Бүгін - ғылыми қызметкерлер күні!

3860
Adyrna.kz Telegram
12 сәуір Қазақстанда ғылыми қызметкерлер күні. Атаулы күнмен ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
"Бүгін елімізде ғылыми қызметкерлер күні! Ілім жинап, білім игеріп, ғылымның алға озуына қызмет етіп жүрген ғалымдар қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ғылым мейрамының осы күнге белгіленуінің де өзіндік мәні бар. Бүгін қазақ ғылымының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлт мақтанышы – Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың да туған күні. Қаныш Имантайұлының ұлттық ғылым деңгейін қандай биікке шығарғанын ұрпақ ешқашан ұмытпайды!
Сөз жоқ, даму деңгейіміздің бүгінгі қол жеткізген жетістігінің барлығы ғылымның игілігі. Сондықтан ғылымның негізгі қозғаушы күш екенін түсінген елдер бұл салаға айрықша көңіл бөледі. Біздің еліміз осы жолды таңдаған мемлекеттер қатарында және тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық ғылымға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Отандық ғылымды мемлекеттік деңгейде қолдау – Президентіміз қолға алған реформалар топтамасында негізгі басымдыққа ие. Әсіресе, экономиканы әртараптандыру міндетін іске асыруда ғылыми тұжырымдарға баса мән беріледі.
Бүгін сондай-ақ «Ғарышкерлер күні!» Адамзат баласының космосқа жасаған алғашқты қадамы қазақ жерінен, Байқоңыр айлағынан басталғаны біз үшін қашанда зор мақтаныш! Жалпы ғарышты зерттеу және терең игеру саласы – болашақ ғылымның басты нысаны болатыны сөзсіз.
Еліміздің ғалымдарына ғылыми ізденісте табысты нәтижелерге қол жеткізіп, жемісті де жеңісті шыңдарды бағындыра беруді тілеймін!" деп жазды Аида Ғалымқызы өзінің Facebook парақшасында.
Пікірлер