Тіліміз өз мәртебесін алуы тиіс - Мейрамбек Беспаев

3321
Adyrna.kz Telegram
Фото: kapital.kz
Фото: kapital.kz

"Музарт" тобының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейрамбек Беспаев өзінің Instagram парақшасына үндеу жариялап, 5 маусым күні өтетін рефендумда белсенді болуға шақырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Мен әнші Мейрамбек Бесбаев. Екі мәселе бойынша өз пікірімді білдіріп, үн қосқым келеді.

Ең бірінші, "Тіл туралы заңның" 5- бабында: "Мемлекеттік  ұйымдарда  және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген мәтінді алып тастауды талап етемін. Тіліміз өз мәртебесін алуы тиіс. Еліміз көп ұлтты мемлекет болса да, бұл елдің иесі - Қазақ, бұл елдің тілі қазақ, бұл елде мүддесі биік тұруы тиіс тіл - ол Қазақ тілі!”,- деп жазды әнші.

Сондай-ақ, ол өнер саласы мен мәдениет өкілдерін сүзгіден өткізіп, тыйым салынсын деді.

“Екінші, талап: елімізде өнер саласында сүзгі немесе  талап енгізілсін.

  • Анайы сөз, мағынасыз өлеңді ән қылып айтқан әншіге;
  • "Сары пресса" деп бүркеніп, бір ауыз сөзді іліп алып, өзгертіп, жала жауып, жалған ақпарат таратып кететін, сауатсыз "журналистке";
  • Хайп қуып, рейтинг қуып , баланың санасын улайтын, пайдасынан зияны көп, біреудің төсегін, бір елдің өсегін сөз ететін бағдарламаға;
  • Ұятсыз фильмдер, бағдарламалар беретін телеарналарға;
  • Боқауызға толы контент жасайтын ютуб каналдарға;
  • Негізсіз ақпарат тарататын кез келген БАҚ өкіліне;
  • Сахна мәдениетін, этикасын сақтамаған өнер адамына;

Нақты талап, тиым болсын.

Жаңа Қазақстан бір күнде құрылмайды. Оны Сіз бен Біз құрамыз. Әр нәрсеге немқұрайлық танытып, өзіміз үйде үш сағат эфир көріп отыра бермей, референдумда барлығымыз белсенді болайық”, - деп бірлікке шақырды М.Беспаев.


Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер