Жастар және өмірлік мақсат

1975
Adyrna.kz Telegram

Бір оқушы қыздың анасы жаман аурудан қайтыс болады. Қатты қайғырады. Жылаумен жағдайды өзгерте алмайтынын ұққан қаршадай қыз мұғаліміне барып, анасынан айырған ауруға шипа тапқысы келетінін жеткізеді. Мұғалім ол үшін дәрігер болу керек екенін, дәрігер болу үшін биологияны жақсы оқу керек екенін айтады.

Сол сәттен бастап қаршадай қыз биологияға ден қояды. Алдымен өз мектебінде биология пәнінің білгірі болып шығады, сосын ауданында, кейіннен елінде олимиада жүлдегері болады. Обырдың анасын алып кеткен түрін зерттеумен айналысатын ең мықты жоғарғы оқу орнының профессорына хат жазып, каникулда тегін көмектесе бастайды.

“Бұл аурумен жылына әлемде пәленбай мың адам қайтыс болады. Менің мақсатым осы аурудың емін табу. Мен сияқты қыздар анасынан айырылмаса екен деймін. Ол үшін осындай жолдан өттім. Жаман аурудың емін табу үшін ғалымдар қандай мәселеге тап болғанын, оны неге шеше алмай жатқанын білемін” деп эссе жазады. Белгілі бір университет жас түлекті қуана-қуана оқуға қабылдайды.

Мектеп оқушыларымен кездестім. Осы әңгімені айтып бердім. Жоғарғы сынып оқушыларын қай университетке түсем, кім болам деген сұрақ алаңдатады.

Ол сұраққа жауап беру үшін әлгі қаршадай қыз сияқты өмірде алдыңа мақсат қою керек. Мақсаттың екі түрі болады: жеке немесе қоғамдық мақсат. Жеке мақсаттың түрі көп: оқуға түсу, мамандық алу, үйлі болу, күйлі болу, жұмысқа тұру… Ал қоғамдық мақсат қоғам тап болған мәселені шешу. Өмірлік мақсат немесе миссия жеке мақсаттан емес, қоғамдық мақсаттан тұрса баянды болады.

Маслоудың қажеттілік пирамидасында оны трансцендентал қажеттілік дейді. Қалған екі қажеттілік - физиологиялық және психологиялық қажеттіліктер дүниеден алу болса, трансцендентал қажеттілік дүниеге беру.

Қоғамдық мақсатты орындаған адамның автоматты түрде жеке мақсаты да орындалады.

Обырды жеңумен айналысқысы келген қызға қайда оқуға түссе де бәрібір еді, ең бастысы сол аурумен айналысатын университет болса болды. Ол үйді, күйді, ертең қайда жұмысқа тұрам деп ойламады. Ол өмірлік мақсатына барар жолда мықты маман болады. Мықты маманға сұраныс көп, айлығы жоғары.

Сондықтан, жастар өмірлік мақсат жолына түсуі керек. Ал өмірлік мақсат қазіргі әлем тап болған мыңдаған проблеманың шешімін іздеуден басталады.

Пікірлер