Бесік жыры дүние есігін ашады

5549
Adyrna.kz Telegram

Қазақтар бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі. Жаңа ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу қазақтар үшін әрқашан маңызы зор. Ересектердің қай-қайсысы болса да ауыл, ру жеткіншектері үшін өз жауапкершілігін жақсы сезінген. Сондықтан егер бала бұзықтық жасап қойса, оған ескерту жасап түзу жолға салатын. Мақтауға тұратын болса мақтап, керек жерінде кеңес беріп, қамқорлық та көрсететін. Ұлтты біріктіретін «Әр қазақ менің жалғызым» деген осы бір алтын ереже бүгінде де өз жалғастығын тауып келеді.

Тәрбие сәби дүниеге келген сәттен басталады. Осы күннен бастап тәрбие басы «Бесік жыры» жырланады. Бұл салттың тарихы байырғы заманнан бастау алады. Бұндай тұжырым жасауға археолог ғалымдар тапқан ғұндардың бесіктері мен қазақ бесіктері бір-біріне өте ұқсас екені дәлел.

«Бесік жыры» әуені қарапайым болғанмен мазмұны өте терең болып келеді.  Бұл ән әлемге деген өзіндік есік іспетті. Осы әнмен баланың көңілін көтеріп қана қоймай оны жұбатып әрі тәрбиелейтін болған.  Балаға «Бесік жыры» арқылы болашақта оның қандай жетістіктерге жетуі керек екені айтылатын болған. Әдетте бұл «Бесік жырын» баланы емізгенде анасы айтатын. Немесе әжесі, кейде ағалары мен әпкелері де бөпелерін бесікті тербете отырып жұбатқанда айтатын. Қазақ тұрмысында бұл кәдімгі жағдай болған. Себебі қарапайым болса да өлең шығару байырғы кезде қазақтың басым көпшілігінің қолынан келе беретін. Егер біреулер өлең шығара алмаса оны ауылдастары күлкі ететін болған.

Осы бір қазақ салты туралы ғалым Нысанбек Төреқұл өзінің «Сүйіншіден көңіл айтуға дейін» атты кітабында былай да жазған: «Бесік жыры» - оны алғаш рет бесікке бөлегенде айтылатын өлең. Бұл да ертеден осы кезге дейін айтылып, жаңарып, дамып келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Халық жырының әр шумағы «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деген сөздерден басталады. Одан әрмен:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың айысып,

Ұста болар ма екенсің?

Сөйлегенде суырылып,

Шешен болар ма екенсің?

Адасқанда жол табар,

Көсем болар ма екенсің?...

деген арман-тілектер, болашақ ниеттер тізбектеледі».

Қазақта бұндай бәесік жырлары өте көп. Әр жанұяның өзіндік бесік жыры бар десе болады. «Бесік жырын» атақты ақындар да шығарған. 1937 жылы Жамбыл Жабайұлы да «Бесік жырын» шығарған:

...Мамық жүнді жас лақан,

Ұйықтап қырда ботақан.

Алтын жалды құлыншақ,

Жұмып көзін бұзауқан.

Төлдің бәрі ұйықтады,

Ұйықта сен де балақан.

«Бесік жыры» түрлі тақырыптарды қамтыған. Ақын және жазушы Әбділда Тәжібайұлының анасы Айманкүл де ақын еді. Ол 1943 жылы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Әже әлдиі» жырын шығарды:

Әлди-әлди бөпешім,

Жорықта жүр көкешің.

Аман болса, көкешің,

Ұмытпайды бөпесін...

Қару-жарақ асынып,

Майданда жүр көкешің.

Қорғаймын деп аттанған,

Бөпесі мен шешесін.

Жылама, жаным, жылама,

Көкең жауды жеңеді.

Көрем кілең жақсы түс,

Аман-есен келеді.

Той жасаймыз тамаша,

Қаптың аузын сөгеміз.

Дастарханды кең жайып,

Құрт, ірімшік төгеміз.

«Бесік жыры» айтылуын қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезұлы өзінің «Абай жолы» шығармасында әдемі суреттеген:

«Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесі осы. Кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі, меймандос, мол үй. Абайдың кәрі әжесімен, өз шешесімен бірге тұратын үйі осы еді.

Әлі шам жағылған жоқ, жұрттың көбі тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенің алдында қос тізерлеп, екі шыньағын терезенің алдына салып, иегін қолдарының үстіне қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектің үстінде бала уатқан Зере бар. Тізесімен тербетіп отырғаны -  Айғыздан туған немере қызы үш жасар Кәмшат. Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады. Өте бір өзгеше, ескі жыр. Абайдың өз әжесінен басқа ешкімнен естімеген жыры. Бірақ әжесінің өзіндей соншалық жақын, ыстық, сүйікті жыры. Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын осы жырдың тербеуімен ұйықтайтын. Сол күндерден бір ырғағы ауыспаған, бір сөзі де өзгермеген, ана жүрегіндей айнымас жыр. Осында қоңыр кештің қоңыр күйі. Бейуағына жеткен әжейдің көй-гөйі. Сыррт қарап отырған Абай әженің кейде шерлі, кейде мейірбан рақым күйін өзін тербетіп отырғандай сезеді. Аяқтамай созыла түссе екен дейді».

Қазақ аналары бүгінде де өз сәбилеріне «Бесік жырын» айтады.

Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер