Жас балалардың дінмен ауырғаны өте қауіпті жағдай

2718
Adyrna.kz Telegram

Жас балалардың дінмен ауырғаны еліміз үшін өте қауіпті жағдай. Қазір елімізде түрлі спорттық интернаттар мен жетімханаларда діни секталар ұя салып алғаны жасырын емес. Жастайынан дінге бет бұрған жастар ертең түрлі радикалды ағымдардың соңынан ілесіп кету қаупі бар екенін баса айтуымыз керек.

Әуелде Тараздағы спорт-интернат бапкерінің жас балалардың намазын тоқтатуы әлеуметтік желіде бір жақты талқыланып жатты. Оның боқтағаны, жайнамазды тепкені қателік болғаны түсінікті. Бірақ, жағдайдың себеп-салдарына үңілген кісі мүлде сирек болды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен кейбір ақпарат құралдары бапкер Алмас Баетовты жерден алып, жерге салып жатты. «Діншіл балалар бапкердің әбден жүйкесіне тигені, бұған дейін айтқан талай ескертуін орындамағаны видеодан-ақ көрініп тұр. Ұстаздарының жүйкесіне әбден тиіп камераны бағыттап, алдын ала дайындап қойған. Заң бойынша мемлекеттік мекемеде намаз оқуға тыйым салынған. Оның үстіне сабақ, жаттығу уақытында қашып кетіп намаз оқуы дұрыс па? Әрине, бапкердің боғауыз айтқаны, жайнамазды тепкені дұрыс емес. Қазақстан ислам мемлекеті емес, конституцияға сүйенетін зайырлы ел. Шынашақтай балалар дінге бет бұрса, олардың қатарынан ұлтынан безген безбүйректер, терроршы содырлар шықпасына кім кепіл? Ұстазы балаларды сондай қасіреттен сақтағысы келді деп неге бір сәт ойланбаймыз. Бас салып бапкерді жерден алып жерге салып жатырмыз» деп 14 тамыз күні алғашқылардың қатарында өз пікірімді білдірген едім. Халықтың бір жақты сынға алуы Жамбыл облыстық әкімшілігін де есеңгіретіп жіберсе керек, жергілікті құзырлы мекеме басшылары дереу шара қолданып бапкерге кешірім сұратқызып, тіпті жұмыстан босатып, одан өзге де әкімшілік шара қолдану ниетте екенін ресми түрде жариялады. Тым шұғыл жаза қолданған ресми мекеме өкілдері ҚР заңының аясындағы емес, дабыра жасап, шулаған діншіл топтың діни шариғаттық үкіміне жүгініп кеткені қайран қалдырады.

Ниеті түсініксіз діни топтың алдында (оңы мен солын айыра алмайтын балалардың артында радикалды күштер тұрғаны анық) 35 жыл бойы адал еңбек сіңіріп жүрген, халықаралық деңгейдегі 5 бірдей талантты футболшы дайындаған Алмас Баетовты жығып беріп, үлкен идеологиялық қателік жасалды. Мемлекеттік мекемелерде заң бойынша намаз оқуға тыйым салынады. Осы заңды өз шәкірттерінен талап еткен ұстазды негізсіз жұмыстан қудалауға бүкіл ел болып жол бермеуіміз керек.  Егер бұған жол берсек, ешкім ҚР конституциялық заңнамасына сенбейтін болады, тек діни қағидаларға ғана бой ұсынады. Яғни мектептерде намаз оқымауды талап еткен мұғалімдерді ашық «қақпанға түсіру» басталады. Мына оқиғадан кейін «намазыңды тоқтат, сабағыңды оқы» деп айтуға мұғалімдердің де жүрегі шайлығып қалуы мүмкін. Ертең балалардың ішінен терроршы содырлар пайда болса, бұған неге жол бердің деп тағы мұғалімдерді кінәлайтын боламыз. Балалар ұстаздың теориялық сабағынан қашып кетіп әдейі сценарий бойынша қойылым ұйымдастырғаны белгілі болып отыр. Әркім сабақтан қашып намазға кете берсе, онымен қоймай ұстазын бүкіл жер-жаһанға масқара етсе, онда қазақтың біткен жері сол емес пе? «Ертең аурухада істейтін бір хирург намаз уақытым деп жұмысын тастап намазға тұрып алса, жанып жатқан үйді тастап намаз оқимын деп өрт сөндіруші намазға жығылса, судья сот отырысын тастап намазға тұрып алса не болады?» деп пікір білдіреді әйгілі дінтанушы Мұртаза Бұлтай.

31 арнадағы «Информбюро» жаңалықтар топтамасына сұхбат берген Жамбыл облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернаты директорының орынбасары Елдос Акимов балалардың камераны сайлап арнайы сценарий ұйымдастырғанын, сөйтіп ұстазды бүкіл елге масқаралап әлеуметтік желіге салуды жоспарлағанын айтып отыр.  Одан бөлек мына жайға ерекше назар аударсақ. Оқушылар жатып оқитын спорт интернатында ересектері жаңадан келген жас балаларға дағуат жүргізгенін жаттықтырушы байқап қалады. «Амал әрекеттері теріс ағымға көп ұқсаған соң ескертіп те көріпті. Отырып жаңадан келген балаларға намаз оқыңдар мынадай болады деп. Өздері дұрыс жолда ма білмейді де. Баларды үйретіп жатыр. Кім біледі? Ол бұрыс жол шығар. Бұрыс жолға көбірек тартып отыр да. Тәкбір тартулары, тұрыстары, былай айтқан кезде мүфти бекіткен ережеге үлгіге келмей тұр да сәл. Жаттықтырушы күдіктендім, байқадым бір екі рет жиналып отырғандарын дейді. Оны кеше балалардың өздері де айтты» дейді директордың орынбасары Елдос Акимов.

Бұл жағдай бірінші рет емес, қайта-қайта қайталанып мұғалімнің титығына тигенін, әлгіндей қадамға ашу үстінде барғанын көзқарақты жұрт видеодан бірден көреді. Тіпті жайнамазды да аяқпен түріп жинап қойғаны болмаса, теуіп қорлауды ойламағаны да бейнеден мұқият қарасаңыз ғана аңғарылады. Қауіпті ағым өкілдері жас балаларды намаз оқуға ғана итермелемей, ұстазын қаралап видео таратуға үгіттеген болса, бұл расында еліміз үшін өте қауіпті теріс ағым өкілдерінен екенін ұқтырғандай.

Ұстаздан кешірім сұрап келген ата-аналар балаларының намаз оқитындықтарынан мүлде хабарсыз болып шығыпты. Демек, бұл жаттықтырушының балаларға намазға тыйым салуын күшейте түсетін тағы себеп. Кәмілеттік жасқа толмаған балалардың ата-анасының рұқсатынсыз немесе қатысуынсыз діни рәсімдер атқаруына, діни мекемелерге (мешіттер, шіркеулер) баруына тыйым салынады. ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 19 баптың 3 тармағында тайға таңба басқандай көрсетілген (http://www.matritca.kz/news/56456-pochemu-deti-ne-dolzhny-vovlekatsya-v-religiyu.html). Балаларды кәмілеттік жасқа дейін діни рәсмідер атқаруына шектейтін заң Қазақстанда ғана емес, Өзбекстанда, Беларусияда, Тәжікстанда ж.т.б. елдерде тәжірбие жүзінде атқарылып келе жатқанын атап өтуіміз керек.

Ертең сол интернат-мектеп діни ағымдар ошағына айналған болсақ, тағы да мұғалімдерді кінәлайтын боламыз. Сонда тағы да шырылдап опық жейтін ұстаздар қауымы болады. Ал жайнамазды тепті деп 35 жылдық тәжірбиесі бар, мақтанышпен айтуға тұрарлық шәкірттер тәрбиелеген ұстазды жұмыстан шығара салсақ, онда бұл ҚР Заңына қайшы шығып, діни ағымдарды қолдаумен пара-пар жағдай болмақшы. Бір метр мата үшін жаттықтырушыны жұмыстан қуып, оның шиттей бала-шағасын аш қалдыру кімге керек? Егер өмір бойы бір іспен айналысып жүрген тәжірбиелі кісіні жазықсыз масқаралап жұмыстан қуып жіберсе, салы суға кетіп, әділдіктен күдер үзіп, өзін-өзі тастап жібермей ме? Балаларды қауіпті ағымнан сақтаймын, спортпен айналысып мықты азамат болсын деген ниеті үшін қараптан-қарап күйіп кеткен тағдырына өкпелі адам тірідей өлгенмен бірдей күй кешері анық. Қысқасын айтқанда, біздің ұсыныстар мынандай:

-Жамбыл облысының шенеуніктері бапкерді жұмыстан қуғанша қауіпті діни ағымның интернатқа қайдан келгенін анықтасын;

-Жергілікті билік өзге де интернаттар мен жетімханаларды тексеріп, қауіпті діни наным-сенімдегі топтармен жүйелі күрес жүргізіп елдің алдында есеп берсін;

-Жазықсыз, қайта заң талабын орындаған бапкердің жұмыс орны қайта қалпына келтілсін;

-Интернаттар мен жетімханаларда, діни ағымдар жиі бас сұғатын түрлі білім мекемелерінде ұлттық-патриоттық жұмыстар күшейтіліп, ұлттық дәстүр, тарих, ұлттық фольклор жүйелі оқыту қолға алынсын.

Арман Әубәкір

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер