Ақмолада ер адам 87 жастағы зейнеткерді тонап кетті

1501
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысындағы Степногорск қаласында ер адам 87 жастағы зейнеткерді тонап кетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Полиция басқармасына 1956 жылы туған жергілікті тұрғын өтінішпен жүгінді. Ол ағымдағы жылдың 21 тамызында кешкі сағат 18.00-де жеке тұратын 87 жастағы анасының үйіне белгісіз ер адам алдау жолымен кіріп, 500 мың теңге сомасында ақша қаражатын ашық түрде ұрлап кеткенін айтты.

Қарияның айғақтары бойынша қаскүнем өзін қызмет көрсететін компанияның қызметкері ретінде таныстырған.

«Ер адамға сенген зейнеткер күдіктінің көз алдында барлық жинағын алып шыққан, нәтижесінде қылмыскер қарияның ақшасын жұлып алып, қашып кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында Степногорск полицейлері күдіктінің тұлғасын анықтады. Ол бұрын ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, жақын маңдағы ауылдың 35 жастағы тұрғыны болып шықты»,– деп түсіндірді полиция департаменті.

Аталған факті бойынша полиция басқармасы ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі "тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Пікірлер