Қазақ баласының бірі сәләфи, бірі уаһаби болып адасып жүргені жанға батады! - Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ

12978
Adyrna.kz Telegram

"Жаңа Қазақстанда" қазақ тілінің болашағы қандай болмақ? Ұлытау облысының құрылуы қазаққа не бермек? Әлсіреп кеткен ұлттық рухымызды көтеру үшін не істеуіміз керек? Осы уақытқа дейін қазақ тілінің көсегесі неге көгермей отыр? Аралас мектептер қай елдің азаматын тәрбиелеуде? - сынды өзекті мәселелер төңірегінде “Адырна” ұлттық порталының тілшісі ел арасында салт-дәстүрiмiздi кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген белгілі журналист, тарихшы, этнолог, қоғам қайраткері Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫмен сұхбат жүргізді.

- Тұрар ханым, Президент жолдауы көңіліңізден шықты ма?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жолдауын асыға күттім. Қаcіретті қаңтар күндерінен кейін мемлекетіміз бұрынғысынша болмайтынын, өзгеріс керек екенін, оның ішінде алдымен саяси өзгеріс қажеттігін әр қазақстандық жүрегімен ұғынды. Президенттің Жолдауында егеменді Қазақстанның әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына байланысты бірқатар стратегиялық маңызды және тағдыршешті шешімдер, халық көп жылдар бойы күткен қордаланған мәселелердің шешу жолдары айтылды. Жолдаудағы саяси бастамаларға қарап жаңа Қазақстан құру жолына бет бұрғанымызды көріп отырмын. ҚР азаматы ретінде, ана ретінде, қоғам өкілі ретінде мені де елімнің ертеңі мен халқымның болашағы, ұрпақтың келешегі алаңдатады.

Әрине, 30 жыл қордаланған ауыр жүкті бір күнде шешу оңай емес, бастысы бірлігіміз бекем болып, алакөздерге ермей, ел үшін, келер ұрпақ үшін бірлесіп, тізе қосып, адал, әділ еңбек етуіміз керек. Өзім халқын, жерін құрметтейтін, киелі Торғай елінің де облыс дәрежесіне жететініне үмітім бар.

Президенттің «Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Бізге ешкім сырттан келіп еш нәрсе жасап бермейтіні, бәрі өз қолымызда»,-деген сөзімен толық келісемін. Неге? «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» - деп Абай атамыз айтпақшы, айналаң өзгерсін, қоғам өзгерсін, ел өзгерсін, мемлекет өзгерсін десең, сынап-міней бермей, әрбір ел  азаматы «Осы кемшілікті түзеу үшін мен не істей аламын, не істеп жүрмін?»,-деген ұстаныммен өзгерісті өзінен бастаған жөн.

Бұл Жолдаудың билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр. Қазақстанның болашағын, ел келешегін ойласақ, «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз»,-деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы,  билік те, халық та арқамызға жүктелген ауыр жүкті бірлесе жұмыла көтеріп, кейінгі  ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар, кемел мемлекет қалдырып кетуіміз керек.

Енді бастысы депутаттарымыз бұрынғыша «Жолдауды қолдау» деп поезға мініп, айлап ел аралап кетпей, жергілікті жерлердегі билік жалаң ұраншылыққа салынбай, «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, жиналып алып, талқылай беретін, құр жиын өткізе бермей, жалған есеп үшін жұмыс істемей, Жолдауда айтылғанның барлығын орындап, нақты істер мен әрекеттер жасасын. Халық нақты әрекет күтеді.

- «Жаңа Қазақстанда» қазақ тілінің болашағын қалай елестетесіз?

- «Жаңа Қазақстан» халқын мемлекеттік тілде сөйлейтін ел ретінде көргім келеді. Негізі қазақ ұлтына Жаратқанның рахымы түскен ұлт деп ойлаймын. Елі жоқ, жұрты жоқ, тулақтай жері жоқ, туы жоқ қаншама ұлт бар. Бабаларымыз қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманат етіп кеткен, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұланғайыр атырапты алып жатқан ұланғайыр жеріміз бар, әлем бойынша 9 орындамыз деп мақтанамыз. Тамыры терең тарихымыз, діліміз бен дініміз, ұлттық рухани құндылықтарымыз бар, шұрайлы, әсем тіліміз бар. Әрине біреулерге жаттанды сөз сияқты көрінер. Бірақ, осы бабалар аманатына біз берікпіз бе? Қиянат жасап жүргеніміз жоқ па?,- деп әр қазақ ойлануы керек деп ойлаймын.

