Қазақ бәріне төзе береді дегендер қателеседі...

2331
Adyrna.kz Telegram

Қазақты енді басқаратын дипломатқа керегі «Қазақ!» деген жүрек қана қалды. Қазақ айтатынының бәрін де айтып қойды. Жазатынының бәрін де жазып қойды. Алдағы уақытта елде өзгеріс болып жатса, айтатыны айта береді, жазатыны жаза береді. Қазақты ендігі жолы басқаратын азаматтың ұлтына деген шынайы жүрегі ғана болса жетеді. Сол жүрек қазаққа қалған керекті өзі іздеп табады. Қазаққа не керек екенін ол біледі. Ендігі тарихи жол солай болады. Әйтпесе, қазаққа басқа жол жоқ. Қай қазақтың қазақ ұлтына жүрегі дұрыс соқса, сол азаматтың ғана қайраткерлігі мен мінезі болады. Мінез бен жүрек болмай ендігі жолы қазақты басқару мүмкін емес. Қазақ төзіп отыра береді деп ойлау қателік. Қазақ үнемі сабырлы болады дегендер де қателеседі. Себебі, төзім мен сабырдың де сетінеп тынатын кезі өтіп жатыр. Кез келген төзімнің шегіне жетпей сол қалпында тұра беруі абсурд. Бұл ғаламның динамикалық даму заңдылықтарымен де астаспайды. Жаратылған біртұтас дүние өзгерістің нысаны. Жүйеде ақау болса, ол міндетті түрде көзге көрініп, жанға батады. Өсіп, көгеремін деген кез келген тіршілік иесі де өзгерісті күтіп отыра бермейді, оны іске асыруға тырысады. Қозғалыс – ғаламның, кез келген жүйенің дамуының негізі. Өзгеріс болмаса, даму жоқ. Тіпті, микроәлемнің өзі секундтардың ішінде өзгеріп, өз формасын жаңартып тұрады. Өзгеріс болмаған әлем-өлген әлем. Өлген әлемнің ешбірі уақыттың талабына жауап бере алмайды. Қозғалыс болмаған жерде тұншығу мен сыртқы әлемге қарсы реакция әлдеқайда қауіпті болатыны айдан анық. Ендігі жолы қазақты басқаратын азамат қазақтың ішінен шықса ғана өзгеріс болады. Қазақты басқаратын адам, жалпақ тілмен айтқанда, еті мен сүйегі, қаны мен рухы, тілі мен ділі таза қазақтың өзінің ордасынан ғана келсе, тарихы мен өткенінен хабары мол, әлеуметтің жағдайын жанымен ұғынатын, мінезі мен қайраткерлігі қалыптасқан, ауылдағы қазақтың тұрмыс-тіршілігін, уайымы мен қайғысын, діні мен мал - жанының қамын, ұлттық түсінігі мен менталитетін ұға алатын «таза ҚАЗАҚ» болса ғана қазақты басқара алады. Келесі жол осылай болады. Ұлтшылдың нақ өзі осы қазақ. Бұл азамат қазақтың рухы мен қанының, қайнаған тіршілігінің қақ ортасынан жарып шығады. Өзінің қазақы ордасынан шықпай ол қашанда қазаққа жат болып қалады. Ол өзінің қазақ екенін сезінеді, өзін таниды, ұлтының да қайғы-мұңын бөлісетін болады. Уақыт осыған жеткізіп отыр. Бұл азаматты қазақтың өзі алып келеді, әйтпесе қазақтың тірлігі де оңалмайды. Оған күмәнданбаңыз. Жүйені өзгертуге келетін ендігі қазақ осы болмыспен, шынайы күрескерлік мінезімен келмесе, тағы да айтайын, ол қазақты басқара алмайды. Қазақ оған тізгінді ұстатпайды да, елін басқартпайды да. Қазақтың қазіргі күні еңбектегенінен еңкейгеніне дейін байламды сөзін айта бастады. Анықтап қарай көріңіз! Көзіңіз жетеді. Бұл осы жүйенің жұмысына төзбеушілік. Мұның себебі мен астарын басқалай түсіндірудің керегі де жоқ.
Бұл басқару жүйесінде қайраткер жоқ. Бұл жүйеде, ақиқатын айтқанда, құрбандықтар ғана бар. Қайраткерлер болғанның өзінде олар қайраткер емес, жай ғана сүйреудегі жүгіртпелер ғана. Айт дегенді айтады, жап дегенді жабады. Қазірге миссиясы сол ғана. Оларға да қазақ маңдай көзімен емес, көкірек көзімен қарап отыр. Қазақтың қазір жас буыны өзінің датын ашық айта бастады. Қазақтың күші түгеншеевтің немесе пәленшеевтің ымыртта тұрып айқайлағанында емес, жас буынның саяси, әлеуметтік шиеленістерді тереңдеп ұғына бастауында жатыр. Қазақ мұны да жақсы түсініп отыр. Қазіргі жүйедегі жандайшаптардың арты былығып кеткендіктен ақталуға, өзін бұқараға таза тұлға ретінде көрсетуге, жуындыларын тазалауға мұрша таппай қалғандықтан, бір біріне малағын күрекпен лақтырып отыр. Демдері қысылып, көздері де алақтап жатыр. Ендігәрі, біраз уақытқа дейін бір біріне малақтарын лақтырады, сосын күректері де сынады. Бұл да заңдылық. Тирандар әрқашан да құрбандық іздейді, бірақ өзі соңында құрбандыққа айналатынын да ұлы тарихтың қаламы жазып кеткен. Тиранның тәбеті адамзат жаратылғалы бері жабылмаған. Олар құлдық саясатын ғана меңгеріп, өзіне табындыруды ғана көксейді. Олар жұрттан тегіс құл жасап, шалқып өмір сүргенді қалайды. Себебі, түйсіктері Тәңірісін танымайды. Тәңірісін танымағанның қашанда сағы сынып, абыройсыз өтері хақ! Тарихтың барлығы да осылай жазылған және тарих бұлжытпай, қателеспей солай жазып қояды. Адамзаттың тарихында құлдар билеп, өркениет жасапты деген тарих жазылмаған. Қазақты құлсың десең жағың қарыссын! Қазақ құл болса осы уақытқа дейін өзінің елі мен жеріне ие бола алмайтын еді. Сан түрлі зұлматтар мен аласапырандарды көрсе де қазақ баласы ешқашан да елі мен жерінен айырылған емес. Жаратушы қазақтың басына соншалықты нәубет берсе де қазақ елі мен жерін тастап, түгелімен ауып кетіп қалған жоқ. Қазақтың тілі де, жері де, өзі де бар. Қазақтың өзі қазақ болғаннан соң ғана осыншама өлкенің төсіне елдік құрып тұрақтап қалған. Қазақ Тәңірінің еркесі! Қазақты Тәңірім о баста қазақ етіп жаратқан. Оның бойында қуатты рух бар, турашыл мінез бар. Сондықтан да қазақ қашанда туралықты талап етіп отырады. Тәңірім қазаққа таусылмас сабыр мен төзім берген. Табиғатынан аңғалдау, болмысы таза қазаққа өзге жұртта жоқ дарын мен адамдық қасиеттерді дарытқан. Қазақты момын деме, қазақ момын емес. Қазақтың бабасы Сақ, Ғұн, Түркі, Қыпшақтар, Алтын Орда елі, барлығы да кезінде Тәңірінің танымымен ғана Еуразияны құзырына алған. Он алты алып империяның негізін қалаушылар да солар болған. Ғұмырында аттан түспеген. Осы алыптардың қаны бойында қалған қазақты құлмінез, жасық, көнбіс деп айыптамаңыз. Қанда бар рух пен айбындылық бәрібір көрінеді. Қазақтың еліндегі тыныштық пен мамыражайлық қазақтың мінезі мен сабырының арқасында ғана деп біліңіз. Қазақтың жеріндегі басқа да ұлыстар мен ұлттардың көлбей көсілуі де қазақтың жайдары мінезінің арқасында ғана. Бұл нақ солай. Қазақтың жеріндегі жүгенсіздердің күні қазақтың көкжал мінезі көрінген күні-ақ бітетін болады. Қазақтың өр мінезді азаматы көшін бастаған күннен бастап, қазақ өткені мен кеткенін ойына алып, құн даулауға көшеді. Ертең қазақ қолындағы кеткені мен жоғалғанын есептеп, құн даулайды. Қазақ біріншіден, жерінің құнын сұрайды. Кімге қай жерді берді, қашан, не үшін? Қазақ екіншіден, тілінің құнын сұрайды. Осы екі сұраққа жауап берушілердің жауабы да ауыр болады. Қазақ үшіншіден, тарихының неліктен қате жазылғанын сұрайды. Қазаққа жаманшылық ойлағанның ешбірі де оңған емес. Қазақ бойында киесі мен қасиеті бар ұлт. Қазақтың өткені мен кеткені ақ параққа хатталып, дерлік жазылған күні өзінің ағайындары мен түркі жұртының барлығын айналасына жинап алады. Әупірімдеп отырған қазақ қазірдің өзінде де осы тірліктің басы мен қасынан табылып отыр. Қазақ өзінің тарихын қайта жазған күннен бастап жан жағы мен кәрі құрлықтың саяси жағдайын да өзгертіп жібереді. Күмәніңіз болмасын!


БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН

Пікірлер