Жер инспекциялары үлкен департаментке айналды - Бекболат ҚАРЖАН

2223
Adyrna.kz Telegram

Сең қозғалды, ағайындар!

Жұдырықтай жұмылыңыздар!
Әкімдерге жалтақтап отыратын уақыт келмеске кетті.

БҰРЫНҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ИНСПЕКЦИЯЛАРЫ «ЖЕР РЕСУРСТАРЫН РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ» БОЛЫП ӨЗГЕРІП, АУДАН ТҮГІЛІ ОБЛЫС ӘКІМДІГІНЕ ДЕ БАҒЫНБАЙТЫН БОЛДЫ.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қаңтардағы шешімімен бұрынғы облыстық жер инспекциялары «Жер ресурстарын реттеу департаменттері» болып өзгеріп, тікелей Астанадаға Ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы Жер ресурстарын реттеу комитетіне қаратылып, облыс әкімдігіне де, аудан әкімдігіне де бағынбайтын, құзіреті бөлек орган болып, жеке еншісін алып шықты. Енді аталған департамент әкімшіліктердің үстінен жерді пайдалануды, әкімдердің қандай шешімдер шығарып отырғанын бақылайтын вертикальді органға айналды. Қазіргі жер дауларының шешімін табуына бұл өзгерістің маңызы өте зор болып тұр.

Құрметті ағайындар, президенттің бұл шешімі әкімшілікпен сыбайласқан жемқорларға қақпан болған өте дұрыс шешім болды. Осы процестерге байланысты біз жер даулары бойынша шұғыл әрекеттерге кірісіп кеттік.

Бұл мәліметті Қазақстанға белгілі журналист, заңгер, қоғам белсендісі Амангельды Батырбеков ағамыз басшылық ететін «С-ИНФОРМ» республикалық ақпараттық басылымы «ЖЕР ИНСПЕКЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЕНДІ ДЕПАРТАМЕНТ БОЛДЫ» деген тақырыппен арнайы мақала етіп басып шығарған сәттен бастап, біз әрекет жасап, департаменттегі мамандармен тығыз жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге жеттік. Бұл нәтижелерді келесі мақалаларда ретімен салып отырамын.

Президенттің осы шешімі шыққанан кейін, қазір Қазақстанның барлық облыстарында жер даулары қайта көтеріліп, жерді халыққа қайтару процестері басталды.

Түркістан қаласында ҚР АШМ жанындағы Жер ресурстарын реттеу комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ұйымдастырған мәжіліске арнайы келіп, Алтынтөбе ауылы округіндегі 30 жыл бойы ушыққан, тіпті азаматтары сотталып жатқан жер дауы төңірегіндегі жағдайдарды айттым. Мәжіліске әкімдер, департамент басшылары, барлық аудандардан адамдар келіп қатысты. Бірінші басшыға Алтынтөбе ауылы округіндегі орын алған даулы мәселелердің ресми ақпараттық басылымдарға басылып шыққанын жеткіздім.

Дәл қазіргі уақытта АШМ жанындағы Жер ресурстарын реттеу комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов елдің барлық облыстарына, аудандарына, ауыл округтері мен ауылдарына дейін барып, халықпен кездесіп, ушыққан жағдайды өз көзімен көріп, елмен тығыз жұмыс жасап, жерді халыққа ретімен қайтарып жатыр.

Департаменттердің бәрі жұмысқа кірісті.
Сең қозғалды ағайындар. Бәріңіз ынтымақ пен бірлікке келіп, жерді халықтың игілігіне қайтаруға жұмылатын кезеңде тұрсыздар.
Сіздерге жер даулары бойынша істеп жатқан жұмыстардың нәтижелерін ортаға салып отырамын. Жер дауларына қатысты назарларыңызға бірнеше мақала шығарамын.

Сіздерге бұл ақпараттар өте қажет болады деген сенімдемін!

Бекболат ҚАРЖАН

Пікірлер