"Алаш Орда" туралы романды оқыдыңыз ба?

4001
Adyrna.kz Telegram

Жазушы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ ХХ ғасырдың басында өркениет талабына сәйкес өмірге келген қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысы жайында көп уақыттан бері тарихи-танымды туындылар жазып келеді. Азаттық қозғалысының  туған шағынан шыққан шыңына – «Алаш-Орда» Халық Кеңесі құрылғанға дейінгі кезеңді қамтитын шығармаларының бірқатары қаламгердің «Рух-Сарай» атты танымды туындылар топтамасында жарияланды. Алаш-Орда тарихын әңгімелейтін «Мәңгі бастау» романы топтаманың 2010 жылы «Қазақпарат» баспасынан шыққан 4-ші томында басылған. Биылғы 100 жылдық мерейтойға орай біз оқырман назарына «Алаштың ордасы қалай құрылды» деген тақырыппен осы романнан төмендегі үзіндіні ұсынып отырмыз.

АЛАШТЫҢ ОРДАСЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ

 

1.

Желтоқсанның 5-ші жұлдызында жиналған Екінші Жалпықазақ съезінің төрағасы Бақыткерей Құлманов ұйымдық шаруаларды түгел реттеп болғаннан кейін, құрылтайды ресми түрде ашық деп жариялаған. Содан соң:

– Бізді жан-жақтан тілектестеріміз құттықтап, ізгі тілектерін поштамен, телеграфпен жолдауда, – деп хабарлаған. – Ал бірқатар бауырымыз ыстық жүректерінен айтпақ лебіздерін бәрімізге тікелей жеткізу үшін осында келіп отыр.

Содан кейін съезде отырған құрметті қонақтарға құттықтау сөздерін айтулары үшін кезек-кезек сөз берді. Олар мінбеге бірінен соң бірі ұмтылды. Бірінші болып жұрт алдына Бүкілресейлік орталық мұсылман кеңесінің ағзасы Зәки Валидов шықты.

Түркі халықтары қозғалысының көрнекті қайраткері, аз уақыт өте Башқұрт автономиясы басшыларының бірі болатын, кейін кеңес өкіметімен қызметтес болып, ұзамай одан көңілі қалатын, сөйтіп, тіпті, оған қарсы да күресетін Зәки Валидов, ақыры шетел асып кететін саяси эмигрант, ірі шығыстанушы, тарихшы, түрік университетінің болашақ профессоры Ахметзәки Уәлиди Тоған, – 1917 жылғы 5 желтоқсанда жалпықазақ желтоқсан құрылтайы мінбесінен делегаттарға құтты болсын айтты. Сосын мемлекетте федеративтік құрылымның түзілуіне мұсылман халықтары қатарында қазақ халқының да зор үлес қосатынына шүбәсіз сенетінін білдірді.

– Большевиктер билікті басып алысымен езілген халықтардың өз тағдырын өздері айқындауға деген құқтарын мойындайтындықтарын жария еткенін білесіздер, – деді ол одан әрі. – Біз башқұрттардың орталық кеңесінде – шурода ақылдаса отырып, бұл алдамшы декларацияға арқа сүйеудің қажеті жоқ деп ұйғардық. Біз өз құқтарымызды өз күшімізбен жеңіп алғанымыз жөн деп санадық. Большевиктердің орталық өкімет орындарын басып алуы ел ішінде анархия туғызды. Азамат соғысы тұтанды. Одан қорғану үшін Башқұртстанның дербестігін жариялау қажеттігі туды. Сондай пайыммен біз 16-шы қарашада Башқұртстанды автономиялық республика деп ресми жария еттік.

Зал бұл хабарға қол шапалақтап құрмет көрсетті.

– Біз ұлттық үкімет құрдық. Ұлттық әскери бөлімдер құру ісіне кірістік. Бауырлар, біз мұсылман халықтарының ішінде бірінші болып өз дербестігімізді жария еткен екенбіз. Біздерден кейін Қырым, одан соң Түркістан өздерін дербес автономиялық республика деп жариялады.

«Ендігі кезек қазақтікі, – деп ойлады Жанша, – онсыз бұл құрылтайдың мәні болмайды...»

Жанша мұндай ойға  Питерде өзі куә болған төңкерістің аласапыран  оқиғаларына байланысты бекіген еді. Қуылған Ресей Кеңесінің бір топ эсер мүшесі сол күні кешкісін Смольныйға барды. Революцияшыл ұйымның иелігіне көшкен байырғы текті қыздар институтының зор ғимараты алдында жағылған алаулар мен іште терезелерден жарқыраған жарықтар, отқа жылынған, күзетте тұрған солдаттар қараңғыда айрықша әсер беріп тұр еді. Олар құжаттарын сақшыларға көрсетіп ішке кірді. Құжынап-қайнаған адамдар илеуі: ғимарат іші толы ығы-жығы халық – иін тірескен, ерсілі-қарсылы қозғалған жұмысшылар, мылтық асынған солдаттар.

Олар әлгінде ғана біткен Петроград Кеңесі мәжілісі жайында естіді. Иін тірескен жұртқа көтеріліс тізгінін қолында ұстап тұрған Әскери-революциялық комитет атынан Троцкий қауғадай қалың бұйра шашты басын кегжите, көзәйнегі жалт-жұлт етіп:

– Уақытша үкіметтің күні таусылды, – деп мәлімдеді.

Артынша көрінген Ленинді ел дүркірете қол соғып ұлықтаған. Ду-ду қошеметпен қарсы алған. Сонда ол әлемдік социалистік революцияның жарқ-жұрқ от алып тұтанғанын хабарлады. Одан соң Троцкий көтерілістің жеңгені жайында майдандарға жеделхаттар жолданғанын, Петроградқа беттеген әскери бөлімшелерге алдарынан шығып, мән-жайды түсіндіретін делегациялар жіберілмегін айтты. Әр жер-әр жерден:

– Сіздер Бүкілроссиялық Кеңестер съезінің қол-аяғын буып, өз шешімдеріңізді тықпалап тұрсыздар! – деген мағынадағы сөздер шықты.

Троцкий айылын жимай, салқын үнмен:

– Бүкілроссиялық Кеңестер съезінің ерік-жігері мен қабылдауға тиіс шешімін Петроград жұмысшылары мен солдаттарының орасан зор көтеріліс жасаған факті айқындап тұр, – деп жауап берді.

Жанша тітіркеніп кетті. «Көтеріліс дейді... төңкеріс қой бұл... – деген ой келді оған. – Бұл төңкеріс – заңдылықты белінен басудың жарқын көрінісі ғой... – Өз ойының көтерілісті қолдамаушылармен бір жерден шығып тұрғанын аңдады, артынша мұның ақырын бағамдауға тырысты. – Немен тынар екен? Анархия аласапыранына апармас па екен?» Ұзамай, көкейіндегі сауалдарына жауап табу мақсатымен, сол түнде, Смольныйдың ішін толқулы дүбірге толтырып тұрған Бүкілресейлік Кеңестер съезінде болды. Аузы-мұрнына шыққан, адам тері мен темекі исінен ауасы тарылып қолқаны атқан алып залға итермелесіп жүріп әрең бас сұқты. Алғашқы съез бен бұл екінші басқосу арасында жер мен көктей айырмашылық бар еді. Оны Жанша анық аңғарды.

Бірінші Бүкілресейлік Кеңестер съезінде сайланған ЦИК жетекшілері төрде отыр. Ортаға орналасқан Дан шылдыр еткізіп қоңырау қақты, зал тынши қалды. Ол қысқа сөйледі. Съезді саяси сөзбен ашуға еш мұқтаждық жоқтығын жолдастар түсінер деген сенім білдірді.

– Айрықша сәт, айрықша жағдай... – деді сосын сәл мүдіріп. – Біздің партиялас жолдастар өздеріне ЦИК жүктеген министрлік міндеттерін жанқиярлықпен орындауда.  Олар қазіргі сәтте оқ астына алынған Қысқы сарайда отыр. Жағдайдың қиындығын осыдан-ақ біле беріңіздер... Жұмысшы және солдат депутаттары екінші съезінің алғашқы отырысын ашық деп жариялаймын.

Съездің төралқасын сайлау қызу айтыспен астасып өтті. Ақыры, төралқада делегаттардың санына пропорционал өкіл болуы жайында фракциялар тарапынан алдын-ала келісілген тәртіп шу туғызып барып, дегенмен сайлау өткенде, төралқаның жартысынан көбі большевиктер боп шықты.

Оңшыл эсерлер, ортаңғы бағыттағы эсерлер, меньшевиктер съездің төралқасына кірмейтіндіктерін мәлімдеді.

Ескі Орталық Атқару Комитетінің серкелері төмен түсіп, олардың орындарына жаңа төралқа мүшелері көтеріліп бара жатты. Дуылдасып  орындарынан тұрып кеткен делегаттар жаңа төралқаны қоштаған айқайға басты. Съездің шатырлатып қол соққан құрметіне бөленген большевиктер төрдегі үстелден орын алды. Каменев, Троцкий, Ногин, Луначарский... Араларынан жалғыз әйел-күрескер Коллонтай көрінді.

Каменев күн тәртібін хабарлады. Қарауға үш мәселе ұсынылады: билік, бітім, Құрылтайшы Жиналыс. Залдан біреу көтерілді де, күн тәртібін қарауға көшкенге дейін  Петрокеңестің есебін тыңдауды және ескі ЦИК пен партиялардың өкілдерін сөйлетуді ұсынды. Бірақ сөзінің аяғына дүңк еткен зеңбірек үні ұласты. Зал тіксініп қалғандай болды, дір етіп, бәрі де қараңғы терезеге жалт-жалт қарасты. Алыста күркіреген зеңбірек ерен бір оқиғаның хабаршысы болып тұрғаны анық еді.

Меньшевик Мартов сөз алды:

– Жолдастар, азамат соғысы басталды! – деді ол, дөңгелек көзәйнегін бір түзеп қойып, қырылдаған дауыспен. – Біздің бірінші міндетіміз – дағдарысты бейбіт жолмен шешу болуға керек. Біз азамат соғысының алдын алу жолдарын талқылауға тиіспіз. Ана жақта, көшеде – біздің бауырларымызға оқ жаудырып жатыр! Кеңестер съезі ашылар алдында билік мәселесі астыртын әскери сөз байласу жолымен шешілуде! Ал оны істеп отырған – өзіміздің революцияшыл партияларымыздың бірі.

Бұл анықтама большевиктерге жақпады білем, бір сәт зал шуылдап кетті. Мартов сөзін үзбей, даусын көтере жалғастырды.

– Барлық революцияшыл партиялар орын алған фактіге тік қараудан жалтармауға тиіс! Съездің міндеті – ең алдымен билік мәселесін шешу, бірақ ол көшеде күшпен шешіліп жатыр! Біз күллі демократия мойындайтын билік жасауға тиіспіз! Егер съезд революциялық демократияның үні болғысы келсе, онда – басталып жатқан азамат соғысы алдында қол қусырып отыра бермеуге тиіс! Съезд  біртұтас демократиялық билік құрудың бейбіт жолын іздеуге тиіс!.. – Шешен терең күрсіне тыныстап алды да, сөзін нақты ұсыныспен сабақтады. – Жолдастар, басқа социалистік партиялар мен ұйымдарға барып келіссөз жүргізу керек, сол үшін съездің делегациясын сайлайық...

Біріккен социал-демократтар мен солшыл эсерлер оны қатты қолдады. Бір  офицер орнынан көтерілді де, айқайға басты:

– Осы съезді басқарып отырған саяси жәдігөйлер бізге билік туралы мәселені қарайық дейді, сөйдей тұра, тап осы кезде өздері біздің сыртымыздан, съезді ашпай жатып, бұл мәселенің тағдырын белгілеп, алға шығарып қойған! – деді ол, большевиктерді сын садағына алып. – Қысқы сарай атқылануда! Бірақ, біліп қойыңыздар – оған тиген соққы осынау авантюраға барған саяси партияның табытының қақпасын шегелеп қағып жатыр!

Наразы гуіл. «Әрине, бұлар большевиктер», – деп ойлады Жанша. Большевиктерге қарсылық, солар туғызған ахуалға наразылық білдірген тағы неше түрлі сөздер айтылды. Социалист-революционерлер тарапынан – осы уақытқа дейін террорды негізгі қару деп келген кәдімгі эсерлер атынан да біреу ашына сөйледі. Ол үкіметке қарсы жасалып отырған «осынау жосықсыз террорды» жазғырып, большевиктер ұйымдастырған тап мұндай анархияны өздерінің мойындамайтындарын жария етті.  Ақыры, большевиктердің «үкіметті әскери қаскүнемдік жасау жолымен басып алғанына» көрсеткен қарсылықтары  ретінде, Мартов бастаған меньшевиктер съезді тастап кетті.

Түн ортасы ауа сәл үзіліс жасалды. Сосын жұмысын қайта бастаған отырысқа Ленин келді. Соның алдында ғана  Қысқы сарай алынған-ды. Уақытша үкімет мүшелері тұтқындалған. Осы жәйттер  оған «қажеттігі туралы большевиктер үнемі айтып келе жатқан социалистік революцияның жасалғанын» жария етуге мүмкіндік берді.

Таң атқанда дейін билік жайлы мәселе қаралып, үндеу қабылданды. Онда съездің елдегі барлық өкімет билігін өз қолына алатыны, жер-жерде күллі билік Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестеріне көшетіні хабарланды. Олар, Кеңестер – съездің үндеуіндегі  тұжырымдамаға қарағанда, елде шынайы революциялық тәртіп орнатуды қамтамасыз етуге тиіс.

Келесі түні, съездің екінші отырысында, бітім және жер жайындағы декреттер қабыл алынды. Сосын большевиктер Кеңес үкіметін құру жайында ұсыныс жасады. Жаңа ЦИК сайланды. Елді басқару Халық Комиссарлары Кеңесіне жүктелді. Оған тек большевиктер кірді, өйткені солшыл эсерлер бұл билікке қатысудан бастартқан еді.

Таң ата съезд жұмысын аяқтады...

 

2.

Орталық мұсылман кеңесі атқару комитетінің мүшелері осынау төңкеріс жайын ақылдасып, болашақ іс жоспарын талқылаған. Большевиктер Кеңес өкіметі құрылғанын жария етті. Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Джугашвили-Сталин болды.

Бәрі енді Икомустың осы жаңа комиссариатпен жұмыс істеуі керектігін түйсінді. Осыған дейін Уақытша үкіметпен қызметтестік барысында жолға қоюға тырысқан барша істі қайта бастауға тура келеді. Құрылтайшы жиналысты жаңа өкімет қашанға шақырар екен?  Ұлттық-мемлекеттік құрылымдар құру жайы қалай болмақ? Күні кешеге дейін дін мәселелері бойынша пәтуәласу шегіне жетпеген еді. Осы саланың басқарылуындағы патша уақытынан бері өзгеріссіз келе жатқан қасаңдық хақында Икомус  үкіметпен қатты айтысқан. Сөйтіп, әлдебір ымыра жолдарын ойластырған. Енді не жағдай болады? Бұларда  діни ұйымдармен жұмыс істеу әзірге ойластырылмаған тәрізді, шамасы, бәрін әлгі ұлт комиссариатымен шеше беру керек шығар...

Қызметтестік жоспарын үйлестіру мақсатымен Ахмед пен Жанша большевиктер үкіметі орналасқан Смольныйға барды. Сұрай-сұрай тапқандары – қару-жарақ бөлумен шұғылданып жатқан бір үлкен бөлменің екінші бұрышында жетімсіреген шағын үстел. Тұсындағы қабырғаға шегемен жарнама-қағаз қағылыпты. Қолмен айбақ-сайбақ етіліп: «Ұлт істері бойынша комиссариат» деген  ірі жазу жазылыпты. Ұлт істері бойынша комиссариаттың «кеңсесі» екенін сол ғана білдіреді. Бар белгі сол. Комиссар Сталин көрінбейді. Үстел маңында ешкім жоқ.

Жанша Ахмедке қарады:

– Жаңа өкіметтің біздің мұңымызға көңіл бөлу дәрежесін осы жетім үстел байқатып тұр-ау?!

Ахмед тұнжыраңқы жүзбен жетім үстелге қарады:

– Шамасы, олар әзір қызметке кірісе қоймаған болса керек...

Олар жүре әңгімелесті.

– Иә, қаладағы әр жаққа тартқан түрлі партия мен қоғам тіршілігі бар, Керенскийдің ықпалындағы әскер бар, соның бәрі бір жайлы болмай, бізбен сөйлесетін комиссар табыла  қоймас...

– Құтқару комитеті белсенді қимылдауда. Мына тосын дерттен отанды құтқарамыз дейді...

– Бұл бір баршаның төбесіне жай түскендей оқиға болды емес пе... Қалалық дума да қарсылық жасауда...

– Мен біздің эсер жолдастардың бірінің жер туралы декретті қалай сынағанын естідім. Оны  эсер партиясының бағдарламасынан большевиктер ұрлап алған дейді.

– О, олары несі, қайта, бағдарламаларының жүзеге асатын құжатқа айналғанына қуанса болмай ма?!.

– Жоқ, ондай шаттықтан аулақ көрінеді. Өз құлағыммен естідім: «большевиктер – узурпатор* және алдамшы» деп айыптап жатыр...

 

*билікті заңға қарсы жолмен басып алушы.

 

– Қызық, бұлар осы билігін ұстап тұра алар ма екен...

– Қалай болғанда да, біз әліптің артын бағуымыз керек...

Әліптің артын бағудан өзге амалдары қалмағандай. Ағымдағы саяси ахуалды қадағалап, өз көзқарастарымен талдауға және мұсылман комитетіне тиімді тұсын айқындауға тырысады. Әзірге нақты әрекет жолы белгісіздеу...

Қала өмірі дүрліккен түрде жалғасып жатты. Халық Комиссарлары Кеңесі үкімет ретінде жарияланысымен, билікті қолға шоғырландыру шараларын қарастырды. Аз күннен кейін Ресей халықтарының декларациясы дүниеге келді. Бірақ ол да тыныштық орната қойған жоқ. Қилы саяси ой-пікір қайнап тұрды.

Жанша Икомустағы талқылаулардан тыс жерлерде еш жаққа араласпау саясатын ұстанған. Түрлі ұстанымдағы жұртпен пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрғанында тек жалпы ахуалдың астарын, басым ой бағытын  ұғуға ниеттенеді. Көптен Питерде тұрып келе жатқан Өтеміс пен Жасайдың септесуі арқасында, бұрын араласпаған кадеттердің кейбірімен пікірлесті. Олардың большевиктер көсемі Ленин жайында білетіндерін  естіді.

– Ол барып тұрған қатыгез өкіметтің іргетасын қалады, – деді әлдекім қабағын түйіп, – ол да, оның үкіметіне сайланған комиссарлары да бірінен бірі өткен, еш аяушылықты білмейтін арсыз жандар.

– Дұрыс, – деді екіншісі. – Ол құрал таңдамайды, адал-һарам демейді, оған бәрібір. Мақсатына жеткізсе болды. Мақсатына жетіп алғаннан кейін, жолдасын да сатып жүре береді.

Өтеміс есіне Думадағы баяғы бір жарыссөзді түсірді. Сонда бір депутат большевиктердің екіжүзділігін тілге тиек еткен. Олардың өкілінің Думадағы сөзі мен партияларында қабылданған қарарды салыстырып қарап тұрып, масқара әшкерелеген еді. Кездейсоқ емес екен-ау...

Жасай кадеттер арасында аса беделді әйел қайраткерден естіген әңгімесін айтып берді. Ол әйел – конституцияшыл демократтар партиясы орталық комитетінің алғашқы сайланымынан бері тұрақты мүшесі боп келе жатқан Ариадна Тыркова болатын. Ариадна ханым Ленинді алғаш бірінші революцияға дейін көрген екен. Сонда тұңғыш әрі жалғыз-ақ рет жүздесіпті. Денсаулығына орай біраз демалып қайтуға Женеваға барғанында, сол қалада тұратын өзінің гимназиялас құрбысы Надежда Крупскаяға жолыққан. Соның күйеуі болғандықтан ғана, Ленинмен танысса керек. Әйтпесе оның ұстанымы Ариаднаны еш қызықтырмайтын. Қысқасы, Ленин ол үшін Женевада қатардағы эмигрант журналистердің бірі санатында еді. Ерекшелігі – өз партиясының орталық комитетіне қасақана, партия басылымы «Искраны» өз қарамағына қаратып ала алғандығы. Революциялық топтарда оның билікқұмарлығын, билікке жету жолында ештеңеден тайынбайтын жәдігөйлігін білетін. Тікелей танымаса да, Ариадна бұл жайында талай естіген, оның социал-демократтарды екі жару әрекетіне қанық еді.

Қаншама шетін пікір тұжырымдап жүргенмен, Ленин де,  оның партиясы да, Ариаднаның ойынша, соншалықты қызығушылық туғызбайтын. Қайта, сол тұста жандармдар корпусының шефі Плевені өлтірген эсерлер партиясы ел аузында көбірек айтылатын-ды. Астыртын сөз байласып, ірі террор жасап жүрген эсерлер құпия даңқ құрметіне бөленген еді. Сол себепті де саясатқа құлағы түріктерді таңырқатып, әуестендіретін-ді. Ал эсделер* олардың террорлық әдістерін сынап жүретін. Алайда олардың сонау сындары да жұртты селт еткізген емес. Мұны Ариадна анық біледі. Ал бұлар, большевиктер, террорды билікке келгенше сынаумен болды. Бірақ міне, билікті басып алысымен, көп ұзатпай-ақ, өздері де эсерлердің жолына түсті. Аз уақытта бұған баршаның көзі жетеді – олар  өкіметті қолдарында  ұстап қалу үшін, найзаны, қызыл террорды негізгі қаруы етті...

 

*социал-демократтар.

 

Большевиктер біреудің мойнына бірдеңе іліп қоюға құмар болатын. Сондай құмарлығымен олар саясаткерлерге көңілсіз әсер қалдыратын. Сондықтан да шығар, большевизмді ешкім елеулі саясат ағымына баламайтын. Ленинді 1904 жылы Женевада көргенінде Ариадна Тыркова осындай ойда еді. Оның әйелі Надя – Ариаднаның гимназияда бірге оқыған  құрбысы. Сол құрбысы меймандыққа шақырғандықтан, оның үйіне барған-ды. Шай үстінде түрлі жылы естеліктер айтысып, жалпы жақсы кеш өткізген. Қайтарында Ариаднаны трамвайға дейін, Надежданың өтінішіне орай, күйеуі Владимир шығарып салыпты. Ол әдетте жұмысшылар киетін тозығы жеткен каскеткасын* басына милықтыра киіп алып, қасында келе жатқан қызды – әйелінің құрбысын – жолшыбай әзіл-шыны аралас сөздермен әжуәлап, күлумен болған екен. Ариаднаның либерализмге бой ұрғандығын, буржуазияшылдығын айтып мазақтаса керек.

 

*ерлердің фуражка тәрізді жеңіл баскиімі.

 

Жасынан өткір, тілді қыз қарап қалмай, оның марксизмін сынаған. «Сіздер адам табиғатын түсінбейсіздер» деген, «баршаны бір казармаға айдап тығып, аракчеевшіл тәсіл қолдануға деген құлшыныс есіл-дерттеріңізді билеп алған, ал бұл – жалған қисын» деген. Сонда оның сөзіне Ленин ызаланған, әрине. Бұрыннан азулы айтыскер, сол әдетіне салып, қарсы дау айтқан. Жымиғансыған. Еріндерін ажыратпай езу тартқан. Қысық көздері сығырайып, улы, зәрлі сипат ала түскен. Ашулы, зілді ұшқын атқан көздерімен қызға жеп қоярдай тесіле қарап, шындап салғыласқан.

Ариадна оны әдейі қыздыра түскендей болыпты. Себебі, есіне ертеде естіген бір жәйт түсіп кеткен екен. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы ішінде Ленин  Сібірге жер айдалған. Сондағы Лениннің Минусинск қаласында және Шушенское селосында  айдауда болғандар арасында көрсеткен қылығы әрі күлкілі, әрі үрейлі еді. Бұл  жайында Ариаднаға өзінің сол жақта болып айтқан бауыры айтып келген-ді.

Жер аударылғандар арасында Ленин өзін тым астам ұстайтындығымен ерекшеленіпті.  Сол жаққа өзінен сәл бұрынырақ  жер аударылған халықшылдарды ол дөрекі түрде сөгіп, бүгінде ешкімге қажеті жоқ ескі-құсқы қоқыс деп атапты.  Болашаққа халықшылдар емес,  олар – социал-демократтар ие болады деп сеніммен мәлімдейді екен.

Байырғы жер аударылғандардың өздерін де, дәстүрлерін де  Лениннің елемей, тіпті менсінбей қарайтындығы  олардың біреуі айдаудан қашып кеткенде анық байқалыпты. Ондайда, әдетте, полиция қырына іліккенге күллі колония көмектесетін. Жазаланбасын деген оймен бірлесіп ақша жинайтын, не тәуір етіктерін беретін. Ленин мұндай дәстүрмен санасқысы келмеді. Жергілікті полиция кінәлі деп тапқандарын жауапқа тартуға кіріскенде, қашқынға көмектесті деп айыпталып отырған серігіне жәрдем беруден бастартқан. Сөйтіп, жолдасының қашуына септескен өзі секілді саяси аумаға залалын тигізді. Ананы түрмеге қамап қойыпты.

Сонда жер ауғандар Ленинге жолдастық сот құрған екен. Ленин сотқа тек «олардың пікіріне түкіргені бар» деген сөзін айту үшін ғана келгенін, ешқандай да жолдастық сотты мойындамайтынын мәлімдепті. Осыны бауыры Ариаднаға күле әңгімелеген-ді. Бірақ, сөзінің соңында мейлінше байсалды кескінмен: «Бұл Ленин дегенің – сұм адам, оның зұлымдығы – қасқырдың жанарындай  өшпенділікке толы көзінен де байқалады» деп ыспаттаған.

Құрбысының жары жайында баяғыда естіген осынау әңгімені есіне түсіргендіктен болар, Ариадна қыз оның қытығына тие берген тәрізді. Саясаттағы ұстанымын қажайтын ащы әзіл айтса керек. Сондықтан да шығар, трамвай көрінгенде, Ленин оның көзіне қадала қарап тұрып, зәрлі күлкімен:

– Әлі көрерсіз, сіз сияқтыларды біз шам бағандарына асып қоямыз, – дейді.

Ариадна оны жосықсыз әзілге балап, күліп жібереді:

– О не дегеніңіз, мен сізге ұстата қоймаспын!

Ленин езу де тартпайды. Салқын қоштасып тұрып, тістене тіл қатады:

– Біз мұны көрерміз әлі...

Осы қысқа таныстығы, содан бір мүшелден астам уақыт бұрын болғанына қарамастан, Тыркованың санасында тап бүгінгідей жаңғырды. Сондағы оның сөздерін еске ала келе, сол кездесуден бір жыл өткен соң құрылған кадет партиясы орталық комитетінің күні бүгінге дейін өзгеріссіз мүшесі болып келе жатқан  жас күрескер әйел:

– Ол бүгінгі жағдайды сол кезде-ақ ойластыра бастаған болу керек, – деп түйген.

– Олай емес шығар, – дейді оған Жасай, – былтыр ғана неміс жастары алдында алғашқы орыс революциясы жайында оқыған лекциясында ол өзін болашақ революцияны көруі неғайбыл кәртәмішке жатқыза сөйлеген тәрізді еді...

Қалай болғанда да, ертеде Жасайды иіріміне едәуір тартқан большевизм көсемінің ұраны жүзеге асты. Ол бір кездері: «Бізге революционерлер ұйымын беріңіз, сонда біз Россияны төңкеріп тастаймыз» дейтін. Осы көктемде өзі шетелден Питерге келгелі бері, шашыраңқылау жүрген большевиктерді бекем ұйымға ұйыстыра алды. Содан олар, міне, төңкеріс жасап, билікке келді. Және, ауыздарынан шыққан сөздеріне, істеген істеріне қарағанда, өздерінен өзгеше ойдағылардың бәрін құртып жіберуден тайынбайтындықтары анық. Ол қайткенде тек большевик билігін нығайтуды ойлауда. Осылай тұжырымдалған Жасайдың байламына ешқайсысы күдік келтірген жоқ. Жаншаның көзі де осыған әбден жетті.

Тағы бір қатерлі жәйт, Жаншаның тіксіне байқағаны  сол – бұлардың анархиялық өнегесі аймақтарға тым шапшаң таралуда. Икомусқа Ташкенттен келген хабар сондай пікірге жетелейді: онда да үкіметті большевиктер басып алған болып шықты. Кеңестер съезін өткізіп, өлкенің үкіметін құрған. Ал ғажабы – жер иесі түркілерді оған жолатпаған. Әйгілі қайраткер Сәрәлі Лапиннің өлке үкіметі пропорционал негізде құрылуға тиіс деген талабын елең қылмаған.

– Туземдіктер арасында пролетар элементтер жоқ! – деген желеу айтса керек.

Жас та болса, Мұстафа шешімтал жігіт боп шықты. Оның басқаруындағы Ұлттық орталық деп аталатын жергілікті мұсылман кеңесі өлкеде төтенше съезд шақыру қамында тәрізді. Бұл, міне, нақты іс! Жаһаншаһ алақанын ысқылады. Өзара қырқысқан орыс партиялары ішінде қосақ арасында кету іспетті пәлеге ұрынбай тұрғанда, қазақтар да бірдеңе істеуге тиіс...

Ақыры, Оралдағы қазақ комитетінің төрағасы Халел Досмұхамедовтен хабар тиді: баршасы сыйлайтын үлкен қайраткер Әлихан Бөкейханов бастаған топ Орынборда кезекті жалпықазақ құрылтайын шақырып жатқан көрінеді. Халел хабарының артынша, Икомусқа сол ынталы топтың өзінен де жеделхат жетті. Қазақ съезіне Жаһаншаһ Досмұхамедов жеке тізіммен шақырылыпты. Шешуші дауыс беруге қақылы делегат ретінде белгіленген екен. Желтоқсанның басында бас қоссақ дейді.

– Достар, мына әсем, бірақ анархия жайлаған шаһарды енді мен сендерге қалдыра тұрмақпын, – деді ол Жасай мен Өтеміске.

Екеуі де осында отбасын құрып, сіңісіп, питерлік болып кеткен. Нақты күрес шараларына қатысуға Жасайдың тән саулығы келмейді, ал Өтемісте ашық белсенділік жоқ. Демек, буырқанған қаладан олардың бәрібір кетпейтіні анық-ты. Ал қашаннан революциялық ұйымдар көрігін  қыздырушылар қатарында жүрген Жанша «анархия жайлаған» Питерде бұдан артық қала баруді лайық көрмеді. Икомустағы үзеңгілестерімен қоштасты. Астанаға қажеттілік туған уақытта ғана оралмақ боп,  шұғыл елге қайтты.  Оралға келді. Қазақ комитетінің аткомында ағымдағы жағдайды талқылауға қатысты.

Бірнеше күннен соң Ахмед Цаликовтен хабар алды. Ол қаладағы анархиялық құбылыстардың басылғанын, кеңес өкіметін баршаның мойындап жатқанын айтыпты. Өзінің Халкомкеңестің Ұлт комиссариатымен келіссөз жүргізгенін және ондағылардың болашақ қызметтестіктің шарты ретінде – мұсылман кеңесін таратуды ұсынғанын хабарлапты...

 

3.

Қазақ құрылтайын құттықтау сөзінде Зәки Валидов Мәскеудегі мамыр айында өткен жалпымұсылман съезінде жасаған теориялық баяндамасын одан бергі нақты өмір шындығымен сабақтастыра өрбітті.

Жанша оған ойлана құлақ тігіп отыр. Большевиктер Икомусты таратуды қалаған. Бұлары, демек, Жалпымұсылман  съезінің шешімдерін мойындамайды деген сөз... Ал онда Зәки мен Жанша бірінен бірі өткен орақ ауыз шешендікпен, унитаристерге қарсы иықтасып тұрып, өз иланымдарына сенімділікпен  шайқасқан болатын. Жеңген. Ал мына төңкеріс жасап билікке келген жаңа өкімет олардың жеңісіне пысқырып та қарамайтын секілді...

Большевиктердің көзқарасына  Зәки де қанық білем, ол жайында тіс жармай, мұсылман қозғалысы барысында тұжырымдалған жәйттерді өз іс-тәжірибелерінде қалай дамытып отырғандарын әңгімеледі. Жанша әріптесін ризашылықпен тыңдады.

– Башқұртстанның дербестігін жария еткенде, біз халқымыздың күллі этнос ретінде иелене алып жатқан аумағын қамтимыз деп ойлаған жоқпыз, – деді ол, – біздің ұйғарымымыз тек шығыс бөлігі жайында болды. Мұнда мұсылман халқы осында тұратындардың кемі жетпіс пайызын құрайды. Біз осы өлкені Кіші Башқұртия деп атап отырмыз. Басқа  облыстардағы үлестік салмағының мөлшері азайып кеткен башқұрттар мен татарларды болашақта Башқұртстан мен Түркістанға көшіріп қоныстандырамыз ғой деп ойлаймыз.  Біздің жоспарымыз бойынша, башқұрт елі және қазақ елінің батысы, сондай-ақ Орынбор казактар қауымы осы Орынборды ортақ бас қала ете алады. Келешекте, қоян-қолтық отырған башқұрт-қазақ бір облысқа ресми түрде бірігіп жатқан жағдайда, оған орыс казактары да қосылған болар еді. Біз казачествомен тіл табыса аламыз. Мен өзім бұған еш шүәланбаймын. Біз  олармен тату-тәтті, ұлысаралық өзара келісіммен, жарасымды бейбіт қатар өмір сүрген болар едік. Өйткені казактар, түптеп келгенде, жартылай түркі тұқымдас қой. Казак қауымы – казачество  арасындағы біздің достарымыз осы ойды қуаттап жүр.

Сосын ол таяуда башқұрттардың үшінші құрылтайы ашылатынын айтты.

– Біз оны өзіміздің отанымыздың бас мәжілісі сипатында өте ме деп отырмыз. Біздің үкіметіміздің мүшелерінің көпшілігі Ресей Құрылтайшы Жиналысына мүше болып сайланған-ды. Бірақ, оның қалыпты өтуіне большевиктер мүмкіндік бере қояр ма екен?! – Зал ақырын гу ете түсті. – Қалай болғанда да, біз оған дейін өз мемлекеттігіміздің ауы мен бауын түгелдемекпіз. Ал бұл мәселе тиянақты қарастыруды тілейтіндіктен, бәлкім, большевиктердің пейіліне қарап қалған Құрылтайшы Жиналысқа біз бармаспыз да.

Жанша оның большевиктерге сенбей тұрғанын іштей қанағаттана атап өтті.

– Қазіргі тарихи сәт бізге өз тағдырымызды өзіміз, ешкімге жалтақтамай, батыл қолға алуды тілейді, – деді Зәки дөңгелек көзгелдірігінің әйнегі жалт-жұлт етіп. – Осындай күрделі кезеңде құрылтайға жиналып отырған қазақ бауырлар, мен сіздерге ауызбірлік көрсетіп, тезірек дербес ел болу жайында маңызды шешім қабылдауларыңызға тілектестік білдіремін. Бауырлас түркі халықтарының заманаға сергек қарайтын уақыты туды! Біз ортақ жау алдында біріге алатын қабілетімізді көрсетуіміз керек! Ол үшін алла-тағала  сіздерге де тезірек дербес түтін түтету нәсібін жазсын!

Валидов залдың қошеметіне бөленіп төмен түсе бере-ақ, мінбеге жаңа шешен көтеріліп бара жатты.  Қазақ  құрылтайын және оған қатысушыларды жергілікті мұсылман жасағы әскери шуросының төрағасы прапорщик Баширов, «Янги Вакт»* газетінің редакторы Фатих Каримов, Орынбор казактарының әскери кругынан** келген өкілдер Тимофей Седельников пен Абдрауф Богданов, тағы басқалар  осынау маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтады.

 

*«Жаңа уақыт».

**казак әскерлерінің жиналысы.

 

Сөйлеушілердің бәрі съезге арнайы келіп айтқан құттықтау сөздерінде бір жерден табылып жатты. Қай-қайсысы да қазақтарды қазіргі қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесуге шақырды. Көпшілікке, әсіресе, Седельниковтің сөзі ұнады. Оны іштей Жанша да оң қабылдады.

Орынбор казак-орыс әскерінің өкілі Тимофей Седельников казачествомен қатар қазақтың да мұң-мұқтажын жап-жақсы түсінетін әм әрдайым әр жерде батыл қорғап жүретін. Ол сонау 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Дума мінбесінен империя халықтары өкілдерін тұңғыш рет қазақ мұңынан хабардар еткен-ді.. Таврия сарайы күмбезі астында қазақша сөздерді алғаш рет және соңғы мәрте, тек жалғыз өзі ғана қалықтатқан еді. Қазақ пен башқұрт мүддесін ертең кеңес өкіметі алдында да күйттейтін адал қайраткер. Міне сол азамат қазақтың желтоқсандағы съезінде тарих тағдырлас еткен халықтардың туысқандық сезімі ұштаса беруіне тілектестігін білдірді. Залды съездің ашылуымен құттықтай келе, бір сәт Зәкиге сілтеме жасады:

– Башқұрттар патша тақтан құлағалы ата тектеріндегі қасқыр рухы жетегімен оңға да, солға да жұлқына шауып, ақыры, орталықтан тәуелсіз ұйысу жолына шығып отыр, – деді. – Олар, әлгінде қозғалыстың жас барысы аузынан естігеніміздей, жақында ашылмақ құрылтайында нағыз ел болу шарттарын жасамақ. – Осылай деді де, залға қасқая қарсы қарап тұрып, кеудесін кере тыныстап алды. – Қымбатты қазақ бауырлар, сіздердің әрдайым «қой да аман, қасқыр да тоқ» болғанын қалайтын бітімшілдік қасиеттеріңіздің көп жағдайда басым түсіп жататынын мен жақсы білемін, – деді содан соң. – Бірақ сіздер үміт артып отырған учредилканың* қазіргі ахуалда әділ өтеріне мен сенбеймін. Тіпті сол бола да қояр ма екен?! – Сұраулы жүзбен айнала қарады. –  Сондықтан мен сіздерге бірінші кезекте өздеріңізге сенуді, өзара түсіністік пен бірлікке қол жеткізуді, сөйтіп, өз тағдырларыңызды өздеріңіз қолға алуды тілеймін.

 

*Құрылтайшы жиналыстың.

 

Құттықтау сөздерге қол соғып ризашылықтарын білдірген зал ықыласы саябырси бере, құрылтай төрағасы Құлманов орнынан тұрды.

– Мінбеге шығып, қазақ жиналысына құтты болсын айтқан мырзаларға  делегаттар атынан үлкен рахмет,  – деді.

Сосын қолындағы бір буда қағазды жұртқа көтеріп көрсетіп, жер-жерден хат, жеделхат түрінде түскен құттықтаулар барын айтты. Сөйтіп залды жазбаша құттықтаулармен таныстыруға көшті. Қазақ құрылтайының ашылуына орай Орынбор муфтиі жолдаған хатты, қалалар мен ауылдардан, түрлі ұйымдардан келген жеделхаттарды оқыды.

Хат-хабарларда тек құттықтау сөздері ғана емес, жергілікті жұртшылық кезігіп отырған проблемалар мен сол орайда құрылтайға білдірілген тілектер де бар еді. Олар жұртты жайбарақат қалдырмады.  Залда отырған делегаттар жер-жердегі жағдайды орын-орындарынан қысқаша айтып беруді қош көрді.

Құрылтай төрағасының бақылауымен, Қазақ елінің шартарабынан келген өкілдер өз аймақтарындағы ахуалдан кезектесіп хабардар етіп жатты. Өзекті де маңызды хабарламалар әр аймақ делегаттары тарапынан жасалды. Артынша,  съезге қатысушылар пікір алмасты. Естігендерін жайбарақат қалдыра алмады. Назар аударған хабарлар бойынша тиісті қарарлар алды.

Жер-жерде барша азамат Құрылтайшы Жиналыс пен земство сайлауына мән беруде көрінеді. Үйездердің бірқатарында үйездік земство ағзаларын сайлау мәреге жеткен сияқты. Ал тағы бірқатар үйез, тіпті, Құрылтайшы Жиналысқа делегат  сайлау науқанын да өткізіп қойыпты. Барлық жерде де қазақтардың земствоға және ұйысу жиналысына өкіл сайлау мәселесіне қызығушылық танытқаны мәлім болды. Бұл съезді қанағаттандырғандай еді.

Тек, Сырдария облысының қазақтары Құрылтайшы Жиналысқа өкілдер сайлауда бір тоқтамға келе алмаған көрінеді. Олардың дау-дамайға жол беріп, уақтылы сайлау өткізе алмайтындай ахуалда тұруы ешкімге ұнамады. Жік-жік боп партияларға бөлініп, әлі күнге дейін ортақ келісім жасай алмапты. Сөйтіп, әр топ өз мықтысын әлпештеген бірнеше тізім шығарса керек. Не керек, айтыс-тартыс, саяси топтарға бөліну салдарынан біртұтас тізім ұсына алмаған, одан жеткен жерлері сол – облыс бойынша қазақтардан ұйысу құрылтайына жалғыз  ғана депутат өткізе алатын түрлері бар.

Мұны делегаттар қынжыла талқылауға мәжбүр болды.

Бұлай жарамайды десті. Құрылтай халыққа қайрылып айрықша үндеу жариялайтын болсын деген тоқтамға ұйыды. Ел-жұртты дау-дамайлар мен айтыстарды доғаратын, партиялық бақталас күресті қоятын, азып-тозу жолынан аулақ болатын, сөйтіп мына аласапыранда тек бірлікке ұмтылатын ету керек. Міне сол үшін Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов шұғыл түрде үндеу мәтінін жазып, құрылтайдың бекітуіне ұсынсын...

– Сырдария облысының халқынан құрылтай атынан, телеграф арқылы – сайлауда облыстық бір ғана тізімге дауыс беру сұралсын...

– Міне, ағайын, «алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген осы... Бірлікке қол жеткізу маңызды...

– Ол рас-ау, бірақ біздің Жетісу өңірінде тіпті масқара жәйт орын алып тұр, жұрт аштан қырылып жатыр...

Жетісу облысы қазақтарының жағдайы ауыр көрінеді. Олар ескі үкіметтің Он алтыншы жылғы озбырлығына – тыл жұмысына адам алмақшы болғанына қарсы көтерілгені үшін жазалау экспедициясының аяусыз шапқынына ұшыраған еді. Содан міне, тоз-тоз боп, адам айтқысыз қайыршылық күй кешуде. Талайы аштан өліп жатыр. Бірқатары әйелдер мен балаларды саудаға салуға мәжбүр. Әулиеата мен Пішпек үйездерінің қазақ-қырғыздарын ашаршылық жайлаған.

Оларға астық Ақмола облысының жапсарлас үйездерінен келу керек-тін. Алайда, сатып алынған астықты тасымалдаудың өзі, көлік жоқтықтан, аса қиын боп тұрса керек.

Хиуа хандығы аумағында көшіп жүрген қазақтарды түркмендер тонап, отын ойрандап кетіпті. Олар сүйектерін сүйретіп, Темір және Ақтөбе үйездерінің шегіне әрең іліккен. Қазір жәрдемге аса мұқтаж.

Бұл орайда құрылтай күллі облыстардағы қазақтарға мынандай ұсыныс білдіргенді орынды көреді: жазалаушылар ойрандаған Жетісу халқы мен түркмендер тарапынан күйзеліске ұшыраған қазақтар пайдасына – орта есеппен әр жаннан бір сомнан қаржы жиналсын, оны әркімге дәулетіне қарай әділ бөлу арқылы жинау – жергілікті басқармаларға тапсырылсын...

– Жизақ үйезінде тәртіпсіздіктер орын алып отыр. Қазақтар бірінің малын бірі барымталауға көшкен. Жергілікті өкіметтің тәртіп орната алар түрі жоқ. Осы үйез қазақтарының бір үлкен тобы Түркістан автономиясынан шығуға ынталы. Егер Қазақ автономиясы жарияланар болса – қосылғылары келеді.

Құрылтай бұл хабарды да сергек қарсылады. Жизақ өңірін мекендейтін қазақтардың бір бөлігі айтып жатқан біртұтас Қазақ автономиясына кіру жөніндегі тілегі мақұлдансын. Бұл жайында Түркістан автономиясы өкіметімен тиісті қарым-қатынас жасалатын болсын.

Түркістан автономиясына арнайы құттықтау жолдансын. Жауап-жеделхат Орынбор муфтиіне де жолдансын...

 

4.

Кейінге қалдыруға болмайтын осынау  ағымдағы мәселелер хақында жедел шешімдер алынған соң, делегаттар құрылтайдың күн тәртібін белгілеуге көшті. Он мәселе қаралатын боп белгіленді. Ең біріншісі – Сібір мен Түркістан автономияларына және Оңтүстік-шығыс одаққа көзқарас. Екіншісі – қазақ облыстарының автономиясы. Үшіншісі – милиция, төртіншісі – Ұлт кеңесі хақында еді. Осылардан соң барып – оқу, Ұлттық қор, муфтилік, халық соты, ауыл басқармасы, азық-түлік мәселелері қаралатын болды.

Автономия мәселесінің ел ішіндегі жұртшылық тілегі ретінде жария боп, съездің талқылауына ресми қойылмай жатып тілге тиек болуы, яғни күн тәртібіне шығарылатын  негізгі мәселелерді белгілеп-бекітіп алудан бұрын  көтерілуі делегаттарды ерекше серпілтті. Содан да болар, олар алғашқы мәселе бойынша – Сібір мен Түркістан автономияларына және Оңтүстік-Шығыс одағына көзқарас жайында баяндама жасауға шыққан Бөкейхановты сол ерекше серпіліс үстінде, әрі тағатсыздана, әрі ынтыға тыңдады.

Оған ел қатарлы құлақ тігіп отырған Ғұбайдолла Әлібековке: «Шындап келгенде, Жанша айтқандай, алдымен өз шаңырағымызды көтеру жайын реттеп алуымыз керек еді ғой, – деген ой келді, –  көрші құрылымдарға қалай қарайтынымызды айқындау содан кейінгі шаруа емес пе...»

Алайда көпшілік күн тәртібінің осылай бекуін қалады. Енді, міне, қазіргі таңда тұтас бір аймақтың тізгінін ұстап, іс басында отырған үлкен саясаткер аузына құмарта қадалуда. Тілге тиек болмақ үш құрылым соңғы кездегі елеулі оқиғалар қатарынан еді. Соларға қатысты қандай ұстаным алға тартылар екен?

Большевиктер Петроградта орталық үкіметті тұтқынға алып жасаған төңкерістен бес күн бұрын, Владикавказ қаласында «Казак әскерлері мен Даланың еркін халықтарының  Оңтүстік-Шығыс Одағы» дүниеге келді. Оған Дон, Кубань, Тер, Астрахан казак әскерлері және Солтүстік Кавказ, Дағыстан, Сухуми, Закаталы округтері мен  Астрахан, Ставрополь губернияларындағы  еркін дала халықтары кірді. Большевиктер төңкерісінің алтыншы күнінде сол одаққа мына іргедегі Орал казак әскері қосылды.

Россияның болашақ мемлекеттік құрылымының ең жақсы түрі ретінде Демократиялық Федеративтік Республика деген қалып таңдап алынуға тиіс. Мұны одақтық келісімшартқа қол қойған өкілдер бір ауыздан мойындаған. Одаққа енгендер Ресейдің болашақ  Демократиялық Федеративтік Республикасының дербес штаттары болмақ. Сондықтан да Одақ құрамындағы дербес штаттары ретінде – өз мүшелерінің толық тәуелсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ, олардың ішкі құрылыстарын жасауларына жәрдемдесуге міндеттенеді. Міне осындай  келісімшарт жасалған. Сол  келісімшарт арайында, осыдан жиырма күн бұрын, Екатеринодар* қаласында ұйысуларына казачество мұрындық болған халықтардың Оңтүстік-Шығыс Одағының Біріккен Үкіметі жұмысқа кірісті.

 

*Краснодар.

 

Ал Сібір автономиясы большевиктер төңкерісінен он күн бұрын дүниеге келген-ді. Оған Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған қазақ делегациясы қатысты. Ол Сібір автономиясын қолдап тұр. Өзі, тағы бірер азамат оның басқару органына сайланды. Том қаласында тұрып, автономияның шаруашылық құрылымын қарастыру ретімен тұрақты жұмыс істейтін топқа өзі сенетін бір орыс экономисін қазақ атынан тіркетті. Сібір автономиясының конституциясын жазатын комиссияға қазақ өкілі ретінде Семей қазақ комитетінің төрағасы Әлімхан Ермековті қосты...

 

5.

Ал, бірақ, осынау беделді қайраткердің іс-әрекетінің қай-қайсысын да өлкедегі тағы бір ірі тұлға қош көрмейтін...

Ғұбайдолла Әлібеков Орынборға жүрер алдында Бақытжан Қаратаев ақсақалға соқты. Белгілі қайраткер, жасы үлкен аға ретінде оны  Ғұбайдолла қатты құрметтеуші еді. Патша  тақтан құлаған шақта Қаратаев облыстағы алғашқы қазақ азаматтық комитетінің құрылуына мұрындық болып, оны өзі басқарған. Алайда, ақпан революциясы шалқытқан сол шаққы пікір алауыздықтарына құлақ аса келе, орнын Ғұбайдоллаға беріп, өзі оған жолдас, яғни орынбасар болған-ды. Бірақ, орынбасарлық міндетін кейін мүлдем ұмытып кетті. Солай демеске амал жоқ. Ол Орал социал-демократтары ұйымымен тығыз жұмыс істеп, солар құрған комитетке мүшелікке кірді. Сөйтіп, облыстағы түрлі ұлт өкілдерінің қамын бірдей жеуді мұрат еткен азаматтық комитеттің мүшесі  ретінде, бар ықыласын сонда аударды. Соның салқыны да болуы ғажап емес, Орал қазақтарының 1917 жылғы сәуірде жұмыс істеген тұңғыш облыстық съезінде оның мінбеге шығуын жұрт ұната қоймады. Сөзін енжар тыңдады. Тіпті, дабырласып, дұрыс сөйлетпеді деуге де болады.

Өзіне мұндай көзқарас көрсетілуіне Бақытжан сұлтан өкпелеген болу керек, айтарын айтты да, кетіп қалды. Содан оны Ғұбайдолла Мәскеуде өткен жалпымұсылман съезінде бір-ақ көрген. Сұлтан  бұл құрылтайға мұсылман қозғалысының байырғы қатысушысы, бұдан бұрынғы съездердің көбіне, әсіресе алғашқы революция жылдарындағы жиындарға белсене қатысып жүрген қайраткер ретінде  барған-ды. Онда ол Орал облысы қазақтарының съезі сайлаған делегаттармен жалпы жылы сөйлесіп, тіпті, Жаншаны өзінің байырғы үзеңгілестеріне жақсылап таныстырған. Бірақ, негізгі баяндамаларды тыңдап болған соң, жүріп жатқан дүниежүзілік соғысқа қатысты көзқарасты айқындауды көздеген талқылауда өзінің социал-демократтар ұстанатын пікірді қолдайтынын жария етті де, съездің соңын тоспай, қайтып кетті. Елге келісімен большевиктермен тығыз байланысып, солардың партиясына өтіп алған да, облыста совдеп* құрысып жүр дейтін.

 

*жұмысшы және солдат депутаттары кеңесін.

 

Жолдары бөлектенді деп санағандықтан ба екен, ала жаздай, одан күз бойы хабарласпаған еді. Енді, міне, оған әдейі іздеп барып жолығудың қажеттігі туды. Қыс түсе, қыспен бірге келген ызғырықты саяси оқиғалар иіріміне әр қиырдан тартылып тұрғанмен, ұлы мақсаттары бір болғандықтан, қасына інілерін ілестіріп, қадірменді қартқа сәлем бере барды.

Інілерінің бірі – облыстық қазақ комитетінің өзінен кейін сайланған төрағасы Халел Досмұхамедов-тін. Ол Орынбордан жалпықазақ съезін өткізу жайында жолданған хабар тиісімен, Ғұбайдолланы арнайы іздеп келіп кездескен еді. Жанында сол тұста Петроградтан келіп қалған Жанша Досмұхамедов бар болатын.  Ағамен ақылдасу ретімен оған екеуі бірге соққан. Орынбор съезіне қатысу жайын кеңескен. Өйткені екеуі де оны – көптен болыс басқарып, ел қамын ойлайтын істерімен ауызға іліккен Ғұбайдолла Әлібековті – ұлт күрескерлерінің аға буыны қатарынан санап, сыйлайтын.

Жаңадан жиын шақыруға уақыт жоқ екені анық-ты, сол себепті  жалпықазақ съезіне өз аймақтарынан қатысатын делегаттарды облыстық қазақ атқару комитетінің ұйғарымымен белгілейміз деп уағдаласты. Съезге ел ішіндегі ең беделді, ықпалды кісілер барғаны дұрыс. Ал қай-қайсысының да ұлттық қозғалыстың байырғы көшбасы іспетті Бақытжан Қаратаевты құрмет тұтатыны анық еді. Сәлемдесу сылтауының астарында осындай бір шаруа жатқан.

Рас, мұнда бір кілтипан да бар-тын. Бәкеңнің кейінгі кездері таза қазақы ұйымдарға сырт қарап жүргені ешкімге құпия емес. Әрі оның ондай қылығының себептерінің бірі де белгілі. Мәселе азаматтардың саяси санасы оянғанында жатқан. Олардың бойларында жалпы төре тұқымынан шыққан билеушілерге қарсы пікір қалыптасқан тәрізді-тін. Ана жылы бірінші Думаға сайлау науқаны барысында Бақытжан сұлтан Қаратаевты депутаттыққа өткізбей тастағандары сондай бір ішкі қарсылық салдарынан-ды. Қаратаевтардың әкімшілік буындарында жауапты қызметтер атқарғандағы іс-әрекеттерін жақтыра бермеушілік бар болатын. Содан қалған ескі әдеттер кейде Бәкеңнің елі үшін атқарған ерен еңбектерін ұмыттырып жіберетін. Сәуірдегі құрылтайда жұрттың төзімсіздеу қылық көрсеткені содан-ды. Дегенмен байырғы қайраткердің шын бағасын бұлар білетін, сондықтан, алдынан өтуге келді.

Жасы үлкен аға ретінде, Жанша мен Халелді екі жағына алып отырып, қадірменді сұлтанның алдында Ғұбайдолла сөйледі.

Оны Бақытжан сұлтан ықылассыз тыңдағандай болды. Қысық көздерін сығырайта қарап, ағарған сақалын сипап сәл отырды да:

– Е-е, сонымен, Әлихан тағы сияз шақырып жатыр дейсіңдер ғой, – деп, сәл кідірді.

Сосын жақтырмаған сарынмен немкетті сауал тастады:

– Онысы не сонда? Лай судан балық ауламақ па? Жұмыртқадан жүн қырқумен шұғылданатын тірлік емес пе екен онысы?

– Неге олай дейсіз, Бәке? Жұрт жағдайын ойлайтын құрылтай қазаққа керек болғалы қашан!

– Иә! – Ол Ғұбайдолла мен оның серіктерінің уәжіне тез келісті. – Бірақ, – деп, артынша қарсы уәж айтып кетті, – жұрт жағдайын ойлайтын құрылтай өткізу  керектігі царизм* тұсында пісіп-жетілген еді ғой, сонда, нағыз қажеттілік туғанда, және қажетті құрылтайды қайткенде шақыру үшін ауызбіршілік керек боп тұрғанда, ол ұдайы кері тартып, кедергі келтірумен жүретін. Мұны ұмытуға бола ма?

 

*патшалық.

 

Ғұбайдолла күрсінді. Ол «Айқап» пен «Қазақ» беттерінде үлкен дабыраға айналдырылған орынсыз айтысты еске салған-ды.

– Сондағы іріткі әрекетін ұмытып, енді ел жағдайын ойлағыш бола қалыпты...

– Бұл бір баяғыдағы, ескірген, өткен іс қой, Бәке! Әлі күнге дейін оны ұмытпай, бірін бірі қажай бергеннен гөрі, қазақтың қос серкесі артындағы жұртын ескеріп, болашақты ойлағаны жөн емес пе...

Қасындағы жастарға аға боп жүрген Ғұбайдолла талай жылдан бері өзінің және өзі түгіл, бүкіл жұртшылықтың құрметіне бөленіп жүрген Бақытжан сұлтан сынды қадірменді ел ағасының өткендегі келіспеушілікті өткен тарих еншісіне қалдырып, ұмыта тұрғанын қалар еді...

Бірақ оған қадірменді ел ағасы иліге қоймады. Оның пайымынша, қазір қазақ съезін өткіземін деп өзеуремей, нақты жағдаймен санасу керек...

Алайда тыңдаушылары қазіргі нақты жағдайдың қазақ съезін өткізуді тілеп тұрғанын жарыса айтты.

Бәкең келіспеді. Жағдаймен санасу керек деді. Бірден-бір жеңімпаз күш ретінде билік басына социал-демократтар келді, большевиктер мен социалист-революционерлер кешегі империя  тізгінін қолға алды, жаңа өмір құруда...

Жанша түзеді. Билікті тек большевиктердің басып алғанын айтты. Басқа партия біткеннің олармен келісе алмай отырғанын, отанды қорғау комитетін құрып, өзге де шаралар жасап, оларға қарсы шығып жатқанын айтты. Орталықтағы өзгерістерді көзімен көріп келген адам ретінде. Күллі мемлекеттік деңгейдегі заңсыздықтарға куә болған заңгер ретінде. Өзі жалпымұсылман ұйымының өкілі құқын пайдаланып депутаттық қызмет атқарған Ресей Республикасының Кеңесін найзаның ұшымен қуған большевиктік тобыр билігін анархия ретінде бағалайтынын айтты.

– Осындай жағдайда қазақтың басын біріктіру қамын ойламай бола ма, қадірменді Бақытжан аға?!

Онымен ақ сақалды қадірменді Бақытжан ағасы келісе қоймады. Жер-жерді большевиктер құрған совдептер** шырмай бастағанын айтты.

– Олардың мақсаты айқын. Қазақтың арман-мүддесіне де сай келеді. Қалыптасулы ахуал енді соған бейімделуімізді қажет етеді, – деді. – Совдептер арқылы теңсіздер теңгерілмек. Біз бұл төңіректе бұрындары әрекеттеніп көргенбіз, ештеңе шығара алмадық. Ендеше жаңадан бірдеңе ойлап табам деп тыраштану не керек?!

 

**советы депутатов – депутаттар кеңестері.

 

Ол теңсіздерді теңгеру хақындағы бұрынғы іс-әрекеттерін еске алғандықтан,  тағы да өткенге шегініс жасалды.

Бұдан тоғыз жыл ілгергі, қазақтың тағдырындағы алар орны ерекше жер-су мәселесіне қатысты үкімет құжаты баршасына таныс-тын. Ғұбайдолла ел ішінде нақты қызмет атқарып жүрген азамат ретінде, қазақтың көкейкесті мәселесінің Бақытжан сұлтанның атсалысуымен Думаға қалай қойылып жатқанын тікелей біліп жүрген. Халел мен Жанша да, жоғары оқуды бірі бітіріп, екіншісі тамамдап қалған көкірегі ояу жас жігіттер ретінде, бұл мәселені баспасөз беттерінен кезінде жіті қадағалаған-тын.

Қазақ қайраткерлері «Ақмола, Торғай, Семей, Орал, Жетісу, Сырдария және Закаспий облыстарында жерге орналастыру комиссияларын құру туралы» заң жобасын жасап,  халық өкілдері мекемесінің қарауына Думадағы мұсылман фракциясы арқылы ұсынуға тырысқан. Өзге фракциялардан да тілектестер тауып, жобаға алпыс депутаттың қолын қойғызған. Алайда ол, бәрібір, халық өкілдігінің талқысына жіберілмеді. Оны қорғаудан мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев тартынды. Өйткені осы Әлихан, жобаны Тевкелевтің тілегіне сәйкес сараптап,  жер-су мәселесінің білгір маманы ретінде, оған теріс баға берген болатын. Оның сараптамасы үкімет  пікірімен сәйкес келді, заң жобасы кері қағылды...

Дегенмен Жаншаның тап осы орайда айтар күмәні бар. Үкімет атынан сөйлеген шенеунік ше, жерге орналастыру және жер өңдеу бас басқармасының бас меңгерушісін айтады, міне сол – іс жүзінде Әлекеңнің  қорытындысын сынаған сықылды көрінеді Жаншаға, қадірменді Бәкең бұған не дер екен?

Ол сұрағын кеңейтіңкіреп түсіндірді. Жаншаның пайымдауынша, қазақ қайраткерлерінің бастамасымен дүниеге келген заң жобасы озбырлықпен отарланып жатқан жер-судан оның байырғы иесінің мүлдем үлессіз, құр қол қалдырылмауын қамтамасыз етпек-тін. Онда  қазақтар тұратын облыстардағы жерге орналастыру комиссияларын қазақтардың өздерін қатыстыра отырып  құру көзделетін. Әрі оларға жүктелетін басты міндет ретінде – отырықшы, жартылай отырықшы және көшпенді қазақтар үшін жеке-жеке, әр әлеуметтік топтың мүддесін ескеретіндей, әділ жер нормасын жасау керектігі айтылған-ды.

Қазақтардың рулық-тайпалық негізде дамыған дәстүрлі экономикасын Жанша көптен қарастырып жүрген. Сонда, осы Бәкең бата беріп, университетке оқуға түскеннен бері көзі ашыла келе, халқының тыныс-тіршілігіне өзіндік зерттеу жүргізу барысында, мынаған назар аударған-ды: Бәкеңдердің Дума талқылауына алып шыққысы келген заң жобасында аса дәулетті әм  айрықша бай кісілер мен өте атақты адамдарға әлдебір артықшылықтар беру жолдары ешқандай да ескерілмеген. Оларға деген жер нормасы бөлек емес, еш өгешелігі жоқ, қарапайым халықпен бірдей түрде жасалған. Солай емес пе?  Қадірлі Бәкең, ел ағасы Бақытжан сұлтан мұны терістемей ме?

Дұрыс, Жаһаншаһ дәл байқаған. Мұны қарт заңгер растайды. Және қосып айтары, жобаның солай жасалуының қисыны да бар. Өйткені, отарлау үдерісіне бірінші боп іліккен Жайық маңы қазақтарының әбден таршылық көріп, жұтағаны сондай, талайы тасымал көлігінен айрылған себепті, ескі көші-қонды қойып, жер үйді баспана ететін жатақ тіршілігіне көшкен. Сондықтан да оларды үкімет жобалайтын он бес десятиналық норма бек қанағаттандыратын. Байын да, кедейін де. Мәселе – үкімет заңына сәйкес, шұрайлы жерге орыстармен қатар орнығып алуда жатқан-тын. Ал ара-араларындағы құнарсыздау, егістікке қолайсыздау жерлер, бәрібір,  мал жаятын қазаққа қалар еді деген іш есептері де болған  жобаны жасап ұсынушылардың. Солай, Жаһаншаһ!

Жаһаншаһ мұны түсінеді. Тек, тағы бір түсініп, білетіні – жалпақ Сарыарқа ұландары, яғни қазақтың ұлан-ғайыр қырын мекендейтін көшпенді қалың қазақ  ондай нормаға көндіге алмайды. Міне, мұны Халел де, екеуінің Ғұбайдолла ағалары да растап отыр. Бәкең сәл ой жүгіртсінші, Әлекең сараптамасында соған көңіл бөлген тәрізді емес пе ед?! Баяғыда Щербина экспедициясына қатысқандағы жинақтаған білімінің нәтижесі іспеттендіріп, ол көшпенділік нормасын басқаша сипаттаған ғой!

Бәкең қолын сілтеді.

– Көшпенділік нормасы дегенді неғылсын билік, – деді тыжырынып, – ішкі губернияларының шиеленіскен жағдайын шешуді өте қажет етіп тұрғанда! Үкімет Әлиханның сол көшпенділік нормасын орынсыз жалаулатқанын пайдаланып кетті ғой!

Бәкеңнің айтуынша, Дума мүшелерінің тиісті бөлігі қолдаған   заң жобасын Әлекеңнің басқаша сипаттауын жер істерін басқаратын ведомство бұлар әзірлеген заң жобасына жапсырып,  қисынсыз сынға алды емес пе...

Қаратаев үкіметтің қазақты отырықшы етеміз деп жоспарлағанын да, бірақ, отырықшыландыруға іс жүзінде  ешқандай жағдай жасағысы келмейтінін де анық білетін. Сондықтан да жерге жайғастыру жөніндегі бас меңгеруші, оның ойынша, жергілікті жерге орналастыру комиссияларына қазақ өкілдерін қосуды мақұлдамаған-ды. Сондықтан да, бақандай алпыс депутат ұсынып отырғанына қарамастан,  жобаны жақтырмаған, Думада талқылауға қабыл алмауды қостаған.

Үкімет атынан сөйлеген жер істері чиновнигінің ойынша, бұратаналардың әр қауымды билейтін жекелеген неғұрлым дәулетті тұлғалары қазақ даласында тұрған жерлерінің нақты қожайындары болып алған. Олар қауымдық жерді пайдаланудың күллі пайдасын өз қолдарына шоғырландырып отыр. Түтін бойынша, яғни әр отбасына бөлініп салынатын мемлекеттік салық оларға қатыссыз сияқты. Ештеңе төлеместен, тұрған аймақтарында кей жағдайларда мал шаруашылығын өрістетеді, екінші бір ретте – үлкен көлемде жер жыртады. Сондай-ақ,  қауымдық жерді орыс қоныстанушыларына мемлекет сыртынан жалға беріп жүр.

«Бұл бұратана билеушілер сондай экономикалық тетіктерді иелену арқылы тайпаластарына ықпалын арттырып, халық сотын да, басқару ісін де өз қолдарына түсірген». – Бас меңгерушінің осындай желеу айтқаны Қаратаевтың әлі есінде.  Сөйтіп, деген-ді ол, бұратаналардың арасында өмір сүретін, бұратана бұқараны іс жүзінде билеп-төстеп жүргендер өздеріне оларды жіпсіз байлап-матап, еріктерінсіз бағындырып алған. «Маңдай терін төгіп еңбек етпек  отырықшы халықты жер үлесімен қамтамасыз етуге олар мүдделі емес». – Үкіметтің ірі дәрежелі  чиновнигі осылай ұйғарған-ды. Ол, тіпті, ел ішінде бай-манаптар еңбекші халықты крепостнойлық ахуалға тақау деңгейде, жеке бастарына тәуелділік жағдайда ұстайды деп жария еткен-ді. Сондықтан да олар өз аймақтарындағы қазақтарды, сондай-ақ орыс қоныстанушыларын да отырықшы етіп жерге жайғастыруға зауықсыз деген.

  •  Және «отырықшылану нәтижесінде орын алмақ тұрмыстық өзгерістер бұларға тиімсіз, сондықтан да олар өздеріне қолайлы заң жасатып алмақшы» деп, көпе-көрнеу бар пәлені біздің жобаға жапқан.

Қызығы, отырықшы-жер өңдеуші және отырықшы-мал өсіруші тұрпатындағы қазақтарға жобадағыдай жер үлесін беруді қолдайтынын үкімет бүкпеген. Бірақ соны айта отырып, жан басына 15 десятинадан артық жер беруге болмайды, көп мөлшерде бөлуге министрлер кеңесінің нұсқауы тыйым салады деген. Аңғара ма Ғұбайдолла мен оның інілері? Заң жобасы жерді сол 15 десятинадан ғана бөлуді ескеріп отырғанына қарамастан, одан артық жер бөле алмаймыз дейді. Ал одан артық жерді – көшпенділік жолымен талап етілетін норманы – заң жобасына біздің кіргізбегенімізде жұмысы жоқ, жер министрі ешкім күмән келтірмейтін басы ашық сылтауды дуылдатып, жер комиссияларына жергілікті бұратаналардан өкілдер кіргізу жайын әдейі елеусіз қалдырған-ды. Оның мұндай шолақ қорытынды жасауына сонау білікті деп есептелетін жер-су маманының сараптамасы себеп болғанын бұл қалай ұмытар...  Мына алдында отырған жастар көсем көріп, соның шақырған жиналысына барамыз деп желігіп тұрған маманның...

Қадірменді заңгер, үлкен қайраткер Бақытжан ағасын Жанша түсінеді, – үкімет өкілдерінің қитұрқылықтарында шек жоқ. Бірақ, Бәкеңнің қамқорлығын көп көрген Жаһаншаһ есімді  шәкірті тілге тиек етілулі құжатқа қатысты Әлихан мырзаның да ниеті оң болғанына шәк келтірмейді. Тек мұның бәрі ескі үкімет тұсындағы әңгіме екенін ұмытпаған жөн шығар...

Ғұбайдолла да, Халел де өткенге салауат айту жағында. Ол кезде мәселе тек Әлиханның сараптамасына тіреліп қалған жоқ емес пе...

Иә,  жобаны талқылауға қабылдатпау үшін, жобаны үкімет жарамсыз деп, бір қарағанда байыпты қорытынды бергені рас. Жер-су мәселесінің бұратанадан шыққан ірі маманы жобада басшылыққа алынған он бес десятиналық нормаға қарсы болғанын үкімет ұтымды пайдаланды.

Шынында, отырғандар Бақытжан сұлтанмен келіседі, Әлихан сұлтанның заң жобасын терістеу мақсатында келтірген уәжін үкімет тас-талқан етті. Егер ол сол жолы түрлі партия атынан өкілдік етуші Мемдума мүшелері қолдарын қойған, он бес десятиналық норманы қолдаған жобаны мақұлдағанында, өзінің заман талабына жауап бермейтін пайымын тықпаламағанында, бәлкім, басқаша болар ма еді, қайтер еді. Тіпті, басқаша болмай-ақ қойсын, ең бастысы, қазақ қайраткерлері ұстанған ниеттің әділдігі, адалдығы, ұтымдылығы, ел тұтастығына қызмет ететін мақсат бірлігі көрінер еді ғой. Өкінішті, алайда ондай қылық сол кезде көрініс бермеді. Бірақ ана замандағы сол оқиғаға бола енді кек сақтап керегі не...

Бақытжан сұлтан саусағын безеді. Мәселе кек сақтауда емес, түсінсін балалар... Қазіргі таңда өкімет өзгерді, кедейлер мүддесі қорғалатыны аныққа айналды, оны кеңес билігі жүзеге асырмақ...

Қозғалақтап қояды ғой, Жаһаншаһтың шәгі бар ма? Жаңа өкіметтің шыққан көзін көріп, күдер үздім, тектілігіне күмәндандым дей ме? Қателеспесін. Ол теңсіздерді теңестіретін өкімет...

– Кім біледі... – Отырғандар қолдарын жайды.

Жанша пайымын ірікпеді. Қалай болғанда да, Бәкеңнің теңсіздерді теңестіретін өкімет деп отырғаны – жұмысшылар мен солдаттар депутаттары кеңестерінің большевиктер басып алған съезі боп шықты ғой. Сонда жарияланған кеңес өкіметінің  де, тиісінше, сонда сайланған үкіметтің де билікке зорлықпен келгені рас қой. Ендеше, оған қалай қарауымыз керек? Осындайда Орынборда жиналып жатқандарға қосылып, ел мүддесін таразылау, бұдан былай не істеп, нені қою жайын ақылға салып көру жөн емес пе?! Әлекеңнің бұл бастамасы зор құрметке лайық емес пе? Бәкеңнің алдында отырған інілері ел мүддесі жолына басын тіккен үлкен қайраткерге қолдау көрсетуді дұрыс санайды. Түсінсінші осыны бұл үлкен кісі...

Үлкен кісі басын шайқады. Жөткірініп, буырыл сақалын ақырын сипады.

Бәрі бір мезет мынаған қарасын. Қазақтардың көшіп жүруіне бөлінген мемлекеттік жерлер барлық қазақ халқына тән деген идеяны Бақытжан Қаратаев алғашқы қазақ конституцияшыл-демократтар партиясын құрғанында бағдарламалық тұжырым еткен. Оны патша заманында аузы дуалылар мойындамады. Дегенмен тап соны, енді, бүгінгі кеңестер билігі мақұлдар деп ойлайды. Өйткені ол самодержавиелік пиғылды біржолата жоюды мақсат етіп отыр...

Бірақ, мал шаруашылығын жекелеген байлардың қолына көне жолмен шоғырландыру жайындағы Әлихан қорғаштаған көзқарасқа жаңа өкімет келісе қояр ма екен? Ең бастысы, оған езілген тап көне қояр ма екен?..

Ол алдында отырған жігіттерге айнала қарап алды да, өз сұрағына өзі жауап қайтарды. Және алда тұрған міндетті айқындады.

– Көнбейді, – деді ол жігерлі үнмен, – езілген тап Әлихан қорғаштаған көзқарасқа мойынсұнбайды. Себебі ескі тіршілік салты мына қарыштаған қарқынмен өзгеріп жатқан жаңа заман талабына жауап бермейді. Ендеше не сандалыс? Жағдаймен есептеспей, өз бетіңше оңаша отау тігуге тырысушылық жарар ма қазіргі сәтке? Араларыңдағы өзге халықтарың қайда қалмақ? Олар орталықтағы жаңа билікті қолдайды. Ендеше ел мүддесін тек солармен бірлесе отырып шешуге тырысу керек. Ал мына  өз бетінше лаққандар халықты жақсылыққа апармайды. Ілеспеңдер оларға.

Ғұбайдолла үнсіз құлақ тосып отыр. Жанша Халелге көз қиығын тастап, терең тыныс алды. Бақытжан сөзін сабақтай берді. Орынборға жиналыс шақырып жатқандарды сынады.

– Азғантай топ бас қосып, халықты өзіміз басқарсақ дейді... – Сұлтан ащы кекесінмен мырс ете түсті. – Неткен ақыл өтіп кеткен қулар! – деп қолын сілтеді.

Сосын жазда атын дабырайтып шақырған жалқықазақ съезі деген жиындарына жиырма шақты ғана адам қатысқанын айтты. Өтірік дей алар ма екен оны осынау алдында отырған жігіттер? Өтірік емес, әне түрлері айтып тұр! Соған қарамастан, сонау орынборлықтар сол жиырма адамдық жиналысын  керемет қып дәріптеп, іштері кепкенше мақтанып жүр бұл күнде деп мысқылдады.

Халел қабағын шытты. Айтпақшы, жақтырмағанынан байқап тұр, бөспелердің қатарында осы ініміз де жүрмегей?!  Бөспелердің қатарында жүруі ықтимал інісі күрсінді.

Ол жазғы құрылтайдың төрағасы болған-ды. Мазмұнды құжаттар қабылдағандары анық, оны осынау қарт қайраткердің бағаламағаны қызық екен...

Ал осынау қарт қайраткер содан туындатқан болжамын артынша-ақ естіртті: бұлар бет алғалы отырған жиналыс қазір де сол шамада бас қосатын шығар.

Оған отырғандар үнсіз келіскендей сыңай танытты. Облыстан бармақ делегаттар санына шағып қарағанда, барлық қазақ аймақтарынан келуге тиіс делегаттар, әрине, жаздағыдан көбірек болады, дегенмен, сонша көп те емес-ау.

Міне, солай, ендеше інілері мынаған да шәк келтірмесін: сонау орынборлықтар жер-жерден келіп, өздерінің айтқандарына бас шұлғуға әзір тұрарлық әркімді таңдап шақырады, мақсаттары – соларға өз ойларын мақұлдатып алмақ та, қазақ мұңын  жыртушы боп шыға келмек...

– Авантюристер!

Қарт күрескердің ашу-ызасын тұжырымдаған осы сөзінен кейін Ғұбайдолла ақырын ғана:

– Артық кеттіңіз-ау, аса қадірлі Бәке, – деді.

Аса қадірлі Бәкең тосыла қоймады.

– Түк те, – деді. – Бүгінгі жаңалық олардың көш соңында қалғанын көрсетіп тұр. Сендер өзі Ресей  өкіметінің басына келген Халық Комиссарлары Кеңесінің үндеуін оқыдыңдар ма? – Үстел үстіндегі газетті алып, бүктеуін жазды. – Міне, қараңдар: «Уақытша Жұмысшы және Шаруа үкіметінің газеті»! Күні кешегі, 24 қарашадағы саны. Маңызды жаңалық осының бетінде жарияланған көрінеді.

Келгендерге бұл газет беймәлім, ондағы жаңалық мазмұны бейтаныс екен. Қарт күрескер оның мән-жайын өзі түсіндіруге көшті.

– Арнау «Ресей мен Шығыстың барлық  еңбекші мұсылмандарына!» деп аталған, – деді газеттегі тақырыпты нұқып.

Мына отырғандар – Әлиханның ертегісіне елтушілер – тыңдасын! Міне: «Жолдастар! Бауырлар!» деп жүрекке тигізе бастайды. Ресейде ұлы оқиғалар болып жатқанын айтады. Одан ары – бөтен елдерді бөлшектеп бөліп алу мақсатында басталған қанды соғыс ақырына таяп келеді делінген.

– Әлем халықтарын құлына айналдырған құзғындар билігі құлап барады! Езгі мен құлдықтың көнерген ғимараты орыс революциясының соққысы астында қақырап қаусап барады!  Озбырлық пен езіп-жаншу әлемі соңғы демдерін алуда! Қалай?!

Қаратаев рухтана сөйлеп, артынан ілескен ізбасар күрескерлеріне масаттана қарайды.

– Жаңа өмір, еңбекшілер мен азаттық алушылардың өмірі туып келеді!  Ал осы революцияның басында жұмысшы және шаруа үкіметі, Халық Комиссарларының Кеңесі тұр. Бұл – факт, онымен санаспауға болады деп қалайша ойлайсыңдар?!

Ол өзі қатты иланған сеніммен сөйлеп отыр. Бүкіл Ресейді Жұмысшылардың, Солдаттардың және Шаруалардың Революциялық Кеңестері жауып кеткен. Елдегі Өкімет билігі солардың тілегіндегі халық қолында. Ресейдің еңбекші халқында бір ғана тілек бар.  Ол – адал да әділ бейбітшілікке қол жеткізу. Түсіне ме мұны Ғұбайдолла мен оның інілері? Және бір тілек – бостандықты жеңіп алғылары келетін дүние жүзінің езілген халықтарына көмектесу. Игі ниет деген осындай-ақ болар!

Білсін осынау жас қайраткерлер: бұл қасиетті істе Ресей жалғыз емес. Орыс революциясы ортаға тастаған азаттықтың ұлы ұранын Батыс пен Шығыстың бүткіл еңбекшілері іліп әкетіп жатыр. Европаның соғыс қалжыратқан халықтары бейбітшілікті аңсап, әлден-ақ Ресейдегі жеңімпаздарға қол соза бастады. Батыстың жұмысшылары мен солдаттары империализм қамалдарын шабуылдап, социализм туы астына жиналуға кірісті. Ал алыс Үндістан, кәдімгі Европаның «оқыған, көзі ашық» жыртқыштары ғасырлар бойы езіп келген үнді елінің тап өзі, міне сол ел – өз Депутаттар Кеңесін ұйымдастыра отырып, жиренішті құлдық қамытын иығынан ысырып тастай келе, Шығыс халықтарын күреске және азаттыққа шақыруда! Олар, міне,  көтеріліс туын аспандата желбіретіп те қойды!

Ой жүгіртіп көрсін осынау қазақ қамын жеуші жастар: бүгінгі билік капиталистік талан-таражға салу мен озбырлық жасаудың патшалығы күйреп жатқанын айтады. Бүгінгі билік мынаны біліп айтып отыр: империализм жырқышының табанының астында жер өрт болып жанып жатыр!

– Осынау ұлы оқиғалармен бетпе-бет тұрып, біз сіздерге – Ресейдің және Шығыстың еңбекшілері мен жарлы-жақыбай мұсылмандарына – өз үндеуімізді арнаймыз дейді жаңа өкімет.

Міне олар үндеуін кімге қаратып айтуда, мұқият құлақ салсын алдындағы  ел қызметіне жегілген қайраткерлер: жаңа өкімет жүрекжарды сөзін арнағандар ішінде  Ресей мұсылмандары –  Еділ бойы мен Қырым татарлары, Сібір мен Түркістанның қазақтары мен сарттары, Закавказье түріктері мен татарлары, Кавказдың шешендері мен таулықтары, Ресейдің патшалары мен езушілері тарапынан мешіттері мен ғибадатханалары қаусатылған, діни иланымдары мен әдет-ғұрыптары аяққа тапталған барша жұрт бар. Ілік қылатындай нені сылтаулатарға болар? Бәрін ескерді емес пе?!

Ел қызметіне жегілген,  Бақытжан сұлтанның алдына сол қызметтеріне орай келіп отырған  қайраткерлер тіс жармай аузына қарауда. Шынында, жалпыға арналған үндеу...

Сол үндеуді дәріптеуін жасамыс сұлтан жастық құштарлықпен сабақтай түсті. Тыңдасын мына әлиханшыл азаматтар: «Осыдан бастап сіздердің діни иланымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз азат және қол сұғуға болмайтын дербестікке ие деп жарияланады. Сіздердің бұған құқтарыңыз бар. Біліп қойыңыздар, сіздердің құқтарыңыз, Ресей халықтарының барлығының құқтары секілді, революцияның және оның органдарының – Жұмысшы, Солдат және Шаруа депутаттары Кеңестерінің  барша күш-қуатымен қорғалады». Бұл немене, кепілдік емес пе?!

Жанша Питердегі төңкеріс күндерінде бастан кешкен қызу пікірталастарға толы кездесулерді іштей есіне алып: «Сөз жүзінде ғана болуы ықтимал», – деп ойлады. Бірақ ештеңе демеді, серіктері тәрізді, жақ ашпай тыңдай берді.

– Келіңдер, байыбына барайық бұл мәселенің. Аңғардыңдар емес пе,  Үндеуді жариялаушылар осы революцияны және оның толық өкілетті үкіметін қолдауға баршамызды шақырып тұр ғой!

Қаратаев тағы мәтінге үңілді. Назар аударсын алдында отырған інілері: олар шын жүректен шыққан сөзді күллі Шығыс мұсылмандарына, парсылар мен түріктерге, арабтар мен үнділерге, Европаның тойымсыз жыртқыштары жүздеген жылдар бойы бастары мен мүліктерін, бостандығы мен отанын саудаға салып келгендердің барлығына, дүниежүзілік соғысты бастаған тонаушылар елдерін бөліске салмақ боп тұрған барша жұртқа арнаған. Сол барша жұртшылыққа олар мынаны мәлімдейді: тақтан құлатылған патша жасаған және биліктен тайдырылған Керенский қуаттаған Константинопольді басып алу жөніндегі жоспар мен құпия келісімдер бүгінде жыртып тасталды және тып-типыл жойылды. Россия Республикасы және оның үкіметі – Халық Комиссарлары Кеңесі – бөтен жерлерді басып алуға қарсы:   Константинополь мұсылмандардың қолында қалуға тиіс!

– Қане, естеріңе түсіріңдерші, – деді сұлтан қысық көздерін жігіттерге кезек тастап, – бізге де керегі осы емес пе еді? Енді қасиетті Стамбулға ешкім айқыш-крешімді апарып қадасам деп көз тікпейді.

Жігіттер бас изеді. Жаңа өкіметтің жанашыры, дұрысында, Уақытша үкіметті мылтық істігімен төңкеріп тастап, жаңа өкімет тізгінін қолға алған большевиктердің қатарына кірген қарт сұлтан соған қатысты дәріптемесін жалғастыра берді. Кеңес өкіметі тағы мынаны мәлімдеген деді ол: парсы елін бөліске салу туралы келісім де жыртылып, жойылды. Соғыс қимылдары тоқтатылысымен, әскерлер Персиядан шығарылатын болады, сөйтіп парсыларға өз тағдырын өздері емін-еркін айқындау құқы қамтамасыз етіледі. Қазаққа бір табан тақау мына мәлімдемесіне де құлақ түрген жөн: Түркияны бөліске салу және одан Арменияны тартып алу туралы келісім жыртып тасталды және жойылды. Соғыс қимылдары тоқтатылысымен, армяндарға өз саяси тағдырын еркін айқындау құқы қамтамасыз етіледі. Бұлардан қандай қорытынды туады?

– Ресей және оның революцияшыл үкіметі ешкімге қатер әкелмейді! Әлгінде аталған барша жұртты жаңа өкімет ешқандай да құлдыққа түсірмейді. Ондай  қауіп кеңес өкіметінен емес, басқа жақтан келмек.

Бәкең көзін газеттен айырмай, сұқ саусағын безей, екпіндете сөйледі:

– Ондай  қауіп бізге европалық империализм жырқыштарынан келуі ықтимал. Ондай  қауіп отанымызды осы уақытқа дейін тонаған және талан-таражға түсірген, өздерінің басыбайлы отарына айналдырған патшашыл жырқыштар тарапынан әлі күнгі төніп тұр! Білдіңдер ме?

Ғұбайдоллаға, одан Халел мен Жаншаға барлай, сынай қарады. Сосын қайтадан газетті мазмұндап кетті. Кеңес өкіметінің барша жұртты өз елдерінің жыртқыштары мен езушілерін төңкеріп тастауға үндеп отырғанын әңгімеледі.

– Ескі әлемнің ұстындарын соғыс пен күйреп-күйзелу қаусатып-таптап жатқан қазіргі сәтте – күллі әлем империалист-басып-алғыштарға қарсылық сезімге тұнып,  күйініп тұрғанда, наразылық ұшқындары революцияның қуатты жалынына айналып бара жатқанда, өзге ел басқыншыларының езгісінен титықтаған және азап шеккен үнді мұсылмандары да өз езушілеріне қарсы көтеріліске шыққанда, – бұдан әрі үндемей қалуға болмайды!

Ал үндемей қалмаудың жолын кеңес өкіметі мынандай әрекеттер жасау деп біледі, тыңдасын мына сиязшыл жастар: уақытты текке өткізбеңіздер дейді жаңа билік, жер-суларыңызды басып алған жаулаушылардан арылыңыздар, олардың арам қолдарын иықтан сыпырып тастаңыздар! Оларға өз туған ошақтарыңызды бұдан әрі тонауға жол бермеңіздер! Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Сіздер өз өмірлеріңізді өз қалауларыңызбен құруға тиіссіздер! Сіздер бұған қақылысыздар, өйткені сіздердің тағдырларыңыз өз қолдарыңызда! Міне қандай бұл үндеу! Білдіңдер ме?

Тағы да назарларын аударсын, жаңа үкімет барша жұртқа: «Жолдастар! Бауырлар!» дейді. Өздерінің демократиялық әлемге адал, табанды да шешімтал сезіммен беттегенін айтады. «Біз әлемнің  езілген халықтарына өз Туымызбен бостандық әкеле жатырмыз»,  – дейді. Әлемді жаңартуды көздеген осы жолда бүткіл Россия мұсылмандарынан,  Шығыс мұсылмандарынан жанашырлық пен қолдау күтеміз деп жар салады. Жүрекжарды сөз осындай-ақ болар.

Қаратаев газетті жауып, кездесуді қорытқандай болды:

– Біз Орал совдепінде, яғни жұмысшы мен шаруа депутаттарының кеңесінде  бұл үндеуді тиянақты талқылап, нақты шешімдер қабылдамақпыз. Тап сондай істі жер-жерде жасау жөн.

Өзіне ізашар аға ретінде үміт арта келген күрескер серіктеріне сүзіле көз тастады.

– Пайдасыз, әрі кеңес өкіметіне қарсы, демек, қазаққа залалды жиналысқа бармауға кеңес берем, – деді, – дұрысы, кеңес өкіметі ауқымында автономия алуды жақсылап ойластыру. Соған тер төккенге жазсын...

Ізашар аға үмітті ақтамады. Ғұбайдолла күрсінді. Халел мен Жанша бір-біріне қарады.

Бақытжан да әңгімесін дамытпады. Мұның ақыл-кеңесі бұларға керексіз секілді. Орынборда өтпек жалпықазақ құрылтайының жай-жапсарын айтып, бірге қатысуға шақырып отырған кейінгі ұрпақ өкілдері кері үгітке көнбек емес-ау... Өзінен көп кіші, орталықта бұрқ-сарқ қайнаған қорғамдық-саяси қазан ішіндегі үдерісті көріп келген Жаһаншаһ та,  осынау өңірдегі елді ұйыстыру ісіне белсенді араласып жүрген Ғұбайдолла мен Халел есімді ағалы-інілі іспетті осынау жігіттер де, шынтуайтын айтқанда, одан ақыл сұрай келмеген-ді. Сондықтан да олардың тарапынан сұлтанның кеңесіне құлақ асу құлқы танытылмады. Солай боларын жаздан бері социал-демократтармен пікірлес болып, ақыры большевиктер партиясы қатарына кірген қарт күрескер де шамалаған сияқты...

 

6.

Көктемнен бері көрініп қалып жүрген пікір алуандығы ақыры жұртты екі қиырға бастағанын, осы орайда қадірменді ел ағасының өздерінен тап қазір тым алшақтап кеткенін айқын олар ұқты.

Бәлкім, мұндағы бас себеп – Бәкең мен Әлекеңнің көптен жараспай келе жатқандығы  болар? Мүмкін.

Бірақ олар жеке бастарының араздығын, әлде, білетіндердің айтатынындай, алыс аталары арасында орын алған қанды оқиғаға байланысты тұқым қуалаған өштік сезімдерін бойларына билетуге тиіс пе еді? Ондайдың бәрін бүгінгі ел басына туған сын сағатта ұмыт қалдыруы керек еді ғой! Олар көрсетер нағыз тектілік пен бекзаттық сонда кім-кімді де разы етпес пе еді... Әттең...

Әлекеңнің жалпақ елден өкілдер жиып, қазақ болашағын талқылауға мұрындық болуына қалай қолдау көрсетпессің. Ол көптің көкейінен шықты. Енді, бәрі бас қосқанда, орталықтан дүмпіген анархия селіне тосқауыл тұрғызу қажет. Құрылтай соны шешуге тиіс.  Олар осы оймен Орыборды бетке ұстады...

Бірақ,  мәселе – бірден шешімін табардай оп-оңай емес боп шықты.  Ең бастысы, бұлар құдайдай сеніп келген Әлекеңнің өзі қазіргі таңда дербес автономия алу мүмкіндігіне сенбейді екен.

Жанша түсінді.  Түсінді де, оның бұл сақтығын іштей ақтады: Әлекеңнің онысы саяси көрегендігінен, нақты ахуалды жан-жақты саралай білгендігінен тәрізді...

Ол Әлиханмен күзге салым Петроградта кездескен. Әлихан губерния комиссарларының мемлекеттік мәжілісіне келген-ді. Сол сапарда Әлекең сондағы мұсылман қайраткерлерімен едәуір пікірлескен. Жаншамен де сөйлесті, ағымдағы саясат жықпылдарын екеулеп біраз талдасқан еді. Ташкенттен жеткен жас, жас та болса бас Мұстафа Шоқаев Түркістан өңіріндегі ахуалдан тың ақпарат берді. Екеуі де одан Ташкенттегі орыс саяси партияларының әрекеттері мен Уақытша үкімет комитетінің істері және жергілікті халықтардың ұйымдары жайында мол мағлұмат тыңдады. Сондағы естігендері оларға әртүрлі әсер еткен тәрізді.

Орыс саяси партияларының белсенділіктері мен мұсылман ұйымдарының кей реттегі енжарлықтары, әрі, ең жаманы,  мұсылман ұйымдарының өзара алауыздықтары Әлекеңнің Түркістан жайында бұрындары қалыптасқан ойын бекіте түскен болатын.

Сондықтан да ол осы күзде Сібір автономиясына қосылуға әрекет етті.

Ал Томдағы Сібір съезінен оралғанында, жолшыбай Семей мен Омбыға соғып,  қазақ азаматтарына жағдайды түсіндірді, қазақ саяси партиясын құру шараларын жүргізді.

– Бізге жеке автономия талап ету тиімсіз, – деді ол жас үзеңгілестеріне. – Себебі оны басқаратын адамдарымыз жеткіліксіз. Тарих қазақ жұртшылығын оған дайын етпеді.

Омбыда бұл кезде одан өзгеше ойлайтын бір топ жігіт ұйымдаса бастаған. Олардың ішінде Петроградтан келген Көлбай Тоғысов бар-ды. Орталықтағы бұрқ-сарқ қайнаған қым-қуыт саяси тіршілік арасында жүріп түйгені мол Көлбайдың  социалистік партиялар жайында айтқан оң пікіріне сол өзгеше ойлайтын бір топ жігіт құлағандай-тын. Солардың ішінен жиналысқа* келіп отырған, Көлбаймен пікірлес Шаймәрден Әлжанов, Мұқан Әйтпенов сынды жігіттер де Әлиханның сөзін қабылдай қоймады. Қастарында отырған Көлбай қарасұр жүзі қатқылдана, ызалы ақырын үнмен:

– Дайындамадық десейші.... – дегенде, мақұлдап бас изесті.

 

*Омбы қазақтарының жиналысы 1917 жылғы 31 қазанда болды.

 

Әлихан өз ойын сабақтап жатты. Ол дәл қазіргі сәтте елдік қызметтер атқара алатын білімді азаматтардың аздығын әңгіме етті.

– Ондайларды әзірлеп алуға уақыт керек, – деді.

Онысын жақтырмай, залда отырғандардың бірі:

– Осы уақытқа дейін ай қарады ма екен, – деп күңк еткен.

– Сыртта отырып, құзырындағы газеттің құлақ күйін келтіріп тұрды, сөйтіп, іштегі жұртты аяқтан шалып отырумен шұғылданды.

Көлбай қолын кеудесіне айқастырып, мырс етті. Оның дәл қасынан бір мосқал кісі:

– Жігіттер, бос әңгімені қойсаңыздаршы, сөз тыңдайық, – деді.

Әлихан мінберден:

– Адамдарымызды дайындап, автономия алуға әзір болғанымызда, – деп, саңқылдап жатты, – Сібірден бөлінуді талап ете аламыз. Олар қарсылық қылмайды. Өйткені Сібір съезінің бағдарламасына бұл мәселе – қазақтың автономия алатыны – анық жазылған.

Оның ойынша, Сібірмен біріксек, бізде бәрі болады – ақша да, еркіндік те.

– Біздің көрші мұжықтар Сібір автономиясына қосылуға дайын.

Ал қазаққа жеке автономия сұрауды дәл қазіргі таңда ол дұрыс көрмейді. Қазіргі таңда, оның иланымынша, Сібірмен бір болған қолайлы.

– Бүгін қолда надандықтан басқа неміз бар, – деді ол. – Сібір думасында якут, буряттармен бірлессек, көпшілік боламыз, құрығанда тең боламыз. Сонда сөзіміз өтеді...

Сол тұста жұрттың еңсесін көтеріп тастаған бір жаңалық хабар гулеп тұрған-ды. Ташкент жағындағы бұратаналар өзге кірме жұрт өкілдерімен бас қосып, Түркістан автономиясын жариялап жіберген көрінеді. Онда қазақ көп. Ендеше, Ібір-Сібірді қоя тұрып, өз ағайындарымызбен бас қосқанымыз жөн емес пе?!

Әлихан бұл ойды қолдамайды.

– Түркістан автономиясына қосылу мәселесін алсақ,  ол дегенің – Түркістан автономиясына қосылу әрекетін айтам – қойын-қоншыңа тас толтырып алып, Ертіске қойып кеткенмен бірдей. Суға батасың да кетесің. Неге? Өйткені олар бізден он есе қараңғы және артта қалған!

Көлбай  күлді. Ызалана күлді. Ол Түркістан өңірінде біраз тұрған, өлке мұсылмандарының алғашқы құрылтайын өткізуге белсене қатысқан, сол құрылтай шешімімен жіберілген он екі делегаттың бірі болып, Мәскеудегі Бүкілроссиялық мұсылмандар съезіне қатысқан. Тапқан екен «қараңғыны». Пұтқа табынған сібірліктерден мұсылман қазақты қараңғы дегені қай сасқаны?! «Артта қалған» түркістандықтар ішінен ол Мәскеудегі мұсылман съезіне, Петроградтағы шаруалар съезіне делегат болған. Мәскеуде мұсылман одағының атқару комитеті мүшелігіне сайланған. Содан, Икомус құрамымен бірге барып Петроградта тұрып, күні кешеге дейін сол мекемеде қызмет атқарып келген. Ал мына төренің ертегісін қарай гөр...

– Түркістандықтардың  көзі тап осыдан да ашық, – деп мырс етті Көлбай. – Жалақор...

«Жалақор» ол тақырыпты одан әрі дамытқан жоқ. Алдағы айтулы оқиғаға дайындық жасау мәселесін сөз ете жөнелді.

– Сібір автономиясынан өз үлесімізді алып отау шығуға дайындалуымыз үшін партия құруымыз керек. Партия ертеңгі Құрылтайшы Жиналысқа депутат сайлауды ойдағыдай өткізу үшін де қажет...

Сонда, Омбыда, топ арасынан суырыла шығып, оның айтқандарына Шәймәрден қарсы шыққан. Ол сондағы оқушы жастардың өздері үш-төрт жыл ілгеріде құрған «Бірлік» атты ұйымның алғашқы жетекшісі-тін.  Көлбайдың айтып келген әңгімесі мен соңғы күндері Омбы социал-демократтарын да дүрліктіріп жіберген орталықтағы большевиктер төңкеріс жасап орнатқан кеңес өкіметі оның көзқарасын едәуір солақайландырған болатын.  Сондықтан да майталман саясаткерді таңғалдырып, оның келтірген пайымдарын осы бір Шәймәрден Әлжанов деген жігіт сын садағына алып сөйлеген.

Бірақ Шәймәрденді өзге сөйлеушілер қостай қоймады. Шешендердің бәрі беделді қайраткер Әлекең Бөкейхановтың уәждеріне құлады. Сібір съезінің егжей-тегжейін әңгімелеп болғаннан кейін, Алаш атты қазақ саяси партиясын құру жөнінде сөйлеген баяндамашыны заңгер Айдархан Тұрлыбаев қуаттады. Бұл мәселені енді кешіктірудің еш реті жоқ екенін айтты. Ағайынды Асылбек және Мұрат Сейітовтер, Мағжан Жұмабаев, Бекмұхамед Серкебаев, Дінмұхамед Әділов те қолдады.

Содан үш жұмадай ғана ілгеріде күллі жастар ұйымдары бастарын қосып съездерін өткізген, Дінмұхамед-Дінше сонда біріккен ұйымның  басқарушы органына сайланған. Міне сол Дінше жастық жігермен қызулана сөйлеп, партияның қажет екенін айтты. Жаздай Қошмұхамед-Қошке  Кемеңгеров екеуі облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Ақмолада болып, ел ішінде жұмыс жүргізген.  Сондағы Сәкен Сейфуллин, Бірмұхаммед Айбасов секілді көзі ашық жас азаматтармен облыстық комитеттің тапсырмасын орындау орайында тізе қосып, үйезде қазақ жиналысын өткізуге, қазақ комитетін құруға атсалысқан. Жастар ұйымын құрған. Сол жұмыстар барысында, қазір нақ Әлихан аға алға жайып салып тұрғандай саяси  бағдардың кемшіндігін қай-қайсысы да түйсінген еді.

Жалын атып тұрған өрімдей жас Дінше мен одан бірер көйлек бұрын тоздырған, табиғатынан ойлы, салмақты Қошке ала жаздай Ақмола үйезі өңірінде атқарған істерін саралай келе, шынында, баршасын ұйытатын және сара жолдың дұрыстығын дәйектейтін бағдаршам, мен мұндалайтын шамшырақ жоқтығын, сол кемістіктің ондағы қазақ комитетінде алауыздық туғызғанын ұққандай болған. Жаз соңына қарай қайта сайланған атқару комитеті құрамына бұлардың сайланбай қалуында да сол  шамшырақтың жоқтығы жатқан екен ғой... Әрине, Алаш атты партия туы астына бірігіп, қазақ мұңын идеяластармен бірге жырту тиімді боларына дау жоқ.

Көп пікір айтылды. Ақыры, Дала генерал-губернаторы үйіне жиналған қазақ оқығандарының Әлиханмен Сібір съезінен оралған сапарындағы кездесуі Алаш партиясының құрылтайшы жиналысына ұласты. Партияның Ақмола облыстық  комитеті сайланды. Обком құрамына Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Сейітов, Мағжан Жұмабаев, Марат Саматов, Бекмұхамед Серкебаев, Ермек Мұқышев, Ережеп Итбаев, Мұрат Сейітов, Жұбаныш Тілеулиндермен бірге Дінше Әділов пен Қошке Кемеңгеров те кірді.

Олар жұмысқа қызу кірісті. Аз күнде бес үйездік комитет құрды. Құрылтайшы жиналысқа сайлау өткізуге байланысты, Омбы үйезіндегі  ауыл-ауылды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл кезде Көлбай Тоғысов, Мүқан Әйтпенов,  Шәймерден Әлжанов  бастаған солшыл жігіттер де қарап қалған жоқ. Олар билік басына келген большевиктердің бағытын ескере отырып, қазаққа социалистік партия керек деп шешті.

– Мыналар айтып жүрген Алаш партиясы ондай бола алмайды, – деді Көлбай. – Әрі, тап қазіргі ахуалында, ол қазақтың басын біріктіре де алмайды. Бұлар алаш атының қадірін кетірді. Кезінде мен сонау бірінші революция жеңіліске ұшыраған жылдары көпке белгілі азаматтардың «Алаш» деген атауды ту етіп көтеріп, көзі ашық жігіттерді ортақ іске жұмылдырғысы  келгенін көріп, қызыққан едім. Алайда ол да бір тез аяқталған баянсыз іс болды. Сонда, елдің бірлігін көрсету мақсатында, былтыр өзім осы атаумен газет шығардым, бірақ, мақсатымның үдесінен шыға алмадым. Бұлар менің көктемде тоқтап қалған газетімнің атын пайдаланып, жалпы қазақты біріктіретін ұран етпек. Мейлі дер ем, бірақ, байқап келем, тірліктері оған ұқсамайды. Олар тек дәулеттілердің ғана қамын ойлайды. Ал бізге қалың бұқараны соңымыздан ерте алатындай, большевиктердің жолына келіңкірейтін партия құру ләзім.

Олар бірнеше мәрте бас қосып, құрмақ партияларының бағыт-бағдарын талқылады. Бағдарлама жасады. Күллі халықтың басын бір мақсатқа тоғыстыру мақсатымен, партияның атын «Үш жүз» деп қойды. Шартараптан өкілдер шақырып, съездерін өткізді. Партияның орталық комитетін сайлады. «Үш жүз» партиясының сөзін сөйлеуге тиіс баспасөз құралын – өз газетін ашу мәселесін қарастырды. Сол орайда «Алаш» партиясының Омбы комитетімен айтысқа түсті.

Ақыры, Омбылық алашшылдар Орынборға хат жолдап, «Қазақ» газеті бетіне партияның бағдарламасын жариялауды сұрады.

Ал «Алаш» партиясының бағдарламасы әлі жасалмай жатқан еді. Оны жазып шығу Петроградтағы мұсылман кеңесіне сайланған қазақ делегаттарына жалпықазақ съезінің шешімімен жүктелген болатын. Алайда орталықта қызмет атқару үшін Петроградқа қазақтардан жалғыз Жанша Досмұхамедов қана барды.

Оған Икомуста қызу жұмыс атқаруға тура келген. Мұсылман одағы атком төрағасының орынбасары лауазымындағы міндеттері өз алдына, Уақытша үкімет тарапынан Ресейдің Республика деп жариялануына байланысты да, қосымша жұмыстар туындаған. Россия Республикасының Уақытша Кеңесі жасалмақ-ты. Заңнамалық ұсыныстар әзірлеуге қатысуы бар, басқа да қосымша қызметінің көптігіне байланысты, жалпықазақ съезінің тапсырмасын жалғыз өзі орындаудың реті келмейтіні айқынға айналған. Ал Құрылтайшы Жиналысқа сайлау уақыты болса – тақалып қалды. Сондықтан, өз ұғымындағы негізгі бағдармалық баптардың мазмұнын Орынборға хат арқылы жеткізе отырып, бұл міндетті атқаруға тағы адамдар тартқан жөн болмағын хабарлаған. Ол – қыркүйектің орта тұсы еді.

Екі айдан кейін оны орынборлықтар жүзеге асырды. Партия бағдарламасын жасасын деп съезде белгіленген адамдар бас қоса алмағандықтан, олардың тарапынан бұл міндеттің орындалмайтыны аныққа шыққанда, мәселені Әлиханның өзі қолға алды. Не керек, Әлекең, Ахмет, Міржақып, Елдес, тағы бірер жігіт бас қосып, «Алаш» ұстанбақ жолды жазып шықты.  Жоба газетте басылды.

Бұл бір дер кезінде істелген шаруа еді. Құрылтайшы Жиналыс сайлауына кіріскен  жергілікті комитеттерге басшылық етіп алуға жақсы болды. Сайлау өтті. Бағдарлама бойынша арнайы жиын өткізілмесе де, өкілетті адамдар бас қосқан партиялық құрылтайда бекітілмесе де, жұрт оны ұлттық құрылыста ұстанар негізгі бағыт ретінде қабылдады. Нәтижесі жаман болған жоқ. «Үш жүз» де, большевиктер де сайлау нәтижесінде «Алаштың» қасында жіп есе алмай қалды...

 

7.

Дегенмен, желтоқсан жалпықазақ құрылтайына жұрт партиялық емес, елдік мәселені қарауға жиналып отырған. Баршасына мәлім, жағдай саяси ұйымдардың айтыс-тартыс, пікірталас, ой жарыстыру әрекеттерін тар арнаға түсіргелі қашан... Міне, он шақты күн болды, тұғырнамасы қазақ қозғалысына бөтен бір партия орталық өкіметті заңсыз басып алды. Енді әртүрлі күш өзінше ұйысып жатыр. Қазаққа мұндайда қалай ету керек? Мына жан-жақтан төнген қилы қатер тұсында аңғал, бейғам, негізінен көшпенді қазақ қандай жол таңдауға тиіс? Кіммен жақындасқан жөн? Сібір өз автономиясын жария етті. Оған қазақ қосылады деген хаттама бар. Түркістан да өз автономиясын жария етті. Онда қазақ көп, бірақ тап сол автономия қазаққа қаншалықты қажет? Атты казактар ұйыстырып отырған Оңтүстік-Шығыс одақ бар, қазаққа бұл қаншалықты тиімді болуы мүмкін?

Міне,  осылар жайында Әлихан Бөкейханов үлкен баяндама жасады. Қазақ елінің дербестікке жету жолын сыпаттайтын баяндамасын жүйелей таратты. Сол реттегі өзекті саяси ойларды аян қыла келе, ол өзінің күні кешегі алғашқы құрылтайға дейін бекем ұстанып келген кадеттік көзқарасынан айнығанын жария етіп, себебін де айтты.

Бұл көпшілікті қызықтыратын жаңалық еді. Залда отырғандар да, съездің жұмысына сырттан, өзге қалалардан құлақ түргендер де сонау хабарға елең етті. Өзара талқылады, бірі мақұлдады, екіншісі өкініш білдіріп, келесісі бейтарап қалып танытты. Өйткені ол халық бостандығы партиясының байырғы мүшесі-тін. Самара секілді ірі қалада ұйысқан бөлімшесін басқарған, ал биылғы көктемде орталық комитетінің құрамына сайланған белгілі қайраткер еді. Сөйткен Бөкейханов конституцияшыл-демократтар партиясынан кетті, ат-құйрығын біржола үзісті. Жұртты осының мән-жәйі әуестендірген-ді.

Әлекеңнің өзі мұны айқын мысалдармен дәйектеді. Себебі, ешкімге құпия емес, кадет партиясы – жердің жеке меншікте болуын жақтайды. Ал бұл қағидат қазақ үшін залалды, бұл – аз жылда қазақтың жерін сыпырып сатып алып, өзін сымпитып жалаңаш қалдыру жолы. Ондай кейіп башқұрт басына түсті емес пе, енді қазаққа кадеттер жетегімен жүріп, тап соларша алдану жарамайды...

– Кадеттер біртұтас, бөлінбес Ресейді құрмақ, ал біз, алаш ұранды жұрт – жиылып, ұлт автономиясын тікпекпіз, – деді ол одан әрі. – Кадеттер рухани істі уыста ұстау жағында, ал біз, қазақ ісін көркейткіміз келетін азаматтар, – дінді мемлекеттен бөлек ұстасақ дейміз.

Осындай жағдаяттар орайында Әлихан Нұрмұхамедұлы қажыр-қайратын болашақ тәуелсіз қазақ елі құрылысын жасау жолында еңбек ететін Алаш партиясына арнағанды жөн көрді...

Пайымдарын өстіп таратып айта келе, ол сол жолы халық бостандығы партиясынан шығатынын мәлім еткен-ді.

– Партия ірі қайраткерін жоғалтты, – десті орыс партияларындағы үзеңгілестері, – қазақтар арасындағы білімді, жігерлі қоғам қайраткерінің кадеттерді тастап кетуі өте өкінішті-ақ.

Кейбіреулер өкініш білдірушілер уайымымен келісе қоймады. Ондайлар Орынборда да, Омбыда да бар-тын.

– Большевиктердің кадеттерді заңнан тысқары деп жариялағанын естімедіңдер ме? – деді бірі.

– Рас-ау, – деп келесісі саусағын шошайта, ойға батты, – жазғы Корнилов бүлігін де солардан көретінін большевиктер дабыралата айтып жүруші еді ғой...

Қолдау табыла кеткеніне масаттанған алғашқысы жаңа өкіметтің Петроградта  бүгіндері кадеттердің көсемдері мен белсенділерін тұтқындап жатқанын еске салды. Сонда, Бөкейхановтың қызметіне сын көзбен қараушылар:

– Соны ести тұра, ондай партиядан тезірек қашпағанда қайтеді, – десті. – Кадеттер қатарынан шыққанын мейлінше жариялы түрде аян еткені – өзін қауіпсіздендіру тәсілі де. Егер ол шын идеяшыл болса, о баста кірмес еді ғой. Құрығанда, күні кеше – мамыр айында болған съезде орталық комитетке мүше болып сайланудан бастартпас па еді.

«Иә, бар болғаны осыдан жарты жыл бұрын жасақталған орталық комитетке мүше болып сайланудан бастартуы керек болатын». – Мұндай сараптаманы Әлихан Нұрмұхамедұлының ойда жоқта қызмет баспалдағымен зу етіп жоғары көтеріліп, облыс генерал-губернаторымен шендес лауазымға тағайындалуын көре алмаушылар айызы қана жасап жатты. Өйткені, деп пайымдады ондайлар, халық бостандығы партиясының бұрынғы самодержавие орнына унитарлы республика тұрпатындағы мемлекет құруды жақтайтыны да, ұлттарға тек мәдени автономия бергілері келетіні де, жердің жеке меншікте болуын қалайтыны да тап сол жаңа орталық комитет сайлар алдында ешкімге құпия емес-ті. Бірақ осынау мансапқор бұратана олай етпеді. Яғни орталық комитет құрамына ол саналы түрде кірді. Енді, сол қадамының залалы тиюі ықтималдығын көргенде, бұратана тайпаластарының қамын сылтауратып, кадет партиясынан тез бастартып отыр...

Мұндай әңгіме оны жақтырмайтындардың арасында қозғалды. Ал тілектестері оның осы уақытқа дейін озық ойлы зиялы жандарды біріктірген кадет партиясында, тіпті аса құпия масондар ложасында болуын да, енді бағдарын біржолата ұлттық қозғалыс мүддесіне бұруын да  биік мүдде тұрғысынан бағалап, ақтады.

Алайда бұл тектес мәселелер төңірегінде құрылтай делегаттары сөз ұзартпады, оларға қазіргі сәт маңызды еді. Ал қазіргі сәтте Уақытша үкімет тарапынан тағайындалған, өкілеттігі әлі күшінде тұрған Торғай облыстық комиссары әрі аса беделді саяси қайраткер Әлихан Бөкейханов қазақ қамын жеп, ел болу шарттарын ойластырып тұрған...

Орыс пен қазақ ішінде тең дәрежеде абыройлы үлкен күрескердің жүрекжарды сөздері – көзқарасы мен автономия түрін таңдаудағы қисындары – делегаттар көкейінен шықты. Тек енді осынау салиқалы саяси дәйектерді негізге алып, түбегейлі шешім алуға жарарлықтай нақты ұсыныстар әзірлеу керек.

Мұны тиянақтау ләзім, осы мақсатта съезд ерекше комиссия құрғанды жөн деп тапты. Құрылтай күн тәртібіндегі басқа мәселелерді талқылап болғанша, комиссияға кірген азаматтар қабылданбақ қаулының жобасын әзірлесін...

Сосын құрылтай күн тәртібінің келесі бабына көшті.

 

 

8.

Делегаттар халық ағарту шаруалары хақында келелі сөз қозғап, алда тұрған міндеттерді талқылады. Содан соң, оқу ісі орайындағы мәселе жан-жақты қаралып, онымен шұғылданатын арнайы комиссия құрылды. Осы шаруа бір ыңғайға келтіріліп болғаннан кейін, мінбеге Мұстафа Шоқаев көтерілді. Ол әлгінде ғана Ташкент пойызынан түскен болатын. Жеткен беті.

Жұрт оған қызығушылықпен көз тікті. Оңтүстікте пайда болған жаңа автономиялық құрылымның өкілі. Қазақ құрылтайын шақырушы Әлихан Бөкейханов өз баяндамасында соншалықты оң сипаттамаған Түркістан автономиясын құрушылардың бірі. Бірі емес, бірегейі.

Құрылтай төрағасы Құлманов сөз берерде атап айтып таныстырғандай, Қоқан қаласында жарияланған Түркістан автономиясы үкіметінің мүшесі. Шет елдермен байланыс жасау бөлімінің бастығы, былай айтқанда – сыртқы істер министрі.

Орынбор жеріне табаны тигелі ол өзі саясаттағы ұстазы санайтын Әлиханмен де,  қайраткерліктерін құрметтеп, аға тұтатын Жаншамен және Халелмен де, өзге де қадірменді азаматтардың бірқатарымен сәлемдесіп, пікірлесіп үлгерген. Съездің ашылуына дейін келген түркістандық делегаттардан да, оның өзінен де сонау түстік өлкедегі ахуалды жұрт біршама біліп қалған-ды.

Сонымен, Мұстафа мамыражай көктемде Түркістан мұсылмандарының алғашқы бас қосуында көшбасшылыққа көтерілген болатын. Сол бірінші съезде ұйысқан өлкелік мұсылман комитетінің, түркіше – Шуро-и-Исламияның, одан кейінгі саяси оқиғаларға орай оның қызметінің жаңа мазмұнмен толығуына байланысты ие болған атауымен атағанда – Ұлттық орталықтың төрағасы. Сәуірде өткен алғашқы құрылтайда жасақталған мұсылман комитетінің бір ауыздан сайланған жас төрағасы.

Өлкедегі зиялылар оны осылай, жастығына қарамай, патшалықтың құлауы себеп боп туған ұйымның басына сайлауды қош көрген-ді.

– Мұндай сенімдеріңізге үлкен рахмет, – деген-ді ол сонда, – алайда өлкенің мұсылмандар одағын басқаруға мен әлі жетіліңкіреген жоқпын, айып етпеңіздер...

Бірақ құрылтайшылар Мұстафаның өзін әлі тым жас санап, мұндай лауазымнан бас тартқанына қарамады. Бүкілресейлік мұсылман комитетіндегі, одан, былтырдан бері Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы бюросындағы қызметтерінің жағымды нәтижесінен едәуір хабардар болғандықтан солай етті. Оның орталықтағы жағдайды және күллі Ресей аумағындағы мұсылман жұрттары қозғалысының ахуалын жақсы білетіндігі түркістандықтардың ұйымдық тыныс-тіршілігіне пайдасын тигізеді деп пайымдады.

Олар қателеспеген-ді. Мұстафа өзі Питерден аттанарда көңіліне түйген міндетін – түркістандық жұртшылықты автономиялық режимде өмір сүруге даярлау орайындағы парызын адал өтеуге кірісті. Асықпады, аптықпады. Ташкентте ұлт қайраткерлерінің белсенді шоғыры әрекет етіп жатқан. Олардың біразы доғарыстағы генерал Сейітжапар Асфендияровтың үйінде бас қосып тұратын. Көптен өтіп келе жатқан саяси үйірмеде, генералдың майданнан оралған баласы Санжармен бірге,  көзқарастарын үйлестіріп жүрген болатын. Үйірме жұмысына студент шағында, демалыстарына келген уақыттарында, Мұстафа да қатысып кететін. Революциядан кейінгі саяси жағдай солардың бәрін ашық күрес алаңына алып шыққан еді. Мұғалім Сұлтанбек Қожанов бастаған жергілікті зиялы жастар «Бірлік туы» газетін ашуды материалдық-техникалық жағынан  дайындаған. Әуелде Мұстафа сол басылымды басқарып, насихаттық жұмысқа көңіл бөлді. Одан, Уақытша үкіметтің арнайы жасақтаған өлкедегі комитетімен, Сырдария облыстық атқару комитетімен, түрлі саяси партиялармен тығыз байланыса отырып жүргізген қоғамдық қызметтер көбейе келе, газеттегі жұмысын тоқтатты. Революциялық оқиғалар Мұстафаны тез арада-ақ буырқанған өзгерістер толқынының жалына шығарды. Ол беделді саясаткерлердің бірі ретінде танылды.

Құлағын орталыққа жіті түрген большевиктер Ташкент Кеңесі арқылы билікті қолға алу ұранын көтерді. Сол тұста Мұстафа Уақытша үкіметтің Комитеті құрамына енгізілген-ді. Көзі көрді, елірген солдаттарға арқа сүйеген большевиктер өлкенің ең биік үйінде – кешегі генерал-губернаторлық ғимаратында орналасқан Түркістан комитетін қаперіне де алмады. Тура кіреберіс алдына төңкерісшілдерді жинады. Солар, қаланың большевиктер ұйымдастырған тұрғындары, қолдарына қызыл матаға «Барлық билік – Кеңестерге!» деп жазылған лозунг* көтеріп тұрып:

 

*жетекші идея, басшылыққа алатын ой тұжырымдалған шақыру, ұран.

 

– Өкімет Кеңестерге берілсін! – деген сөздермен ұрандатты.

Алаңды  бастарына көтере, жаңғырығы алысқа кеткен айқайға басты. Барша жұмысшы тап пен әскер солардың жағына шықты. Мұстафа Петроградтағы төңкеріс хақында ой бөліскен шақтарында Жаншаға:

– Билікті күшпен басып алу тәжірибесін большевиктер бізде, Ташкентте жүзеге асырды емес пе, – деді. – Бұл он үшінші қыркүйекте орын алды. Бүлікшілер екі күн бойы қожайындық құрды. Ақыры, Уақытша үкіметтің батыл шара жасауға – қарсылық көрсетушілерді аяусыз басуға бел буғаны мәлім болғанда ғана олар аяғын тартты. Сөйтіп, Уақытша үкіметтің Ташкентке Бас комиссар генерал Коровниченко бастаған сенімді әскери қол аттандырғаны жайында хабар жеткенде, олар бүліншілігін жылдам тыйды...

Бас комиссар жайындағы шешімнің бастауында Мұстафа тұрған-ды. Жаз ортасында Петроград пен Мәскеуде болып, губерниялық комиссарлар съезі мен Мемлекеттік мәжіліске қатысқаны Жаншаға мәлім ғой. Сол сапарында үкімет мүшелерінің бірқатарымен, әсіресе үкіметбасы Керенскийдің өзімен Мұстафа едәуір мәслихат құрған еді. Түркістандағы Ұлттық орталық қызметінің бағдарламасын анау түгелдей қолдай қоймаған. Бірақ бір мәселеде олар ортақ тіл тапқан-ды.

– Түркістанның өкілетті органдарымен алдын-ала келісімге келмейінше,  Уақытша үкімет өзінің қолға алған реформаларын өлкеге енгізуге күш салмайды, – деген премьер, – мен бұл орайда сізге кепілдік бере алам, жолдас Шоқаев.

– Бұл хабарыңыз бізді қанағаттырады, Анатолий Федорович, – деген Мұстафа. – Тек, мұны жүзеге асырудың нақты шараларын ойластырсақ жөн болар еді.

Анатолий Федорович мақұлдаған:

– Біз мұнда Түркістан істері бойынша тікелей және тұрақты шұғылданып отыратын айрықша бас комиссариат құрамыз.

Көңілге қонымды жоспар. Мұстафаға өте ұнады. Қуанды. Уақытша үкімет басшысының қамқорлығына алғыс сезімін білдірді. Сосын Түркістан комитетін жергілікті өкілдермен толықтыра түсу қажеттігі жайындағы ойын айтты. Тіпті, Комитет құрамына жергілікті қайраткерлер Шаһислам Шаһахметов пен Убайдулла Қожаевты енгізсе деген нақты ұсыныс жасады.

– Асықпайық, – деді премьер, – бұл ұсынысыңыз орынды, бірақ, бізді тым алқымға ала бермеңіз, Шоқаев жолдас. Жасыратын несі бар, егер тап қазір сіз ұсынғандай етсек, ондағы жұмысшы және солдат кеңесінің бізге оппозиция болып шыға келуі ғажап емес...

Түркістандағы европалық азшылықтың көңіл-күйін жақсы білетіндіктен, Мұстафаға үкіметбасымен келісуге тура келді. Бірақ одан кейінгі оқиғалар алға жаңа проблемалар тартты. Орталықтағы Корнилов дүрбелеңі, сосын биліктің соғысты шұғыл тоқтатудан қашқақтауы және шаруаларға жер беру мәселесін шеше қоймауы наразылықты күшейте түсті. Осындай ахуалды ташкенттік большевиктер мен солшыл социалист-революционерлер  ұтымды пайдалануға тырысқан-ды.  Уақытша үкіметке сенбеушілікті күшейтіп, бүкіл биліктің кеңестерге берілуін талап еткені сонда еді ғой.

Бүлікшілдерді басу үшін Питердегі орталық үкімет тарапынан шара алынды. Қазан әскери округінің қолбасшысы генерал Коровиченко Уақытша үкіметтің Бас комиссары лауазымына бекітіліп, Түркістанға жіберілді. Оның Ташкентке аттанғаны хабарланған жеделхат қолға тиісімен,  Түркістан комитетінің төрағасы Наливкин қысқа мәжіліс өткізді. Ол өлкеге бас комиссар тағайындалуына сәйкес, өзінің Комитет төрағасы ретіндегі қызметінің ақырына келгенін хабарлады.

Мұстафа мен социалист-революционер Вадим Чайкин Бас комиссармен ертерек жолығуды мақұл көрді. Сол мақсатпен, оны үлкен Түркістанның кіреберісінен қарсы алуға шықты. Пойызбен Ақтөбеге дейін барып, сонда күтті.

Чайкин екеуі пікірлес-тін. Бір мезет Шоқаев оның Түркістан комитетінің төрағасы лауазымын атқаруын қатты қалаған еді. Бірақ ол, өзге орыс саясаткерлерінің өзіне тым бұратанашыл, туземдіктер жайын ойлағыш деп, сенімсіздікпен қарайтынын білетіндіктен, ұсыныстан үзілді-кесілді бастартты. Сондықтан бұл биік орынға өлкедегі байырғы қызметкер Наливкин ақсақал тағайындалған болатын. Мұстафа оны да қатты құрметтейді. Адал адам ретінде.

Жиырма бір жасында Владимир Петрович Наливкин генерал Скобелевтің Хиуа және Қоқан жорықтарына офицер ретінде қатысқан-ды. Аймақтарды жаулап алу кезінде генералдың бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс қимылдарын жасап аса қатыгездік көрсеткен әрекетіне наразы болған. Скобелевке қарсылығының белгісі ретінде, жиырма үшке толар-толмаста әскери қызметтен отставкаға кеткен. Сосын этнографиялық зерттеулермен шұғылданған. Жергілікті тілдерді үйреніп алған. Ферғанадағы отырықшы халық тұрмысын әйелі екеуі зерттеп, шынайы суреттеген кітап шығарған. Ташкентте ашылған тұңғыш орыс-тузем мектебінде, одан мұғалімдер семинариясында сабақ берді. Өлке облыстарындағы халық училищелері инспекторы болды. Оқу құралдарын, сөздіктер, өзбек тілі грамматикасын, ғылыми зерттеулер жазды. Екінші Думаға Сырдария облысынан депутат боп сайланған-ды. Патшаның тақтан құлауын қуана қарсылады. Қоғамның дамуы оңды болады, түптің түбінде елде социал-демократиялық республика орнайды деп сенді. Бұл осындай кісі еді.

Міне сол қартың шілденің ортасы ауа Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне төраға лауазымына сайланған болатын. Қыркүйекте билікті қолға аламыз деп революциялық комитет құрған Ташкент Кеңесімен әуелде қиғаш келді, артынан келісім жасауға мәжбүр болды. Обалы нешік, Мұстафаның пікірін ықыластана тыңдайтын, сондықтан да оның Вадиммен бірге Бас комиссарды қарсылауға аттануын мақұл көрді.

Шоқаев пен Чайкин пойыздан Ақтөбеде түсіп, генерал Коровиченконы тосып отырғандарында, екеулеп едәуір әңгіменің басын қайырды. Олардың өлке болашағына қатысты көзқарастарында ұқсастық көп-тін.

Бас комиссар мінген вагон платформасында шағын зеңбірек құрулы тұрған. Жанында екі-үш жас офицер ғана бар. Генерал өзімен бірге ешқандай да  қарулы күш әкеле жатпаған болып шықты. Ташкент бүлікшілері бекер-ақ қорыққан екен...

Олар өлкеге Уақытша үкіметтің Бас комиссары болып тағайындалған генералға Түркістанның ағымдағы жағдайын баяндады және алда тұрған мәселелер мен оларға өз көзқарастарын түсіндірді.

Бас комиссар Ташкент ішінде біріне бірі қарамайтын екі бөлек қалалық думаларды сайлау жобасынан бастарту және орыс қоғамдық ұйымдарының Құрылтайшы жиналысқа дербес өкілдік сайлауына жол бермеу мәселелерімен бірден келісті. Тіпті, Түркістандағы әскери жасақтарды Ресейге қайтарып, оларды сол жақтан алдырылатын татар мен башқұрт солдаттарынан құралған әскери жасақтармен алмастыру жобасын да мақұлдады. Пойыз үстінде-ақ Петроградқа бұл мәселелер жайында әлденеше жеделхат салып жіберді. Әйтсе де бұлар жол үстінде шешімін таба қояр жәйттер емес болатын. Дегенмен, жаңа басшының өлке мұңына түсінушілікпен қарағаны көңілге үлкен медет еді.

Олар Коровиченкомен бірге Түркістан өлкесіне оралды. Пойыз 24 қыркүйекте Ташкентке жетті. Комитет төрағасы Наливкин Түркістан өлкесін басқару жөніндегі Уақытша үкіметтің Бас комиссары және Түркістан әскери округі әскерлерінің командашысын салтанатты түрде қарсы алуды ойдағыдай ұйымдастырды. Соңғы парызын атқарып болысымен, ол отставкаға кетті.

Уақытша үкіметтің Бас комиссары қатысқан Түркістан комитетінің алғашқы мәжілісінде Комитет төрағасының азаматтық бөлім бойынша көмекшісі Георгий Иосифович Доррер:

– Үкімет Комитеті өз жұмысында жергілікті халықты арқа тұтқаны дұрыс, – деді. – Солдаттардың бәрі – Россия тұрғындары, – деп дәйектеді ол бұл пайымын. – Жұмысшылар түркістандықтар үшін бөгде, оларға тіпті жақтырмай қарайды. Мұндағы орыс шаруалары – түгелімен қоныс аударып көшіп келгендер. Оларды ескі үкімет туземдіктерден зорлықпен тартып алған жерлерге орналастырып қойған. Демек, олар – бір-біріне жау. Орыс тұрғындарының қалған бөлігі – чиновниктер мен өнеркәсіпшіл саудагерлер интеллигенциясы. Әрі бұлар азшылық болып табылады. Әр жүз түркістандықтың мықтағанда бесеуі ғана европалық болып келеді. Демек, олармен біз санаспай тұра алмаймыз. Революция дүмпуімен туылған жаңа Россия тек қана федеративтік республика бола алады, ал федерация Түркістанда тек қана Түркістанның жергілікті халқының келісімімен және соған сүйене отырып құрылуы мүмкін.

Бұл өте әділ көзқарас еді, бірақ онымен Комитет мүшелерінің бәрі бірдей келісе бермеді. Мұстафаға жергілікті жұртшылық тілегін түсінуге бейім екенін танытқандай көрінген Бас комиссар Коровиченко, неге екенін, бұл тараптағы ойын ашық білдірмеді. Ұзамай проблема көбейе берді. Жаз ортасынан бері азық-түлік тапшылығын сезінген өлкеде большевиктер күш ала бастады. Ақыры, Ташкент Бостандық үйінде, солдаттар билікті басып алу жоспарын талқыға салды. Бұл оқиға өту мерзімі жағынан Петроградтағы 25 қазан дүрбелеңімен тұстас болды.

Петроградта Жанша куә болған төңкеріс оқиғаларына ұқсас аласапыран Ташкентте де орын алған еді. Қазанның тура жиырма бесінде таңертеңнен гарнизонның көтерілісі басталды. Үкімет жағында юнкерлер, кадеттер, аздаған атты казак бөлімдері және жекелеген командалар ғана қалған болатын. Большевиктер үгітіне ерген солдаттар мен жұмысшылар дүлей күшке айналды. Қарсы жақтар төрт күн бойы шайқасты. Ақыры, Бас комиссар мен Комитет мүшелері қамал ішіне тығылуға мәжбүр болды.

Бұл кезде Мұстафа Ескі қалада тұратын. Сол жақтан Қорғантөбеге қатынап, Бас комиссар Коровиченкомен кездесіп тұрды. Ол көмекшісі Доррер мен Комитет мүшесі Мұстафаның көтерілісшілермен келіссөз жүргізгені жөн деп ұйғарды. Екеуіне өз тарапынан тиісті міндет жүктеді.

Алайда бұл мүмкін емес шаруа боп шықты. Бас комиссардың тапсырмасына сәйкес, әуелде  екеуі большевиктер штабына барған болатын. Бірақ келісімге келу орайында мандытарлықтай пікірлесе алмады. Тіпті, келіссөз жүргізбекке барғандарында, олардың өздеріне қатер төндіргендерін көріп, елірген топтан әрең қашып құтылды. Сосын, екінші рет әрекеттеніп, көтерілісші жұмысшылар мен солдаттардың өкілдерімен қалалық думада кездесті. Онда да нәтиже болмады.

Сонда Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне адал әскери күш Бас комиссар генерал Коровиченконың бұйрығымен, Бостандық үйін 27 қазан күні түнде қоршап алып, совдеп төрағасы мен атқару комитетінің сондағы мүшелерін тұтқынға алды. Бірақ бұл бықсыған қоламтаға май құйғандай шаруаға айналды. Артынша, революцияшыл солдаттар мен жұмысшылар үкіметтік Комитеттің Кеңеске қарсы жасаған әрекетіне ашу шақырып, жаппай көтерілді. 29 қазанда көтерілісшілер қаланы басып алды.  Бас комиссар мен оның екі көмекшісін қамап тастады. Мұсылман ұйымдарына да қатер төнгендей...

– Ұлттық орталықтың мүшелері уақытша Самарқанға орын ауыстырды, – деді Мұстафа. – Одан бәріміз Ферғанаға бардық. Сосын Қоқанға көштік...

 

9.

Ташкент большевиктері 1917 жылғы қарашаның он бесінші жұлдызында Кеңестердің үшінші съезін өткізіп,   жасалған төңкерісті заңдастырды. Сосын өлкені басқаратын  үкімет жасақтауға кірісті.

– Қарашаның басында Ресей халықтары құқтарының декларациясы жарық көрді емес пе, – деді Мұстафа, – иә, естеріңізде шығар, әр халықтың өз тағдырын өзі белгілеудегі  еркіндігі мен Ресейден бөлініп кетуге және тәуелсіз ұлттық мемлекет құруға қақылығы жария етілген совет декреті шыққан-ды.  Алайда біздің ташкенттік большевиктердің іс-әрекеті оған кереғар еді...

Өлке билігін большевиктердің төңкеріс жасау жолымен басып алуы қарашаның 12–15-күндері өткен улема жамияты* құрылтайында тілге тиек болды. Улемашылар құрылтайы жұмысын аяқтар тұста Кеңестер съезі ашылды. Сонда Кеңестер съезіне улемашылардың басшысы Серәлі Лапин барып қатысып, сөз сөйледі.

 

* ғалымдар жамиғаты, ғұламалар одағы, дін оқымыстыларының ұйымы.

 

Ол сөзінде өлке үкіметін құруда халық өкілдерінің  бұл істе пропорционал түрде өкілдік етуін қамтамасыз ету мәселесін алға тартты.

Бес-ақ пайыздық үлесі бар европалықтар үшін бұл өте-мөте тиімсіз еді. Сол себепті олар жаңа өкіметтің жұмысшылар мен солдаттар кеңесінікі екенін баса айтумен болды. Алайда бес пайыз кірменің тоқсан бес пайыз жергілікті халықты билеймін деуі демократияны мазақ қылу емес пе?!

Большевик Колесов тосын пайымдамаға тіксіне қарады. Жергілікті бұратана жұрттың төменшік мәртебесіне сай емес осынша оспадар пікірге де, оны білдірген туземдік өжет өкіл Лапинге де мәжіліс төрағасы ретінде өре түрегеп қарсы тұрды. Ол съезді Лапиннің ұсынысын қабылдамауға,  мұсылмандарды үкімет құрамына енгізуден  бастартуға шақырды. Өйткені, деді ол, мұсылмандар пролетарлық тұрғыда жетілмеген,  жұмысшы-солдат делегаттары осыны ескерсін және солай  санасын...

Мұсылман комитеті бұл кезде Қоқанға ауысқан-ды. Қоқаннан Мұстафа улемашылардың шақыруымен Ташкентке келді. Онда Кеңестер съезінің шетін шешімі тілге тиек боп тұрған-тын.

– Біз большевиктер билігін танымақ емеспіз, – десті олар Мұстафа қатысқан жиналыста. – Бірігіп, мәселені түбегейлі шешетін әдісті ойластырайық.

Сонда олардың жетекшісі Серәлі сөйледі. Билікті Түркістан комитетінен тартып алған большевиктердің өлкені басқаратын үкімет сайлаған съезіне қатысып, сөзін өткізе алмай қайтқан мұсылман қайраткері сонау төңкерісшілдердің пиғылы мен нақты ісіне қанық болғандықтан, іскерлік ұсыныс айтты. Онысы Түркістан мұсылмандарын біріктіріп, большевик үкіметінің де үстінен қарайтын одақ құру жайында болатын. Мұстафа оны бірден қолдай қоймады.

– Асығыстық болар мұнымыз, Серәлі аға, – деді, – ақылдасайық әлі де...

Алайда Түркістан мұсылмандарының орталықтары Ташкент пен Қоқан қалаларында жұмыс істеп тұрған екі ұйымында да өлке билігін қолға алу мәселесі жиі айтыла бастады. Бірақ бұл ниетті Мұстафа оң көрмеді.

– Қолда нақты әскери күш жоқ, биліктің мәнісін білетін басқарушы топ та жоқ. Мұндай жағдайда құр кеуде кергеннен не шығады? – деп пайымдады.

Түркістан комитетінің қызметін тоқтатуы, Бас комиссардың өзі қасындағы көмекшілерімен және Комитет мүшелерінің біразымен бірге тұтқынға түсуі бостандықта жүрген Мұстафаның бағасын арттырғандай болған-ды. Содан да оған орыстың большевиктерден өзге саяси партияларынан ұсыныстар түсе бастады.

Егер Шоқаев мырза өлкедегі беделді қайраткер ретінде мұрындық болса, бәрі – европалықтар мен мұсылмандар – большевиктерге қарсы одақтасып, жаңа үкімет құруға қуана кірісер еді.  – Кеңестер өкіметіне наразы топтар бір ауыздан осындай тілек білдірді. Мұстафа мұны да қабыл алмады.

Өлкеде ондай жұмысқа басшылық жасауға өзінің деңгейі жетпейді деп есептеді. Және сол ойының жетегімен, большевизмге қарсылық әрекеттерді басқар деп өзіне ұсыныс жасаушылардың меселін қайтарды. Өйткені, саяси партиялар өкілдерінің ұсынғанына қарамастан, өлкедегі орыс әскерлері өздерінің төбелеріне түркі бастықтың шығуын қаламайтыны оған әбден мәлім еді.

Жаншамен ол бұл тұрғыда пікірлес. Халық комиссарлары кеңесінің 1917 жылғы 2 қарашада жария еткен Ресей халықтары құқтарының декларациясы да, 20 қарашадағы Ресей мен барлық шығыс еңбекші мұсылмандарына үндеуі де – жылы әрі демократиялық лексикамен жазылғанмен, кәдімгі алдамшы айла, басқа түк емес. Екеуі де осылай пайымдады. Және мұны түркістандықтардың баршасы солай ұқты. Ешкім де большевиктерді өкімет билігін ұзақ ұстап тұра алады деп ойлаған жоқ. Бір жаманы, байқайды, Жанша да солай ойлайды екен, – өлкедегі мұсылмандар көп жағдайда бұйығылық көрсетуде. Өкімет үшін күресті құдды Жаһанша тәрізді: «орыстың өзара ырылдасуы» деп бағалайтындай. Оған араласып керегі жоқ, қай жеңгені біздікі дейтіндей сыңай танытты. Міне, сол салғырт көзқарас салдарынан большевиктер Ташкентке жеке-дара қожайын болып алды. Енді, міне, көзіміз  ашық деп санайтын мұсылмандар қолдарын мезгілінен кеш сермеп отыр.  Ағымдағы ахуалды дәл бағамдай алмай, олардың үстінен қарауды ансайтын өкіметті өздері сайламақ ниетте.

Улемашылардың жергілікті мұсылмандарды біріктіріп, ортақ билік жүйесін жасағысы келетін жиналысына Мұстафа Қоқаннан келіп қатысқан. Мұстафаның сақтандырған сөзіне қарамастан, олар большевиктердің билігін үзілді-кесілді танығылары келмеді. Сондықтан Мұстафа Ташкентте көп аялдамай, қайтып кеткен.

Ел ішіндегі көңіл-күйді байқаған большевиктер де тыныш отыра алмады. Олар мұсылмандардың беделді тұлғаларын қатарларына тарту амалын ойластыруға мәжбүр болған-ды. Сол ретпен олар Мұстафаға көз тікті.

Қоқанға қайтып келгеннен соң, Мұстафа большевиктік атқару комитетінен жеделхат алды. Оны маңызды келіссөз үшін Ташкентке келуге шақырыпты.   Мұстафа қайтадан жолға шықты. Кеше ғана құлатылған Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құрамында біраз уақыт өзі де отырып жұмыс істеген ғимаратқа келді. Патшалық кезіндегі Түркістан генерал-губернаторының сарайы. Енді кеңес өкіметінің ордасы.

Мұстафаны өлкенің кеңестік үкіметінің Баранов дейтін комиссары қабылдады. Оған жеделхат жолдағандағы көздеген мақсаттарын бірден аян етті:

– Біз сізді қызметтестікке шақырмақпыз, Шоқаев жолдас, – деді. – Ұсынысымызды оң көрсеңіз – сіздің, тіпті,  үкімет басшысы болуыңыз мүмкін.

Шоқаев жолдас миығынан күлді.

– Алайда сіз, яғни большевиктер, өз шешімдеріңізге өздеріңіз қайшы келетіндеріңізді ойламай тұрмысыз ба деймін, – ол большевик комиссардың көзіне тіке, қадала  қарады, – мұсылмандар арасында пролетарлар жоқтың қасы...

Анау саспады. Иә, деді, Түркістан өлкесі үкіметінің құрамына  мұсылмандар алынбасын деген қаулы болғанын большевиктер жасыра алмайды. Шоқаев жолдас дұрыс айтады. Ондай қаулы болды. Себебі, Лапин мырзаның кеңестер съезіне келіп сөйлегенін ұнатпағандары рас. Өйткені ол улемашылардың құрылтайында қорытылды деп, өте шетін тұжырымдар жария еткен. Жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі, жалпы, Кеңестердің бірігіп өткізіп отырған съезі қабыл алуы мүмкін емес шарттарды айтқан. Пролетариаты жоқ туземдіктер пролетарлар құратын үкімет құрамынан орын алуы тиіс емес делінгені сондықтан. Комиссар Баранов мұны мойындайды.

Бірақ, соған қоса, комиссар Баранов тағы мына жәйтті мойындауға тиіс: комиссарлар кеңесі жағдайдың ерекшелігін ескеріп, үшінші съезде қабылданған қаулыны тап қазір жалаулатпай, кейінге ысыра тұру қажет деп тауып отыр...

Соны естігенде Шоқаев жолдас комиссар Барановқа көзін сығырайта, ойлы жүзбен тесіле қарады. Сауалдарын шүбәлана қойды. Жағдайдың ерекшелігін ескергендіктен дей ме? Баранов жолдас қандай жағдай жайын айтып тұр? Бұдан мынандай қорытынды сұранбас па екен, жолдас Баранов: жалпы, көңілдегі жағдайды туралап алған соң, үшінші съездің қаулысына қайтадан оралу ойда сақтала бермек шығар-ау шамасы?

Баранов жолдас оның соңғы сұрағын елеусіз қалдырып, жалпылай сөйледі. Туземдіктер арасында өте азшылық боп тұрған европалық пролетариаттың өлкені толық мәнінде басқаруды қолға алып отырғаны факт деді. Алайда  алға бұны жүзеге асыру міндеті тартылғанда, олардың өлкенің байырғы тұрғындарына арқа сүйемей тұра алмайтынын айтты. Шоқаев түсінді, олардың мұнысы – Түркістандағы большевиктер партиясының өлкелік комитеті мен кеңес өкіметінің басқару органы өзара ақылдаса келе түйілген пікір болса керек.

Комиссар оны бекерге шығарған жоқ, олар сондай келісімнен кейін мұсылман өкілдерінен бірер жолдасты, атап айтқанда Шоқаев жолдасты  үкіметке  мүше ететін ойға тоқтапты. Көргені, тоқығаны мол, байырғы күрескер Лапин мырзаны неге қаламаған дей ме? Өйткені олар оны идеялық ұстаным жағынан социал-демократиядан тым алыс деп санайды екен. Ал  Шоқаев жолдастың социалист-революционерлер қатарына өте тақау болғаны бұларға мәлім, демек көзқарастарында соншалықты алшақтық жоқ. Әрі ол өлкедегі мұсылман комитетінің төрағасы ретінде кеңестер өкіметіне пайдалы бола алады.

Большевиктердің осы бастан одан зор көмек алмаққа дәмелі екендіктерін комиссар бірден сездірді.

Мұстафа бұлардың айтқанына сенуге болмайтынын түйсініп тұрған. Солай ұққандықтан да, сырғытпа сөз айтып, әңгімені кейінірек жалғастыру сылтауымен қоштасты. Содан, өкімет ғимаратынан шыққан бетте, серіктеріне жолықты.

Ұзамай олар Жаңа Марғұланға барып, Ұлттық орталықтың жиналысын өткізді. Ұлттық орталықтың жиналысына Серәлі Лапин басқаратын улемалар да келді. Олар бұл жиында да өлкені тәуелсіз ету керектігін шегелей айтты.

– Олай етпесек – ондай шаруаны  халықтың өзі бізсіз-ақ атқарады. – Олардың серкесі Серәлі мырза өр үнмен сөйледі. – Айтпады демеңіздер. Естеріңізде болсын, халық біздің аузымызға қарауды доғарып, билікті басып алған кеңестерге қарсы жаппай  көтерілуі ықтимал.

– Тап осыған асықпаған жөн болар еді... – деді ақырын үнмен Мұстафа Шоқаев. – Халыққа жағдайды түсіндірейік те одан да...

– Мен де солай ойлаймын. – Оны Убайдулла Қожаев та қостады.

– Неліктен сонша қорқақтайсыздар? – Ғұламалар одағының жетекшісі қасын маңғаздана керді. – Тарих осындай сәтті алға тағы тарта қояр деймісіздер? Өмір бойы өкініште қалмас үшін, тарихи мүмкіндікті пайдалануға тырысқан абзал.

Жасы үлкен, ұстаз іспетті, ағайын, аға болап келетін Серәліге батыл қарап тұрып, Мұстафа өз дәлелін байыппен айтып шықты.

– Мықты шешімге мықты сүйеніш керек, мырзалар, – деп бір тоқтады.

Сосын ол өзін-өзі қорғай алмайтын тәуелсіздіктің құны бес тиын боп қалатынын айтты. Тап қазір қанша құмартқандарымен, бел буып, жариялауға тәуекел ете қалған күнде, тәуелсіздіктерінің өзін-өзі қорғай алмайтыны рас. Олай дейтіні, жергілікті халықта қару-жарақ жоқ. Оларды әскери жасаққа тартатын күш те, соғыс өнеріне үйрететін мүмкіндік те жоқ. Мұны қалай ескермеске?!

Ал большевиктер аз болса да, бақайшықтарына дейін қаруланған, шебер ұйымдасқан. Қара құрымдай қалың, бірақ құрқол мұсылман жұртына дес бермейді. Қалың мұсылман осы уақытқа дейін бейқам жүріп, ел болу әзірлігін жасай алмады. Баршасы кінәлі бұған. Бәлкім тарихи сәт те қолайлылық туғызбаған шығар. Қалай болғанда да, автономия әжеттерін ойластырып үлгермегендері рас. Демек, тиісті  дайындық жасалмағандықтан, мұсылмандар тап қазіргі сәтте  тәуелсіздікті ұстап тұра алмас еді.

Убайдулла да осындай ойда. Төңкерісшіл большевиктердің түркістандықтарға бодан құлдар деп қарайтыны анық. Оларда кәсіби әскер бар, қару мол. Серәлі мырза мен оның улемалас үзеңгілестері ұқсын, дәл қазіргі таңда жергілікті халыққа апырақтап асығудың қажеті жоқ. Арандап қалудан аулақ болған жөн...

Алайда Серәлі мырза мен оның улемалас үзеңгілестері өлкелік мұсылман комитеті серкелерінің сөзін қаперлеріне де іле қоймады. Едәуір тартысты өткен жиында Мұстафа мен Убайдулланың сақтығы есепке алынбады. Көпшіліктің жан-дүниесінің түйсігіне, патша құрсауынан құтылған тұста шегіншектей беруден гөрі, өз алдына ел болу ұғымы әлдеқайда жақын еді.

Сөйтіп, дін ғұламалары мен мұсылман комитетінің, яғни улема мен шуроның бірлескен жиналысы шұғыл түрде бүкілтүркістан мұсылмандары құрылтайын өткізу жайында шешім қабылдады.  Сонда да, төтенше құрылтайды дайындау барысында да елдік қалыптың түрі хақында көп айтыс-тартыс болды. Ұсыныстар ауқымында шек жоқ-тын.

– Түркістан өлкесіне түркі жұртының мемлекеті ие болуға керек! – деген ұсыныс қай-қайсысынан да қолдау тапқан тәрізді.

Бірақ басқа ұсыныстар да болды. Мәселен, кейбіреулер бұрынғы тәртіппен әмірлік жариялау қажеттігін айтты. Дегенмен мұндай жоспар көп көңіліне қонбады. Оны айтасыз, ел басқаруға түрік елінен сұлтан ұрпақтарын шақырайық дегендер де табылып, жұртты тіпті тіксінтті. Мұны аз десеңіз, билікке кешегі өткен хандардың тұқымдарын әкелу, төрелерден басшы сайлап алу жайында да сөз болды. Соның дұрыстығына шын сенгендер тарапынан кәдімгідей нақты да ықтимал ұсыныс жайып салынды.

Сонда Мұстафа қазіргі саяси ахуалға, өркениет талабына, әлемді билеген демократиялық көңіл-күйге, тиісінше, заман талабына жауап бере алатын құрылым таңдау жолдарына көз ашып қарау маңызын әңгімеледі. Айтыс барысында оның жақтастарының қатары өсе түсті. Мұстафаны улемалардың жетекшісі Серәлінің өзі қоштады. Оның байыпты да салмақты сөз айтып қолдағаны – шешуші, бетбұрыстық мәнге ие сәт болып шықты.

Мұхтарият, яғни автономия жария ету, бүкілресейлік құрылтайшы жиналысқа дейін жұмыс істейтін уақытша ұлттық мәжіліс сайлап алу мәселелеріне бәрі тоқайласты. Тіпті  ұлттық мәжіліс төрағасы лауазымына күллі өлке діни құламалары бас иіп отырған Серәлі Лапинді ұсыну жайы да келісілді. Сөйтіп, барша ұлт белсенділері өлке мұсылмандарының төртінші, бірақ, шұғыл шақырылып отырған төтенше құрылтайын өткізу шаруаларына қызу кірісіп кетті.

Бірнеше ай бойы әзірлеуге мүмкіндіктері болған мына күлліқазақ құрылтайына аса зор аумақты алып жатқан жалпақ қазақ елінен бар болғаны сексен-ақ өкіл келгеніне Мұстафа қайран қалып отыр. Осындағы достарының мәселе санда емес, сапада дегеніне келіседі-ау, бірақ сол сапалы шығуы ықтимал шешімдердің өміршең болуы делегаттардың түкпір-түкпірден келіп, соларды қабылдауға тікелей қатысуына байланысты емес пе. Жә, оған шұқшия бермейік, бәлкім, орынборлықтардың делегаттарды осындай көлемде шақырғандары ақталар да. Дегенмен, Түркістан жұртының шұғыл түрде, бір жұма ішінде жиналған төтенше құрылтайына екі жүз елудей делегат келгенін атап айтуды парызы санайды.

Рас,  көпшілігі Ферғанадан болды. Олардың саны жүз елудей еді. Сосын Сырдария аймағы көп өкіл жіберді, жиырма екі адам. Самарқаннан да сол шамада делегат келді. Қалғандары Каспий сыртынан, Бұқардан, Жетісудан жиналды.  Ал ұлыстық сипатына келсек, әрине, басым көпшілігі жергілікті түркілер. Атап айтқанда, өзбектер, түркімендер, қырғыздар және, әрине, өзіміздің қазақтар.  Европалық азшылықтан да болды – бізге тілектес орыстар, еврейлер қатысты. Мұны Мұстафа Төтенше съездің толық өкілеттілігіне балайды.

Төтенше құрылтай ғұламалар одағы мен мұсылман комитеті тарапынан шақырылғандықтан шығар, делегаттардың көп бөлігі осы   улема мен шора-и-исламия мүшелері-ді. Қалай болғанда да, Қоқанда Түркістан өлкесінің тағдырына бейтарап қарай алмайтын қауымдардың белсенділері бас қосқан болатын.

Қазақ құрылтайы ашылардан он шақты күн бұрын Қоқандағы қоғамдық жиналыс жасау ғимараты делегаттарға лық толды. Ұлттық орталық төрағасы ретінде Мұстафа түскі сағат он екіде төрге шықты. Ол құрылтайды тарихи сәтке сай толғанысқа тұнған кіріспе сөз сөйлеп ашты.

Сосын он үш адамнан төралқа сайланды. Одан құрылтайда он мәселе қаралатын болып, күн тәртібі бекітілді. Мәжілістерге Мұстафа төрағалық етті. Баяндамалар мен сөздер ашу-ызаға толы болды, өткір мәселелер айтылды.

Ташкентте өлке үкіметін өздерінше сайлап алған большевиктер үлкен әбігерге түсті. Қоқан құрылтайына өкіл жіберді. Келген комиссар Полторацкий құрылтайды өздерінің Халкомкеңес деп аталатын үкіметі атынан құттықтады. Большевиктердің де өлкеде автономиялық құрылым болуын қалайтынын, мұның кезекте тұрған жәйт екенін айтты. Оған ұйыған тірі жан болмады-ау. Большевик комиссарының сөзін қай-қайсысы да саяси қулық, алдамшы әрекет, алдаусырату деп білді.

– Түркістан – Бүкілресейлік құрылтайшы жиналыс қалыптастыруға тиіс Ресей федеративтік республикасының автономиялы өлкесі болуға тиіс!

Съезге қатысушылар бір ауыздан қолдаған осы ұсынысқа сәйкес, Түркістан мұхтарияты хақындағы  қарар қабыл алынды. Дауыс беру рәсімі өткізілгеннен соң, Мұстафа Түркістан автономиясын жариялау жайындағы құрылтай шешімін оқыды.

Жұрт тік тұрып тыңдады. Көп кісі қуаныштан жылап тұрды. Бірін бірі  құшақтасып тұрып құттықтасты.

– Жасасын Түркістан мұхтарияты! Жаса, Түркістан!

Ұран жаңғырығып, құлақты тұндырды. Халықтың бақыттан басы айналып кетті...

Жұмысының соңғы күнінде Төтенше құрылтай Халық Кеңесі мүшелерінің құқтары жөнінде қаулы қабылдады.

– Халық Кеңесі мүшелердің кез-келген біреуіне жасалған қиянат он миллиондық Түркістан халқына жасалған қиянат ретінде танылады!

Өз өкілдерінің құқтарын осындай сеніммен қорғау қажеттігін бар дауыспен айтып, осы орайда құрылтай өлкедегі жалпы  халыққа сенім артты.

Халық Кеңесінің төрағалығына бір ауыздан  Серәлі Лапин сайланды. Мүше саны елу төрт еді, оның отыз алтысы  түркістандық, он сегізі әдетте европалықтар деп таңбаланатын кірмелерден болатын. Мүшелер қатарында қазақтардан  Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Әбдірахман Оразаев, Қоңырқожа Қожықов секілді біраз азамат болды. Ал Қоңырқожа, сонымен қатар, Кеңестің хатшысы болып сайланған-тын.

Осы Түркістан мұхтариятының Халық Кеңесі өлкені Бүкілроссиялық Құрылтайшы жиналысқа жеткізеді және сонау өкілетті орыннан тиісті бата алады деп ұйғарылған еді. Алайда делегаттар мұнымен тоқтамады. Шетін ізденістер бұрқ-бұрқ бой көрсете берді.

Әуелде  Халық Кеңесі мүшелері ішінен арнайы комитет сайлау жайы тілге тиек болды. Бұл комитет саясат ағымдарын, уақыт талабын зерттей отырып, замана сұранысына жауап бере алатындай үкімет құратын болсын, осынау маңызды шаруаны сол орталық комитетке тапсырайық деген ұсыныс түсті.  Серәлі төраға құқымен осы мәселенің бүге-шігесін пысықтап, дауысқа қоюға ыңғайланған еді, бірақ, бір кісі оған үзілді-кесілді наразылық білдірді.

– Аралық орган сайлауға түк те қажеттілік жоқ, – деді ол, – бірден үкімет құру жөн...

Бұл – еврей азшылығының өкілі Соломон Герцфельд еді. Сол азамат түрлі дәлелді дәйек келтіріп, жұмхұрияттың, яғни республиканың заң шығарушылықпен айналысатын кеңесі ғана болуы жетімсіз дегенді айтты. Мұхтарияттың өлке мұқтаждарын жедел түрде,  нақты іспен шешетін атқарушы органы болуы керектігін пысықтады. Сол себепті,  аялдамастан, автономия  үкіметін жасақтау қажеттігін табанды түрде талап етті. Және оның талабы көпшіліктің көкейінен шықты.

Уақытша үкімет құрған Түркістан комитетіне алғашқы құрамынан бастап мүше, Жетісуда комиссар болған Мұхамеджан Тынышбаев үкімет басы және ішкі істер министрі лауазымына дау-дамайсыз сайланды. Алайда Түркістан комитетінің екінші құрамында мүше боп істеген Мұстафа Шоқаев үкімет құрамына кіруден бірден бастартты. Жәй бастартып қана қойған жоқ, мұндай үкіметті сайлауға қарсылық білдірді.

– Қазіргі таңда автономияда шынайы үкімет сияқты пәрменді жұмыс істейтін мүмкіндік жоқ, – деді, – асығыстық жасамағанымыз абзал, күш-қуат жиып, жер-жерде арқа сүйер тіректерімізді жасап әрі нығайтып алайық.

Серәлі ағалық ақыл айтқан сарынмен:

– Мұндай шаруаны үкімет құрамында күйттеу дұрыс болмақ, – деп ескертті.

Әсіресе большевиктер құлатқан үкіметтік Түркістан комитетінің мүшесіне, әрі, өлке мұсылмандары ұлттық орталығының төрағасына негізгі нысанадан бұлай бастарту жараспайтынын айтты.

– Әйткенмен, үкімет құрамына енгізбей-ақ қойсаңыздар дұрыс болар еді, – ол өз ойынан қайта қоймады, – мен автономияға оның атқарушы органының сыртында жүріп те тиісті үлесімді қосатын шығармын деп ойлаймын.

Мұстафа секілді пікір айтқандар болды, мәселен, оның көптен пікірлес, бірге келе жатқан үзеңгілес досы Убайдулла Ходжаев та өзін үкімет мүшелігіне енгізбеуді сұрады.

Алайда Халық Кеңесі бұлтартпас шешім алды: екеуін де үкімет мүшесі етті. Мұстафаға сыртқы істер, Убайдуллаға қорғаныс министрі лауазымдары жүктелді. Премьердің орынбасары және  қаржы министрі Шаһислам Шаһахметов, ішкі істер министрінің орынбасары Әбдрахман Оразаев болды. Осылай-осылай, лауазымдарға тағайындаулар түгелдей жасалды. Не керек, Мұхамеджан бастаған үкімет құрамы толық жасақталып, іске кірісіп кетті. Содан, міне, Мұстафа тиісті тапсырмамен қазақ съезіне қатыспаққа, осында, Орынборға келіп отыр...

 

10.

Ол өлкедегі саяси ахуалды, автономияның жай-күйін баяндады. Өмір бойы күллі түркі халықтарының бірлігін күйттеп өткен осынау келешек халықаралық дәрежедегі қайраткер қазақ съезіне өзін осында жеткенше толғандырып келген мәселені ә дегенде-ақ жайып салды. Түркі елінің мұхтарияты ретінде шаңырақ көтерген ортақ түркілік автономияға қазақ облыстарының да қосылуы жөн болмағын айтты. Соны осы құрылтай қараса және қолдаса оңды болар еді деген үмітін білдірді. Бөлек-бөлек отау тігушілік бүгінгі таңда ақтала бермес...

Түркістан үкіметі мүшесінің бұл баяндамасынан соң қызу пікір алысылды. Құрылтайда сөйлеген шешендердің бірінің сөзінен белгілі болғанындай, Жетісу мен Сырдария облыстарының қазақ тұрғындары әзірге автономияға толыққанды түрде қосыла қоймаған екен. Қоқан құрылтайына өз аймақтарынан азаматтары қатысқанмен, тіпті, солардың біразы Түркістан автономиясы үкіметінің құрамына сайланғанымен, бұл жәйттер екі облыстың автономияға кіргенін білдіре қоймайтын тәрізді. Себебі, десті, мұндай пайымдағылар, төтенше съезге делегаттарды аталған екі облыстың қазақтары өз жиналыстарында сайлап жібермеген...

Иә, жағдай шапшаңдатып төтенше құрылтай өткізуді талап еткендіктен, облыстарда тиісті съездер шақырылмады, оны сын сағаты төнген уақыт көтермейтін. Сондықтан делегаттарды таңдап жіберуді негізінен облыстардағы мұсылман ұйымдары мен улемашылар жүзеге асырды. Бірақ Мұстафа сонау облыстардың халықтары да Түркістанның дербес шаңырақ көтерген автономиясына қолдаушылық көрсететініне сенімді. Жақын күндерге мұхтарият үкіметі Сырдария қазақтарының съезін шақыртып қойған, сонда ел-жұрт ресми шешімін жария етуі керек. Ал осынау қазақ құрылтайы мән бере қарап, түркі әлемінің бүтін болуын күйттер болса, бек жақсы болмақ. Барша түркі баласының бір үлкен Түркістанға ұйысуы болашақ үшін қажет. Қазіргі таңда ондай бірлік қазақты ықтимал   анархия ойранынан құтқарады.

Алайда үлкен Түркістан идеясына шошына қарайтындар бірден бой көрсетті.

– Түркістан автономиясына қосылу?  Қалайша бұлай болуы мүмкін?

Съезді құттықтауға келген Орынбор казак-орыс әскерінің делегаты мінберден көзін дөңгеленте таңырқады. Мана облыстық комиссардың өзі айтқан жоқ па еді, – Түркістан автономиясы қазақты одан әрмен қараңғылыққа, діни фанатизмге тұнған орта ғасырға сүйрейді деген ойды? Айтып еді ғой! Біздің болашағымыз – батыс демеді ме ол? Солай деді! Ал батысқа орыспен қол ұстасып қана көз салу ықтимал болмақ. Оренбург облысының комиссары Бөкейханов мырзаның әдемі баяндамасын сабақтай келе, қазақ даласы өкілдерінің алдарында тұрған осынау казак-орыс бауырлары зор сеніммен айтады, анархиядан құтылудың бір жолын, дұрыс жолын, жалғыз да дара жолын  айтады:  қазір жұмысы қызып тұрған қазақ құрылтайы тез арада Оңтүстік-шығыс одаққа қосылсын...

Одан кейін сөйлегендер казак-орыстардың дербес әскери үкімет құрып жатқандарына түсінушілік білдірді. Қарсы еместіктерін сездірді. Сол орайда қазақтардың да өз қотырын өздері қасуға ұмтылуын олардың қолдағандарына тәнті болғандарын айтты. Сосын олар, әсіресе түркістандық делегаттар – Мұстафаның баяндамасын жеке пікірлерімен толықтырып жатты. Егер Қазақ автономиясы отау тігіп, жеке құрылымға бөлінер болса – Түркістан өлкесіндегі қандастар оған сөзсіз қосылар еді, өйткені қазіргі сәтте қазақтардың бірлесуі өте қажет.

Осы әңгімелерден кейін Әлихан Бөкейханов мойнын бұрып, қасында отырған съезд төрағасына ақырын құлаққағыс етті: өзі басы-қасында болған ерекше комиссияның баяндамасы әзір, соған кезек беру орынды болар еді. Оны құрылтай төрағасы Бақыткерей Құлманов бірден мақұлдайды:

– Съездің ұсынған ой-пікірлерін қалай қорытқандарын баяндау үшін, сөз комиссия төрағасы Халел Ғаббасовқа беріледі.

Баяндама көкейден шығады. Делегаттар шешім жобасын айрықша ықыласпен тыңдап, қызу талқыға салысады.

Ақыры он тараушадан тұратын тарихи қаулы қабылданды. Осылай Алаш есімді Қазақ автономиясын құру – заңдастырылды.

 

11.

Автономияны жариялау уақытын белгілеу оңай болмады, дау туғызды. Сонау көктемнен бері – қоғамдық дауылдар өтінде – ой-пікірінің алмас қылыштай өткірлігімен күллі империя қайраткерлері ілтипатына бөленіп жүрген, күні кеше Россия Республикасы Предпарламентінің мүшесі болып істеген, қазіргі таңда Бүкілроссиялық мұсылмандар одағы атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымындағы қайраткер Жаһаншаһ Досмұхамедов бүйректен сирақ шығарды. Ол Қазақ автономиясын шұғыл жариялау туралы ұсыныс айтты.

– Алаш өзінің автономиялық даму жолына түскенін аялдамастан жария етуі керек, –  деді ол. – Біз батыстан бермен лықсып тақалып қалған анархия тасқынына тосқауыл қойып үлгеруіміз керек.

Делегаттар бір сәт өзара күңкілдесіп кетті. Кейбіреулері оның өмірбаянын еске алды. Жанша Досмұхамедов – ескі өкімет кезінде  округ прокурорының орынбасарлығына дейін өскен заңгер десті білетіндер. Ұлттың өз тағдырын өзі айқындауы және мемлекеттің соған тығыз байланысты болмақ федеративтік құрылымы жөнінде патша тақтан түскелі айтып келе жатқан айқын көзқарасы бар. Күлліресей мұсылмандарының мамыр айында өткен Мәскеудегі съезінде ұлттар мүддесін өте сындарлы сөзімен, білгірлікпен және аса шешендікпен қорғаған. Сол тартыста өзіне бекем назар аудартып қана қоймай, унитарлық Ресей жағындағылардың көбінің бетін бері бұрған.

Башқұрт Ахметзәки Валидов екеуі пікірлес болып, Мәскеу съезінде бірге шайқасқан. Осында екеуінің шұрқыраса табысқандарын баршасы көрді ғой. Е, бұл естегің Мұстафамен де жақсы жолдас екен, Ташкентке бірге барып, мұсылмандарды бірге ұйымдастырысқан көрінеді ғой. Бірер күнде өздерінің кезекті құрылтайларын бастамақ. Соған қазақтардан өкілдер келуін қалап, әсіресе өзі үзеңгілес серіктер ретінде бағалайтын Жанша мен Мұстафаны арнайы шақырып жүрген.

Шынында,  Жаһаншаһ Зәкимен бірге ашық федералист болды. Ал Мұстафа да, Әлихан да, мұсылмандардың Мәскеу съезіне қатыспағанмен, бұл бағытқа сақтықпен қараған еді. Қарсы болғандықтан емес, күрт солай бұрылудың залалды болуы мүмкін деген қауіптен сондай абайлау позициясын ұстанған болатын. Біреулер олардың осындай көзқарастарына сындарлы талдау да жасап жіберді.

Мамырдағы мұсылман құрылтайынан бері  федерацияшыл Жаһаншаһ Петроградта істеді. Ұзақ  уақыт бойы мұсылман бірлестіктері атқару комитетінің мүшесі ретінде – Мұсаткомда, яғни орысша қысқартылып Икомус атанған мекемеде, ал күзде предпарламентте – Ресей Республикасының алдын-ала жасалған парламенті – Уақытша кеңесінде депутат болып белсенді қызмет атқарды. Дүбірлі оқиғалардың ортасында жүрді. Орынбор съезіне, міне, өзгерістер табиғатын бесігінен көріп, біліп, тиісті ұстаныммен  келіп отыр...

Ол, жалпыресейлік деңгейдегі саяси тыныс-тіршілік ортасында ысылып-шыныққан заңгер-қайраткер, дербестікті еш кідіртпей жария қылу қажет деп есептейді. Мынаған құлақ ассыншы делегаттар... Құрылтайымызға ашылған күні жақсы тілек айтқан Зәки есімді башқұрт қайраткерінің ұлттық автономия өкілі екенін білеміз. Алақандай ғана Башқұртстанның саясатшылы. Жұрт естеріне түсірсінші, біз өзіміздің жазда болған  алғашқы құрылтайымызда «болашақта автономия болсақ» деген ниетімізді ғана білдірумен шектелгенімізде, осы бір кішкене башқұрт елінің бір өзі мемлекеттілік туын көтеріп, жүректілік көрсетті. Есесіне онымен, жеке түтін түтеткен ел ретінде, алпауыттардың өзі санасуға мәжбүр.

– Міне, осы құрылтаймен қапталдасып, тап іргемізде Орынбор казак-орыстарының әскери үкіметі құрылып жатыр. Күні кеше Орал казак-орыстары өз әскери үкіметін сайлап алды. Осылардың бәрі бізді батылдау болуға итермелейді, халқымыздың өкілетті өкілдері...

Жаһаншаһ Қазақ автономиясын шұғыл жария ету туралы ұсынысын тағы да қайталап, шегелеп айтады. Ондай қадамның қажеттілігіне – арнайы шақырумен қатысуда дегенмен, басқа аймақтарға тереңдемей-ақ, өзі өкілдік етіп отырған Орал өңірінің қоғамдық-саяси өмірінен бұлтартпас дәлелдер келтіре алады. Орталықтан бері лықсыған  анархияға қарсы тұру үшін де, ұйымдасып жатқан Оңтүстік-шығыс одаққа жұтылмай, терезе теңестіре, саяси келісім жасау үшін де – автономиялық құрылымымызды алға тартуымыз қажет дейді ол осынау қазақ құрылтайы мүшелеріне.

Оны – азулы заң қызметкері Жанша Досмұхамедовті – оралдықтар, бөкейліктер және сырдариялықтардың біразы қолдайды.

Бірақ тәжірибелі саясаткер Әлихан Бөкейханов қашанғысынша сақ:

– Алдымен қырда тұратын қазақтан да өзге халықтардың пікірін біліп алу керек, – деп есептейді ол. – Арамыздағы мұжық не ойлайды? Орыстың оқығандары қалай қарайды біздің автономиямызға? Әрі, бірінші кезекте – елге қорған боларлық халық милициясын жасақтап алу ләзім...

Оның – қазақтан шыққан тұңғыш губернатор ретінде ат-атағы шартарапқа кеткен жаңа тұрпатты әкімнің, талай жылдан бері елге сіңірген еңбегі «Қазақ» газеті бетінде дәріптеліп, алаштың Әлиханы атанған Бөкейхановтың аузынан шығар әрбір пікірге бірден, құлай сенгендіктен де, әрдайым ойланбастан құлайтын жақтастары да желтоқсан құрылтайына қатысушылар арасында жеткілікті...

Ақыры мәселе ашық екі жарылады да, әркім көзқарасын атап айтып дауыс беретін жағдайға тіреледі.

Съезге Әлиханның тізімімен арнайы шақырылғандар ішіндегі Отарбай қажы Қондыбай баласы батыстықтардың бастамасына, өзі сол жақтан келгеніне қарамастан,  қосылмады. Жерлестерін де мәселені сабырмен пайымдауға шақырды. Автономияны кейінірек, ел іші соған ылайықты қалыпқа келгеннен соң барып жариялау жағында тұрды. Жетісулықтардың да біразы сол ойға жығылған-ды. Ақыры, автономияны шапшаң жариялауды ұсынған Жаһанша Досмұхамедов отыз үш дауыс, ондай асығыстыққа қарсы Әлихан Бөкейханов қырық екі дауыс алады.

Мұстафа Шоқаев Түркістан автономиясының үкіметі атынан келгендегі мақсатын қазақ съезі өкілдеріне баян етуін етті, алайда, мұндағы саяси ахуал бойынша мәселе шетін қойылып, жағдай өзі күтпеген сипатта қалыптасып жатқандықтан, дау-шарға араласпауды мақұл көрді. Түркістан өлкесінде тұратын мұсылман халықтарының құрылтайында жарияланған күллітүркілік автономияға бауырлас ұлттарды түгел жинастыруды көздеп еді, сол ұстанған бағытындағы оның алғашқы әрекеті мұндай кедергіге кездесті. Сәтсіз болды, рас. Дегенмен ол қазақтардың дербес байрақ көтеруге ниеттенген, тарихи тұрғыда орынды әрекетіне қарсы тұруға тиіс емес.

Мұстафа маңызды оқиғаға куә болғандығын мойындауы керек. Осындай ой жетегімен ол және тағы бірер делегат мүлдем екі жаққа да дауыс бермей, қалыс қалды.

Тоғыз  дауыс кем алған азшылық, басшысы Жанша боп, өз пікірінен қайтпай, төтесінен шарт қойды. Делегаттар біліп тұрсын: егер Қазақ автономиясы бірден жарияланбаса, онда олар Түркістан автономиясына қосылуға мәжбүр болады. Өйткені ағымдағы ахуал ырғалып-жырғалғанды көтермейді. Солай!..

Құрылтай ымыра жолын іздейді. Өйткені қазаққа тап қазіргі сәтте бөлшектенуге болмайды. Қазір қазақ халқы бұрын-соңды болмаған бірлікке қол жеткізуі тиіс...

Сондықтан да қайшы пікірдегі қайраткерлер біріне бірі ғаламат төзім танытып, түрлі ұсыныстарын ортаға салады. Сәтті пікірді ширатады, дамытады. Ақыры бәрі бір тоқтамға келеді. Бәрінің ұйығаны мына байламдар еді...

Әуелі, әрине, жалпықазақтық «Алаш-Орда» атты Халық Кеңесін құру керек. Содан соң, міне, осы Алаштың  Ордасы атын иеленетін Халық Кеңесіне – құрылған күнінен бастап, бір ай мерзім ішінде, Алаш автономиясына Түркістан өлкесіндегі барлық қазақты қосу мүмкіндігін анықтау міндеттелсін. Міне бұл дұрыс!

Егер бір айдың ішінде түркістандық қазақтар Алаш автономиясына қосыла қоймаса – онда «Алаш-Орда» Халық Кеңесі, қалған қазақ облыстары атынан, автономияны ресми түрде жариялауға міндеттеледі.

Түркістандық қазақтар Алаш автономиясына бір айдың ішінде қосыла қоймаған жағдайда және автономия жариялау да кешіккен жағдайда – әр облыс халқы ағымдағы ахуалмен санаса отырып, өз қалауымен әрекет етуге хақылы.

Түркістандық қазақтар бір айдың ішінде Алаш автономиясына қосыла қалғандай болса – онда «Алаш-Орда» Халық кеңесіне, алғашқы мүмкіндік туған сәтте-ақ,  Алаш автономиясын жария ету құқы беріледі.

Осы қарарға делегаттар, ешқайсысы шашау шықпай, бір ауыздан дауыстарын берді.

Одан делегаттар ел қорғаны боларлық халық милициясы жайындағы аса маңызды мәселені талқылап, шешім қабылдады. Содан соң, автономия үкіметін жасақтауға кірісті. Халық Кеңесі құрамын жиырма бес адамнан жасақтау ұйғарылды.  Жергілікті жұрт арасында отырған европалықтардың мүддесін ескеру хақында  Әлихан айтқан пікір көкейге қонған-ды. Халық Кеңесіне кіретін жиырма бестің оны соларға қалдырылды. Он бес мүшені орынбасарларымен бірге осы құрылтайда сайлау жөн деп табылды. Бірінші басшыны да осы жолы сайлап алу көзделді.

Халық кеңесінің төрағалығына – автономия үкіметінің премьер-министрлігіне – үш қайраткер кандидатурасы ұсынылды:

– Бақыткерей Құлман баласын ұсынам, – деді біреу. – Ол көп жылдар Бөкей ордасын басқару кеңесінде істеп, одан, жаңа үкіметтің комиссары болып, ел билеу ісінде жақсы тәжірибе жинақтады. Өте лайық жан.

– Омбыдағы саяси тыныс-тіршіліктің бел ортасында жүрген, беделі зор азамат Айдархан Тұрлыбековты сайлайық, – деді екіншісі.

– Әлихан Бөкейханов лайық, – деді үшіншісі, – оның беделі қырдан асып, әлдеқашан Ресейді шарлап кеткен, ол да жаңа үкімет комиссары.

Үш азамат та Халық Кеңесін басқаруға жарамды деп табылып, ең дұрысын жабық дауыс беру жолымен анықтауға бел байласты. Сайлау нәтижесінде делегаттардың көпшілігі бұл лауазымға Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты таңдап алғаны белгілі болды...

Одан кейінгі едәуір талас астанаға байланысты туындады. Орталықтың Орынборда қала беруін көпшілік қолдағандай еді, бірақ Сібір автономиясы емексіткен топ қазақ астанасының сол жаққа тақау болуын – Семей қаласын қалады. Сонда автономияны жариялау уақытына байланысты туған таласта азшылық болып қалған делегаттар тағы үн көтерді. Олар астана ретінде тарихи Ташкентті таңдады.

Дегенмен, көптің дегені болып, қазақ автономиясының орталығы ретінде Семей түбіндегі Алаш қаласы бекітілді...

 

12.

Әлихан Нұрмұхамедұлы «Алашорда» Халық Кеңесінің алғашқы мәжілісін өткізді. Бастапқы кезеңде атқарылмақ мәселелерге келісіп алысты. Халық Кеңесі – Алаш, яғни Қазақ автономиясының үкіметі – Алаштың ордасы, тіпті, жалпақ тілмен жалғыз сөзге айналып, елге түсінікті боп кеткен Алашорда – құрылтайдан соңғы бірінші басқосуында Сырдария облысы қазақтарының бетін бері қарату мәселесін талқылады.

Бұл реттегі үлкен шаруа Мұстафа тарапынан құрылтай үстінде жасалған-ды. Ол өзінің осында келгендегі мақсатын – Түркістан автономиясын нығайтуға дала өлкесі қазақтарының атсалысуына қол жеткізу ниетін тізгіндеп, айтыс-тартыстың тиімді шешілуіне ықпалын тигізген.

Құрылтай делегаттары да оның қарымды қайраткерлік еңбегін бағалады. Алашорда құрамына кіруін сұрады. Ол жағдаймен санасты, ұсыныстың өзі ұстанған бағыттан алшақ еместігін зерделеді. Өйткені, барша түркі халықтарын біріктіру жолындағы жұмыста – Түркістан мен Қазақ үкіметтерінің бір мезгілдегі мүшесі ретінде әлдеқайда табысқа жетуге болады. Бұл өзі – түпкі мақсат-мүддені жедел үйлестіріп тұру үшін де керек шаруа.

Алайда, кейінірек, әйгілі большевик қазақтар оны:

– Сөйтіп ол «ерің» екі «үкіметке» де мүше болған, – деп кекетеді.

Ал Мұстафа үшін – қазақ даласы автономияшылдарының бұл қадамы – тегі, діні бір, тілі тамырлас жалпытүркілік ұлт тағдырын ойлағандықтан жасалды.

Оған ұстазы, саясаттағы орнын өзі ерекше бағалайтын Әлихан Бөкейхановтың пікірімен санаспау мүмкін емес. Сонау революциялық Питерде соңғы кездескендерінде – Әлекеңнің ел болашағы жайында кадеттік  рухта ойлайтынын көрген. Сонысының арқасында, яғни кадет-министрлердің ықпалымен, тұңғыш қазақ-губернатор болғанын білетін. Алғашқы кезде Мұстафа да сол тұлғаның ықпалы шырмауында болды. Бірақ, өзі Ташкентте  автономиялық құрылымды дайындау, одан құру ісіне тез кірісіп кеткендіктен, Орынбордағы ұстазының көзқарасы қалай эволюцияланғанын біле бермейтін. Осында ұшырасқан жәйттер оны біраз мәселеге көз ашып қарауға жетеледі.

Сырдария қазақтарының съезі ашылатын уақытты бермен жылжыту керек дегенді Әлекең сұрап отыр. Өйткені, міне, – құрылтай шешімінде: «Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады... Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін», – делінген. Мұстафа облыс құрылтайын қаңтардың онында ашпақ екен, оны күтсе – Алашордаға құрылтай белгілеген бір ай мерзім нәтижесіз өтіп кетеді...

– Неге болмасын, – дейді Мұстафа, – әрине бермен жылжытуға болады, тек бұл хақында ел серкелерін жеделхатпен хабарландырайық.

Тағы бір ескеретін жәйт бар. Съезді бермен жылжыту аздық етер, оған бұл жақтан өкілдер барып қатыспаса болмас. Халықтың ойын Алашорда мақсатына бұру үшін солай ету ләзім. Себебі Түркістан халқы өз өңірінде озбыр жұмысшы-солдат өкілдері орнатқан өкіметтен өзге, ұлттық автономия шаңырақ көтергенін, қазір соны көп боп қолдап, облыстардың барлығында заңдастыру ғана қалып тұрғанын біледі. Ал қазақ өз алдына шаңырақ көтерді деген жаңалықтан олар бейхабар, мұны ел-жұртқа жеткізу әм ұғындыру керек...

«Алашорда» Халық Кеңесі Сырдария қазақтарының съезіне баратын арнайы өкілдер белгіледі. Бөкейлік Бақыткерей Құлманов бастап, торғайлық Міржақып Дулатов пен семейлік Тұрағұл Құнанбаев солай қарай ұзамай сапар шекпек...

Сосын Әлихан кезінде өзі қамқор болып, Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясында қызмет істеуге қосқан жас тарланмен – бүгінде ірі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген әріптес-үзеңгілесі Мұстафамен бірге қол қойып, оңтүстік қалалардағы қазақ комитеттеріне, ондағы белгілі азаматтарға арнайы жеделхаттар жолдауды мақұл көрді. Мазмұнын ақылдаса отырып, жазып болған соң, жіберілмек жеделхат мәтінін Мұстафа дауыстап оқып шықты:

– Екінші жалпықазақ съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-ші ғинуарда Түркістан шаһарында Сырдария облысының съезін шақырады. Съезге болыс басы бір өкілден келсін. Мұстафа һәм жолдастары бұл съезді 10-шы ғинуарға шақырған еді. Оны өзгертіп, 5-інде болсын делінді. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алаш ордасы Бақыткерей Құлмановты, Мирякуб Дулатовты һәм Тұрағұл Құнанбаевты жібереді. Уақыт – шұғыл, мәселе – зор болғандықтан, шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек. Бұл съезге болыс басы бір кісінің үстіне, жекелеген кісілер аталып шақырылады.  Алашорда бастығы Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқаев.

– Бәтуә осы, бар қазақтың басын қосу – парыз...

Әлихан жас серігінің қолын қысты. Жас  серігі еліне аттанар алдында Зәки досының шақыруын қабыл алып, башқұрт құрылтайының басын көріп кетпек болды.

Бірақ ол онда бас сұққанмен, мінбеге шығып құттықтау сөз айтуға, елдік шарттары хақындағы пікірін білдіруге үлгере алмады. Ташкенттен қобалжулы хабар жетті: мұхтарияттың жариялануын мерекелеген бейбіт халық шеруін большевиктер тасадан оқшашармен  атқылап, қанға бөктіріпті...

Секем алдырар хабар батыстан да келді: большевиктердің от шашқан үлкен әскери қосындары Орынборға тақалып қалыпты...

Автор: Бейбіт Қойшыбаев

Қамшы.кз

Пікірлер