Кейінгі кездесу (әңгіме)

3226
Adyrna.kz Telegram

Кинотеатрдың алдында сағат екі жарымда кездесеміз деп келіскендей еді. Сағатқа қараса, үштен он бес минут кетіпті.

Ихсан темекісін тастап, аяғымен мыжып тұрды.

«Осы күнге дейін мені күткізбеуші еді ғой», деп ойлады.

Таңертеңнен сіркіреп тұрған жауын басылар емес. Шаштараздың алдында қолшатыр ұстаған сатушы бұрынғыдай каштанды отқа пісіріп, ары-бері өткен кісілерге ұсынып, сатып тұр...

Жас жігіт кинотеатрдың жоғарғы қабатынан баспалдақпен асықпай басып түсті. Қарама-қарсы көшеге өтіп, қаланы қақ жарған даңғылға қарай беттеді.

Баязит алаңы шайып өткен жауыннан тазарып, көлдің айна бетіндей жарқырайды. Трамвайлар ары-бері салдырлап, әйнектері буланған автобустар жолаушыларын сыртқа лақтыра сала асығыс жөнеледі.

Ихсан ылғалды жаяужолмен біресе төмен ылдилап, біресе жоғары өрмелеп, көшелерді айналып көп жүрді. Кинотеатр тұсындағы аялдамаға жақындаған сайын «Топкапыдан келетін тағы бір автобусты күте тұрайын. Егер осы жолы келмесе, өзім тартып кетемін», деп шешкен болады, бірақ Мелахат тағы келіп тоқтаған трамвайдан шықпаған соң, қайта орнынан қозғалмай күтеді.

Ақсарайдың ұшы көрінбейтін жолына көз тастады. Сағат үш жарымнан аса бергенде күдерін үзе бастады.

Келмейтіні белгілі болды ғой. Қызға сенген осы, келемін десе де келмейтін әдеті бар... Ақылы бар жігіт о бастан түсіну керек еді ғой. Оның үстіне әлгі мұхаллебе тәттісін бірге жеп отырғанда анық айтқаны бар емес пе еді? Пальтосының түймесін ызалана жұла жаздаған күйде «Ихсан!» – деп еді, «мамам кездесіп жүргенімізді біледі екен. Құда бала Әлемдар да бізді көріп қалып еді ғой, есіңде ме? Бұдан былай мені үйден шығармайды. Бұл жолы әпкенің үйіне барамын деп әрең рұқсат алып, шығып кеткем...»

Ихсан қыздың бұл сөзіне мән бермеген болатын. Әйел баласы емес пе, бүйректен сирақ шығармаса жолдары болмай қалады деп ойлаған. Сол кезде айтқан сөзінің астарында талай дүние жасырынғанын енді ғана түсінген сыңайлы. Демек, осы екен ғой мені сарғайтып, күткізіп қоятын желеуі...

Онсыз да достары дәл осындай күмәннің барын сездіріп еді, бірақ бұның өзі оған сенбеген. Бұған Бахчекапыдағы өндіріспен айналысатын жас кәсіпкер туралы айтқан болатын. Сондай-ақ, Мелахаттың үйіне көрші тұратын, медицина факультетінде оқитын ұзын бойлы жігітті көрсеткен. Достардың сол әңгімесін ә дегеннен түсінуі керек еді. Түсінген болып, күйеуге тигелі отырған қыздың жіңішке жолын кеспеу керек еді. Жігіттің шамасы жетпеді ме, әлде... Қолдан келмеді. Ақымақ бас-ай!..

Сол бір сәтте көз алдына Мелахаттың арман-қиялы елес берді. Әлгі өз-өзіне сенімді болашақ дәрігер жігіттің иығына асылып, Бейоғлыдағы кинотеатрда отырғанын көргендей болады. Кім біледі, дәл осы сәтте әлгі

алаңғасармен бірге шығар... Ал бұл болса осында, қалтасында екі билеті бар. Сүмірейіп тұр. Дәл осы бір кезде шеке тамыры солқылдай бастады.

Жаңбыр сабалап тұр. Ылғалды қара бұлттар биік үйлердің шатырларына бауырлап қонғандай.

Ихсан «Саған бұйыра ма екен?..» деп ойлады. «Әлемнің ең әдемі аруын саған кім береді? Қолыңда мектеп бітірген белгі де жоқ… Ертең әскерге алып кетсе қатардағы жауынгер болып жүресің… Өмірдің қызығын сонда көресің. Шамаңа қарамай, ханшайымға көз саласың-ау!»

Гель жаққан бұйра шашынан мойнына су кеткенін байқамады. Екі мәрте түшкіріп болған соң ғана есін жиды: «Неменеге бола тұрмын?» деп өз-өзіне ашуланды. Трамвай аялдамасында бес-алты кісі тұрған. Солармен қатарласып тұрып алды…

Алайда дәл сол кезде Мелахаттың көшенің арғы бетінен асыға басып келе жатқанын көріп қалды. Қыз оны байқаған жоқ. Қызыл шәлісін қолшатырдай бүктеп ұстап арғы беттен өтіп, кинотеатр тұсындағы көшеге қарай бұрылды.

Ихсанның жүрегі дүрсілдей бастады. Бірақ күткізгеніне ашуланып асықпады. Толқыған көңілін басу үшін қалтасынан темекі алып тұтатты. Сөйтіп, алаңсыз аяндап кинотеатрға қарай беттеді.

Мелахат кіреберісте төңірекке алаң көңілмен көз тастайды. Ихсанды көргенде қуаныштан жарыла жаздап:

– Ұзақ күткізіп қойдым ба? – деп сұрады. – Не болғанын білгеніңде ғой.

– Жо-жоқ... Мүлде күткенім жоқ, – деді Ихсан темекісін тағы бір сораптап, самарқау кейіп танытқандай түтінін жоғары қарай үрлеп жіберді.

Мелахат малмандай болған Ихсанның қолын алып жүрегіне басты.

– Қарашы, қазір жүрегім тоқтайды, – деді алқына сөйлеп. – Асыққаным соншалық... Дайындығымды жасап, үйден шыға бергенімде, үлкен әпкеміздің абысыны келіп қалды. Үйде менен басқа ешкім болған жоқ. Әңгімесін тыңдап отыруға тұра келді. Бірақ оның не дегенін білмеймін, мен сені ойлап отырдым... Түү, әңгімесі де таусылмайды екен тегі... Сөйтіп, апыл-ғұпыл үйден шығып кеттім. Жездем көріп қалмасын деп лайлы жерді кешіп өттім. Үсті-басыма қарашы!

Ихсан міз бақпады. Кешірім сұрағандай ақталып, өз-өзінен сөйлеп жатқан қызға мұқият қарап, үн қатпай, тыңдап тұрды.

Мелахат жігіттің үнсіз тұрысын ұнатпай:

– Не болып қалды... Маған неге сонша тесіліп қарайсың? – деді.

Жас жігіт:

– Ештеме болған жоқ, – деп жауап қатты.

Өкпе-назды сезген қыз қапелімде:

– Ал онда нені күтіп тұрмыз? Кірмейміз бе! Жартысынан көре береміз, – деп Ихсанның қолынан тартып, залға қарай жөнелді. Ихсан зорға көніп, икемге өзін әрең келтірді.

Залға кіргенде бірінші фильм басталып-ақ қойған, тіпті аяқталайын деген. Іште отырған әйел қолындағы шамын жағып жібергенде, Мелахаттың

ұзын сирақтары жарқырады. Жібектен тоқылған шұлықтары батпаққа былғанған екен.

Малмандай болған киімдерін шешіп, бос орынға жайғасты. Бірақ бір-бірін танымағандай ұзағынан тіл қатпай отырды. Мелахат оқыс қимылмен шашын артына жайып салды да, артынан күрсініп қайта түйіп қойды.

Ихсан пұтқа айналған тәрізді. Киноға құр телміріп отырды. Мелахат:

– Жаным, саған бүгін не болған? Бірдемеге алаңдап отырсың ба? Әлде ауырып қалдың ба? – деп сұрады сабырсызданып.

Ихсан бұрылып қарамады.

– Жоқ, – деп қысқа ғана жауап қатты.

– Неге көңілсізсің? Кешіккеніме ашуландың ба?

– Жоқ, қайдағы ашуланған!

– Анығын айтсаңшы. Не болды? Әйтпесе, ренжимін.

Алдынғы қатарда отырған бір кісі бұрылып қарап еді, Мелахат дауысын бәсеңдетіп сөйледі:

– Өлсең де айтпайтыныңды білемін. Соншама не болып қалды? Біреу саған бірдеме деді ме?

Ихсан үндемеді.

Кинода кішкене бала әкесінің аяғына жармасып, жыламсырап сөйлейді. Мелахат:

– Бүгін маған қатулы қабағыңды көрсету үшін шақырдың ба? Қазір осы жерден тартып кетемін, – деп түрегелмек сыңай танытты.

Ихсан кинодан көз алмай:

– Тыныш отырсаң қайтеді. Кино көруге келген жоқпыз ба? – деп қалды.

– Солай ма?! Онда жарайды... – деген Мелахат аяғын айқастырып, бұртиған күйі тіс жармады.

Ихсан Мелахаттың жүзін көрмесе де өзіне бұртиып отырғанын анық сезді.

Алғашқы фильм аяқталғанша бір-біріне ренжігендей болып үнсіз отырды.

Жарық кенеттен жарқ еткенде Мелахат бетін теріс бұра қойды. Ихсан темекі тартуға шығып кетті. Есіктің саңылауынан Мелахаттың өзіне қарап отырғанын көргенде, алдынан өткен әйелдің ашық омырауы назарын өзіне тартты. Кино басталды, бірақ Ихсан әдейі бес минутқа кешігіп кірді.

Бұл жолы үнсіз отырған қыздың бар назары кинода. Алайда Ихсанның көз тастағанын сезгендей болғанда:

– Мен бәрін түсіндім, – деді. – Мен саған масыл бола бастаған екем. Менен қалай құтыларыңды терең ойлап отырсың ғой. Өзіңді соншалықты қинама. Бұдан былай кездеспейміз. Сонымен бәрі өз орнына түседі.

Ихсан бұрылып қарады. Бірдеме дегісі келді де бас тартты.

Кинодағы Бинг Кросби әндете бастады. Мелахат:

– Біліп едім, – деді. – Мен жалыққаныңды білген едім... Ел-жұрт сенің қандай жеңілтек екеніңді онсыз да айтып жүр емес пе. Менің кінәм – саған сендім, саған берілдім.

Беторамалын алып бірден жылай бастады. Алдыңғы қатарда отырғандар арттарына бұрылып қарады. Ихсан:

– Ақымақ болма. Қой енді. Ел бізге қарап отыр.

Мелахат:

– Қараса, қарай берсін. Мені үшін бәрібір, – деп көз жасын сүртті.

Ихсан қараңғылана түскен залда күлімсіреп отырды. Қасындағы бойжеткеннің өкпелеп жылағаны қызу жалғасқан киноны да, алдыңғы қатарда қайта-қайта бұрылып қараған кісілерді де, сіркіреген жауын астында қалған дүн-дүниені де сол бір сәтте ұмыттырғандай еді. Қыздың шашын қолымен тарап:

– Болды енді, жыламашы, болды! – деп өзіне қарай тартты.

Мелахаттың көз жасына шыланған еріндерінде қышқыл өріктің дәмі бар еді.


Халдун ТАНЕР

жазушы (Түркия)

 Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік Отарбаев

Пікірлер