Бабалар аманатын ардақтаған

2268
Adyrna.kz Telegram

Әр адам жеке әрі қайталанбас тұлға. Тумысынан ерекше жаратылғандықтан, әркімнің таным мен талғамы, өмірге деген көзқарасы, жүріп өткен жолы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Соған сай әрбіріміздің мақсатымыз да бөлек, жеткіміз келетін биігіміз де басқа. Дегенмен кім қандай биікке жетсе де, оның артында  «мен – қазақпын» деген мақтанышы тұрса керемет қой! Мен білетін, өмірлік үлгім ретінде санайтын тұлға – қазақтың мақтанышы, ізгі аналардың жолын жалғастырушы Зейнеп Ахметова.

Зейнеп Ахметова дегенде менің ойымда «халықтың келіні», «қазақтың келіні» деген ұғымтұрады. Бұл атақты алып жүрудің қаншалықты жауапты іс екенін Зейнеп апаның өзі әр сөзінде айтып жүр. Қазақтың келіндерін енесі тәрбиелеп, мінін түзеп отырған, ал З.Ахметова батыр атамыз Бауыржан Момышұлының тәрбиесін көріп, «қайын ата мектебінен» өткен. Атадан балаға жалғасқан мұра, тәрбиенің үкісін қисайтпай, ұрпағына табыстау мақсатында апамыздың жазған кітаптары, естеліктері бүгінде бүкіл қазақтың баласына өнеге. Бұл бабалар аманатының жалғасы, салихалы ұрпақты қалыптастырудың басты жолы. Оған «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» сынды ұрпаққа берер тәлімі мол құнды кітаптар дәлел болмақ. «Бабалар аманаты» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, онда қазақтың ұлттық болмысы, бабалардан жалғасқан дәстүр сабақтастығы көрініс тапқан. Қазіргі күні осы дәстүр жалғастығы біршама бұрмаланды, тіпті қолданыстан шығып, шыққан түбі, мағынасы ұмытылып бара жатқандары қаншама? Кітаптың ең алғашқы бөлімінде Бауыржан атамыз бір ғана сәлемнің өзін кішінің үлкенге берген сәлемінен бастап, шаңырақ сәлемі, дастархан сәлемі, келін сәлемі, тағы да басқа біршама топтарға бөліп жіктейді. Мәселен, келін сәлемін қарастырайық. Зейнеп апамыз осындай биік дәрежеге жетіп, халықтың келіні деген атқа ие болып, көсегесінің көгеріп отырғанын келін ретіндегі сәлемін ешқашан үзбегендігімен байланыстырады. Ал бүгінгі күні келіндердің көбісі иіліп сәлем салудан қашады, оны ескіліктің қалдығы, біреудің алдында басыңды ию деп түсінетіндер де жоқ емес. Енді бір топтың көзқарасы - «мен Құдайдың алдында ғана иілемін, адамның алдында иілмеймін». Жоғарыдағы екі пікірді сараласақ, бірі ескілікпенбайланыстырады, бірі дінге қайшы деп жорамалдайды. Бір сәт тарихқа көз жүгіртейік. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» кітабында қытай патшаларының алдына келген адамға өзіне сәжде жасағандай тағзым етіп сәлем беруін талап ететінін жазады. Ал біздің сәлеміміз бұған ұқсайма? Әрине, жоқ. Келіннің иіліп шаңыраққа сәлем салуы – ізгі ниеттің, ерекше сыйластықтың белгісі. Қазақтың салты дінге қайшы келмеген, керісінше, онымен етене астасып жатыр. Дін тұрғысынан алып қарасақ, шариғатымыз ата-аны сыйлауды ескертеді. «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деген хадис сөзіме дәлел болмақ.Ендеше сәлем салудың ешқандай әбестігі жоқ деп ойлаймын. Үлкендерден алған батаның, ізгі тілектің біздің мерейімізді асырмаса, кемітпейтіні рас. Дастарханнан табақ алғанда, келіндердің сәлем салуы Сыр өңірі мен батыс аймағымызда әлі күнге дейін бар. Бұл – көрген көзге әдемі жарасымдылықтың көрінісі әрі мұның үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықты арттыруда тәрбиелік мәні зор. Көкірегі ояу әрбір қазақтың жас буыны ұлттық тамырынан ажырамайды, өйткені біздің тілімізде, дәстүрімізде ұлттық кодымыз сақталып тұрған жоқ па?! Оны білмей, сезінбей, түйсінбей өсіп-өнемін деу бекер, құр далбаса ғана. З.Ахметованың өмір жолын оқып отырып өзіме көп ой түйдім. Оның жүріп өткен жолы көпке үлгі, оған ұқсауға тырысудың өзі қандай керемет!Апамыздың жолын әр қазақтың қызы үлгі етсе, ертеңгі күні тәлімді келін, үлгілі ана болатыны сөзсіз. Менің іштей бір тілеуім әр қазақтың анасықызына ес кіргеннен бастап, қазақы тәрбиені құлағына құйып, жүрегіне сіңіре берсе екен. Себебі бүгінгі тұлымшағы желбіреген  қыз баласы ертеңгі бесік тербететін ана, ал ұлттың тәрбиесі қызды тәрбиелеуден басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - деп қазақтың даңқты жазушысы М.Әуезов тегін айтпаған. Кешегі кеңестік идеология да, ең алдымен, қазақ қыздарынының санасын жаулауды көздеді емес пе?! Ендеше әр қазақтың қызы мықты болса, ұлттың діңгегі берік болмақ.

«Бастау-бұлақ болмаса, өзен қайдан басталар» деген қазақта сөз бар. Алдыңғы буыннан үлгі алған, өнегесін көрген жастың ертеңгі күні абыройлы болары анық. Әр сөзінен түйген білімімді өзімнің де болашақ балаларыма үйретсем, бабалар алдындағы аманатқа менің де адал болғаным. Әр нәрсенің сұрауы бар. Алған біліміңді басқаға үйрете алмасаң, білгеніңнің көк тиын да құны жоқ, қайта өзіңе кесір болып жабысады. Бауыржан Момышұлы келіні Зейнеп Ахметоваға мынадай ақыл айтқан екен: «Өзгені беске білуге тырысқанша, өзіңді үштікке білуге күш салсаң, олжалы болғаның». Мен де өзімді-өзім қамшылап, үнемі дамытып отыруға тырысамын. Егер білім алудан тыйылсаң, еріншектікке бой берсең, өз нәпсіңді жеңе алмасаң, өмірге бейімделе де, өмірді сүре де алмайсың. Мен үлгі тұтатын тұлға өмірдің суығы мен ыстығын қатар көрген, өзін-өзі жоғалтпаған, өзіндік дара жолын қалыптастырған адам. Халыққа ай мен күндей ортақ болған тұлғаның келіні болу қандай абыройлы іс болса, сол абыройды өмір бойы сақтау, дақ түсірмеу одан да абыройлы болмақ. Қазақтың келіні, қызы Зейнеп Ахметова – осы қасиетімен де сыйлы, еліне құрметті тұлға.

Балжан Қаратаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты;

Данат Жанатаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Пікірлер