800 млн теңге: Қазақстанның бір өңірінде экологиялық апат орын алуы мүмкін

2954
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде құны 800 миллион теңгеге бағаланған жобаның арты дауға айналды. Қаладағы кәріз суы жиналатын ескі қоймадағы кәріз шөгінділерін пайдаға асыру үшін жаңа жоба дайындалған. Ал нысан былтыр салынуы керек болған. Бірақ мемлекеттік тендерді ұтып алған мердігер компания жоспарланған жерге тазарту қондырғысын салу мүмкін емес екенін айтып, жобаға өзгертулер енгізуін талап етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 31-арнаның

">"Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Мердігер компания жоба өзгермесе, арты экологиялық апатқа әкелуі мүмкін деп отыр. Бірақ жоба барлық мемлекеттік сараптамадан өтті деген монополист компания міндетті берілген уақытта аяқтамады деп мердігерді сотқа берген. 

Қаладан шығатын кәріз суы жалғыз қоймада жиналады. Бұл жерден судың жалпы көлемінің 90% қайта тазарып шығарылуы керек. Алайда жұмыс істеп тұрғанына 72 жыл болған жүйенің тозығы жеткендіктен, судың тек 50%-ын ғана тазартуға қысымы жетеді екен. Сондықтан қаладағы барлық көп қабатты тұрғын үй мен мекемелерді ыстық және суық сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз монополист компания кәріз сулары шөгінділерін пайдаға асыру жобасын дайындап, тендер жариялаған.

Алайда тендерді ұтқан мердігер жобаның сметалық құжаттары да, тазарту қондырғысы салынатын жер де дұрыс емес деп отыр. 

"Жобада олқылықтар болған соң біз оны қайта қарауды сұрадық. Оның үстіне кешен салынатын жердің топырағына геологиялық сараптама жасалмаған. Тапсырыс берушімен техникалық жиналыстар да өткіздік. Олар басында біз айтқан өзгертулерге рұқсат бергенімен, кейін мемлекеттік сараптама құптамады деп жауап берді. Сосын бізге құрылысты ескі жобамен жалғастыруымыз керегін айтты. Ол жоба дұрыс болмағандықтан, біз өзімізге үлкен жауапкершілік алғымыз келген жоқ. Өйткені мұның арты экологиялық апатқа әкелуі мүмкін", - дейді "Ақтөбе Нефте Газ Строй" ЖШС директорының орынбасары Нұрболат Әміров.

Тапсырыс берген компания мердігер компания құрылысты бес айдың ішінде аяқтауға міндеттелді дейді. Бірақ кейін тағы қосымша келісім шарт жасалса да, өз міндеттерін атқармады деп сотқа берген. Сөздерінше, барлық мемлекеттік сараптамалардан өткен жобада еш оқылық жоқ. 

"Бірнеше рет біздің тарапымыздан, техқадағалау, авторлық қадағалау тарапынан берілген нұсқауларды орындамады. Сондықтан біз мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес сот орындарына шағымдануға мәжбүр болдық. Сот нәтижесінде осы мердігер компания "мемлекеттік сатып алулардың ықылассыз қатысушысы" болып танылып, сот шешімі шықты", - деп мәлімдеді "Aqtobe su-energy group" АҚ заң бөлімі басшысының орынбасары Талғат Сүйіншалин.

Сот шешімімен мүлдем келіспейміз деген мердігерлер жобаның қайта қаралуын талап етіп отыр. Әрі сотқа апелляциялық шағым түсірмек. Дегенмен монополист компания жобаның қайта қаралмайтынын, бірақ мемлекеттік конкурстың қайта өтетінін жеткізді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер