Абзал Құспан: Біз қара жамылып отырған отбасылардың жағдайын реттестіруге міндеттіміз! (ВИДЕО)

12977
Adyrna.kz Telegram

"Елімізден заңсыз шығарылған капитал -  Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен отбасыларға, оның ішінде азаматтары қаза тапқан, мерт болған отбасыларға материалдық көмек түрінде ұйымдастырылуы керек! Біз қара жамылып отырған отбасылардың жағдайын реттестіруге міндеттіміз". Бұл пікірді белгілі адвокат Абзал Құспан Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.

"Кезінде заңсыз шығарылған капитал елімізге қайтарылу үстінде. Осы қайтарылып жатқан қаражат қайда, қалай жұмсалуы қажеттілігі туралы журналистер сұрақ қойған екен. Менің пікірім - бұл қаражат ең бірінші кезекте мына биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен отбасыларға, оның ішінде азаматтары қаза тапқан, мерт болған отбасыларға материалдық көмек түрінде ұйымдастырылуы керек деп есептеймін. Өйткені, ҚР Конституциясының 1-бабында "Мемлекеттің ең басты қазынасы - адам және оның өмірі" деп көрсетілген. Ендеше мемлекет өзінің азаматтары алдындағы жауапкершілігін терең сезіне отырып, сол қаза тапқан азаматтардың кінәсінің бар немесе жоқ болуына қарамастан олардың артында қалған отбасыларына, отбасы мүшелеріне көмек көрсетуге тиіс", - дейді Абзал Құспан.

Адвокаттың айтуынша, мемлекет бәрінен бұрын Қанды қаңтарда азаматтарынан айырылып, қайғы құшып, қан жұтқан отбасылардың жағдайын реттестіруі керек.

"Әрине, кейбір азаматтарымыз "қазіргі мынау дүниежүзілік азық-түлік тапшылығы жағдайында өзіміздің отандық өндірісті дамытуға, яғни экономиканың нақты секторына жұмсау қажет" деп айтып жатыр. Ол пікірлерді мен қолдаймын, қуаттаймын! Бірақ, әр нәрсенің өзінің кезектілігі, реттілігі тұрғысынан келетін болсақ, дәл қазіргі ең басты құндылығымыз болып табылатын азаматтарымыздың қара жамылып отырған отбасыларының жағдайын реттестіруге біз міндеттіміз! Одан артылып қалған қаражат - экономикаға немесе еліміздегі басқа да әлеуметтік аз қамтылған топтарға жаратылып жатса жөн болар еді", - дейді адвокат. 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер