Ресей әскері неге "құнсыз"?

3081
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің Украинаға соғыс бастағанына міне бір жарым айдан астам уақыт болды. Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Ресей екі күнде Украина астанасы Киевті аламын деп қанша күшенсе де, жоспары іске аспай, бір айдан кейін Киев облысынан шегініп кетті. Жай кетпеді, Буча мен Гостомельде қырғын салып, Ирпень мен Бородянкада ойран салып кетті. Батыстық ақпарат құралдары шу ете қалды. Себебі бейбіт тұрғынды қырып, қолын байлап, желкеден атып, мүрдені танкпен таптау сынды адам айтқысыз қылмысты ХХІ ғасырда ДАИШ террорлық топтары ғана жасаған шығар. Міне, тек содырлар жасайтын айуандықты Ресей әскері де жасады деген күдік бар. Батыс бұлтартпас айғақтарды алға тартамыз дейді. Халықаралық ұйымдар өз сарапшыларын жіберді, ал басылымдар түрлі мақалаларды қарша боратып жатыр. Киевті алмаған соң, "психологиялық жара салайын" деді ме, Мәскеу әскери қылмысқа не үшін барғаны белгісіз. Мүмкін, осы арқылы "өзге қалалардың қарсылығын сындыру тактикасы" да болған шығар. 

Вторжение РФ - Жители Бучи и Гостомеля нуждаются в эвакуации - новости Украины

Екі елдің әскерге бөлген бюджетін қарастырайық. Өйткені, соғыста тек қару емес, қосалқы құрам да маңызды ғой. Мысалы әскер қалай тамақтанады, әскердің ұрыс даласындағы тамақтану мәзіріне не кіреді, ұрыс даласында қаза тапса, онда оның отбасына қанша қаржы бөлінеді? Міне, бұл сұрақтар өте маңызды. Себебі бұл жауынгердің рухы мен моральдық құндылықтарына да әсер ететін маңызды жайттар болып саналады.

2021 жылы SIPRI зерттеулері әлемдік әскери бюджетті есептеп шықты. Ресей қорғаныс саласына бір жылда 61,7 млрд доллар қаржы бөлсе, Украина 5.9 млрд доллар бөлген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда көп. Ал 2022 жылдың қарсаңында Украина әскери салаға көбірек қаржы бөліп, жыл басына дейін 10 млрд доллар жұмсаған. Бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ресей әскерінің бюджеті Украина әскерінен алты есе көп болса да, бұл державалар арасындағы бәсекелестікте аз болып саналады. Мысалы АҚШ өткен жылы 778 млрд доллар қаржы бөлген болатын. Егер әскери қарсылас саналатын Мәскеу мен Вашингтонның қаржысын есептейтін болсақ, Ресейдің бір жылда бөлетін қаржысының тең жартысы Вашингтон сарбаздарын тамақтандыруға жұмсайтын қаржымен тең болады.

Сухой паек (ИРП): состав и чем отличается от стандартного рациона

 

Тамақ демекші, Украинаға басып кірген Ресей әскерінің соғыстың басында тым дайындықсыз келгені аңғарылып қалды. Кремль Киевті тез басып аларына соншалықты сенімді болса керек, бір қап картобын көтеріп келудің орнына, шеруде жүретін әскери форманы арқалап келіпті. Әрине, Қырым сценарийі Киевте іске аспады. Бір құшақ раушан гүлдің орнына, Украина халқы қалампыр гүлін табыстады десек те болады. Сөйтіп, бірнеше бағытта Ресей шабуылы тоқтатылып, Ресей әскері ішерге ас, көлігін жүргізерге жанармай таппады. Ресей әскері "Украина қатты қарсылық білдірмейді" деген барлаушыларының жалған ақпаратына сенгені соншалық, үш күндік тамақпен шабуылға шыққаны айтылуда. Сондықтан басып алған аймақтарда жаппай тонау іске асты. Ал ұрыс даласында қаза тапқан Ресей сарбаздарының тамақтарының жарамдылық мерзімі 2015 жылы өтіп кеткені жайлы да ақпараттар бар.

Ресми Мәскеу 1351 сарбазымыз оққа ұшты дейді. Бұл ақпаратты Украина да, Батыс та жоққа шығарады. НАТО Ресейдің 12 мың сарбазы оққа ұшқанын айтады. Ақпаратты соғыста барынша жасырып, өз шығынын азайтып, қарсылас шығынын көбейтіп көрсету ежелден бар тәсіл ғой. Сондықтан шындық "шамамен ортасында" деп бағамдайық. Украина әр сарбаздың құнын жоғары бағалайтынын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де дәлелдеуде.

Все защитники Украины получат дополнительное денежное вознаграждение - 24 Канал

Украинаның премьері Денис Шмыгаль әр әскери қызметкерге ай сайын 100 мың гривна, ал қаза тапқандардың отбасына бір мәрте 15 млн гривна төлейтінін мәлімдеген болатын. Бір гривнаның 15 теңгеге тең екенін ескерсек, қаза тапқан әр әскери 225 млн теңге алады деген сөз. Бұл өте қомақты қаржы, оны төлеуді кей Батыстық елдер өз  міндетіне алды деген де ақпарат бар. Ал Ресей әр қаза тапқан сарбазға 7.4 млн рубль төлемек, біздің ақшаға шаққанда бұл 40 млн деген сөз. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Ресей әскерінің құны Украина сарбазынан бес есе арзан.

Әлеуметтік желіде түрлі ақпараттар тарауда. Оның ішінде Қадыров жасағына қатысты да ақпараттар бар. Қадыров өз сарбаздарына ай сайын 900 мың теңге көлемінде қаржы төлейтінін, ал қарсыластың әскери қолбасшысын тұтқынға алса не көзін жойса 500 мың доллар төлейтінін мәлімдеген болатын. Қолбасшы ретінде ол "Азов" полкінің басшыларын, Украина үшін соғысып жатқан шешен жасақтарының басшыларын меңзеген еді. Алайда ол ақпаратты нақты тексеру де мүмкін емес. 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер