Қазіргі той той ма, әлде концерт пе?

3251
Adyrna.kz Telegram

Қазір той көп. Үйлену тойы, алтын той, күміс той, мерей­той, сүндет той, бесік той, тілашар той… Ал енді осы тойлар қалай өтеді? Әрбір қызық – қуаныш өз табиғатына, болмысына сай өтіп жүр ме? Қысқасы, той өткізу біздің дең­гейіміздің де көрінісі екеніне айналып бара жатқаны рас.

Той болған соң әнсіз, бисіз болмайды. Мәселен, қазақ жастары­ның үйлену тойы өтіп жатыр делік. Оған сырттан міндетті түрде әнші-биші шақырылады. Ол тойда кавказ, шығыс, еуропа халықтарының биі көрсетіледі. Содан кейін орыс тілінде, басқа тілде әндер шырқалады. Қыс­қасы кімнің тойы екенін білмейсің. Шешеннің бе, өзбектің бе, ұйғырдың ба, әйтеуір қазақтың тойы емес. Той­дың өзіне көп ұлттық сипат береміз, оған саясаттың не қатысы бар десейші.

Ілгерідегі тойлар қалай өтетін еді? Қазіргідей қаптаған әнші, биші атымен болмайтын. Үлкен кісілер үлкеннің сөзін айтатын, ән салатын, би билейтін, ескінің әндері, сөздері жаңғыратын, бәрі табиғи өтетін. Ең бастысы, бұрын айтылмай кеткен әндер айтылатын. Керек болса, рухани түлеп қайтатынсың.

Таяуда бір үлкен тойда бұрын­ғының бір ғажап әншісімен дастар­хандас болдық. Сол кісіні тыңдағым келді. У-шусыз, ештеңесіз. Тек даусын ғана. Өкінішке орай мына дырдудан ол кісі де шаршап отыр еді және де ешкім қолқа сала қоймады. Қолқа салатын, адам танитын адам жоқ еді ол жерде. Бұрынғының адамдары болса бір ән айтқызбай жібермес еді. Міне, біздің деңгей осы. Кезінде аты жер жарған әнші қасымызда отырды. Одан ешкім ән сұрамады. Өзім де бата алмадым. Өйткені, ол текті талант еді. Жастар түгілі, орта буын өкілдерінің өзі ол кісіні жыға танымады. Ән салайын деген ешкім болған жоқ. Сол ырду-дырду, келіп-кетіп жатқан әншісы­мақтар. Тұра қашқың келеді. Тек той иесін сыйлағаннан отырасың.

Ертеректе жазғанымыз бар еді. Елде бір той өтті. Жұрт көп сөйлеген де жоқ. Кәдімгі бір қоңыр кешке, ән кешіне айналды. Әсіресе, жастар жағы өте белсенді болды. Сол тойда бір екі көркем келіншек Т.Рахымның «Боз орамал» деген әнін айтты. Қалай айтты десеңші! Жұрт Т.Рахымды «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен білетін. Ал ғажап ән «Боз орамал» ұмыт қалған еді. Бұрын тойға барса, бір-бірін сынап, мінеп отырмай үлкендер жағы жастарға өнерімен өнеге көрсететін. Қазір тойда айтыл­ған ән, биленген би емес, ту талақай тамақ талау, үстел тазалап кету есте қалады. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмайды ғой. Той қазына деген. Бұрынғы тойлардың ерекшелігі сол, ұмыт қалған әндер, дәстүрлер жаңғыратын. Той рухани көмбенің көзі ашылатын, ағытылатын жер еді.

Р.S. Айтпағым, таяуда «Алматы ақшамында» сенаторлар Т.Мұқашев пен Д.Нөкетаева қонақта болды. Сонда осы іспетті тақырыпта еркін әңгіме өрбіді. Әңгіме барысында осы бір қасиетіміз туралы да көбірек айтылды. Қазіргі тойларды неге әнші, биші шақырып, неге концертке айналдырып жібердік. Той халықтың өз қазынасы ғой. Біз неге тойда ән салмаймыз, би билемейміз. Тазалық, рухи тазалық өнерде ғой. Неге жасанды өнер, жасанды дауыспен өмір сүретін болдық. Біздің халқымыз ән үшін де өмір сүретін халық еді ғой.

Қ.ҚАҒАН.

"Алматы ақшамы"

Пікірлер