«Әрбір жобаға 3 миллион теңге»: «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы жастарға мол мүмкіндік сыйлауда

3822
Adyrna.kz Telegram
Фото: madeniportal.kz
Фото: madeniportal.kz

2021 жылы 12 қазан күні Мемлекет басшысы «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын бекіту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Жоба - үш бағыт, жеті міндет, жиырма бір көрсеткіш пен алпыс алты ауқымды іс-шарадан тұрады. Бұл жоба ел руханиятына оң серпін берді. Өйткені, соңғы екі жыл ішінде Түркістан облысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұндай ұлттық жобаның Түркістан облысында жүзеге асырылу барысы мен алдағы іс-шаралар жоспарын Түркістан облыстық рухани жаңғыру жобалық кеңесінің жетекшісі Айдар Сейдәзім «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы  өткен жылдың соңында Республикалық деңгейде таныстырылып, арнайы іс-шара жоспарлары бекітілді. Содан көп уақыт өтпей облысымыздағы барлық басқармаларға іс-шара жоспарларын әзірлеу туралы ұсыныстар жолданған еді.  Атап айтсақ, Адами әлеуетті дамыту, мәдениет, спорт және дене шынықтыру секілді бірқатар басқармалар алдағы 5 жылға атқарылатын істердің жоспарларын бекітуге кірісті. Біздің облыс та барымызды салып, жоспарлар құрдық. Бүгінде олар өз нәтижесін көрсетіп келеді. Әрдайым халықтың игілігіне жұмыс істеу керек екенімізді түсінеміз», - деді Айдар Сейдәзім.

2021 жылы 11 қараша күні ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Тлепов Болат Түркістан облысына «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының мақсат-міндеттерін айтып, жүзеге асырылуын таныстырған еді. Оған Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Сондай-ақ, бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Бұл жөнінде де Түркістан облыстық рухани жаңғыру жобалық кеңесінің жетекшісі ретінде Айдар Сейдәзім жобаның басты мақсатына тоқталып, бірқатар атқарылған шараларға да атап өтті. Жобаның үш бағыты бойынша атқарылған жұмыстар да аз емес екен.

«Мәдени өнімдердің сапасын, әр-алуандылығын арттыру арқылы халықтың шығармашылық әлеуетін іске асыру жобаның басты мақсаты. Сонымен қатар, келешек жас ұрпақтың бойына адами құндылықтарды қалыптастыруда міндетімізге кіреді. Сондықтан Түркістан облысының халқы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен етене таныс деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені, соңғы 5 жыл көлемінде аталған бағдарлама аясында қаншама нысандар бой көтеріп, айтулы деген іс-шаралар жүзеге асты. Бұл туралы жергілікті телеарналар да, газет пен журналдар да, әлеуметтік желілер де уақытылы жариялап отырды. Қазіргі таңда біздің офис қызметкерлері  “Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасын халыққа насихаттау жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп келеді. Сол арқылы Түркістан облысының әрбір тұрғыны ұлттық жобамен танысып, өздері де белсенділік танытуда», - деді ол.

 

«Жастар – болашағымыз!»

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы  жастарға мол мүмкіндіктерге жол ашпақ. Мәселен, жобаның үшінші бағыты - «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы арқылы NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, NEET санатындағы жастар деп еліміздегі жұмыс істеуге, оқуға, еңбектенуге, ізденуге  құлықсыз, сондай-ақ, саяси және азаматтық белсенділігі аз жастарды айтамыз.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын жүзеге асыру бағытында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар орталығы тарапынан бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі - «Тәуелсіздік ұрпақтары» аясында әрбір жобаға үш миллион теңге берілетін болады. Бұл қаржының, яғни грантты берудегі басты  мақсат – белсенді шығармашыл жастардың жаңа жобаларына мемлекеттік қолдау. Сол арқылы жаңа бастамаларға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бүл грантты ұтып алу үшін жасы он төрттен кем емес және жиырма тоғыздан  аспайтын, конкурсқа қатысуға өтінім берген Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы үміткер бола алады. Оның негізгі міндеті – талантты және талапты жастарды қолдау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық тудыратын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау, жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету, жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету», деп бағдарламаның үшінші бағытындағы жобамен танысырып өтті.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде  бірнеше бағытқа бөлінген.

«Жоба әр түрлі саладағы жастарды қолдайды. Сондықтан да конкурс бірнеше бағытты қамтиды. Олар  жаңа ғылыми жобаларды іске асыру және зерттеу үшін «ғылым» бағыты, Қазақстандағы мәдени мұраларды таныту, салт-дәстүрлер мен өнерді дамытуға арналған жобаны іске асыруға «мәдениет» бағыты бар. Одан бөлек, жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және дайындауға «ақпараттық технологиялар» бағыты, жаңа бизнес идеялар үшін «бизнес» бағыты болса, жастар үшін танымдық, қызықты әрі пайдалы ақпараттармен қамтамасыз ету және қазақ тілді контенттер үшін «медиа» бағыты бар. Аталған бағдарламаны жастар арасында үгін-насихаттау, түсіндіру жұмыстары Түркістан облысының жастар ресурстық орталықтары тарапынан жүргізіліп келеді.  Бүгінгі таңда, республикалық бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен тағы да қаржы қарастырып отыр. Ол талантты жастарға гранттар беру арқылы жобаларын іске асыруға, сол арқылы қоғамға әсер етуді жоспарлауда. Сондықтан еліміздегі жастарды осы жобаға ат салысуға шақырамын. Әрбір жастың грантты жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз!», - деді Айдар Сейдәзім.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел Рухы» деп аталатын екінші бағыты бар. Бұл бағыт бойынша елімізде 2025 жылға дейін мәдени нысандардағы инфрақұрылымды дамыту, жаңа мәдени нысандарын салу көзделген. Биыл Түркістан облысы да бұл бағыттан тыс қалмады. Оған дәлел – шет елден Түркістанға туристердің ағылуы.

«Ел Рухы» жобасы бойынша бірінші кезекте облысымыздың шалғай ауылдарындағы мәдениет үйлерін салу, күрделі жөндеуден өткізу, кітапханалар құрылысын жүргізу сынды жобалар жоспарланған болатын. Былтырғы жылдың өзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында облысымызда 4 бірдей ауылдық мәдениет үйлері бойы көтеріп, екеуі күрделі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта қалған жөндеу орындарын іске асыру жоспарланып отыр.

Қазақстан халқының зияткерлік әлеуетін дамыту бойынша 38 жоба жоспарланды. Алдағы 3 жылда барлық оқушылар еліміздің мәдени мұрасымен тереңірек танысып, тарихты санасында оята алу қажет. Бұл жөнінде «Оқитын ұлт» жобасы іске асып, әрбір қазақстандықтық оқушылардың белсенділігі артып келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мәрбесіне де көңіл бөлінуде. Қазақ тілінде білім алу үшін бүгінде біршама таңдаулы кітаптар аударылды», деп атқарылған жоспармен бөлісе өтті.

«Қазір ең басты мәселе, ол  - халықтың санасындағы ұлттық рухты ояту, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Сондықтан Түркістан облысының тұрғындары ғана емес, әрбір облыс тұрғындары бұл бағдарламамен таныс болуы қажет. Біз халыққа бұл жоба аясында атқарылған іс-шараларды көрсетіп, ақпараттандырып отыруымыз да керек.  

«Оқитын ұлт» жобасы  халықтың сауатын арттыруға арналған. Мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту үшін олардың кітап оқу белсенділігін арттырып, кітаптар мен қызметтерді қолжетімді етуде. Сонда ғана еліміздің тарихы мен мәдениетін келешек ұрпақ ұмытпайды, жадыларында мәңгіге сақтамақ. Бәріңізге белгілі Түркістан – тарихи мекен. Онда ғалым да, ақын-жазушылар да шықты. Сондықтан біздің аймақ үшін «оқитын ұлт» жобасы тиімді болып отыр. Отандық қаламгерлерді, жас ақындарымыз бен жазушыларымызды ынталандыруға бағытталып отырған жоба мәдениеттң дамуына үлесін тигізеді. Бұл халықтың мәдениетн ғана артрып қана қоймай, көзін де ашпақ», - деді Айдар.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында республикалық кітапханаларда  жыл сайын зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға жағдай жасау үшін жыл сайын бюдеттен қаржы бөліну қарастырған. Бұл да үлкен бастамалардың бірі. Айдар Сейдәзімнің айтуынша, қаңтар айындағы ахуалдан кейін іс-шаралар біраз кейінге шегеріліпті. Алайда, алдағы уақытта көп жұмыс атқарылмақ. Оған жоспар да дайын тұр.

«Еліміздегі қаңтарда болған ахуал бұл істі сәл тежеді десек те болады. Әзірге бұл тапсырманың орындалу барысы шынын айтқанда тоқтап тұр. Өйткені, министрліктен бұл жобаны алға ілгерілету туралы нақты тапсырма әлі келген жоқ. Бірақ тапсырма түссе, жобаларды іске асырудың жылдық, 5 жылдық іс-шараларының жобасы яғни нобайы дайын тұр. Біз оларды алдағы уақытта іске асырып, халықтың рухани дамуына ықпалымызды тигіземіз. Қазақстан халқының рухани бай болуы үшін ат салысамыз», - деп сөзін қоратындылады.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

Пікірлер