Трамп та риза, Тегеран да риза

371
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/16LjPr7L8F31OSnBV3BDqKJmTU8qgIY7bWeuWNjL.webp
Кеше АҚШ Иранның үш ядролық кешеніне соққы жасады. Бұл тек қана ядролық кешенге емес, аятолла режиміне жасалған соққы еді. Әлбетте, Иран билігі бұл шабуылға жауап беруі тиіс болатын. Жауап берді де. Тегеран Катардағы АҚШ-тың «Әл-Удейд» базасын атқылауға шешім қабылдады.

Шабуыл тура 2020 жылғы «Сүлеймани кегі» операциясы сценарийімен қайталанды. 2020 жылы АҚШ Иранның әйгілі қолбасшысы Касем Сүлейманиді өлтірді. Иран билігі АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Кейін Иранның және АҚШ-тың шенеуніктері анонимді түрде «базаға шабуыл жасайтыны жайлы Тегеран дипломатиялық арналар арқылы Вашингтонға алдын-ала ескертті» деді. Сөйтіп бәрі риза болды. АҚШ өзіне басты қауіптің бірі деп санаған Сүлейманиді өлтірді, аятолла режимі «кек алғандай» болды, Иран халқы режимнің мықты екеніне сенді. Трамп та риза, Тегеран да риза.

Енді бүгін тура осы қайталанған сияқты. «Әл-Удейд» базасы соққыға дейін эвакуацияланғаны айтылды. Бір қызығы, Трамп барлығын жайып салды. Ел басшылары бұндай ақпаратты айта бермейді. Бірақ Трамп емес. Ол кейде айтылмайтын ақпаратты айтып қалатыны бар. Ол жаңа ғана былай деді: «Ядролық нысандарын жойғанымызға Иран ресми түрде жауап берді және біз күткендей олардың жауабы өте әлсіз болды, біз шабуылды нәтижелі түрде тойтардық. Олар 14 зымыран атты, 13 зымыранды қағып түсірдік, ал біреуі қауіпсіз аймаққа түсетін болғандықтан назар аудармадық. Мен бірде-бір америкалық зардап шекпегеніне және ешқандай шығын болмағанына қуаныштымын. МЕН ИРАНҒА АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТУ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН АЛҒЫС АЙТҚЫМ КЕЛЕДІ - бұл бірде-бір адамның өмірін жоғалтпауға және жарақат алмауына мүмкіндік берді. Енді Иран тұрақтылық пен бейбітшілік жолына түсе алады және мен Израильді де солай етуге шақырамын», - дейді Трамп.

Осымен АҚШ-Иран текетіресі біршама бәсеңдеген сияқты. Енді жақын аралықта Израиль-Иран

қақтығысы да тоқтауы мүмкін. Қақтығыс аяқталған соң, екі тарап та жеңгенін жариялайды. Ол ішкі аудитория үшін айтылатын дүние ғой. Иран билігі «сионистерді жойдық», «зымыранмен төпеледік», «Темір күмбезден зымырандарымыз өтіп кетті» дейді. Израиль «Иранға оңдырмай соққы жасадық» дейді. Шаблонды сөздер ғой.

Бірақ факт деген бар. Израиль Иран тарапынан төнуі ықтимал қауіпті 10-15 жылға шегерді. Иранның проксилерін әлсіретті. Былтыр ХАМАС, Хезболла, хуситтер соққы алды. Енді міне Иранның өзін әскери тұрғыдан соққылады. Әуе қорғаныс жүйесін әлсіретті, авиациясының басым бөлігін құртты, зымыран қорын азайтты, зымыран ату қондырғыларының басым бөлігін жойды, әскери нысандар мен ядролық кешендерін соққылады, иемдену өте қиын центрифугаларды атқылады, ядролық салада мол тәжірибеге ие ғалымдарды, әскери салада үлкен операцияларды жоспарлай алатын біраз қолбасшыларды өлтірді. Бұның бәрі Иран тарапынан төнетін қауіпті кемі 10-15 жылға шегіндіреді.

Израиль де біршама шығынға ұшырады және оның ең бастысы экономикалық тұрғыдан еді. Израиль оппозициясы енді Нетаньяху билігін қатаң сынайтын болады және оны биліктен тайдыруға тырысуы мүмкін. Бұған дейін де тырысқан. «Темір күмбез неге барлық зымыранды атып түсірмеді» деп бастайды және Газада әлі де тұтқында отырған жандар жайлы айтады.

Бірақ соғыс әлі біткен жоқ. Иран-Израиль арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. Қызу фаза аяқталмады. Егер жақын күндері соғыстың қызу фазасы аяқталса, онда артынша келіссөз басталады. Келіссөзде АҚШ Иран тарапын қиын шарттарға көндіруге тырысады. Мысалы байытылған уран қорын үшінші бір елге беру, ядролық бағдарламасын тоқтату, бейбіт атомға қажет байытылған уранды сырттан сатып алу, зымыран бағдарламасын өзгерту деген сияқты. Әдетте қақтығыстан кейінгі келіссөздер ауыр өтеді. Көрерміз. Біздікі жай ой ғой.

Комментарии