Қанағат Мұстафин, режиссер: Фильмдерімде арзан әзілге жол жоқ

2760
Adyrna.kz Telegram

“Той любой ценой” фильмі мен күткендей болып шықты

“Той любой ценойдың” сценарийін жазып болған соң, оны фокус-группама оқытып алдым. Менің ең бірінші фокус-группам – туған әпкем Аңсаған Мұстафа. Барлық фильмдерімнің сценарийін бірінші сол кісі қарайды. Ол біраз ұсыныстарын енгізді. Басқа да режиссер достарыма, әріптестеріме, сценаристерге оқыттық. Себебі кинода ең бастысы – сценарий. Егер ол дұрыс болмаса, ешқандай режиссер де, актерлер де көмектесе алмайды. Сценарийіміздің дұрыс екеніне өзіміз 100% сенімді болған кезде түсірілімді бастадық.

Негізі киносценарий әр режиссердің ойында түсіріліп біткен кино сияқты болып тұрады. Себебі оның не туралы екенін, кімдер ойнайтынын білесің және қандай кино болып шығатынын алдын ала көресің.

Бұл фильмнің екі режиссері бар. Екіншісі менің досым, әріптесім – Айдын Сахаман. Ол екеуіміз бұрында “Қара шаңырақ” деген сериалды бірге түсіргенбіз. Екеуіміз әрбір сахнаны ақылдасып, үлкен дайындық жүргіздік. Соның арқасында фильмді қалай елестетсек, сондай болып шықты.

Фильмнің идея авторы – өзім. Осыдан 5-6 жыл бұрын “Ел арна” телеарнасына осыған ұқсайтын жоба ұсынғанбыз. Жаңа жыл қарсаңында шығуы керек еді, бірақ белгілі бір себептермен жүзеге аспай, қалып қойды. Кейін оны алты рет өңдедік. Қыдыр ата сынды жаңа кейіпкерлерді қостық. Соңғы нұсқасын өздеріңіз кинотеатрлардан көріп жатырсыздар.

Қанағат Мұстафин

Қанағат Мұстафин, режиссер ©Айгүл Қожантаева

Түсірілім кезіндегі қызықты оқиғалар

Түсірілім кезінде қызықты оқиғалар көп болды. Осы жобада өзіме бір жаңалық аштым: Қайрат Нұртастың 18 “егізі” бар екен. Тіпті соларға арналған байқау да болыпты. Бұған дейін мұны білген жоқпын. Интернеттен “Қайрат Нұртастың егіздері” деп іздесем, кө-ө-өп адам шықты. Ішінен біреуін таңдап алдық. Бір таң қалғаным, ол өмірде де өзін Қайрат сияқты ұстап, өзінше болып жүреді екен. Қайраттың “егізінің” өзі “жұлдыз” (күліп). Түсірілім алаңына келгенде “Шай қайда? Анау қайда? Мынау қайда?” деп есімізді шығарды. Сондай да қызық болады екен.

Актерлеріміз көп дубль жасатқан жоқ. Олардың бәрі – өз істерінің кәсіби шеберлері.

Түсірілім қиындықсыз болған жоқ. Қыз ұзату тойының сахнасын екі апта түсірдік. Онда “массовкамен” жұмыс істеу қиын болды. Себебі бүгін келген адам ертеңінде келмей қалады. Сосын кинодағы қателік, яғни “киноляп” болып шығады. Оның бәрін сценарий авторларының бірі, түсірілім кезіндегі скрипт-супервайзеріміз Жанат Қасабеков қарап отырды. Әр отырған адамды фотоға түсіріп, компьютерге салып, маған көрсетеді. “Кеше мына жерде қызыл жейде киген әйел адам отырған. Бүгін жоқ”,-дейді. Іздесек, ауырып қалған болып шығады. Сосын оның орнына соған ұқсайтын әйелді тауып, қызыл киім кигізіп, отырғызамыз.

Кино деген – кішкентай детальдардан құралатын нәрсе.

Мысалы, бүгінгі түсірілімде кадрда болған сары шар ертеңге түсірілімде де сол жерде жатуы керек. Бәрі мұқият болуды талап етеді. Сол жағынан қиын. Өйткені түсірілім екі апта болғандықтан, екі апта бойы барлық декорация, реквизиттер сол қалпында болуы тиіс. Үстелдің үстіндегі тамақтар мен стақандағы сусындардың мөлшері де өзгермеуі керек. Оның бәрі үлкен экраннан көрініп тұрады.

Түсірілім кезінде палау алдырттық. Қонақ болып келген “массовкалармыз” қайта-қайта жеп қоя берді. Бірінші күні жеуге болмайтынын түсіндіріп айттық, бірақ жұрт тыңдамады. Сосын амалсыздан тамақтың бетіне сабынды су сеуіп тастадық. Олай істемесек, екі апталық түсірілімге қаншама тонна палау қажет болатын еді (жымиып). Бұл тәжірибеде бар нәрсе. Егер ол тағам бір күндік түсірілімге ғана қажет болса, жей беруге рұқсат беретін едік. Кинода оны “исходящий реквизит” деп атайды.

Актерлерге кастинг жасамаймын

Соңғы үш-төрт картинамда актерлерге кастинг жасамадым. Олармен өзім сөйлесіп, бұрынғы жұмыстарын көремін. Осы жобамда Шәріп Серік пен Айым Сейітметовамен бірінші рет жұмыс істедім. Сценарийді жазған кезде солардың актерлік шеберлігін елестете отырып, жаздық. Таңдауымыз дұрыс болып шыққанына нық сенімдіміз.

Көрермендеріміз Ақбота Сейітмағанбеттің ойынына сыни пікірлерін білдіріп жатыр екен. Айта берсін, өйткені ол басты кейіпкер емес. Басты кейіпкер – Шәріп. Фильм Шәріптің қарындасының ұзату тойына қажетті қаражатты жоғалтып алып, сол жағдайдан шығуы туралы. Картинада олардан басқа қаншама кейіпкерлер бар. Бәрін аша беретін болсаң, сериал болып кетеді. Түсіргеніміздің өзі монтаж кезінде 2,5 сағат болып шықты. Бір жарым сағатқа қысқарту керек болған соң, бірден бас жағындағы 45 минутын кесіп тастадық. Сол кезде Ақботаның бір-екі сахнасы кетіп қалды.

Қазір көрермендердің фильм туралы пікірлерін оқып отырсам, “Сол баяғы актерлер” деген ойларын жазып жатыр. Біздің “Той любой ценойға” түскен қай актер қайталанды? Шәріп соншама көп киноға түскен жоқ. “Районы” фильмінде екінші пландағы актер болды. Айым Сейітметованыкі толық метрлі кинодағы дебют. Біздің жұртқа әйтеуір сынау керек. Ондайларды “диван сыншысы” дейді. Сол себепті ондай пікірлермен келіспеймін.

Қазақстандық актерлердің шеберлігіне өте жоғары баға беремін. Шынымен кәсіби мамандар бар. Олардың барлығымен болмаса да, 80%-мен жұмыс істеп көрген шығармын. Берік Айтжановпен әлі жұмыс істейтініме сенімдімін. Асылхан мен Артур Төлепов, Олжас Әлжанов сынды өсіп келе жатқан талантты жастар бар. Сол актерлерден бірдеңе шығады. Болашақ солардікі деп ойлаймын.

Фильмдерімде арзан әзілге орын жоқ

Әр картинама бір идеологияны арқау етемін. Мысалы, “16 қызда” белқұда дәстүрін көрсеттік. Nickelodeon арнасын көріп өскен 13-14 жасар жасөспірімдер кинотеатрдан біздің фильмді көріп, белқұданың не екенін біліп қайтса, мақсатымыз орындалды деген сөз. “Той любой ценой” қыз ұзату, Қыдыр ата, Наурыз мейрамы туралы. Менің ойымша, осы дұрыс. Мүмкіндік болса, салт-дәстүрлерімізді осылайша әдемі қылып, кәсіби түрде көрсете беру керек.

Фильмдерімде арзан әзілге ешқашан жол бермеймін. Қазағымызды қорлап, “ауылдан келген”, “артта қалған” қылып көрсетпеймін. Себебі кино ондай болмауы керек.

Түсірілімге ішіп келетін актерлермен жұмыс істемеймін

Қатал режиссер емеспін, бірақ түсірілім алаңында тәртіп болғанын талап етемін. Актерлерге, түсірілім тобындағыларға алкоголь ішуге тыйым саламын. Егер түсірілім уақытында біреуінен ішімдіктің иісі шығып тұратын болса, ешқандай ескерту жоқ, шығарып жіберемін. Сосын ол кісімен ешқашан жұмыс істемеймін. Түсірілім басталғанша немесе аяқталған соң ішсін, бірақ түсірілім күндері ондайға жол жоқ.

Мұндай жағдай болған. Сериал түсіріп жатқан кезде бір актеріміз ішіп келіп, сөздерін ұмытып қалған. Сосын оны сериалдан шығарып жібердім де, кейіпкерін жуып-шаю үшін, Түркияға кеткен қылып жібердім. Содан бері осындай талап қоямын.

“Той любой ценойға” қазақша дубляж жасалады

Алдағы уақытта осы картинамызды 100% қазақшалап, атын өзгертеміз. Сосын телеаналарға береміз. Егер оны арналар әр жыл сайын Наурыз мейрамында қайталап беретін болса, мақсатымыз орындалады. Мысалы, “Ирония судьбы, или С лёгким паром!” деген фильмдерді әр Жаңа жыл сайын көрсетеді ғой.

Сол сияқты, біздің фильм тарихта қалатын болса, үлкен жетістік – сол.

“16 қыз” фильмі шығынын ақтаса, жалғасын түсіреміз дегенбіз. Ақтады! Жалғасын түсіріп, монтажын жасап, дайындап қойдық. Осы сәуір айында жарыққа шығуы керек болған, бірақ күзге қалатын сияқты. Картина “Ең сұлу” деп аталады.

Қанағат Мұстафин

Сұхбат барысында ©Айгүл Қожантаева

“Қажымұқан” фильмінің сценарийі дайын тұр

“Той любой ценой”, “16 қыз” картиналарынан кейін көбі мені комедия жанрына жақын режиссер деп ойлайды. Олай емес. Мен әр жанрда жұмыс істей аламын. Бұйыртса, Қажымұқан бабамыз туралы фильм түсіргім келіп жүр. Ол – менің үлкен арманым. Оған дайындалып жүргеніме он жылдай уақыт болды. Бір нұсқасын жазамын, бір жылдан кейін оқысам, ұнамай қалады. Осылайша, 5-6 нұсқасын жасап көрдім. Қазір сценарийінің 80%-і дайын. Негізгі желісі бар, тек кішкентай-кішкентай детальдары ғана қалып тұр. Қажымұқан рөліне Дәулет Әбжіғаппаровты түсіруді ойлап жүрмін. Мәселе онда емес. Бұл үлкен туынды. Оған көлемді қаражат керек. Өйткені 1930 жылғы киімдер қажет, Шапито циркін, ескі Еуропаны, Парижді графикамен жасауымыз керек. Ол Парижге барып түсіргеннен арзанырақ болады. Сол үшін жасыл фонға түсіреміз. Оған үлкен павильон қажет.

Осыдан төрт жыл бұрын бір демеушілер болған. Дәл келісім-шартқа қол қоятын кезде менен “Қажымұқанның руы кім?” деп сұрады. Сұрағынан мұның жай сылтау екенін түсіндім. Руы қыпшақ болғанын айтып едім, “Жо-жоқ, онда керек емес”,-деді. Үлкен кісі, есімін айтпай-ақ қояйын. Ашуым келіп: “Мен өзім кіші жүзбін, руым – тана. Маған ешқандай қатысы жоқ. Ол – қазақтың батыры, мың жылда бір рет туатын тұлға, аңыз адам. Бұл сұрағыңыз орынсыз. Бұлай деуге ұялмайсыз ба?” – деп, есігін тарс жауып шығып кеттім.

Өнерге трайбализм жүрмейді.

“Әміре” фильміне актерлер дұрыс таңдалмаған

Фильмді әлі көрмедім, бірақ әріптес-достарымнан Санжар Мәдиев дұрыс ойнай алмаған, қазақтың иісі жоқ деп естіп жатырмын. Оны голливуд режиссері түсіргеннен кейін, әрине, қазақтың иісі болмайды. Кейбіреулер оны батысқа арналып, ағылшын тілінде түсірілгеннен кейін, солай шыққанын айтып жатыр. Бірақ киноны батыста көрсетуге арналған, Қазақстанда көрсетілетін деп бөлуге болмайды. Біз голиивудтың киноларын көреміз ғой.

“Әміре” фильмін алатын болсақ, басты рөлге Санжарды бекіткенін дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені ол – қалада өскен жігіт. Қазақтың жанын білмейді, бойында қазақтың рухы, намысы жоқ. Фильмнің трейлерін көргенде-ақ, Санжардың домбырада ән айтқанын көріп, күлгенмін. Еркебұлан Дайыров пен Санжарды ауыстыру керек еді. Санжарға Мұстафа Шоқайдың рөлін беріп, Еркебұланды Әміре қылса, басқаша шығар еді. Еркебұлан деген нағыз қазақ қой. Сол себепті бұл фильмнің кастингі дұрыс жүргізілмеген деп айта аламын.


Әсел Сарқыт

baribar.kz

Пікірлер