Неге? Өйткені әр нәрсенің сұрауы болады. Әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала адамзатты жаратып, «бір-біріңмен танысып,  табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік»,- деп адам балаларын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді, әрқайсымызға тіл берді, діл берді, болмыс берді.

Біздің текті ата-бабаларымыз «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп, ұрпағына жеті атасын жаттатып, ұлттық құндылығын сіңіріп өсірген. Ал енді сол бабалардың аманаттап кеткен ұлы құндылықтарын бүгінгі ұрпағы сақтай алдық па?! Ананың ақ сүтімен жетпіс екі тамырды бойлай сіңетін ана тіліміздің күйі қалай? Біздің қамымызды ойлап, жерін де, тілін де, ділін де қызғыштай қорыған бабаларымыз «тілін өзегінен теуіп» жүрген біздің бүгінгі түрімізді көрсе, не дер еді?!

Біз бұл дүниеге қонақпыз. Бабалар кеткен жерге біз де кетеміз. Сол кезде Жаратқан да, бабалар рухы да бізден сұрары хақ. Сонда не айтамыз?! Ел ертеңін, тіл ертеңін ойласақ, иісі қазақ өз тілін қорғауы тиіс, қорғап, өскелең ұрпаққа аманаттап кетуіміз керек. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалары хақ

- Қазақ жерінің кіндігі саналатын Ұлытау облысының құрылуы кешеден бері барша Қазақ елін ерекше қуанышқа бөлеп отыр. Ұлытаудың облыс атануы қазаққа не бермек? Қандай өзгерістер күтесіз?

- Жолдауда Мемлекет басшысының көп жылдар бойы көптің көкейінде жүрген мәселені – көп жылдар бойы жабылып қалған облыстарды ашқаны жақсы жаңалық болды. Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Орда жұртына атақоныс болған, ұлттың жүрегі, ұясы, бүкіл түркі жұртының алтын бесігі болған Ұлытаудың атымен аталған облыстың ашылуы және Абай, Шәкәрім, М.Әуезов сынды қазақтың біртуар тұлғаларын тудырған ұлылар мекені Семейге Абай атамыздың атының беріліп, облыс болып құрылғанына бөркімді аспанға атып қуандым.

Осыдан бірер жыл бұрын Жезқазғанда да, Семейде де болған едім. Жезқазғанның біраз жерлерін көріп, тозып тұрған ауылдарға қарап, осындай мүмкіндігі зор, мысты мекеннің, тарихи аймақтың ахуалына күйзелген едім. Ал Семей өңірінің де жолдарын, елді мекендеріне көріп, Алаш арыстарының таңдауы түскен, тарихы тереңнен тамыр алған қасиетті мекен қашан қайтадан облыс болады деп ойланып, Абай атамның ескерткішінің алдында ұзақ тұрған едім. Тарихи терең көне шаһардың қайтадан облыс орталығы мәртебесін алғанына қуаныштымын.

Жалпы облыстардың ашылуы сол аймақтың хал-ахуалының жақсаруы мен ел дамуына үлес қосады емес пе?!

«Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше», – деп Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тарихының асыл қазынасы, ерлік пен елдіктің, береке мен бірліктің  белгісі болған Ұлытау атауының облысқа берілуі, облыс болып құрылуы өте маңызды шешім. Экономикасы кенжелеп қалған аймақ қайта түлеп, бұл елді мекендердің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

«Ұлытау» ұлттық қорық музейінде бірер жылдай сырттан қызмет еттім. Өз көзіммен көрген жер. Туристік әлеуеті зор, халқымыз тәу ететін, шетелдік туристер тамсана тамашалайтын орынға айналдыруға болатын ғажап жер. Қаншама тарихи-археологиялық, архитектуралық ескерткіштер бар, рухани-мәдени орынға айналдыратын қасиетті орындар бар. Бүгінгі заман адамын таңғалдыру қиын, әлемдік тәжірибеге қарасақ, қазіргі таңда шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақ үйлер мен қымбат мейрамханалар аса қызықтырмайды. Әсіресе, шетелдік туристерді тұнық табиғат, көне тарих, этнографияға қызығады. Олар жергілікті халықтың ұлттық құндылықтарын тамашалап, ұлттық тағамдарын жеп, сусындарын ішіп, тағамның жаңа түрлерімен танысуды жөн санайды. Ал осы орайда Ұлытау аймағында туризмді дамытудың мүмкіндіктері өте көп. Егер өңірдің туристік мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланса, талай мәселені шешуге болады. Себебі тек туризммен өркендеп отырған шетелдік елдер бар емес пе?!

Алаша хан мен Жошы хан кесенелері, Хан ордасы және Алтын шоқы сынды ірі туристік нысандары бар Ұлытаудың туристердің киелі жерлерге бару, экологиялық, агротуризм сынды туризм түрлерін дамытуға әлеуеті жеткілікті. Мұнда жыл сайын «Жезкиік» және «Көкмайса» этнофестивальдері өткізіледі, ол да өңірге туристер ағымын ұлғайтуға ықпал етеді. Тіпті түркі әлемінің бесігі болған бұл мекенде осы этнофестивальдерді бүкіл түркі жұрты жиналатындай халықаралық деңгейде өткізетін жағдайға жеткізуге болады.

Сонымен қатар, аймақтың өндірістік әлеуеті шешілсе, жаңа облыстың орталығы болатын Жезқазған қаласының екінші тынысы ашылып, жылдар бойы қордаланған мәселелер шешілер еді. Бүгінде жастар арасында ұлтының құндылығынан безіп, діні мен ділінен ажырап қалғандар көп. Осы Жезқазған өңірінде болғанда соны көп байқадым. Түрлі жат ағымның жетегінде кеткен, қап-қара киімді, бет-аузын тұмшалаған қазақтың қыз-келіншектері мен шолақ балақты жас қазақ жігіттерін көргенде қазақ баласының «қағынан жеріген құландай жиренуіне» не себеп болды?,-деп қатты ойланамын.

Қанша ұлыс пен ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған кең пейілді, ақ жүректі қазақ баласының бірі сәләфи, бірі уаһаби, енді бірі құраншыл болып, басы бірікпей, ата-бабасының сан ғасырлар бойғы ұлы тарихын, ұлттық құндылығынан жеріп адасып жүргені жанға батады, ел болашағын, ұлт келешегін ойлайтын ана ретінде, ұлтыма жаны ашитын ел азаматы ретінде қатты алаңдатады. Күні кешегі қаңтар қасіреті халқымыздың қабырғасын қайыстырды. Діни жат ағым өкілдерінің әрекеті араласып кеткен «Қаңтар қасіреті» елімізді дүрліктіріп, ел тыныштығын бұзды. Қаншама жас қыршынаннан қиылып, қанша ана зарлап қалды.

Бұл жағдай дін мәселесіне, діл мәселесіне «шаммен қарау» керектігімізді ұқтырды. Ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті қарау керектігін көрсетті. Сондықтан ұлт болашағы үшін қауіпті осындай келеңсіздіктердің алдын алып, рухани сенімнің қоғамдағы орнын айқындау үшін де Ұлытауды ұлықтасақ, ұлттың рухы көтерілетіні сөзсіз. Ұлытау – үш жүздің басын қосқан қасиетті жер. Өскелең ұрпақтың рухын көтерер, отансүйгіштікке тәрбиелейтін құтты мекен Сондықтан Ұлытау облысы болуға әбден лайық!

- Кеңес одағынан қалған ескі қала, көше атауларынан арыла алмауымыз – отаршылдық езгіден толық құтылмағанымыздың көрінісі сияқты. Неге қалаларымыздың тарихи атауын қайтаруға келгенде дәрменсіздік танытамыз? Рухымыздың әлсірегені ме?

- Бала кезімде әкем Кереку, Қызылжар деп айтатыны есімде. Петропавл мен Павлодар қалаларының атауларын әлі де өзгерте алмай келе жатырмыз. Өкініштісі, кейде осыған өз қандастарымыз да  қарсы шығып жатады. Жақында әлеуметтік желіде осы мәселе көтерілген бір посттың астына жазған қазақ келіншегінің: «қала берсін, бұл тарихи атау»,- деген пікірін оқыдым. Кімнің тарихы екен...

Шынында да бұл біздің ұлттық рухымыздың әлсіздігі деп ойлаймын. Ұлтының тарихын, елін-жерін сүйетін, рухы мықты, өресі биік адам ойланып сөйлер еді. Тіпті «қылышынан қан тамып тұрған» кеңес заманында ұлтымыздың біртуар тұлғасы Жұмабек Тәшенов ағамыз  еліміздің солтүстігіндегі бес бірдей облысын сақтап қалды емес пе?! Жұмабек ағамыздың рухы бүгінде жетпей жатыр. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешім табатына үміттенемін.

- Қазақ тілінің осы уақытқа дейін көсегесінің көгермеуі - ұлттық рухымыз бен санамыздың қандай деңгейге түскенін көрсетеді. Әлсіреп кеткен ұлттық рухымызды көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Тіл мәселесі – жаны қазақ жанның жанды жері. 30 жыл бойы тіл мәселесін «Қазақпен қазақ қазақша сөйлесін», - деп «ұрандатып» қойғанымыз болмаса, түк бітірмедік. Баршамыз «удобный» тілде сөйледік, жиын өткіздік. Сөйтіп жүргенде қолда бардан айырылып, өзге ұлтты қазақша сөйлетпек түгілі өз тілімізден өзіміздікілер де безе бастады. Ұлттық санақ нәтижесіне қарасақ, елде қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асқан екен. Елордамызды алсақ, мұнда 91 мектеп бар екен, оның 34 қазақ мектебі, 8 орыс мектебі, 49 аралас мектеп екен. 45 мың қаракөз қазақ балалары орыс тілінде сусындап, өзге елдің мәдениеті мен рухын бойына сіңіріп жатыр екен. Орыс тілінде білім алған балалардың көбі көршілес елге оқуға кетіп жатыр. «Өз тілін білмеген өз жұртын өгейсінеді»,- деп халқымыз айтпақшы, біз болашақта қай мемлекетке қызмет ететін азаматтар тәрбиелеп жатырмыз?, - деген сауал еріксіз туындайды.

«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», - деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, қазақ тілінің көсегесі көгеруі үшін, біріншіден, қазақ тілі – Қазақ елінің суын ішіп, нанын жеп жүрген бүкіл ұлтты ұйыстырар тілге айналуы керек. Мектепке дейінгі мекемелер тек қазақ тілінде болуы керек. Бастапқыда миссионерлік мақсатта құрылған аралас мектептерді жабу керек. Аралас мектеп – бұл дүбара, тілі шала ұрпақ тәрбиелейтін мектеп. Өйткені аралас мектептерде оқитын балалардың оқитын сыныптары бөлек болғанымен, дәлізде сөйлеу тілі бір, өкінішті, ол қазақ тілі емес. Оның үстіне аралас мектептің орыс сыныптарында оқитын балалар қазақша оқитын балалардан өзін биік ұстап, оларды «мамбетка», «мамбет» деп, рухын жасытатындардың өзі ұлтсызданған топтың қарасын толықтырып жатыр.

Жақында «MIRAS» қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде кеңестің жиынында аралас мектепте оқитын қазақ балалары жайлы мәселені көтердім. Қолыма түскен статистикалық мәліметке сәйкес, Елордадағы тек 9 мектеп бойынша деректі келтірсек, орыс сыныбында оқитын 16 251 оқушының 13 710 қазақтың қаракөзі, яғни, 84,4% қазақ. Жүрегің қалай ауырмайды?!

Бұл жай ғана сан, статистика емес, әр санның артында қаракөз қазақ балалары ғана емес, елдік мүдде, ұлт болашағы, мемлекеттің ертеңі тұрғанын ұмытпауымыз керек! Елдігімізді ойлап, ертеңімізге алаңдасақ, бар қазақ баласын қазақша оқытуы керек. Бүгінде көрші елде болып жатқан жағдай тек қазақты ғана емес, болашағын осы елмен байланыстыратын әр қазақстандықты ойлантуы керек. Түйіндесем, тілге деген сұраныс пен мұқтаждық тумай, тіл мәселесі ілгерілемейді. Қазақ тілі – елдің әр азаматы үшін бірлік тілі, тірлік тілі болуы керек.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер