Шенеуніктер әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адамды үй кезегінен негізсіз шығарған

2651
Adyrna.kz Telegram

Оралда әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адам үй кезегінен негізсіз шығарылған. Ал оларға тиесілі баспананы шенеуніктер басқаға берген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Амалын тапқан пысықтар меншігінде үйі болса да, пәтерге мұқтаж жандардың кезегіне кезектен тыс кіріпті. Осының кесірінен тағдыр тәлкегіне түскен жетімдер есейіп, отбасын құрса да, балаларымен бірге жетімдіктің тауқыметін әлі тартып отыр.

«Әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адамның негізсіз есептен шығарылып тасталғандары анықталды. Олар яғни, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар. Барлық кезектен шығарылған азаматтардың кезегін қалыпқа келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Олардың нәтижесі бойынша, ұсынымдарды орындау бойынша нақты шаралар қабылданды»,– деп түсіндірді Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысының орынбасары Әлия Денизбаева.

Шенеуніктердің шарапатына кенеліп, кезектен тыс үй алған 169 адамның кім екені белгісіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, бұл аздай пәтерге мұқтаж емес тағы 247 адамға баспана беріліпті. Ал облыста 1800 жетімек үмітін үзбей, үй кезегін күтіп жүр. Олардың несібесіне ортақтасып, үйді басқаға берген шенеуніктер тек тәртіптік жазамен құтылуы мүмкін.

Пікірлер