Этнодизайнер: Шетелге шыққан кезде де үнемі қазақша киініп жүремін

5962
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күні заман талабына сай ерекше үлгіде қолдан тігілген ұлттық киімдер үлкен сұранысқа ие. Көненің көзін қайта жаңғыртып, қазақтың заманауи ұлттық бейнесін қалыптастырамын деп алдына зор мақсат қойып, соған жету жолында талмай талаптанып жүрген «MadinaQuandyQ» шығармашылық студиясының иесі, «Qapsyrma» ұлттық киімді насихаттау жобасының авторы – Мадина Қуандыққызын оқырмандарымызбен кеңірек таныстыруды жөн көрдік. Мадина Қуандық – этнодизайнер, конструктор-пішуші әрі көпбалалы әлеуметтік кәсіпкер. Ол көпбалалы және әлеуметтік топтағы аналарға тігін тігуді тегін үйретіп, өз кәсіптерін ашуға қолдау көрсетіп, ұлттық қолөнерге екінші тыныс беріп жүр. 

 

ӘКЕНІҢ ҚАНЫМЕН, АНАНЫҢ АҚ СҮТІМЕН ДАРЫҒАН ҚОЛӨНЕР  

Ес білгелі қолөнерге жақын болып өстік. Әкем жағынан үлкен әжем құрақшы болған. Әжем он саусағынан бал тамған ісмер, атам ат әбзелдерін жасаған ұста болды. Нағашы әжем тігінші еді. Анамыз – суретші, сызу, еңбек пәнінің мұғалімі. Бала күнімізден бізге киім тігіп беретін. Ою үлгісін жасауды осы анамнан үйрендім. Қолымызға қағаз, қайшы алып ою ойып отыратын едік. Қойды да өзіміз қырқатынбыз. Жүнін жуып, түтіп, ұршықпен иіріп, мата тоқитынбыз. Киімдердің барлығын осылай қолдан тігетін едік... Бұл маған жат нәрсе емес. Қазір көбі ментор, наставник дегенді тауып алып, YouTube-тан қарап, арнайы курстарға барып, кітаптан оқып жатады. Кішкентайымыздан осының бәрін көріп өскендіктен болар, қолөнер жаныма ерекше жақын болды. Басқа мамандық туралы ойламадым да...

 

СҮЙІКТІ ІСІМ КӘСІБІМЕ АЙНАЛДЫ

2000 жылы 9-сыныпты бітіре сала, елордаға келіп Технологиялық колледжге «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығына оқуға түсіп, 2003 жылы тәмәмдадым. Ол жерден кәсіби түрде білім алып, модельер-конструктор, пішуші, тігінші универсал болып шықтым. Бір орында тоқтап қалмай, алған білімімді ары қарай дамытамын деп шештім. Haute couture, неміс, итальяндық, неопалитандық т.б. тігін тігу технологияларын меңгердім. Алғашқы еңбек жолымды осыдан 20 жыл бұрын "Ковалева Сән үйінде" бастап, белгілі модельер-конструктор Нина Ковалевамен бірлесіп жұмыс істедім.

Ең алғашқы тақияларымды сол жақта тіккен едім. Бұрын менің атам сол тақияны тастамай «Менің немерем тікті» деп мақтанып киіп жүретін еді. Қазір енді өзім «Менің қолымнан шыққан дүниені атам киді» деп мақтанып жүрмін...

Одан кейінгі жылдары елімізге белгілі дизайнерлер - Динара Сатжан, Наиль Байкучуковтің командасында жұмыс істеп, тәжірибе алмастым.

 

ҰЛТТЫҚ КИІМДІ КҮНДЕЛІКТІ ТАСТАМАЙ КИЕМІН

Ұлттық киімді күнделікті өмірде киіп жүру маған таңсық емес. Әжелеріміз, аналарымыз барлығы көз алдымызда осылай киініп жүретін еді... Әлі есімде, қазақша киімді өзіме тігіп, киіп жүрген кездерімде көбісі менен «қайдан алдың» деп сұраған сайын «өзім тіктім» деп емес, «әпкем сатып алып берді» деп айтатынмын. Себебі, ол кезде «қолдан тігілген киім халыққа қызық емес, қолөнер әлі дамыған жоқ» деп ойлайтынмын.

Содан уақыт өте келе көпшілік артымнан қалмай, «осындай әдемі киімдерді қайдан алдың» деп қоймағасын «өзім тіктім» деп айта бастадым... Сөйтіп қазақша киімге сұраныс көбейді. Адамдарға арнайы тіге бастадым. Клиенттер де осылай жиналды. Қолдан тігілген киім дүкендегі дайын киімдерге қарағанда әлдеқайда қымбат болса да, халқымыздың ұлттық киімге деген қызығушылығының бар екенін және ол күннен-күнге өсіп келе жатқанын байқадым.

 

ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІМІЗБЕН МАҚТАНУЫМЫЗ КЕРЕК

Тақияны басымнан тастамай, қамзол, көйлегімді киіп, ұлттық киімдерімізді не себепті тігіп, насихаттап жүрсіз дейсіз ғой... Қазақтың иісі мүңкіп тұруы керек. Бізді сырттан көргендер қазақ екенімізді біліп тұруы керек. Шетелге шыққан кезде де үнемі қазақша киініп жүремін. Барлығы «This is Kazakhstan!» деп таңғалып, бағалап жатады. Шынымен біз өз ұлттық киімдерімізбен мақтануымыз керек. Бұл мақтануға тұрарлық нәрсе. 

Бұрынғы кездің киімдерін қарасаңыздар... Гректер те, үнділер де, орыстар да оранып киінген.  Ал біздің ата-бабамыз атты да қолға үйреткен, киімді де жеке-жеке киген. Атқа мінуге ыңғайлы болсын деп шалбарды да ойлап тапқан. Етікшілер де бізден шыққан екен. Қазақтар осыны шығарды деп орыс шығыстанушылары да өз еңбектерінде жазып, дәлелдеп кеткен.

 

ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕТІН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ӨТЕ КӨП

Осыдан 5 жыл бұрын маған «Сіздің қолыңыздан шыққан киім үстімізде әдемі тұрады және тігілгені де көрінбейді. Тура дүкеннен сатып алғандай, бізге бар білетініңізді үйретіңізші» деп адамдар келе бастады. Сол кездері жалға алған офистің іші тар болғандықтан тек 1-2 оқушыдан алып отырдым. Міне, қазір 10-25-ке жуық адамға тігіншілікті үйретіп, ұстаздық етіп жүрмін.

Қолөнер адамдардың сұранысында бар. Барлығы тек ұлттық киім тігуді ғана емес, сондай-ақ ұлттық дәстүрді ұстанғысы келеді. «Сіз, Қазақ елінде нағыз қазаққа тән ұлттық тәрбиені сақтап қалғансыз. Бұны бір жерден оқып алып, не болмаса жаттап алып, айтып жүрген жоқсыз. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған қолөнер тақырыбы бойынша бізге дәріс оқысаңыз, сіздің дәрістеріңізді тыңдағымыз келеді» деген сұраныс көбейгесін ұстаздықты да қолға алдым.

 

КИІМ ТІГЕРДЕ АРНАЙЫ АФФИРМАЦИЯ АЙТАМЫН

Біз ежелден сөз қадірін ұғынған дана халықпыз ғой. «Батамен ел көгерер», «Жақсы сөз жарым ырыс» дегенге сенген қазақ халқы батаны игі жақсылық пен сәттіліктің бастауы деп, оған терең мән берген. Бала күнімізден ата-әжелеріміздің аузынан «Көсегең көгерсін», «Өркенің өссін», «Алла абырой берсін» деген ізгі тілектерді естіп өстік. Бір-бірімізге қарғыс емес, тек қана алғыс айтайықшы деп, өзім де клиенттердің киімін тігіп отырып «Осы кісінің жолы ашылсын! Қатарының алды болсын! Жұлдызы жоғары болсын!» деп шын жүрегіммен ақ тілегімді арнаймын. Әруақтарға арнап жеті шелпекті илегенде де, бүкіл әруақтарды айтып илейміз ғой. Сол сияқты мен киім тіккен кезде де осының барлығын айта бастадым.

Бүгінгі тілмен айтқанда аффирмация дейді ғой. Клиенттерім қайтып келген сайын маған «Осы сіздің қолыңыздан шыққан мына пиджакты кисем, мен осындай осындай келісім-шарттарға отырамын, осындай осындай белестерді бағындырдым» деп алғыстарын жаудырады. Анамның айтуынша, біздің ата-бабаларымыз да киім тігерде батасын айтып тіккен. Мысалы, атамның  киімінің ішінде қызыл жіп не үшін тігілген деп сұрағанымда, «көз тимесін» деп жауап берген еді. Былай қарасаңыз,  осының барлығында үлкен идея, тың философия жатыр. Қазақтың жәйдан-жәй істей салған нәрсесі жоқ. Ән айтса да, тамақ пісірсе де, киім тіксе де – ар жағында философия тұрады.  

 

ӘР ОЮ-ӨРНЕКТІҢ МАҒЫНАСЫ БАР, ОРЫНСЫЗ ҚОЛДАНУҒА БОЛМАЙДЫ  

Мысалы, қазақ әліпбиінде 42 әріп бар. Осы 42 әріптің көмегімен журналист, ақындар үлкен бір поэмалар, эсселер жазасыздар, поэзиялар шығады. Әншілерді қарасақ, 7-ақ нота бар. Сол 7 нотадан керемет әндер, жырлар шығарады. Үлкен бір композициялар дүниеге келеді. Сол сияқты біздің қолөнершілер де түстерді алмастыра отырып, басқа түс алады. Біздің ою-өрнек тек 4-ақ түрге бөлінеді. Ол космогониялық, өсімдік тектес, зооморфтық және геометриялық өрнек. Бірақ біз осыдан қаншама керемет дүниелер шығарамыз.

 

Бірақ, әр оюдың терең мағынасына үңілмей, оңды-солды орынсыз қолдануға да болмайды. Мысалы, етікке «қошқар мүйізді» түсіруге болмайды. «Бітпес» оюы – ол сенің ұрпағың өсіп-өркендесін, ұрпағың жалғассын деген мағынаны білдіреді. «Итқұйрық» деген оюды дұшпандар табаламасын деп тек шапанның шеттеріне қолданған. «Дұшпандар төбеге шықпасын» деп оны бас киімге салмаған. Музейде сақталған Абылай ханның шапанында итқұйрықтың оюы бар. Оюлар сыр шертеді деген бар. Түсіне білген жанға әр оюдың сакралды мағынасы бар. Адам үндемей тұрса да, ою барлығын айтып тұрады.

 

ТАҚИЯ ТРЕНДКЕ АЙНАЛЫП, ӘЛЕМДІ ЖАУЛАЙДЫ

Бізде қазақтарды тек сәукелемен ғана танып жатады ғой. Тақия қазір трендке айналып, барлығы тігіп жатыр. Қазақ қыздарының бәрі тақия киіп жүр. Ер-азаматтарымыз да тақия киіп жүр. Мексикада сомбреро, Сауд Арабияда чалма, Францияда берет... Неге қазақтарға тақиямен әлемге танылмасқа? Дұрыс тенденция! 

Бізде төбеге киетін тақияны – «Төбетей» деп атаған. Орыстар «Тюбетейка» деп аударып алған ғой. Өзбектер төртбұрышты үлгіде тігеді. Татарлар мен түріктер ортасын жиырып тігеді. Еврейлер шашақты етіп тігеді. Бізде «үкілі тақия» болған және ғаламтордан қарасаңыздар, Мәшһүр Жүсіп Атамыздың үкілі тақиясы әлі күнге дейін өзінің музейінде сақталған.

Біз бала кезімізден тақия киетінбіз. Қазір әйел адамдар «тақия кимеді» деп жатыр. Шынымен әйелдер тақия кимеген, бірақ бойжеткен қыздар «үкілі тақия» киген. Ары қарай бойжеткен келін атанып, орамал тартқан. Бұл жерде де үлкен философия жатыр. Мысалы, ұзатылып бара жатқан қалыңдық сәукеле киеді, келін орамал тартады, ары қарай жаулық, қасаба, кимешек... Ақ жаулықты ана дейміз. Бізде бас киімдердің сан алуан түрі бар. Не кием десең де табылады.

Қазір мен жүнді иіріп тақия жасап жүрмін. Мұндайды біздің елде тек бір жерден ғана көрдім. Бірақ олар тақия ретінде емес, ерлердің бас киімі ретінде жасап жүр. Неге жүннен тақия жасамасқа? деп ойладым.

 

ТАҚИЯНЫҢ БІР ҒАНА АВТОРЫ БАР, ОЛ - ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ

Әлеуметтік желіде бұрын бірге жұмыс істеген Жанна Бектемісова есімді қолөнерші «Мадина менің тақия тігудегі авторлық техникамды ұрлап алды» деген ақпарат таратып жүр екен. Халықтың қолөнерін қалай ұрлап алуға болады? Мүмкін емес қой. Мәселенің байыбына бара бермейтін адамдар шынымен де солай ойлап қалуы мүмкін. Иә, Жанна Бектемісовамен бірлесе жұмыс істегенімізде, тақияларды зығыр матадан жасап, қазақтың ою-өрнегін сала бастағанымыз рас.

Бірақ, байқап қарасаңыздар, Жапония, Малайзия, Англия т.б. сынды әлем елдері де өз киімдеріне осындай ою-өрнектер түсіреді. Бұл менің не болмаса Жаннаның өздігінен ашқан «жаңалығы» емес. Бұл әлемде бар тәжірибе. Жаннаның тақияны кестелеу техникасы «камлание шерстью» деп аталады, ал мен «зер тақия», «сырып тақия», «маржанды» тақиялар тігемін. Яғни ешкімнің ешқандай авторлық құқығын бұзып тұрған жоқпын.

 

Бір айта кететін жайт, қазіргі қолөнершілердің қолынан шыққан тақияның жалғыз ғана авторы – ол қазақ халқы. Қолөнер – бір ғана адамға тиесілі дүние емес. Оны ешкім ешқашан өзіне иемденіп ала алмайды. Сондықтан біз ешкімге «сен ондай тақия тікпе» деп шектеу қоя алмаймыз. Адам істегенді адам істейді. Қолөнер - бұрыннан жалғасып келе жатқан ұлы дәстүр, барлық қазаққа тән ортақ шығармашылық.

Қазір «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз ғой. Сол сияқты біз де қолөнерді дамытып, әр түрлі техника қолданып, іспен «Рухани жаңғырып» жатырмыз. Заман бір орында тұрмайды, талғам өзгеріп отырады. Сол сияқты Ұлттық киімдерге де әр адам өз қалауынша басқаша стиль беріп, түрлендіре алады, жандандыра алады. Ұлттық киімдерді тренд ретінде ұсынып, неге заманауи қазағы бренд шығармасқа?

 

ҚАПСЫРМА - ЖАЙ ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМ ЕМЕС

Менің өзімнің «Qapsyrma» ұлттық киімді насихаттау деген авторлық жобам бар. Бірақ, мысалы ертең сіз қазақша киініп жүрсеңіз, мен сізге келіп «Бұны тек мен ғана киюім керек», «Мен ғана насихаттауым керек» деп айта алмаймын ғой. Олай істеуге болмайды.

Бала кезімде әжемнің қапсырмасын көненің көзі деп, өзіме мұра ретінде алып қалған едім. Кейін 2019 жылы сол қапсырманы алып, белбеу ретінде өзіме тігіп алдым. Таза күмістен жасалған. Қапсырма жайлы идея осыдан туды. Бабадан қалған ұлы мұрамызды қайта жаңғыртамын деп шештім. Содан бері елге танымал белгілі зергер - Берік Әлібайдың қапсырмаларын клиенттерге белдік ретінде жасап, бірлесіп жұмыс жасап едік.

Қапсырма - жай зергерлік бұйым емес. Мағынасы тереңде жатыр. Көзден, тілден сақтайды.  Қапсырма мойынға, аяққа, қолға тағылмайды. Тек белде, тек кіндік тұсында тұрады. Қазақ қызы ешқашан кіндігін ашып жүрмеген. Кіндік қаны тамған жер, кіндігі үзілмеген деп айтып жатады ғой. Белдікті жасаған кезде қапсырма неғұрлым үлкен болса, ол әйелдің дәрежесінің соғұрлым үлкен екенін білдірген. Мысалы, адам өз алдына келген әйелді қапсырмасына қарап білген. «Дәрежесі жоғары келіншек, көпбалалы ана» екенін содан білген. Сондай-ақ, белбеу деген белден төмен ауыр сырқаттардың алдын алады. Энергияның бәрі жерден келеді, соны жоғары көтермеу үшін бәрі белден төмен қалатындай, аяқта нық тұратындай өзіндік қасиетке ие.

 

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ ЗАМАНАУИ БЕЙНЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ

Біз қыз-келіншектерге қазақша ұлттық киімді тігуді үйреткен кезде тек «қазақ әйелінің гардеробымен» шектелмейміз, біз «қазақ әйелінің заманауи бейнесін» қалыптастырғымыз келеді. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы ұлттық болмысынан ажырап, өзінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп әлек...

Мысалы, бұрын үйде қонақтарға қыз балалар дастархан жайып жатқан кезде қолында құстұмсық сақинасы болған жағдайда ол үйге бірден сөз салған екен. Егер бойжеткен аттастырылмаған болса бірден құда түскен. Құстұмсық сақинасы –  "өз еркі өзінде", "қыздың басы бос", "теңін таппады" деген ұғымды білдірген. Екі жас бас қосып, құдалар жеке ақ отауын тігіп, 30 күн ойын 40 күн тойын жасағаннан кейін қыздың анасы «Мына сақина қашан артқа келеді» деп құстұмсықты күтеді. Егер сақина артқа келсе, тұрмысқа шыққан қыз сол үйде өздерінің қызындай болып кеткенін, ол жақта оған ешқандай қыспаққа түспегенін білдірген.

Анасы құдағиына алғыс ретінде «құдағи жүзікті» сыйлап, өзінің аналық алғысын айтқан. «Менің қызым сенің үйінде құл сияқты емес, күн сияқты емес, қыздай болып жүр екен. Қызымызды өз қыздарыңыздай көргендеріңізге рақмет» деп құдағи жүзігін апарып берген. Бұл да бір керемет дәстүр. Қазір құстұмсықтың мән-мағынасын білмей, барлығы тағып жүр ғой. «Отағасы қайтыс болған ғой, тұрмысқа шығатынын білдіріп тағып алған шығар» деп сондай мағынада ойлап қаламыз. Сөйтсек, ол апаларымызға сақинаның сыртқы формасы ұнап, қызығып ала салған екен. Бірнеше мәрте сұрағанымда, көбісі құстұмсықтың мағынасын білмейтініне көзім жетті.

Қыз балалардың шашбауында да үлкен мағына жатыр. Мысалы, егер қыз балалар шашын екіге өріп, шашбау тақса, оның бойжеткен екенін алыстан-ақ білген. Көп нәрсе жүріс-тұрысына да байланысты болған. Шашбауы салдыр-гүлдір болса, мінезі де сондай қыз деп баға берген. Мысалы, ер адамдар өздерінің арасында артық әңгіме айтып жатса, шашбаудың сылдырын ести сала, бірден әңгімелерін тоқтатып, «Әлі тұрмыс құрмаған бойжеткен ондай әңгіме естімесін» деп әңгімені басқа жаққа бұрған...

Тұрмысқа шыққан қыздар шаштарын екіге өреді,  бірақ екеуін екі бөлек жібермейді, міне «мен теңімді таптым, менің жолдасым бар» деп бір ғана шашбау таққан. Әйел адам үйінде ер-азамат қайтқан кезде ғана шашын жалбыратып, жайып жүрген. Есік алдында да шаш жайып жүруге болмайтын еді... «Жаман ырым шақырып жатырсың, байың өлді ме» дегенді үлкен әжелеріміз үнемі айтып отыратын еді.

 

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ТІГІН ТІГУДІ ТЕГІН ҮЙРЕТЕМІН

Өзгелер «тақия трендте» деп тек пайда көріп жатса, мен бұдан пайда көріп жатқан жоқпын. Қайта «бұл тақияны басқа келіншектер де үйренсін» деп барлығына тегін үйретіп жүрмін. Өзім көпбалалы ана, әлеуметтік кәсіпкер ретінде былтыр тігін цехын ашу үшін 4 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа тігін машиналарын сатып алып, көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетудеміз. Үйде отырып қалмай, өздері де осындай кәсіпті дөнгелетіп жасасын деген мақсатта тігіншілікті үйрететін тегін оқыту курсын аштық. Әлеуметтік кәсіпкер ретінде басқа келіншектерге өз кәсібін ашуға барынша көмектесемін.

 

 

БІЗДЕ ШИКІЗАТ БОЛМАҒАСЫН КИІМНІҢ ДЕ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ 

Осылайша қазақтың ұлттық киімінің қолдану аясын кеңейтіп жатырмыз. Себебі, Қырғызстан, Өзбекстанда әрбір аулада, әр үйде барлығы ұлттық киімді тастамай киіп, өздері тігеді. Өкінішке қарай, бізде шикізат болмағасын барлық керек-жарақты шетелден әкелуге зәруміз. Сол үшін де қолдан тігілген киімдердің бағасы аспанға шарықтап тұр... Көбіне премиум, люкс сегментте тігеміз. Итальяндық маталарды қолданамыз. Оған түсіністікпен қарауымыз керек. Бізде шикізат жоқ. Не жіп өндірмейміз, не мата өндірмейміз, не ине өндірмейміз... Барлығы шетелден келгесін, киімдерді тегіннен-тегін ұсына алмаймыз. Өзінің ақшасын ақтауы керек...

Әлеуметтік кәсіпкер болу үшін де, модельер-конструктор, киім пішуші болу үшін де арнайы білім алып, ізденіп оқыдым. Жүнмен дұрыс жұмыс жасауым үшін Камила деген ұстазымның «Киіз басу» курсынан өттім. Барлық отбасым тігіншілікпен айналысса да, қолөнерге бала күнімнен жақын өссем де, құрақ көрпе тігуді белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзадан үйрендім.

 

Бұл жердегі айтарым, тігіншілікпен айналысу үшін де, жалпы кез-келген мамандықта жетістікке жету үшін үнемі ізденісте жүру керек. Сол кезде ғана белгілі бір жетістіктерге қол жеткіземіз. Оңай ешнәрсе жоқ. Бүгін «тақия тренд екен» деп мен тақия тігейін, маска тігейін деп Ютубтан қарап, жеңіл ақшаның соңынан кетуге болады. Әр нәрсенің мән-мағынасын терең түсініп, жауапкершілікті сезіне білуіміз керек. Қолөнер ойнайтын ойыншық емес...

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер