Назарбаев Ақаевқа: Демократияны үйіңде жасай бер, бізде нең бар?

1743
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев 2005 жылы биліктен кетуге мәжбүр болғанын билікті сынайтын тәуелсіз газеттердің пайда болғанымен байланыстырды, деп хабарлайды "Адырна" Азаттыққа сілтеп. 

Оның сөзінше, Қырғызстандағы сөз еркіндігі, тіпті Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің де қытығына тиген.

Немістің DW басылымына берген сұқбатында Ақаев "әлдебір сыртқы күштер Грузиядағы "қызғалдақтар революциясы" мен Украинадағы "сарғылт революциядан" кейін Өзбекстанда төңкеріс ұйымдастырмақ болғанын, алайда Өзбекстаннан ештеңе шығара алмаған соң Қырғызстанға көз тіккенін" айтады.

"Қырғызстан ең әлсіз ел боп шықты, өйткені бізде еркін баспасөз бар еді. Freedom House ұйымына БАҚ-қа арналған типография ашуға рұқсат беріп, ең үлкен қателік жасадым. Оларға барынша еркіндік бердім, соның арқасында бүкіл тәуелсіз газеттерді басып шығара бастады. Біз туралы, менің отбасым жайлы қисынға келмейтін небір өтіріктер жазатын газеттерді миллиондаған тиражбен тегін шығарды", - деп еске алады бұрынғы президент.

Оның сөзінше, бұл типографияның жұмысы көрші елдердің президенттерінің де қытығына тиген, мысалы Қазақстан мен Өзбекстанда тыйым салынған оппозициялық басылымдар Қырғызстанда басылып, аталған елдерге тараған.

"Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы [Назарбаев] телефон соғып: "Әй, демократ, демократияңды үйіңде жасай бер, бізде нең бар? Сенің типографияларыңда шыққан газеттер мені сынап жатыр!" деді. Ислам Әбдуғаниұлы да [Кәрімов] сөйтіп айтты. Міне, менің қателігім осы болды, әйтпесе экономикамыздың тасы өрге домалап тұрған болатын", - дейді Ақаев.

Ақаев 1991-2005 жылдар аралығында Қырғызстан президенті болған. 2005 жылы 24 наурызда "қызғалдақ революциясы" кезінде отставкаға кетіп, Мәскеуден саяси баспана алған.

Пікірлер