің негізінен үшеуі белгілі. Бірақ солардың орнығуына қандай ресурс іргетас болып құйылады - сол маңызды.

1. Егер де төменгі кедей-кепшік табы қоғамға іргетас болса, ол мемлекетте Тоталитарлық-социалистік қоғам орнығады. Бұл жүйемен 74 жылға жуық уақыт бойы совет одағы ғұмыр кешті. Бұл уақытта бұған дейінгі сана мен салтты мүлдем өшіріп, социалистік сана қалыптастырылды. Бұл қоғамды өздері «пролетарлық диктатура» деді. Бұндай қоғамда қасаң идеология үстемдігі орнады. Шын мәнінде тоталитарлық жүйе Адамның барлық арман-аңсарын консервациялап, тұмшалады. Бұл қоғамда идеология мен төменгі тап басты әлеуетке айналды және Адам - мемлекеттің емес, керісінше мемлекет - Адамның қожасы болды.

2. Егер де орта тап - шағын-орта кәсіпкерлер тобы қоғамдағы басты қозғаушы күш болса, ол қоғамда Демократия орнығады. Бұндай қоғам мейлінше орнықты, мығым келеді, жарылыс пен дүрбелеңге барынша төтеп береді. Заң үстемдігі орнайды. Бұл қоғамға басты екі әлеует керек: орта таптың қалыптасуы мен заң үстемдігі. Бұндай қоғамда мемлекет - Адам өмірінің қожайыны емес, сайманы болады, сол себепті Адам жүдеп-жадаудан гөрі түлеуге мүмкіндігі барынша зор орта қалыптастырады.

3. Егер де жоғарғы тап олигатхатқа айналып, билікпен біте қайнасса, ондай қоғамда Автократия орнығады.

Авторитаризмді орнықтыруға қоғамдағы барлық элита қатысады, қатыстырылады. 30 жыл бойы Қазақстанда орныққан осы авторитаризм болатын.

Елдегі барлық ресурс: материалдық және материалдық емес игіліктер мен Адамның өзі осы жүйенің тетігіне, винтигіне айналды. Бұдан әрі шұғыл түрде екінші нұсқа қолға алынбаса - қайтадан жаңарған үшінші нұсқа бірнеше уақыт бойы салтанат құра бермек. Бұндай қоғамда мемлекет бүтін бір топтың меншігіне, азаматтардың басында ойнайтын тоқпағына айналады.

Адамның құқығы күзетілмейді, ол тәрк етіліп, тәртіп пен құқық күзетшілері Адамның ұртоқпағы болады. Заң үстемдігі автократия үстемдігінің астында қалады, заң биліктің қолжаулығы болады.

Әрине бұдан басқа да қоғамдық жүйе бар. Әзірге ешкімнің көзіне соншалықты оқшау түспей тұрған бүгінгі Қытай қоғамы осы үш нұсқаның үшеуіне де ұқсамайды: бұнда үш нұсқа да араласып кеткен ерекше қоғам құрылып отыр. Бірақ бәрібір Қытай - беліне тоталитарлық-идеологиялық шоқпарды қыстырған қоғам.

Сөз соңы. Қазырғы беталысқа қарағанда Қазақстан жаңа авторитаризмге бет бұрғаны анық байқалады. Заң үстемдігі мен қоғамды реформалау пиғылы әзір биліктің ауызынан ашық айтылмады. Оның үстіне кешегі олигархаттың өкілдері билікке қайта шоғырлана бастады: Досаевтың Алматыға әкім болып тағайындалуы - соның айғағы. Егер де президенттің бұған дейінгі саясатының жалғасы ретінде әкімдерді сайлау басталса – бұл авторитаризмнен бас тартудың бастапқы қадамы деуге болар еді.

Әзірше қазақ қоғамы барынша алуан бөлшектерге ыдырап тұр, өлара шақ туды. Бірақ авторитаризмді қайта қолға алып жатқан күштерде үстемдік басым...

Демократиялық идеяға бүйрегі бұратын алуан күштердің тұтасатын үдерісі жүрмесе – қаңтар оқиғасы тарихи тәжірибе ғана болып қалмақ.

С.Ерғали

Пікірлер