78 жасында белгілі қазақстандық режиссер Сләмбек Тәуекел дүниеден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мәдениет министрлігі танымал кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сләмбек Тәуекелдің қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына, жақындарына және әріптестеріне терең көңіл айтады.
«Сләмбек Тлеукабылұлы – қазақ киноөнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Кәсіби режиссер, дарынды сценарист және продюсер ретінде тарихи-көркем фильмдердің авторы болып, ұлттық руханиятты қайта жаңғырту мен нығайту жолында аянбай еңбек етті. Сонымен қатар,
ол көптеген жылдар бойы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс беріп, жас мамандарды тәрбиелеуге зор үлес қосты», – делінген министрлік хабарламасында.Сләмбек Тәуекел 1948 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол Мәскеудегі Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК) тәмамдаған.
Ол әр жылдары «Сәлем, Наурыз!», «Жоғалған өлке», «Киіз үйге арнау», «Асанәлі» атты деректі фильмдерді түсірген. Ал көркем фильмдері қатарында «Батыр Баян» (1993), «Махамбеттің қылышы» (2006), «Махамбет» (2008), «Уәделі жер» (2010) сынды туындылары бар.