Сот Ақтау қаласының әкіміне айыппұл салды

3912
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай сотта жеңілді. Оның үстінен кәсіпкер шағымданған,  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Lada.kz"-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы Маңғыстау облыстық соты мәлімдеді. Белгілі болғандай, шенеуніктер кәсіпкерге жер телімін жалға беру мерзімін ұзартудан заңсыз бас тартқан. Сот шешімімен Ақтау қаласының әкіміне 153 000 теңге айыппұл салынды.

Барлығы кәсіпкердің Ақтау қаласының әкімі мен Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімін сотқа беруінен басталды. Сот шенеуніктердің заңсыз әрекет жасағанын анықтап, оларға жер телімін жалға беру мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бір ай мерзімде талапкердің пайдасына тиімді әкімшілік акт қабылдаудлы тапсырды.

Алайда  осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмаған, жеткілікті уақыт өтсе де  қала әкімі қолайлы әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған. Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады.

Нәтижесінде сот Ақтау қаласының  әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 153 150 теңге ақшалай өндіріп алу шарасын қабылдады. Сондай-ақ, аталған сот шешімін орындауға қосымша 10 жұмыс күн уақыт берілген.

Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы керек, әйтпесе ақшалай өндіріп алу 10 АЕК-ке ұлғайтылған мөлшерде қайта қолданылатын болады. Сондай-ақ, заңнамалық актілерде адамды сот актісін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту көзделген.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер