Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз

1584
Adyrna.kz Telegram

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев төрағалығымен «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өтті.

Сессия жұмысына өңірдегі этномәдени бірлестіктер, облыстық Ассамблеяның құрылымдылық бөлімшелері, қоғамдық келісім, ақсақалдар және аналар кеңестері, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, жастар қозғалысы мен еріктілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі өзінің сөзінде облыстық ассамблея мүшелерінің назарын Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев белгілеген басым міндеттерді орындауға аударды, бұл - ҚХАА мүшелерін, облыстық Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарын саяси реформаларды іске асыруға белсенді қосу, қазақстандық патриотизм, азаматтық теңқұқықтық қағидаттарын, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету және ақпараттық жұмысты күшейту.

Күн тәртібі бойынша алғашқы сөз алған облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, БҚО ҚХА Журналистер клубының мүшесі Б.Ғұбайдуллин Ұлытаудағы ұлттық Құрылтайдың қатысушысы ретінде ел дамуының тарихи кезеңі, жалпыұлттық бірлікті нығайту жөнінде келелі ойларын ортаға салып, масылдық пиғылмен күресу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу турасында пікірін жеткізді.

«БҚО Орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Быков Елордасында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясынан алған әсерін әңгімелеп, өңірдегі азаматтық бірлікті мәдениет пен өнер арқылы нығайту бойынша жүргізу қажеттігін атап көрсетті.

БҚО ҚХА «Еднання» украин этномәдени бірлестігі белсенді мүшесі М.Бродяной бүгінгі күнде әлемде жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрған уақытында, еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керектігін баса айтты. Оның «Бейбітшілік пен тұрақтылықсыз болашағымыз бұлыңғыр, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ және болмайды да», - деген сөзі Сессия қатысушыларының қызу қолдауына ие болды.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Д.Саратов Қазақстандағы этносаралық келісім қағидатының дамуы, БҚО ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Б.Сәрсенов Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарындағы сауда-экономикалық қатынастарының перспективалары жөнінде баяндады.

Сессия жұмысы одан әрі жиналғандардың пікір алмасуына ұласып, өңірдегі әлеуметтік мәселелер, жастар бастамаларын дамыту сынды ұсыныстар талқыланды.

Сессия жұмысын қорытындылаған өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің оң динамикасын атап өтіп, өңірлік ҚХА қызметін қайта форматтау, Ассамблея жұмысын мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог құруға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған нақты істермен толықтыру арқылы жүргізуді ұсынды.

Пікірлер