Ақтөбе облысының әкімі өңірдің дамуы туралы есеп берді

2651
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысында мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, сонымен қатар, өңірдің 2021 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі тапсырмасы аясында атқарылып жатқан шаралар жайында баяндады.

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге: «Облыс орталығындағы қоғамдық тасымалдаушылардың жұмысы қанағаттанарлықсыз. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарылды?» - деген сауал қойды.

«Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік тасымалы мәселесін жүйелі түрде шешу қолға алынды. Соңғы алты жылда бюджет тарапынан қолдаудың болмауы салдарынан облыс орталығында қоғамдық тасымал саласының кенжелеп қалғаны рас.  Бұл бір жылда шешілетін мәселе емес. Біз алдымен Ақтөбе нарығына қоғамдық тасымалмен айналысушы компанияларды тарту үшін бюджет тарапынан субсидиялау мәселесін шештік. Әлеуметтік өтемақыны шештік. Яғни, әлеуметтік осал топтың 7 санаты жеңілдетілген жолақымен қатынайтын болды. Әлеуметтік маршруттар субсидияланатын болғандықтан, Ақтөбе нарығына Алматыдан және Атыраудан жаңа автобустарымен екі компания қосылды. Олардың қызмет көрсету сапасы бәсекелестік ортаның талабын туғызды. Яғни, Ақтөбедегі бұрынғы “Автопарк” серіктестігі де автопаркін жаңартуға кірісті. Сөйтіп, алматылық “Қала транс” компаниясы - 32, атыраулық “Ақжайық автопарк” - 18, Ақтөбенің өзінің “Автопарк” серіктестігі 23 жаңа автобус әкелді. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Бүгінгі күні күніне маршрут желісіне 350 автобус шығып жүрсе, әлі де 150-200-дей автобус қажеттілігі бар. Жыл соңына дейін оны аталған компаниялар әкелеміз, толықтырамыз деп уәде беріп отыр. Қазірдің өзінде осы жаңа автобустардың есебінен қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын автобустарды жаңарту мәселесін шешіп бастадық», - деп жауап берді Оңдасын Оразалин.

 Әкімнің айтуынша, Ақтөбе облысында барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика қамтамасыз етілген. 

“Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 102,7%, инвестиция – 120,6%, құрылыс – 104%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 113,6%, сауда 104,8%.
Өңір экономикасының негізгі үлесін өнеркәсіп алады, шамамен 37%. Өнеркәсіп өсімін қамтамасыз ету үшін өңірде жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп, жұмыс жасап жатқандары жаңартылуда. 2021 жылы өңірге 842, 6 млрд теңге инвестиция тартылды.

Жыл соңына дейін 80 млрд теңгеге энергетика, мұнай өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі, цифрланлыру және т.б. салаларында 23 инвестициялық жобаны енгізу және шамамен1,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр», - деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ, өңірде шағын және орта бизнес саласын дамытуда оң динамика сақталып отыр.

2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп жатқан субъектілер саны 6,8% өсіп, 65 992 бірлікті құрады.  Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі 1,4 трлн. теңгені, өсім 21,7% құрады.

5300-ден астам ШОБ жобасы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы механизмдерін пайдаланды, бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есе көбірек. Соның ішінде, «Бизнестің жол картасы» аясында 4030 ШОБ жобасы қолдау тауып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1261 жоба мақұлданған. 

«Осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда. Жалпы салалар бойынша өнеркәсіп өнімінің өсімі 101,4%, инвестициялар – 104,8%, құрылыс жұмыстары – 101,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,4%, Көлік және қоймалау – 110,0% құрады», - деп қорытындылады спикер.

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер