Баласынан тірідей айырылған әке Бағдат МӘДЕН: Балам Қытай көшесінде қаңғып жүр

4139
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күні Қытай елінен келетін қандастарымыздың ең жанды жері деуге боларлық ықтиярхат алу мен уақытша тіркеудің мерзімді  уақытын өткізіп алу мәселесі.  Қытай елінен көшіп келген қандасымыз  Бағдат Мәденнің де жағдайы осыған сәйкес. Өзі Қазақстан Республикасының азаматы болғанына аз ғана уақыт болған ол жалғыз ұлының әлі де Қытайда жүргенін, Қазақстанға келіп азаматтық алу былай тұрсын, бес жылға дейін ел аумағына кіргізуге тиым салғанын айтып берді. Ары қарай Бағдат Мәденнің өзінен сұрасақ.

Қазақстанға қашан келдіңіз және балаңыз Бауыржан неге сіздермен бірге азаматтық ала алмады?

- 2012 жылы құжат толтырып, ықтярхат алу оңай болатын-ды. Сол жылы жұбайым екеуміз құжаттарды тапсырдық. Бізде екі бала ғой,  үлкені Бауыржан ол кезде оқуда болды, "оқуынан қалдырмайық кейінен алар" деп ойлап едік. Екінші қызымыз кәмілетке толмағандықтан анасының атына жазылды.  2014 жылы Қазақстанға біржола көшіп келдік. Балам сол кезде бізбен алғаш  ілесіп келген болатын.

- Балаңыз неге сол кезде құжаттарын рәсімдетпеді?

- ҚР заңнамасына сәйкес 2014 пен 2015 жылдары аралығында ықтярхат алуды тоқтатып тастады. Баста оқуынан қалады деп ойладық, кейін заң өзгерді. Солай құжаттарын жасату мүмкін болмай қалған еді. Бізбен бірге келген баламызға тек уақытша тіркеу ғана алып бердік. Кейіннен уақытша тіркеудің уақыты аяқталып, балам Қытайға өтіп бара жатқанда айыппұл салды. Сол 32 мың айыпұлын төлеп балам арғы бетке өтіп кетті. Бізге оның үстіне мына Алматы облысы Көксу ауданы көші-қонынан хабарласқанда "ықтияр хат дайын болып қалады, құжаттарды дайындай беріңдер, виза уақыты өтсе өте берсін, уақытша тіркеудің уақыты да өте берсін оған дейін ықтиярхат дайын болып қалады" деген еді. Екі елдің арасында ары бері жүру де оңай емес, аздаған айыппұлды төлей салу әлде қайда жеңіл болып көрінді. Қайдан білейін.

 - Бұл қай жылдары еді?

- 2015 жылдың тамыз  айы еді. Екінші рет тағы да  2016 жылдың маусымында келісілген мерзімнен 45 күн асып кетіп, бір жыл көлемінде екі рет заң бұзушылық болды деп 15 күнге қамалып, кейіннен Қазақстан аумағына бес жылға дейін кіре алмайтындай, қара таңба басылып,  Талдықорған әкімшілік соты үкім шығарды. Сол уақыттан бері анасы екеуміздің ішкеніміз ірің, жегеніміз желім...

- Балаңыз кәмілеттік жасқа жеткен екен, неге заңды түсініп тұрса уақытша тіркеудің мерзімі біткенін біле тұра елде жүрді?

- Біз Қытайда тұрғанда екі қабатты үйіміз болды, тұрмысымыз жақсы еді. Қазақстанға өткенде бар-мүлкімізді сатып келдік. Ағайындарымызбен елім жерім деп келдік.  Қытайда шынын айтсам ет жақын дегендерден ешкім қалмады. Баламның шынын айтса баратын жері, тұратын үйі жоқ еді. Талдықорғанда Көші-қонда істейтіндерге бар жағдайды ашып жеткізгенде Бауыржан деген жігіт тегін ұмыттым, "аға алаңдамаңыз, ықтиярхат жасалып жатыр" деген соң соған сендім...

- Керекті жерлерге арыздандыңыздар ма?

- Арыздандық, ІІМ министірі Қ. Қасымовтың да қабылдауында балам Бауыржанның өзі болды. Бірақ арызымыз ауызша болып қалды да, арыз тіркелмей қалыпты. Нұр Отанға да арыз жаздық, түк нәтиже жоқ.  СІІМ ге арызданған едік, өтінішімізге құлақ асып Жоғарғы сотқа оң шешім қабылдаудың қажеттігі туралы өтініш білдірді. Ендігі бар үмітіміз сол СІІМ-де болып отыр.

- Қазірде балаңыз қайда, хабарласып тұрасыздар ма?

- Балам шындығын айтқанда көшеде жүр  (күйініп кетіп, көзіне жас тығылып қалды), өзіміз барлық туыс-туғанымызбен көшіп келдік. Егер бір жамағайыным болса алаңсыз жүрер едім, жалғыз тұяғым - осы бала.  1996 жылы туылған бала ғой енді оқуын аяқтаған.  Қазіргі саяси жағдайға байланысты көп те хабарласа алмаймын, айына бір тірі екендігін біліп тұрамын. Баладан тірідей айырылған ауыр екен, тіпті кей жерлерге арызданайын десем "балама кесірі тиіп кетер ме екен" деп қорқып әрең бастаймын.

 

Камшат Есмұханбетқызы (заңгері):

- Бұл жерде ешқандай құқық бұзушылық көріп тұрған жоқпын. Біріншіден әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 12-бабына сәйкес ешкімді де нақ сол бір құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке екі рет тартуға болмайды деп көрсетілген. Ал Бауыржан Мәденді бір баппен екі рет жауапкершілікке тартып отыр.

 

Осыған орай Есмұхамбетова,екіншіден, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабы 5-бөлімінің 1-тармағын (адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын жағдай) мысал ретінде келтірді. «Бүгінгі Қытайдағы этникалық қазақтардың ахуалын ойлайтын болсақ, баланың өміріне қауіп төніп тұр деп айта аламыз» дейді Есмұхамбетова.

Үшіншіден, ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 27-бабына сәйкес: «Шақырушы адамның мына отбасы мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына жіберіледі: егер Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келуші шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақтарында аталған адамдар.

Тұрақты тұруға арналған рұқсаты бар шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту құқығымен бір жылға беріледі» деп көрсетілген.

Ал осы баптың 3-тармағы 2-тармақшасында: «Мыналар: некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауындағы және (немесе) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) балалар отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шақырушы адамның отбасы мүшелері болып табылады» деп көрсетілген. Алайда заң талаптарын жете түсінбеуіне байланысты Бағдат Мәден баласының Қазақстанға келу мақсатын дұрыс көрсетпей, отбасы біріге алмай, бөлініп кеткен. Яғни бұл әрекет ҚР-ның заңына қайшы. Сол себепті Бағдат Мәденнің ұлының Қазақстанға келуіне рұқсат берілуі керек.


Аида ҚОЖМАМБЕТ, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер