Қаралы қаңтар кезінде ұсталған 20 жастағы жігіттің анасы: Бүйрегі іріңдей бастады

2312
Adyrna.kz Telegram

Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорған қаласында ұсталған 20 жастағы Ербол Ыдырысовтың анасы қамаудағы ұлын үтікпен күйдіріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz сайтына “Адырна” ұлттық порталы сілтеме жасап.

Мәдина Смағұлованың айтуынша, оның ұлы 12 қаңтарда дәрі-дәрмек сатып алуға дәріханаға барып, қала шетінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оған ұлымен кездесуге тек 9 ақпанда рұқсат берілген.

Ұлы анасына оны және басқа да тұтқындарды құқық қорғау қызметкерлері ұрып-соғып, қару алғанын және олардың қайда сақталғанын білеміз деп мойындауға мәжбүрлегенін айтқан.

«Қарсылықтарға жауап ретінде оларға: «Осында қаласыңдар» деп ұрып-соғып, тепкілеп, денелеріне үтік басқан. Балам денесіндегі қарайған таңғышты көрсетті. Бүйрегі мен іші жарақаттанған. Іріңдей бастағанға ұқсайды. Менің талаптарымнан кейін ғана түрме дәрігерлері тексеріп, таңғышты жаңартты» дейді Мәдина Смағұлова Азаттық радиосына.

Ол сондай-ақ баласының денесінде аяғы мен арқасынан көгерген жерлерді көргенін айтты.

Мәдина Смағұлова құқық қорғаушылар мен белсенділер хабарласып жатқанын, әлі адвокат жалдай алмағанын алға тартты. Ол ұлының нақты қандай күдікке ілінгенін, қандай сот актілері шығарылғанын білмейді.

Әзірге Ербол Ыдырысовқа қатысты ресми органдар ешқандай ақпарат бермеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер