Тоқаевқа үндеу: Ауған қазақтарының жағдайы мүшкіл

2492
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа

Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарын қолдау шаралары туралы халықаралық

 Конференция қатысушыларының атынан үндеу

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

2022 жылы 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында елдің қоғам қайраткерлері мен қатысушылары жеті елден қатысқан онлайн-офлайн аралас форматта өткен халықаралық конференцияда Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Ирандағы қазақтардың тұрмыс ахуалы мен талап-тілектері қарастырылды. Конференциядағы баяндалған мәліметтерге қарағанда Пәкстан, Сауд Арабиясы мен ішінара Ирандағы қазақтар Ауғанстан Ислам Әмірлігінен ауып барған қандастарымыз екеніне және де, бұған дейін ресми жария болған Ауғанстанда небәрі 200 қазақ тұрады деген ақпараттың шындыққа мүлдем сәйкеспейтініне көз жеткізілді.

Ауғанстанда туып өскен қазақтардың біршамасы елдегі орнаған жаңа режим мен билік алмасу салдарынан басқа елдерді сағалап кетуге мәжбүр болып отырғаны мәлім болды. Сонымен бірге дүрбелеңнен аман қалу мақсатында ауғандық қазақтар сол елдегі өзбек, тәжік  тағы басқа халықтардың құрамында өзінің этникалық тегін жасырып амалсыз ғұмыр кешуге мәжбүр болып келгені аян болды.

Шын мәнінде, Ауғанстанға ауған қазақтардың тарихы дүркін-дүркін болған: сонау Қазақ хандығы құрылар тұстан бастап, соңғы сыртқа көшу өткен ғасырдың ашаршылығы мен қуғын-сүргіні аралас дүрбелеңі бар 30-жылдармен аяқталады. Бүгінгі ауған қазақтарының дені осы дүрбелеңге ұшырағандықтан, бұларды Қазақстан тарапынан ең алдымен саяси әрі моральдық арашалау, реабилитациялау мен өтем төлеу міндеті күтіп тұр.

Конференцияда бүгінгі таңда Ауғанстанда шамамен жүз мыңнан үш жүз мыңға дейін қазақтар бар екендігі айтылды. Бұлардың әлеуметтік ахуалы өте ауыр, білім мен сауат, мамандық жоқ, тұрмыстары төмен. Оның үстіне он үшке толған қыз балаларды басқа ұлт өкілдері тарапынан әйелдікке тартып алу қатері мен жас жігіттерді армияға әкету жағы төніп отырғандықтан, олар түрлі жолдармен тентіруге, бас сауғалауға көшкен.

Ауған қазақтарының көпшілігінде жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ және оларды қазақ ретінде тануға ресми билік тарапынан әрекет жоқ және мүмкін еместігі баян етілді. Осының кесірінен қандастарымыздың адамға тән өмір сүру мүмкіндігі барынша тарылған.

Ауғанстаннан осы жағдайға байланысты Пәкстанға өткен үш жүзге тарта отбасының да жағдайы мүшкіл, олар ауғандық босқын ретінде күй кешуде. Бұл қандастарымыздың көпшілігі сол елдердегі Қазақстан елшілігіне өз жағдайлары бойынша жолыққанымен, оларды қазақ ретінде тану мен мойындау мәселесі туындап отыр. Тіпті, өздерінің қазақ екендігін дәлелдеу үшін пәкстандық бір топ қазақтар ДНК сараптамасын да тапсырып, айлап күтіп отырған жайы бар.

Аталмыш елдердегі этникалық қазақтар жағдайын баяндай отырып, Қазақстан тарапынан бұл мәселеге барынша байыпты кірісу қажеттігін баса айтамыз. Тәуелсіз Қазақстанның шетелдердегі қандастардың тағдырына атүсті қарауы ешбір қисынға жатпайды.

Бұл мәселеде астын сызып айтатын кемшілік: шетелдегі этникалық қазақтардың тегін тану мен мойындаудың ресми түрде жасақталған жүйесі мен тәртібінің әлі күнге болмай отырғандығы. Өзінің ата-тегі мен тарихын, жағдайын, тілін азды-көпті біле тұра, қазақ екендігін дәлелдеу ауғандық қандастар үшін қасыретке айналып отыр! Тіпті нәтижесі неғайбыл ДНК сараптамасына жүгінудің өзі әбестік екенін атап өтеміз. Бұл жағдайдың әлемдік деңгейдегі Германия мен Израил үлгісі бола тұрып, мұншалықты шырғалаң мәселеге айналуы мүлдем түсініксіз!

Конференция аталған мемлекеттердегі қандастармен үш бағыт бойынша жүйелі жұмысты қолға алу керек деп санайды:

  • мәдени ағарту – тіл үйрету, сауат ашу;
  • гуманитарлық жәрдем;
  • тарихи арашалау, саяси реабилитация мен өтем төлеу және қандастарды Қазақстанға қайтару бойынша жұмыстар.

Құрметті Президент!

Егемен еліміздің алдында тұрған Жаңа Қазақстан құрудың бірден бір сипаты шетелдерде тұрып жатқан 5 миллионнан астам қазақ ұлтының өкілдерін қамқорлыққа алу екенін ескере отырып, Сізден аталған міндетті атқаруға қажетті шаралар қабылдауды өтінеміз. Сондай-ақ, елімізде құрылғанына ондаған жылдар болған Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар қорының» өз міндеттерін тыңғылықты атқаруын қамшылайтын нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.

Құрметпен:   Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарын қолдау шаралары туралы еларалық  Конференция қатысушылары: 

Ақпар Аюби (Дания), Абдулла, Амидулла Тадаш (Ауғанстан, Қабул университетінің профессоры), Хамид (Пакистан, Карачи),  Ахмад Қожабаев (Сауд Арабия, Мекке), Мохаммад Табын (Ауғанстан), Мейрам Кенесары (Иран, Горган), Сейфолла (Иран, Горган), Жора Табын (Иран), Серік Ерғали (Нұр-Сұлтан), Дос Көшім (Алматы), Қыдырәлі Ораз (Ұлы Британя, Лондон), Бейсен Ахметұлы (Нұр-Сұлтан), Бүркіт Нұрасыл (Нұр-Сұлтан), Бурахан Дақанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Аятжан Ахметжан (Нұр-Сұлтан), Құрмет Талапқазы (Шымкент)  тағы басқалар.

Elsana Amanat қоры. Шетелдік қазақтарды қолдау алқасы.

1 шілде 2022 жыл.   Нұр-Сұлтан қаласы.

Байланыс тел/ватсап. +77011971961, +77058404483

E-mail: erserik@gmail.com

 

 

Пікірлер