Жер дауы: 17 мың гектар жер халық игілігіне беріле ме?

2221
Adyrna.kz Telegram

Жердің іс құжаттары Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы генерал-майор Мұрат Қабденовке жеткенде, 15547,75 гектар жер ауданның қорына өтті деген бұйрық келіп тұр...

Біз жақта не болып жатыр!?

Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы округінің 10000-ға жуық халқының ішінен шыққан белсенді бастамашы тобындағы 35 жігіт 10 ай бойы жер үшін барын салып күрес жүргізді. Халықты ұйымдастырды, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалықпады.

Осы істің басы қасында жүргендіктен маған қолынан келген көмектің барлығын көрсетті. Жүрер жолымды да, керек жарағымның бәрін осы жігіттер тауып беріп отырды.

Біз Алтынтөбе ауылы округінің 17000 гектарға жуық жер телімдерін халықтың игілігіне қайтару үшін 3 рет Қазығұрт аудандық сотына ТАЛАП-АРЫЗ түсірдік. Сот біздің талап-арызымыздың үшеуін де қайтарып тастады.

Содан кейін біздің соттың ұйғарымдарына берген апелляциялық шағымдарымыз облыстық сот пен жоғары соттың кеңселерін жағалап кетті. Жылға жуық уақытымыз осындай арпалыстарға жұмсалып, қалтамыздан көп шығындалдық. 10 ай уақытымыз облыс пен ауданның арасындағы жолда өтті.

Содан көп ұзамай, белгілі журналист, «ӘДІЛЕТ-САРЫАҒАШ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Амангельды Батырбеков ағамыз менің фейсбукке жер даулары бойынша шыққан мақаламды көріп, «Бекболат, сен тез арада маған келіп кетші» деді. Араға уақыт салған жоқпын. Таз арада Сагадилла Даниаров ағамды алып, көлікке бензинді құйып, Амангелді ағамызға жетіп келдік.

Содан Амангелді ағамыз: «Бекболат, сен не істеп жүрсің? Мынау жақта қандай өзгерістер болып жатқанынан хабарың бар ма?»-деп, маған бұрынғы облыстық жер инспекцияларының бәрі республика бойынша «Жер ресурстарын реттеу департаменттері» болып өзгертіліп, тікелей ҚР Ауылшаруашылығы жанындағы Жер ресурстарын реттеу комитетіне қарасты болып, тәуелсіз құзырлы орган болып қалыптасқанын, бұдан кейін облыстық әкімшіліктерге бағынбайтынын, әкімшіліктерге жалтақтайтын дәуірдің аяқталғанын жеткізгенде, төбе көкке жетті.

Содан тез арада шұғыл әрекеттерге көшіп, тапжылмай отырып жердің барлық құжаттарын үш күн бойы ақтарып, басынан аяғына дейін қайта жазып, рәсімдеп, дайындап қойған тұста, Амангелді ағам «Қазығұрттағы жер дауы қылмысқа ұласты» деген фейсбуктегі мақаламды «С-ИНФОРМ» республикалық ақпараттық басылымына шығарып, Қазығұрт аудандық прокуратурасына жолдап, ауданның прокуроры Қанат Базарбаевтың қабылдауын сұрап, үлгеріп тастапты.

12.05.2022 күні Амангелді Батырбеков, Сағадилла Данияров ағаларыммен келіп, Қазығұрт ауданының прокуроры Қанат Базарбаевтың қабылдауында болып, 2010 жылы Қазығұрт ауданының әкімі Т.Алиевтың заңсыз №153 қаулы шығарып, әкімдік қызметкерлерінің қылмыстық жолмен құжаттар рәсімдеп, жерді халыққа белгісіз корпорацияға өткізгенін, небәрі 9 жылдың ішінде жерлер 4 белгісіз мекемеге өтіп, жемқорлардың пайдаланып отырғанын жеткізіп, ал әкімдік шығаран №153 қаулының облыстық архивтерден табылмай, құжаттарды белгісіз жолмен жойып жібергенін, осыған қатысты тікелей қылмыстық іс қозғауын сұрадық.

Прокурорға берген арызға 18 құжатты тіркеп өткізіп, талонын алып қайтып кеттік.

Содан не керек, прокурор Қанат Базарбаев бары-жоғы екі күннің ішінде іспен танысып, зерттеп, «ҚР Әкімшілік процестік-рәсімдік Кодексіндегі» көрсетілген соңғы мерзімге қарамастан Түркістан облыстық жер ресурстарын реттеу департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Е.Б.Асановқа жолдап жіберді.

Уақытты бос өткізбей, мен Амангелді Батырбеков пен Сағадилла Данияров ағаларымды ертіп, тез арада Түркістан облыстық жер ресурстарын реттеу департаментінің бастығы Қанат Мылтықбековке келіп, қабылдауында болып, жағдайдың барлығын түсіндірдік.

Департаменттегі мамандарға жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, жұмыс жасадық. Жер ресурстарын реттеу департаментіндегі мамандармен Амангелді ағам хабарласып, уақыт өткізбей, жағдайды суытпай біліп отырды.

Қанат Мылтықбеков мырза тез арада қол астындағы мамандарға тапсырма беріп, құжаттарды зерделеп, 2010 жылы Қазығұрт ауданының әкімі Т.Алиевтың заңсыз шығарған №153 қаулысы облыстық архивтерден табылмағаны туралы қорытындыны қолымызға беріп, істі облыстық полиция департаментіне жолдағанын жеткізді.

Қызықтың көкесі сонда болды. Іс-құжаттары 31.05.2022 күні облыстық полиция департаментінің бастығы генерал-майор Мұрат Қабденовке жеткен соң, 31.05.2022 күні кешкі уақытта Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан № 70-н/қ бұйрығымен Алтынтөбе ауылы округінің 15547,75 гектар жер телімдері Қазығұрт ауданының жер қорына өтті деп хабар келіп тұр.

Біздің қолымызда құжаттары тұр.

Содан біз Түркістан облыстық полиция басқармасының бастығы генерал-майор Мұрат Кабденовтың қабылдауына кіріп, жерге қатысты істің мән-жайын айтып, қылмыстық іс қозғауын, процессуальді шешімдер қабылдауын сұрадық.

Себебі, мұның астарында сыбайлас жемқорлыққа әбден батқан, әкімшілік қызметкерлері тарапынан қылмыстық жолмен құжаттар рәсімделіп, халықтың несібесін ұзақ жылдар бойы жымқырып келген әрекеттер бары тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Генерал-майор Мұрат Қабденов мырза бізге бір жауабын айтамыз деді.

Бекболат ҚАРЖАЕ

Пікірлер