Ерлан Саиров: Сырттағы қазақ көшіп келсе, ғаламат əлеуметтік өсім жəне даму болады!

2624
Adyrna.kz Telegram

Ерлан Саиров есімді азамат фейсбуктегі өз парақшасында бүкіл ел алаңдаған сот отырысы туралы өз ойын былай білдірді: Бүгінгі қуаныш - ауыз толтырып айтарлық, Сайрагүлдің босап шығуы мəселені түп-тамырынан қарастыруды талап етеді. Əрине, Сайрагүлдің мəселесі қазақ социумындағы оң тенденцияларды ашып берді. Біріншіден, ел болып, жер болып қазақтың мəселесін жүйелі түрде көрсетудің əдісі мен тəсілі қалыптасып келеді. Екіншіден, билік қазақтың жеке мəселесіне келгенде, қоғамдық, ұлттық құндылықтар деңгейіне жетуге тырысуда. Үшіншіден, биліктің жоғары деңгейіндегі азаматтар Қазақстанның "шаңырағы, уығы" Қазақ екендігін түсінген сыңайлы. Төртіншіден, билік пен қоғам арасындағы ел мəселесі жөніндегі диалог алаңы пайда болған. Сот шешімі - ел-жұрт деп жүрген азаматтар мен биліктің жоғары деңгейдегі өкілдерінің бірлескен шешімі. Ал енде, қандай проблемалар бар? Проблеманың ең негізгісі, "арғы беттегі" ағайын елімізге біржола көшуді тездету керек. Ол жақта қазаққа өмір де, кеңістік те, жер де жоқ. Осыны түсіну керек. "Қазақ болып қаламын" деген барша қаракөздің жеделдетіп бергі бетке көшуі абзал. "Көресіні осы жақта көруге, өз ұлтымен бірге болуға" дайын болуы керек. Бұл шешім тек Қытайдағы ағайынға ғана емес, Өзбекстандағы, Ресейдегі, Түркіменстандағы, Ауғандағы ағайынның барлығына қатысты. Ол жақта қазақтың ауасы тарылып қана қойған жоқ. Ол жақта ештеңе қалған жоқ! Осыны түсіну керек. Қазақ болу, тек - Қазақстанда! Мемлекетке иек артпай, елге жаппай көшудің қамы - негізгі мақсат! Сырттағы 6 млн. қазақ елімізге көшіп келсе, ғаламат əлеуметтік өсім жəне даму болары сөзсіз! Əрине, проблема да болады. Бірақ, сол проблемадан қорқып, елге келмесе, сол ағайын ертең қытай, өзбек, түркімен... болып шыға келеді. Нағыз трагедия - сол!

Пікірлер