Жас кәсіпкер: Үкіметтен істеймін деген адамға берілетін мүмкіндіктер өте көп!

2063
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі жаһандану заманында үйде отырып-ақ табыс тауып, баланы да тәрбиеліп, кәсіпті де дөңгелетіп отырған іскер қыз-келіншектер қатары көбейіп келеді. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Достық ауылында тұратын Гүлжайнат Қуанышева тігіншілік саласын кәсіп етіп, табыс көзіне айналдырып отыр. Бес саусағынан бал тамған тігінші "Адырна" ұлттық порталының тілшісіне "Біздің елімізде сүйікті ісімен айналысқысы келетін адамға Үкіметтен берілетін мүмкіндіктер өте көп" деп, мемлекеттен қалай грант ұтып, перде тігу бизнесін бастағанын айтып берді. 

"Менің есімім - Гүлжайнат Қуанышева. Жасым - 28 де. Өзім Ақтөбе облысының тумасымын. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Достық ауылына келінмін. Екі баланың анасымын. Грант алғанға дейін декретте отырған ана едім. Былтыр осындай грант болатынын естіп, жергілікті әкімдікке барып, сұрастырған болатынмын. Ауданға барып өтініш жазып, "Бизнес бастаудың" 21 күндік оқуын онлайн оқып бітірдім. Содан соң бизнес-жоспар жасадым. Оны тапсырып, нәтижесін күттім. Сөйтіп былтыр қараша айында "Бизнес-жоспарыңыз конкурстан өтті" деген хабар келіп, Үкіметтен сүйікті ісім "Перде тігу" бизнесін дамытуыма 583 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Өзім тігіншілікті осыдан 2 жыл бұрын оқып, 4 айлық арнайы ақылы курстан өтіп, бітірген едім. Грантқа тапсырған кезде осы тігіншілік саласын жалғастыруды жөн көрдім", - дейді кәсіпкер.

 

Бес саусағынан бал тамған тігіншінің қолынан келмейтін ісі жоқ.

"Грант алмас бұрын мен үйде өзімнің кішкентай тұрмыстық тігін машинаммем киімдерді жөндеп, ұсақ-түйек заттарды тігумен айналысып жүрген болатынмын. Грант туралы естігеннен кейін тігіншілікті ары жалғастырып, сүйікті кәсібімді дамытамын деп шештім. Гранттық қаражатқа өндірістік оверлок, тігін машинасын,  машинасын, бу шығаратын үтек алдым. Яғни "Перде тігу" бизнесіне қажет басты заттарды сатып алдым. Қазіргі таңда үйден жұмыс жасап отырмын. Қараша айынан бері тапсырыс берушілердің саны артып, табысым да ақырындап өсіп келеді. Көрші-қолаң, ауылдастарым, туған-туысқандарымның қажеттіліктерін шама-шарқымша өтеп отқан жайым бар. Тапсырысқа перде, әр түрлі көрпе тыстарын тігемін, көрпешелер қаптаймын. Сондай-ақ балаларға, әйел адамдарға кәжекей, тақия тігемін. Тәй-тәй жолдарды тігемін. Сол сияқты т.б. өзімнің тігін машинаммен тіге алатын, қолымнан келетін заттарды тігіп отырмын", -дейді Гүлжайнат Қуанышева. 

Тігіншіге ауыл тұрғындарынан, қала сыртынан да арнайы тапсырыс беретіндер көп.

"Ауылымыз Орал қаласынан 15 шақырымдық жерде орналасқан. Қатты алыс емес. Сондықтан мен тек ауыл ішінен ғана емес, сондай-ақ Орал қаласынан да тапсырыстар аламын. Әлеуметтік желілерді де ұтымды пайдаланып, ауылдағы жарнамалық парақшалардың көмегімен кәсібімді кеңінен насихаттап, жарнама жасап, тапсырыс алып отырмын. Өзім сияқты қыз-келіншіктерге, аналарға берер кеңесім: үйде отырумен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар өздеріңізге ұнамды, сүйікті істеріңіз болса, оны бастауға не болмаса әрі қарай жалғастыруға, дөңгелетіп алып кетуге өте көп мүмкіндіктер бар. Ең бастысы табыс тауып, үйде отырумен шектелмесе екен деймін. Өйткені, өзім де бұрын баламен үйде отырып, жұмыс істеуге болатынына сенбейтін едім. Қазір енді үйден жұмыс істеп, арманымды іске асырып отқан жайымыз бар. Ең бастысы, жақсы ниет етіп, дұрыс бизнес-жоспар құрсаңыздар, бәрі де мүмкін. Үкіметтен істеймін деген адамға берілетін мүмкіндіктер өте көп. Алдыма қойып отқан мақсатым, арманымның бірі - осы кәсібімді перде цехы ретінде үлкейтіп ашқым келеді. Сол үшін алдағы уақыттарда Үкіметке ірі көлемді гранттарға тағы бір мәрте тапсырып, өтініш беруге ниеттеніп отырмын", - дейді жас кәсіпкер.

 

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер