КазГУ-дiң қалашығы

3647
Adyrna.kz Telegram

Алматы, КазГУ, Алмабек

Ағарып атқан таңда кеп,
Алаулап от боп жанған ек.
Есiмде, бәрi есiмде,
Алматы, КазГУ, Алмабек…
(Студенттiк фольклордан)

Алматы – қалың елдiң жүрегiн жаулаған әсем қала. КазГУ – жалпақ жұртқа белгiлi оқу ордасы. Ал Алмабектi көпшiлiк бiле бермейдi. Оны бiлудiң де қажетi жоқ. Ол арман қала – Алматыға оқу iздеп келiп, алма ағашы жайқалған шаһарға топ ете қалған ауыл баласының образы. Яғни, алмалы шаһардың Алмабегi. Қатардағы көп студенттiң бiрi. Бiрақ бiреу үшiн сыршыл, тағы бiреу үшiн сырашыл, ендi бiреу үшiн қол жетпес арман… Сол Алмабекке көңiлi шындап құлаған қазақтың бiр ару қызы төмен етектiге тән әдеттегi әдеп-мәдебiңдi жинап қойып, бақ iшiне барып, осылай деп «сыңсыпты». Қалашықтың бiраз қызының жүрегiн аунатқан Алмабек серi журфакты да ауық-ауық шулатып жүретiн. Бүгiнгi белгiлi профессор, ол кездегi өрiмдей жас оқытушы, деканның орынбасары Шәрбан Нұрғожина Алмабектi жер түбiнен iздеп тауып алып, iреп сойып жататын.

Шәрбану шақырып ап Алмабектi,
Ендiгәрi сабақтан қалма депті.., –

деп әндететiнбiз мұндайда. Сол Алмабек бүгiнде жер басып жүргендердiң қатарында жоқ. Бұл жалғанмен ертерек қоштасты. Тек осылай КазГУ-дiң аңыздарын еске алғанда ғана оның елес-бейнесi жарқ ете қалады.

Биыл КазГУ-дiң құрылғанына 88 жыл толды. Талайды түлетiп ұшырған қасиеттi құтмекеннiң сексен сегізінші белесi.

Бiздiң студент шағымызда КазГУ өзiнiң елу жылдығын атап өттi. Күнде думан, күнде той... Журфактың төртiншi курс студентi Бауыржан Жақыпов: «Кеудесi қыс гулеген, жаз гулеген, Бiреу бар елу жаста КазГУ деген», – деп жұмбақтап жырласа, филфактың үшiншi курс студентi Светқали Нұржанов: «КазГУ-iм елудегi аман болсын, Сау жүрсiн КазГУ-iмнiң құрдастары!» – деп ұстаздарына ақ тiлек айтты. Ол кезде журфак пен филфак бiр-бiрiмен жағаласып күнде айтысып жатар едi. Журфактың жын қуған ақыны: «Бетiңнен филфакский бiр сүйейiн, Қасыма ыңғайланып келшi, қалқам», – деп ұмтылғанда, онымен айтысып отырған көршi факультеттiң кермаралы: «Ө-л-ә-ә!» – деп тұра қашатын. Басына киген бөркi керемет жарасатын жыр әлемiнiң «балапаны» Бейбiт Құсанбеков: «Бiзбенен айтыспай ма, қайда филфак? Басынан жiберейiк сипап-сипап», – деп қодиланып тұрар едi.

Алматының Жерұйығына айналған КазГУ қалашығының табиғаты бөлек-тi. Қалың көк майса шалғын, сыңсыған тоғай... Батыс беткейде гүлдерi жайқалған Ботаника бағы... Қалтасы қағылған студенттер таңертең емтихан басталардан бұрын ұстаздың алдына қою үшiн осы бақтан шоқ-шоқ гүл жұлып әкеледi. Сөйтсек, ол өзiмiздiң өсiмдiктанушы әрiптестерiмiздiң маңдай терiн төгiп әзiрлеп жатқан диссертациясының ғылыми жаңалықтары екен ғой. Қайтейiк, обал-сауапты бiлмейтiн бейбақ кезiмiз...

Жалпы, ол кезде Алматының ауасы тап-таза болатын. Жаңбырының тамшысына дейiн айрықша мөлдiр едi. Алатаудың басына үйiрiлген бұлт бiздiң қалашықтың төбесiне төнiп келiп, ақ жауынын селдетiп жiбергенде жан сарайың тазарып қалады. Бұлттың ең бiр төресi жаңбырдың ең бiр маржанын КазГУ қалашығының үстiне әкелiп төгетiн сияқты. Мұндайда көкiрегiн өлең қыспаса жүре алмайтын журфактың қияли қыздары: «Жаратқанға, құдiретке қырсығып, Тәңiрия жатқан шығар кiр сығып», – деп Қадыр ақынның нөсер туралы жырын жатқа соғып тұрады.

Қалашықтың шалғынды сабалаған әдемi жаңбыры ақындардың да шабытын оятады. Тау қозғалса қозғалмайтын Бақытжанның (Абызов) жүрегi жiбiп, маңдайы жiпсiп, көзiнен от ұшқындап, кеудесiнен жыр саулайды:

Жердiң бетi нөсермен шайылғасын,
Өлең басып қалыпты қайың басын.
Шырқап кетiп барады бiр сұлу қыз,
Менiң махаббатымның қайырмасын...

Талай рет қалың нөсердiң астында қалса да пана болатын жер iздемей, ыржалаңдап тұра беретiн курстасымыз Құтмағамбет Қонысбайға: «Сен осы өмiрi малмандай су боласың да жүресiң. Неге қолшатыр сатып алмайсың?» – десек, ол: «Әй, айналайын, Алматыда жылына орта есеппен алғанда бес рет күштi жаңбыр жауады. Сонда соның жиырмасына шыдап келiп, ендi қалған бесеуiне бола қолшатыр аламын ба?» – деп сөзге дес бермес едi. Сол қалған бес жаңбырға да қайсарлықпен төтеп берiп, сүйiктi Қарақалпақстанына тартып тұрған Құтекең кейiн бәрiбiр Алматыға қайтып оралды. Оның өзiндiк есебiне жүгiнсек, одан кейiн де әйгiлi шаһарда жүз сексенге жуық нөсер жаңбыр жауған сияқты. Бiрақ бүгiнгi жә деген экономикалық шолушы Құтмағамбет Қонысбайдың бала болып, қолына қолшатыр ұстағанын әлi күнге дейiн көрмеппiз.
Қазiр туғанына тоқсан бес жыл толып жатқан, бүгінде арамызда жоқ ұстаздарымыздың бәрi де ол кезде жап-жас едi. Елудегi Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкiшев бiр-бiрiн қалжыңмен қажап, қатарласып кетiп бара жататын.

Қалашықтың киесi едi олар. КазГУ қалашығының әр нысанын перзентiндей мәпелеген аты аңызға айналған академик Өмiрбек Жолдасбеков те елуге ендi ғана келген жiгiт ағасы болатын. Оның бүкiл болмыс-бiтiмi университетпен бiте қайнасып кеткенi көзiнен де, сөзiнен де сезiлiп тұратын. Мен бiрде Сингапур елiне барған сапарымда атақты Ли Куан Юдi көрдiм. «Сингапур ғажайыптарының» атасы бас-аяғы жиырма-отыз жылдың iшiнде адам айтқысыз дәрежеде дамыған өз мемлекетiнiң әр ғимаратына биiк қонақ үйдiң терезесiнен тамсана қарап отырды. Сол кезде «Ей, ұлы бақытты патшам!» – деп басталатын шығыс аңыздарының бәрi осы кiсiге арналған секiлдi көрiнiп кеттi. Қалашыққа әр шыбық қадалған сайын марқая түсетiн қайран Өмiрбек ағамыз да сол Сингапур сұлтанының күйiн кешкен екен ғой.

Қапалы көңiл Қасымхан

КазГУ-дiң қалашығы,
Көздерiмнiң тұңғиық қарашығы.
Сезiмдерiм секiлдi мөлдiрейдi,
Шалғында – дала шығы.
(Қасымхан Бегманов)

«КазГУ-дiң қалашығы – Көзiмнiң қарашығы!». Екiнiң бiрi жатқа айтатын, халықтық тiркеске айналып кеткен осындай өлең жолдары болады. Тiптi қапелiмде авторы да еске түсе қоймауы мүмкiн. Бiрақ әлгi оралым жадыңда мықтап жатталып, миыңда шегеленiп қалады. Бұл – бүгiнгi белгiлi ақын Қасымханның әйгiлi өлеңiнiң алғашқы нұсқасы. Кейiн Қасекең кемелiне келiп, ақындығы толыса түскен соң әлгi өлеңдi ептеп модернизацияның тезiне салған секiлдi. Кейiнгi жинақтарында «Көздерiмнiң тұңғиық қарашығы» деген тiркес пайда болды. Бiрақ сексенiншi жылдар жастарының зердесiнде әдепкi нұсқа сақталды.

Бұл өлеңдi жазған кезде, Қасымхан Бегманов ақындық өнерге бiр бүйiрден кеп қосылған политехникалық институттың студентi едi. Жалпы, Алматының оқу орындарының iшiнде әдебиетiмiздi дамытуға айрықша үлес қосқан политехтың орны бөлек. Иранбек Оразбаев, Шәмшәдин Әбдiраман, Әлiбек Файзуллаев, Айсұлу Рүстемова, Жәния Ерәлиева, Дархан Бейсенбекұлы сияқты танымал ақын-жазушылар, осы шаңырақтың перзенттерi. Политехтың қыз-жiгiтерi «Темiр-терсектiң iшiнен жөнi түзу ақын шығушы ма едi?!» деген бағзы заманғы дүмбiлездеу долбардың быт-шытын шығарды. Бұл оқу орны қазақ өнерiн де биiк белеске көтердi. Әйгiлi «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң осы оқу ордасында құрылғанын, халқымыздың дарынды ұлы Бекболат Тiлеуханның сол институтта оқығанын айтсақ та жеткiлiктi болар.

Оқуға түсуiн түсiп алып, өз бесiгiне әлi де бой үйрете алмай, жүрегi жыр аңсап жүрген болашақ машина жасау инженерi Қасымхан Бегманов КазГУ қалашығына, журфактың жатақханасына жиi келетiн. Бiрақ ертерек келiп енiп алмасаң, кешке қарай КазГУ-дiң оқалы әскерi – ОКД жатақхананың жанына мысық жорғалатпайды. «Мастанып алып атаққа, Құтырса кергiп жас перi, Жiбере қоймас жатаққа, Құрекеңдердiң әскерi», – деп Ертай Ашықбаев бастаған ақындардың өлеңдетiп жүретiн кезi осы тұс. Құрекең дегенiмiз – қалашықтағы барлық жатақхананың Жегловы саналатын Құрманхан Нұрымбетов. Сол Құрекеңнiң сайыпқыран сарбаздарының тегеурiндi тосқауылынан өте алмай, журфактың ернi дiрiлдеген, көзi күлiмдеген қыздарына жете алмай қиналған қапалы Қасымхан ақынның кеудесiн әуелi ыза, сосын жыр буады. Ендi ше... Қалашықтың iшi сиқырлы әлем. Самаладай жарқыраған шам. Екеу-екеуден жұптасып, ен тоғайға енiп келе жатқан жастар. Алайда қызықтың бәрi армандай болған журфак пен филфактың жатақханасының iшiнде қалып барады. Содан екiншi курстың баласы әбден қапаланып, жанары жасқа шыланып, көкiрегiнен жыр төгедi. «КазГУ-дiң қалашығы – Көзiмнiң қарашығы!» осылай туып едi.

Қалашыққа қарап қаншама рет қасқырша ұлығанымен, Қасымхан оқуын орта жолда тастап кетпей, машина жасау факультетiн тәп-тәуiр бiтiрiп шықты. Бiрақ оның мамандығына сәйкес машина жасап жүруге уақыты да, құлқы да болмады. Оның есесiне жыр дестесiнiң әдемi үлгiлерiн жасады. Өзiнiң тiршiлiгiн жасады. Айлығы шайлығына жетпейтiн шайырларға қамқорлық жасады. Сөйтiп, Қасекеңнiң әр түрлi себеппен жасауға қолы тимеген машиналарының орны толған сияқты. Ендi әбден сақайған белгiлi ақынға: «Жiгерiң сенiң жаси ма, Шабытың сенiң таси ма? Мамандығыңды қор қылмай, Жасап бер маған, машина!» – деп ешкiм де қатаң талап қоймайтын шығар...

Қалашыққа қызығу бiр Қасымханның басындағы ахуал ғана емес. Әбiлхан Қастеев секiлдi суретшi болам деп, КазПИ-дiң көркемсурет-графика факультетiне түскен Қазбек Исаевтың да, Ыбырай Алтынсарин секiлдi ұстаз болам деп мұғалiмдер даярлайтын институтқа түскен Кәдiрбек Құныпияевтың да, Сафи Өтебаев секiлдi мұнайшы болам деп қара алтын өндiрудiң құпиясын игерiп жатқан Жәния Ерәлиеваның да ортақ мұңы осы едi. Арқалы ақындарымыз соғыс жылдарында «Мұнайшылар, мұнай бер! Соны сiзден сұрайды ел», – деп жырласа, бiз ендi мұнайшы қыздан өлең сұрайтын болдық. Олар қолдары қалт етсе, өздерiне армандай болған КазГУ-дiң қалашығына жетiп келетiн. Әсiресе, шабыты асып, қаны тасып жататын журфактың жатақханасын дала қасқырлары сияқты жиi торуылдайтын.

Iлгерiде Қыздар институтының жатақханасын «Iшiнде көрiктiлер, сыртында бөрiктiлер тұрады. Ол не?», – деп жұмбақтайтын едiк. Сол сияқты қалашықтың қадiрiн iшiндегiлерден гөрi сыртындағылар көбiрек бiлетiн. Қалашықтың абырой-беделiн де солар арттыратын.

Есiмде, әлi есiмде...

КазГУ-дiң арулары,
Арман қуған сонау бiр ауылдағы.
Сендердi аңсап жыр жазған
Беймазалау
Жүрегiм жануда әлi...
(Қасымхан Бегманов)

КазГУ қалашығының өзiндiк менталитетi бiрден қалыптаса қойған жоқ. Өйткенi Бас поштаның жанындағы ежелгi тарихи ғимаратқа ел әбден көз үйреткен-дi. Киров көшесiндегi 136-үй талай ұрпақты түлетiп ұшырды. Университеттiң қарсы алдында атақты «Аққу» кафесi бар едi. Кафе жанындағы тоғанда қос аққу жүзiп жүредi. Сабақтан шыққан серiлер сонда барып «мамырлайды». Қаладағы бақ-бақ пiшiндi ең әдемi фонтан да осы маңда. Шабыт қысып, жүрегiңдi жыр буып бара жатса, Жазушылар одағы iргеңде тиiп тұр... Бас поштаның алдындағы ұзыннан-шұбақ орнатылған газеттер тақтасы республиканың ең оқылымды ақпарат мiнберi саналатын. Сабақтан қашып-пысып жүргендердiң өзi де соны оқып сауатын ашатын. Университет студенттерi ертелi-кеш поштадан шықпайды. Елден ақша күтедi. Хат жазады. Жеделхат жiбередi. Әйтеуiр соның маңайында үйiрiледi де жүредi. Ол кезде жастар арасында кең танымал ақын Бақытжан Абызов: «Бiз де аманбыз, аман әсем астана, Жаңа жылда барам елге уақытша. Хат жазып тұр жиi Главпочтаға, Көрiскенше, сәлемменен, Бақытжан» деп телеграфтық стильмен әлдебiр аруға өлеңхат жолдап жатар едi. Жұрт сәлемхат жазса, бұл өлеңхат...

Сөйткен жұрт жетпiс бесiншi жылдан бастап, КазГУ-дiң қалашығына бой үйреттi. Әуелi жатақханалар қоныс тептi. Содан соң биофак пен геофак, заң факультетi келiп, ту тiктi. Сексен бiрiншi жылы журфак пен филфак жалауын қадады. Бұрынғы тарихи ғимарат та жетiмсiреп қалған жоқ. Оған Театр және көркемсурет институты келiп орнықты. Соңғы кезде Ұлттық өнер академиясына айналған осы оқу орнын бiтiрген қыз-жiгiттер қолына қалам ұстап, әдебиетке араласа бастады. Талай тарланбоз ақын-жазушыны бесiгiнде тербеткен қастерлi шаңырақтың қабырғасынан қасиет жұққан шығар...

КазГУ-дiң қалашығы талайға арман болған шырайлы мекенге айналды. Өзiнiң кинотеатры, поштасы, телефонмен сөйлесу бекетi, бiрнеше дүкендерi, тамақтану мекемесi бар аймақта тұрып оқуға қыз-жiгiттердiң бәрi құмартты. Жастар қалашығы қазақ поэзиясына нәр бердi. Қалашықтың арулары ақындар жырының басты нысанасы болды. Қалашықта тұратын қыз да – өлең, оны жатақханасына аман-есен алып келетiн автобус та – өлең. Алда-жалда жаңағы ару сол автобустың iшiнде болмай қалса, ол да – өлең...

Алау жұлдыз, жақты ол ұшқын,
Нәр алды жер кенезесi.
Сенсiз келген автобустың,
Жылап кеттi терезесi, –

деп күңiренетiн Бақытжан Абызов. Ал қашаннан етi тiрi, тiршiлiкке бейiм Қасымхан Бегманов өзi құмартқан аруды көп адам мiнетiн автобусқа емес, тұрмысы тәуiрлер табан iлiктiретiн таксиге телiп, жырлайды:

Есiмде, әлi есiмде,
Көк көйлек киген қызбенен,
Көктемнiң мөлдiр кешiнде,
Көшеден такси iздегем...

Шарықта, қиял, алып ұш,
Шаттықтан сырт көз мас дейдi.
Айтқанмын жалған адрес,
Тоқтатып талай таксидi...

Ол кездегi қыздарға арналған өлеңдерде «Көк көйлектi қыз» тiркесi көп кездесетiн. Көлбеңдеген көк көйлек жiгiттердiң көзiне тез түсе ме, әлде сол тұста мода болды ма, әйтеуiр жастар поэзиясында сондай бiр үрдiс қалыптасты. Көк көйлектi арулардан қалғысы келмеген болуы керек, журфакқа кеш түскен, жасы егде тартқан жiгiт ағасы Қарсыбек Көпжасаров үнемi көк шалбар киiп жүретiн. Ол да дуалы ауыздардың тiлiне iлiкпей қалған жоқ: «КазГУ-iмде қара мұртты көп шал бар. Соның бiрi – сары плащ, көк шалбар».

Жастар қалашығында арулар туралы талай ән өмiрге келдi. Бекжiгiт Сердәлиев пен Нұрым Ерғалиев бiрi гитарамен, екiншiсi домбырамен қосылып ән салатын. Дауыстары сазды, тыңдаған жұрттың жүрегiн шымырлатады. Бекжiгiттiң өзiнiң шығарған әндерi көп. «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төрiне қоныңдар», – деп қайырылатын танымал әннiң авторы осы Бекжiгiт екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.

Қалашықтың аруларына кейде осында оқып жатқан шетелдiк студенттер де көз салады. Бiздiң кейбiр қыздар да анда-санда желiгiп, гуманитарлық көмек секiлдi мұхиттың ар жағынан келген қарақошқыл жiгiттердiң жетегiнде жүретiн. Бәлкiм, қараторының әдемiсi деп ойлайтын шығар. Солар үшiн қазақтың талай баласы тiс сындырып, тұмсық қанатты.

КазГУ қалашығының ел-жұрттың зәресiн алып, суық тартып кеткен кезi де болды. Сексенiншi жылдардың аяғында жатақханаларда тұратын қазақтың үрiп ауызға салғандай өңкей бiр келiстi қыздары бiрiнен соң бiрi жоғала бастады. Артынша қалашық сыртындағы қалың жыныстан олардың өлi денелерi табылып жатты. Сөйтсек, бiр сұмырай кiтапханадан кеш оралып келе жатқан бойжеткендерге қапылыста тап берiп, құрбандығына айналдырады екен. Сөйтiп, КазГУ-дiң қалашығы бақтың да, сордың да мекенi болды.

Бiздi бөлеген бесiк

КазГУ-дiң ақындары
Найзағайлы нөсер боп шатырлады.
Нағашым жоқ КазГУ-де,
Неге екенiн,
Әйтеуiр жақын бәрi...
(Қасымхан Бегманов)

КазГУ қалашығы студенттi бес жыл бойы алақанға салып әлдилейдi. Алғашқы жылы қалашықтың қақпасын имене аттаған қоңырқай өңдi ауыл баласы оқу бiтiргенде сымдай тартылып шығады. Қадырдың өлеңiн сәл өзгертiп айтсақ, «Бiрiншi жыл ауылы естен кетпей, Декан түгiл Айбастан жасқанады». Айбас – студенттер кеңесiнiң қаһарлы төрағасы. Онымен ойнауға болмайды. Аяғыңды қия бассаң, жатақханадан аластап жiбередi. Қалашықтың қара ағаштарының саясына түнегiң келмесе, арыстанды «апа» деп, жолбарысты «жезде» деп күн көресiң. Сосын «Бастықтардың бәрi бiрдей қоймас бiздi ұғып, Күндiз-түнi айқайлайды Айбас Сыздықов», – деп үнiң құмығып әндетесiң. Бес жыл өткен соң:

Жабдық дайын, көш-керуен түзелдi,
Әңгiме бар айтылар:
Аман-есен тапсырайық бiз ендi,
Алматыңды қайтып ал, –

деп Ертай Ашықбаев айтқандай, елге бет түзейсiң. Алыс ауданға барып, қаламыңмен несiбе тересiң. Қаласаң, астанаға қайтып ораласың.

Жатақханалардың iшi ғана емес, сырты да күлкiге толы. Қалашықтың университетке қарай бастайтын жолында шақырайған күн астында жалғыз фотограф тұрар едi. Қасында елiктiң мүсiнi бар. Соның маңайына студенттердi тұрғызып қойып суретке түсiрмек. Бiрақ әлгi пақырдың жанына ешкiм де жоламайды. Сiрә, өзi де адамға жұғымы жоқ бiреу болса керек. Фотограф деген жолдан ары-берi өтiп жатқан жұртты шақырып, елдiң назарын аудармас па?! Ал мынау аузын буған өгiздей мелшиген бiрдеңе. Ешкiмде шаруасы жоқ. Елiгiмен екеуi кешке дейiн күнге қақталып тұра бередi. Соны келемеждеп мынадай өлең шығардық:

КазГУ-градта фотографтың бағы асты,
Жанындағы елiк қандай жарасты!
Демалуға мұрша бермей байғұсқа,
Студенттер өшiретке таласты.

Қалашықтың ауласындағы әскери кафедра сабақтары – өзгеше өмiр мектебi. Бұл кафедра жастарды батылдыққа, ептiлiкке, ширақтыққа баулиды. Талтайып жатып ататын ЗУ-23 зениттiк қондырғысының о жер, бұ жерiн шұқылап жүрiп, бiраз нәрсе үйренiп шығасың. «Киiмiңнiң бәрi де өзгенiкi, Өзiңдiкi тек соққан жүрек қана», – деп Қадыр ақын айтқандай, сабақ болатын күнi әскери форманы да басқадан сұрап, сабылып жүрген жұрт. Әсiресе, төменгi курстың студенттерi ақкөңiл, қолы ашық ақын Қайрат Әлiмбековтi көп жағалайды.

Қайрат аға, аюдай қорбаңдаған,
Дәл келе ме, военка формаң маған? –

деп шетiнен қиылып келiп, есiк көзiнде мөлиiп тұрады. «Бет дегенiң жетедi, сүйiңдер», – деп елдiң бәрiн құшағына тартып жүретiн жаны жомарт Қайрекең барын аямайды.

Бiрде журналистика факультетiнiң студенттерi сол тұста аты дүрiлдеп тұрған «Лениншiл жастың» журналистерiн кездесуге шақырды. «Лениншiл жастың» қаламгерлерi бұл шақыруға асқақтықпен жауап бердi. «Бiр ғана шартымыз бар. Журфак кездесу өте салысымен бiзбен футбол ойнайтын болсын!». Журфак келiстi. Жастар газетiнiң бұлай деп талап қоятын жөнi бар едi. Бұл басылымды қазақ спорт журналистикасының бапкерi, атақты Сейдахмет Бердiқұлов басқаратын. Сейдағаңның сайыпқыран шәкiрттерi спорттың қай түрiне де, әсiресе аяқдопқа керемет бейiм-дi. «Лениншiл жастың» футбол командасына талай

Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарын көзiмен көрiп, Пелемен тiлдесiп, Платинимен пiкiрлескен Несiп Жүнiсбаевтың өзi жетекшiлiк ететiн. Сол атышулы команда мiне, КазГУ-ге келе жатыр. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ал ендi олармен ойнап, шеберлiк байқасу дегенiң...

Кездесу өте әсерлi өттi. Студенттердiң ағаларына қоймаған сұрағы жоқ. Мынадай беделдi кiсiлердiң қолын ұстап, қолтаңба алғандарына масаттанып, бақыттан басы айналған бозбалалар мен бойжеткендер. Тегiнде, «Лениншiлжастықтар» осы асқақ абыройымен тұрғанда кетiп қалғандары жөн болатын едi. Бiрақ олар қарап тұрмай: «Әлгi футбол мәселесi не болды өзi, ойнаймыз ба, жоқ па?» – дегенi. Содан жатақхана сыртындағы алаңға беттедiк. Қалашықтың тұрғындары бұл ойынды рахаттанып тұрып тамашалады. «Лениншiл жастың» марғасқалары аяқпен де, баспен де өнердiң жетi атасын көрсеттi. Негiзiнде бұл басылымда атауы шартты түрде қойылған екi команда бар едi. Тiлшiлердiң командасы – «Жалаңтөс», бөлiм меңгерушiлерiнiң командасы – «Апайтөс». Ал мына ойнап жатқан сол екеуiнiң құрамасы. Мен болсам, ол кезде журфактың бесiншi курсында оқимын, әрi «Лениншiл жастың» тiлшiсiмiн. Сондықтан қай жақ жеңсе де, мерейiм үстем болмақ. Журфактың футболшылары да ешкiмнен кем түспейтiн. Гений Төлегенов, Қайрат Мұқатов, Fалымжан Мелдешовтер қарапайым студент болса да, кәнiгi футболшы ретiнде әлдеқашан мойындалған жiгiттер едi. Әдепкiде ағаларын сыйлап, тартынып ойнаған журфактың командасы келе-келе қызып кетсе керек, журналистердi 4:1 есебiмен жайратып салды.

Қайтып келемiз. Журналист ағалардың салы суға кеткен. Бәрi де үнсiз. «Журфактың шиборбай студенттерi атақты «Лениншiл жастың» өзiн жеңдiк деп мақтанып жатыр-ау, ә?» – дедi бiр кезде Несiп аға қалашықтың қақпасынан шыға берiсте. Сол кезде қу тiлдi Өтеген Оралбаев ағамыздың:

– Бiздiң өтiрiк жеңiлiп қалғанымызды қайдан бiлсiн! – демесi бар ма! Жаңа ғана құрысып-тырысып келе жатқандар ду күлдi. Лезде бәрi де көңiлденiп сала бердi. Бұл қалашықтың ешкiмдi ренжiтпей қайтаратын осындай бiр ерекше қасиетi бар едi. Сол қасиетiнен әлi де ажырамаған сияқты.

КазГУ-дiң қалашығы бiздiң мақтауымызға әсте зәру емес. Он мақала жазсаң да оның бар қасиетiн аша алмауың мүмкiн. Бiрақ қиярды да пиармен жейтiн заманда өзiңдi тербеткен алтын бесiк туралы жылы сөз айтқанның не айыбы бар деп ойладық...

Оның үстіне, тағы бір түлектер тобы оқу бітіріп жатқан мезгіл...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер