«Қызылорда-Жезқазған» тас жолының құрылысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ

2297
Adyrna.kz Telegram

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында негізгі басым бағыттарды нақтылап берді. Саяси жүйені модернизациялауға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен актив жиыны өтті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Аймақ басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасының маңызды екенін айтып, ерекшеліктеріне тоқталды. Облыс экономикасының дамуына оң әсерін тигізетін саяси құжатта айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыстардың қажет екенін алға тартты.

- Мемлекет басшысы Парламенттің рөлін көтеру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау процесін бойынша нақты тапсырмаларды міндеттеді. Біздің аймақта биыл 22 ауылдық округ әкімінің сайлау науқаны ұйымдастырылады. Оның ішінде 27 наурызда 3 ауылдық округ әкімі сайланады.

Президент алдағы уақытта елімізде жаңадан 3 облыстың құрылатынын айтты. Жолымыз түйісетін Жезқазған қаласы енді Ұлытау облысының орталығы болса, Сыр өңіріне де экономикалық жағынан оңтайлы болады деп санаймын. Осы ретте келесі айда басталатын «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының құрылысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп санаймын.

Біздің алдымызда өңіріміздің дамуы үшін дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды шешудің тиімді тетіктерін қарастырып, жүзеге асыру міндеті тұр. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс әкімі жиын барысында орынбасары Бахыт Жахановқа азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауына, оның ішінде қант бағасының спекулятивті өсуіне байланысты барлық делдалдық схема аясында тексеру жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстары мен егін егуге қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, қажетті тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, су алу науқанына дейін су тартатын насос қондырғыларын алу жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Тағы бір міндет – БАҚ әлеуетін көтеру. Өңір басшысы осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Қайрат Нұртайға журналистер арқылы өңір тарапынан салалық министрлікке БАҚ туралы Заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс жолдауды тапсырды. Сондай-ақ, облыстағы азаматтық қоғамды дамыту үшін жүйелі және кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, мемлекеттік этносаясатты жетілдіру мақсатында қоғамдық құрлымдардың қызметін өзектендіруді жүктеді.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жергілікті мәслихаттардың рөлін күшейту, қоғам ішінде саяси мәдениеттің қалыптасуына негіз болатын сарапшылық көзқарастағы азаматтармен бірлескен шараларды іске асырудың өзекті екеніне тоқталды.

Ал, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Оңғарбаев БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда журналист мәртебесін көтеру, медиаөнімдердің сапалық құрамына талдау жасау жұмыстарын жетілдіру бағытында ұсынысын ортаға салды.

Сондай-ақ, «Dalatex» ЖШС директоры, меценат Дінмұхамед Абизов мемлекет пен бизнес, мемлекет пен халық арасында конструктивті диалог орнатудың оңтайлы әдістеріне көңіл бөлудің қажеттілігін қаперге салды. Ал, неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер өңір дамуына тың серпін беретін бастамаларды бірлікпен атқаруға әрбір азаматтың белсенділігі керек екендігін тілге тиек етті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай жастар үшін нақты іске негізделген жобаларды елмен етене араласуға сеп болатын алаңдарда талқылаудың маңызы зор екенін жеткізді.

Актив отырысының соңында Гүлшара Әбдіқалықова Жолдауда жүктеген міндеттерді сарапшылық ортада талқылап, сындарлы диалог орнатуға шақырды. Сондай-ақ, Президент тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыруда әрбір азаматтың жауапкершілігі Жаңа Қазақстанның жаңғыруға жол ашатынын еске салды. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер