«КҚК құбыры үшін 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз» - экономист Мақсат Халық

5920
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

2022 жылы 20 наурызда Қара теңізде алапат дауыл болып, Ресейдің Новороссийск портында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) аймақтық құрылғылары істен шыққан болатын. Сол күнгі Ресей БАҚ-ының мәліметінше, күші бес балға дейін жететін дауыл тұрған.

КҚК бас директоры  Николай Горбань оқиға жайында айлақтан мұнай таситын қондырғының екеуі істен шыққанын растап, 24 наурыз күні  «Азаттық радиосына» мәлімдеді.  

Бұл туралы Ресейдің  Қазақстаннан мұнай өндіретін шетел компанияларына қарсы диверсиясы болу мүмкін деген болжам да болды. Бұл қаншалықты рас? Құбырдың Қазақстанның экономикасына әсері қандай?

Фото: cpc-online.ru

Тарихқа шолу: Каспий құбыр консорциумы қашан құрылды?

Алғаш Теңіз мұнай кен орнын бірігіп игеру үшін КСРО мен АҚШ арасында келіссөз жүргізілді. Көп кешікпей Кеңес одағы ыдырап орнына тәуелсіз 15 республика пайда болғаннан кейін, АҚШ-ның компаниясымен басталған келіссөзді тәуелсіз Қазақстан өзі жүргізуге тиіс болды.

1993 жылы «ТеңізШеврОйл» ЖШС құрылады. Бірлескен кәсіпорынның міндеті Теңіз мұнайын өндіріп оны шетелге шығаратындықтан, Қазақстан ешбір мұхитпен шектеспейтін құрылық ішіндегі мемлекет болғандықтан, өндірілген мұнайын сыртқы нарыққа шығару үшін міндетті түрде көршілес жатқан бір елдің жерінен өткізуге тура келетін. Ал Қазақстан үшін сол жылдары жалғыз ғана тиімді жол Ресей Федерациясы еді.

Алғашқыда Теңіз мұнайын Ресей Федерациясының жерімен Қара теңіз және Балтық теңізі жағалауларына темір жол транспорты арқылы тасып жүрді. Бірақ бұл тасу әдісі тиімсіз болатын. Әрі шығарылатын өнім көлемі өте аз еді. Сондықтан Теңіз мұнайын таситын мұнай құбырын салу керек болды. Сол үшін Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) құруға кірісті.

Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы бірігіп құрған Каспий Құбыр Консорциумына көп кешікпей Ресей Федерациясы қосылды. Кейін  бұл бірлестікке бірнеше мұнай өндірушілер компаниясы кірді. Сөйтіп, 1999 жылы Теңіз-Новороссийск халықаралық мұнай құбырын салуға кіріседі.

  • 1992 жылы 17 маусымда Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) құрды.
  • 1992 жылы 23 шілде де оған Ресей Федерациясы қосылды. Жобаға қатысу жөнінде Әзербайжан Республикасына да ұсыныс жасалған болатын. Бірақ Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын салу жөнінде келісім-шарт жасап қойғанын айтып, Әзірбайжан үкіметі бұл жобадан бас тартты.  
  • 1994 жылы   Консорциум құру туралы Келісімге қол қойылғаннан соң, КҚК Директорлар Кеңесі құрылды.

Бұл Кеңестің төрағасы болып Қадыр Байкенов сайланды. Директорлар Кеңесіне ҚР энегетика және отындық ресурстар министрінің орынбасары болған Анатолий Лобачев пен «Қазақмұнайгаз» корпорациясының президенті Болат Еламанов, Ресей Федерациясы тарапынан отын және энергетика министрінің орынбасары Виктор Отт мүше болып кірді. Көп кешікпей оған РФ отын және энергетика министрі Юрий Шафраник теқосылды. Директорлар Кеңесінің алғашқы отырысында КҚК-ның Атырау комитеті құрылды. Атырау комитетіне «Магистралдық мұнай құбырлары» ӨБ Бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин мен «Қазақмұнайгаз» компаниясы мұнай тасымалдау Басқармасының бастығы Зинон Әбдірахманов мүше болды. Сонымен қоса Атырау комитетіне Ресей Федерациясы тарапынан «Транснефть» АҚ президенті Сергей Винниченко өкілдік етті.

Фото: kuban.mk.ru

Құбыр салу жұмысын кім қаржыландырды?

Құбырды құру басталған кезде Жобаны ұйымдастыру мен қаржыландыру міндетін Оман Сұлтандығы алды. Олар КҚК-ның құрылуына, мұнай құбырының жасақталуына, инвестициялар негіздемесін дайындауға т.б. жұмыстарға көптеген қаржы бөлген еді. Дегенмен, жобаны іске қосу үшін әлі де тағы көптеген қаржы керек болды. Оман Сұлтандығы мұндай қаржыны тауып бере алмайтын айтты. Сол себепті жобаға жаңа инвесторлер тарту керек деп шешті. Ол кезде Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы әлі тұрақсыз еді.

 1996 жылы сәуір айында Алматы қаласында КҚК қайта қарау туралы хаттамаға қол қойылды. Құжатта, КҚК Жобасына шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың кіруі мен түскен табыстан оларға тиісті үлесін алып отыру мәселесі қарастырылды. 1996 жылдың мамырынан желтоқсан айына дейін Мәскеудің «Метрополь» қонақ үйінде КҚК акционерлерінің жаңа келіссөздері өтті.

 Келіссөз шешімімен құбыр жүйесі құрылысын қаржыландыруды мойнына алған жеке мұнай компанияларына КҚК-ы акциясының жартысын сату туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өз кезегінде қайта құрылған консорциумға нарықтық құн бойынша бағаланған құбыр активтерін беретін болды. Олардың бағасы Ресей Федерациясы үшін-$300 млн, Қазақстан Республикасы үшін-$230 млндеп бағаланды.

  • Ресей Федерациясының үлесі-24 %;
  • Қазақстан Республикасының үлесі-19 %;
  • Оман Сұлтандығының үлесі-7 %;

Қалған 50 % акция «Шеврон КаспианПайплайн Компаниясына» (АҚШ)-15%, «ЛУКАКО» (Ресей-АҚШ)-12,5%, «Мобил КаспианПайплайн Компания» (АҚШ)-7,5%, «Роснефть»-Шелл КаспианВенчурз Лимитед» (Ресей-Нидерланд)-7,6%, «АджипИнтернейшнл Н.В.» (Италия)-2%, «Бритиш Гэс» Оверсиз Холдинг Лимитед» (Ұлыбритания)-2%, «Казахстан ПайплайнВенчерз ЛЛС» (Қазақстан-АҚШ)-1,75% и «ОриксКаспианПайплайн ЛЛПС» (АҚШ)-1,75% компанияларына сатылды. (Александров В., «Нефть из Тенгиза: Проект 21 века»). Олар мұнай құбыры құрлысын қаржыландыратын болды. Кейін, Оман Сұлтандығы өзінің үлесін сатып бұл жобадан шығып кетті.

Фото: cpc-online.ru

Құбырдағы ақау: Экономикаға әсері

20 наурызда болған оқиға мамандардың айтуынша, мұнай тасымалдау көлемін едәуір азайтуға әкеліп соғуы мүмкін. Қазақстан осы құбыр арқылы тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай тасымалдайды. Яғни, Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығын тасымалдаушы Каспий құбыр консорциумы. Бұл жылына 53 млн тонна мұнайды құрайды. Ал компания мемлекет табысының 20 пайызын қамтамасыз етіп тұр.

Энергетика министрінің бір қондырғының жұмыс істей бастағаны туралы ақпартты КҚК арада бірнеше күн өткен соң растады.

"28 наурызда Каспий құбыр консорциумының айлақтан мұнай тасымалдайтын қондырғыларының бірі (ВПУ-1) іске жарамды екені анықталып, мұнай тасымалдай бастады”, – деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі..

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, экономика министрлігі құбырды уақытында жөндемей, экономикаға шығын әкеліп отыр.

«Негізінде өткен жолы зардап шеккен кезде құбырдың біраз бөлігін қалыпқа келтіреміз деген. Яғни, 3-ақ апта кетеді деген. Алайда одан бері қарай, айтылған уақыт өтіп кетті. Ол жерде ешқандай жұмыстар басталмаған. Егер сәуір айында қалыпқа келтірілмесе, бұл Қазақстан экономикасына қыруар залал келтіреді. Оның қзінде осы орын алған апат жағдайы, жалпы мұнай өндірудің қысқару жағдайымен ескерген күннің өзінде Қазақстанның ІЖӨ 2 пайызға қысқарайын деп тұр. Егер де бұл созылып кетсе, үлкен шығын.Бір ай ремонттан біз шамамен КҚК құбыры 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз. Мәселенің былай өрбуі халықаралық компаниялардың Каспий Құбыр консорциумынан шығып кетуіне әкеп соқтырады. Ондай жағдайда біздің мұнайды Еуропаға сату мүмкіндігіміз шектелуі әбден мүмкін», - дейді экономист.

Айта кететін жайт, Қазақстан бюджетінің 40 пайызы мен экспорт кірісінің 60 пайызы мұнай табысынан құралған.

«КҚК арұылы Қазақстан мүнайыының 80 пайызын экспортқа шығарады. Өткен жылы біз экспортқа 68,5млн  тонна көлемінде мұнай шығарғанбыз. Оның жалпы соммасы  27,7 млр долларға бағаланады. Оның 80 пайызы 22 млрд долларды құрайды. Сондай-ақ, өткен жылы біз осы КҚК арқылы 53 млн тонна мұнайды Еуропаға жөнелткенбіз. Мінекей, осы сандардың өзі КҚК Қазақстанның мұнай экспортындағы ең негізгі  транзиттік жол болып табылатынын айғақтатады.Ал бұл мәселе тез шешілмесе, мемлекет ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін орындай алмай қалуы мүмкін және 100-ден астам мұнайшы жұмыссыз қалады.», - дейді  экономист Мақсат Халық.

Күні кеше ғана ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжілістің жалпы отырысында Каспий құбыр консорциумын қалпына келтіру қарқыны туралы айтты. Жөндеу жұмыстары аяқталып, ауа райының қолайсыздығына байланысты үзіліспен жүргізілгенін хабарлады.

«Құбырларды ауыстыру аяқталды, кеше су төгілмеуі үшін проблемалық жерлерді анықтау үшін қысымды тексеріп, су толтырылды. Бүгін суды ағызып, цистернаны жүргізіп, КҚК жұмыс істей бастайды деп күткен едік. Бүгіннен бастап ВПУ-3 (тасымалдаушы швартер қондырғысы) толықтай жұмыс істей бастайды, содан кейін мұнай құбыры өзінің өткізу қабілетін 100% қалпына келтіреді», - деді министр.

Сонымен қатар,  Новороссийскіге барлығының қалпына келгеніне көз жеткізу үшін қосымша мамандар жіберілді. Толық КҚК осы аптаның соңына қарай жұмыс істей бастайды.

VPU-3 және VPU-2 де жөндеуден өтеді. Министрдің айтуынша, ВПУ-2 қазірдің өзінде күрделі жөндеуді күтіп тұрған, болжам бойынша, алдағы мамырда аяқталады.

Сарапшылардың пікірінше, жөндеп болғанға дейін Қазақстан экономикасына тигізер залалы мен шығыны көп болмақ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Каспий құбыр консорциумындағы апаттан Қазақстанға келетін шығын шамамен, 100-150 миллиард теңгені құрайды. Өткен аптада Энергетика министрі Болат Ақшолақов КТК қазір 60 пайыздық қуаттылықпен жұмыс істеп жатқанын және шығын онша ауыр емес екенін хабарлады. Бірақ жөндеу жұмыстары мамырдан кейін жалғасатын болса, шығын айына 1 миллион тоннаны құрауы мүмкін.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер