"Вова" ағасын көмекке шақырған жүргізуші жұмыстан қуылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды

10502
Adyrna.kz Telegram

«Европа плюс Қазақстан» радиосының жүргізушісі Любовь Панова Facebook парақшасында «Вова ағамды көмекке шақырамын» деп жазған пікіріне байланысты жұмысынан босатылды. Бұл туралы радиостанцияның Instagram парақшасында хабарланды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Ресми хабарға сәйкес, Любовь Пановамен еңбек қатынасы 28 наурыздан бастап тоқтатылды.

Панова Фейсбуктегі парақшасында Ресейдің Украинаға әскери басып кіруіне қолдау білдіріп, Ресей саясатымен келіспейтін қазақстандықтарды "ұлтшылдар" деп айыптап, сөз арасында "Вова ағамды көмекке шақырамын" деп айтқан. Осыдан кейін бірқатар әлеуметтік желі қолданушылары өз наразылықтарын білдіріп, мұндай өрескелдікке жол берген қызметкерді «бізге қарсы дөрекі сөздер айтып, ұлтаралық араздықты қоздырғаны және соғысқа шақырғаны үшін» жұмыстан шығаруды талап етті.

"Еуропа плюс Қазақстан" басшылығы Панованың ұстанымы "радиостанция саясатына еш қатысы жоқ" деп көпшілікке түсініктеме беріп, қызметкерінің ісі тәртіптік комитетте қаралатынын мәлімдеді.

Алматы полиция департаменті радиожүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 174 бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлаймын. Қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеуді өткізу Алматы қаласы полиция Департаментінің Тергеу басқармасына жүктелді, - деп мәлімдеді Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.

Бүгін, яғни ағымдағы жылдың 28 наурызында іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер