Күміс үнді Кенжеғалидің әншілік әлемі хақында

17132
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік опера өнерінің ежелгі отаны бүгінгі Италия мемлекеті екендігі белгілі. Осындағы Флоренция қаласында 1598 жылы «Дафна» деген алғашқы опера дүниеге келген деседі. Содан бері төрт ғасырдан астам уақыт өтіпті, дәл айтсақ 424 жыл аунапты. Содан бері опера өнері XX ғасырдың басына дейін дамумен, көркеюмен келді. Әсіресе XIX ғасырда батыс өркениетінің басты музыкалық құндылығына айналған бұл музыкалық ағым мейлінше кемелденіп, орындаушылық өнердің биік шыңына көтерілді. Тек XX ғасырда электрдің пайда болуы, соған орай электронды музыкалық аспаптардың сахнаға шығуы, оған ілесе түрлі музыкалық ағымдардың көбеюі опера өнерінің бұл қарқынын бәсеңсітті. Ал өткен ғасырдың ортасынан бастап, әлемде көпшілік музыканың белең алуы – опера өнеріне сұрапыл соққылар беріп, оны әлемдік мәдениеттегі әуелгі үстемдігінен айырды десе де болады. Әйтсе де опера өнері әлі тағынан түскен жоқ, бүгінге дейін ол ән салу үлгісінің озығы һәм адамзат даусының вокал мүмкіншілігінің шыңы болып келеді.

Қазаққа опера өткен ғасырдың алғашқы жартысында дәліререк айтсақ, 1934 жылы келді. Осы жылы Е.Брусиловский алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазып бастап, аталмыш опера 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері мен мәдениетің алғашқы он күндігінде қойылып, зор табысқа жетті. Мәскеуде өткен бұл мәдени декада – қазақтың ұлттық музыкасын опералық негізде әлемге паш етті әрі дүниеге қазақтың алғашқы опера өнерінің қарлығаштарын сыйлады. Олар: сол жолы «Шығыстың бұлбұлы» атанып, небәрі 24 жасында Кеңес Одағының «Халық әртісі» атанған Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтер еді. Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде әсіресе алғашқы елу жылда опера өнері белгілі деңгейде дәуірледі деп айтуға болады. Соның айғағындай Күләш Бәйсейітованың ізін баса Шабал Бейсекова, Роза Жаманова, Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шора Үмбеталиев, Мұрат Мұсабаев, Нариман Қаражігітов, Амангелді Сембин, Жұлдыз Баймолдина, Сәуле Құрманғалиева, Құрманбек Мырзабеков, Алма Оспанова, Рахима Жұбатұрова, Қорлан Қалиламбекова, Хафиз Есімов, Әлібек Дінішев, Шаһмардан Әбілов, Сұлтан Байсұлтанов, Кенжеғали Мыржықбаев, Нұржамал Үсенбаева сынды опера саңлақтары еліміз бен шетел сахналарында қазақтың опера өнерін паш етумен келді. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда...

Шынымды айтсам, өз басым бертінге дейін еліміздің опера әншілері – вокалистеріміздің шығармашылығында аса бір күрделі мәселе жоқтай көретінмін. Өйткені жоғарыда аты-жөндері аталған аға, апаларымызды радио мен теле эфирлерден тыңдап өстік. Олар шын мәнінде ұлттық опера өнерінің майталмандары, нағыз кәсіби өнерпаздар болғандықтан, бұл саңлақтардың өнерінен қарапайым тыңдаушы ретінде мін табу мүмкін емес те еді.

Сөйтіп жүргенде, 2012 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында халқымыздың тұңғыш опера әншісі Күләш Бәйсейітованың 100 жылдық мерейтойына арналған еліміздің опера өнерпаздарының мерекелік концерті болды. Концерт Үкілі Ыбырайдың атақты «Гәкку» әнімен ашылды. 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Күләш апамыздың кезінде жазылып алынған аяулы үні Опера және балет театрының кең залын кернеп кетті. Өзгені білмеймін, өзімнің бұл ғажап үнге әсерленгенім соншалықты – көзіме жас келіп, қатты толқығаным есімде. Ендігі кезек қазіргі опера саңлақтарыныкі еді. Лық толы көрермен шын мәнінде зор аншлаг күткен едік. Алайда бірнеше «нөмірден» кейін менің көңілім су сепкендей басылып, көңіл толмаушылық сезімі сәт сайын еңсемді баса берді. Өнерпаздар бірінен соң бірі әлемдік операдан және ұлттық ариялардан үзінділер, халық және халық композиторларының шығармаларын орындады. Өнерпаздардың шырқауындағы әлемдік классикаға дауымыз жоқ, олар бұл шығармаларды қал-қадірінше жеткізіп-ақ бақты, бірақ, кезек ұлттық классикамызға келгенде менің керемет күткен көңілім су сепкендей басыла берді. Өйткені ұлттық классикалық шығармаларымыз бірінен соң бірі сын көтерместей солғын орындалып жатты. Сөйтсек, қазіргі вокалистеріміз ұлттық шығармалардың сөзіне мән бермейтін болыпты. Ең жан жабырқатарлығы – қазақтың ә, ө, ү, қ, ғ, і, ң, төл дыбыстарына қазіргі опера әншілерінің тілі келмейтін дертке шалдығыпты. Егер де ұлттың төл дыбыстарына тілі келмей жатса, онда бұл жерде қазақ тілінің үндестік заңы (сингормонизм) туралы айту тіпті артық болар, сірә. Әсілі қазақтың халық әндері әсем әуенмен жымдаса өрілген өзінің сұлу сөзімен көрікті емес пе?! Ал енді осы әндерді сұлулап салған кезде, оның бір дыбысын «орысша», мәселен «ұ» әріпін «у» деп, немесе «ң»-ды «н» деп айтсаңыз, ол әнде не мән-мағына қармақшы, жүнін жұлған тауық тәрізді сиықсыз боп шыға келмей ме? Міне, біздің қазіргі ұлттық операмыздың осындай сақаулық дертіне ұшырағанына сол жолы көзім анық жетіп қайтты. Тек сол жолы концерттің соңына қарай жезтаңдай әнші Нұржамал Үсенбаеваның биік өнерін тамашалап, жанымыз қалды. Мерекелік шарадан кейін ауыр ойлар меңдеген мен жол бойы ойға шомумен болдым. «Апыр-ай, неге бұлай болды екен? Кеше ғана емес пе еді, аға буын опера саңлақтарының бұл еуропалық өнерді, қазақтың төл әншілік өнерінен айырғысыз қылып, ажырамастай жымдастырып жібергені?» – деп өзіме-өзім сауал қоюмен болдым. Расында да кешегі өткен Күләш, Шабал апаларымыздың, Бекен, Кәукен, Ермек, Амангелді ағаларымыздың көмейіндегі ұлттық бояу қандай еді? Бүгінгі Бибігүл, Нұржамал апаларымыз, Хафиз Есімов, Кенжеғали Мыржықбаев ағаларымыздың да қазақы үнді беруінде мін жоқ қой. Ал мына кейінгі толқынға не болды? Айналасы аз жылда ұлттық классикамызды орысша «шырқайтын» бұл буын қалай пайда болды, қайдан шықты? Мені осы сауалдар толғандырып еді. Содан бері мені қазіргі опера өнерінің жай-күйі алаңдата бастады. Себебі қазіргі ұлттық музыкамыздың алтын қорына айналған «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғыннан» (Брусиловский) бастау алып, «Абай» (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди), атақты «Біржан – Сара» (Мұқан Төлебаев) мен «Ақан сері – Ақтоқты» (Сыдық Мұхамеджанов), «Абылай ханға» (Еркеғали Рахмадиев) дейін жалғасқан ұлттық операмыз халық және халық композиторларының шығармаларының негізінде дүниеге келген емес пе еді яғни аталған операларымызға алтын арқау, күміс тіреу болған халық өнерпаздарының өлмес туындылары еді ғой. Егер, қазіргі опера өнерпаздары бұл мұрамыздың тереңіне бойламай, сөзінің қазақы дыбысталуына, ария текстерінің ішкі мазмұнына ой жүгіртпей, мағынасына көңіл бөлмей, қазақы интонациясыз итальяндық опера дәстүрінің мәнермен, ең сұмдығы – қазақша мәтіндерге тілі келмей, осылай орашолақ, жауапкершіліксіз, атүсті айта берсе, бұл дегеніңіз ұлттық опера өнеріне келген кәдімгі нәубет қой! Онда ұлттық операмызда қандай қадір, нендей қасиет қалмақ? Міне, осындай жан жабырқатарлық ойлардан кейін мен елімізге танымал опера әншісі, күміс үнді тенор Кенжеғали Мыржықбаев ағамыздың ұлттық классикамыз жайлы шырылдаған жанайқайын түсінгендей болдым, осы оқиғадан кейін мен Кенжеғали ағаның өнеріне, оның әншілік болмысына ой көзбен зер сала бастадым. Өйткені бұл проблемаларды сол кездерде, тіпті содан бері де Кенжеғали Мыржықбаевтан басқа бірде-бір опера әншісі БАҚ көтерген емес. Әдетте, біз өнерпаздың өнеріне, оның өнерпаздық ұстанымына, тіпті азаматтық позициясына тәнті болғанда оның өмірбаяны мен өнер жолына үңілеміз ғой. Сөйтсек, Кенжекеңнің өмірі мен өнер жолы шынында да үлкен өнерпаздарға тән – жарқын болып шықты.

Кенжеғали Мыржықбаев 1953 жылы осы күнгі жаңадан құрылған Абай облысы, Аягөз ауданында дүние есігін ашады. Тағдырға не шара, ата-анасынан ерте айырылған Кенжекең жастайынан жетімдік тақсіретін тарта жүріп, сол жылдары Семей ядролық полигонының ошағына айналған Абыралы ауданының Саржал ауылында, әкесінің ағайындарының қолында ер жетеді. Қанша дегенмен жақын туысқанның аты жақын туысқан, ағайындары бала Кенжеғалиға жетімдік тақсіретін тарттырмай, барынша мейірімге бөлеп өсіреді. Жасынан ат құлағында ойнап, жылқы құмар болып өсіп, түрлі бәйгелерден оза шауып бәйге алған Кенжеғалидың шабандоз атағы елге жайылады. Әйтсе де бала Кенжеғалидың арман-аңсары, ынта-ықыласы әнде еді, сондағы оның алғашқы «ұстазы» ауыл ортасындағы селолық советтің жанына орнатқан ағаш бақанға ілініп қойылған қара радио болған екен. Арасында ауылдың есті қарияларынан аңыз-әфсана, өлең-жыр тыңдайды. Қысқасы, жас Кенжағали ол кезде әлі қаймағы бұзылмаған дәстүрлі ортада қазақы ұғыммен айтқанда «уызына жарып өсіп» ер жетеді. Сөйтіп жүргенде, Кенжекең шамамен 12-13 жасқа келгенде қияндағы Саржал ауылына алыстағы Алматыдан ат арылтып, қазақтың ұлы әншісі Жүсіпбек Елебеков пен сол тұста ұлттық опера көгіне жасындай жарқ етіп шыққан жас талант Ермек Серкебаев келеді. Қос ән алыбының асқақ салған сұрапыл әндері жас Кенжеғалидың жан дүниесін төңкеріп кетеді.

Шабандоз бала осы оқиғадан кейін әнші болуға бел буады. Сөйтіп қос ән тарланының биік өнерімен қанаттанған ол Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесіне түспекке талап қылады. Сөйтсе, бұл СПТУ-ға түскендей оңай емес екен, ол үшін әуелі музыка мектебін бітіруің шарт, сонан соң, көзге көрініп тұрған айқын дарының болуы керек, оның үстіне сабақ орыс тілінде, ал таза қазақ ауылында өсіп, өмірінде тірі орыс көрмеген ауыл баласы орыс тілін қайдан жетік білсін, әйтеуір нан сұрап жеуге жетерлік ауызекі орысшасы бар. Әйтсе де мұның ашық, саф күмістей таза даусына назар аударған комиссия мүшелері болашақ опера әншісін оқуға қабылдайды.

Бозбала Кенжеғали өзінің бойға біткен таудай талабының күшімен бұл музыкалық училищені үздік аяқтайды. Сөйтіп училищеден соң, сол кездегі еліміздің астанасы – Алматыға аттанып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консервоторияның студенті атанады. «Армансыз адам – қанатсыз құс пен тең» дейді қазақ нақылы. Бұл кезде бойын жастық жалын мен өнер қуаты кернеген жас Кенжеғалидың арманы асқақ еді. Ол Абыралының ақиық қыранындай көзін алыс қияға салады.

Сондағы қиясы – сол кездегі Ленинград қаласындағы Н.А. Римский-Корсаков атындағы аты әлемге мәшһүр консервотория еді. Талапты ердің алмайтын асуы, бұзбас қамалы бар ма – тыңғылықты дайындықпен барып, аталған консервоторияның вокал және хор факультетіне аса бір қиындықсыз түскен ол 1981 жылы опера мен концерт әншісі және педагог мамандығын алып шығады. Сол жылы Алматыға келіп, Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік кеңесінің қатал сынынан сүрінбей өтіп, аталған опера ордасына әнші болып қабылданады. Өнерде бірден бағың жануы қиын, ал бірден бағың жанса, онда жолыңның болғаны. Дипломының сиясы әлі кеуіп үлгермеген жас өнерпазға бірден даңғыл жол ашылғандай болады. Сол жылы бірден ол либреттосын ұлы Ғабеңнің өзі, музыкасын өз заманының аса талантты композиторы Сыдық Мұхамеджанов жазған «Ақан сері – Ақтоқты» операсындағы басты кейіпкер Ақан сері рөліне ие болады. Алайда сол кездің опера және балет театрының сақа өнерпаздарының арасында:

«Консервоторияны кеше ғана бітірген жасты бірден басты рөлге ие қалғандары несі?» деген сияқты күңкіл сөздер де айтылмай қалмайды. Дегенмен Кенжекең – Ақан сері, сол кездің аты белгілі өнерпазы Қорлан Қалиламбекова – Ақтоқты болып ойнаған бұл су жаңа опера екеуінің орындауында сәтті шығып, табысты қойылады. Табысты өткен «Ақан сері – Ақтоқтыдан» кейін бұл өнердің айналасында жүрген жұрт назары бірден Кенжеғали Мыржықбаевқа ауады. Олардың ішінде классик жазушы һәм драматург әрі әдебитіміздің ақсақалы Ғабит Мүсірепов те бар еді. Сол кезде «Қыз Жібектің» құрамы қайта жаңартылып, Төлегенді кім ойнайды деген мәселе көтеріліп жатқан еді. Ұлы Ғабең «Бұл рөл енді Кенжеғалидікі» деп шорт кеседі. Ал Қыз Жібекті – Құрманғазы консервоториясының бесінші курс студенті, айдай көркем ару қыз – Нұржамал Үсенбаева айтатын болып шешіледі. Әйел заты әншілердің күліп аққан бұлақтай ең мөлдір сыңғыр үні саналатын лирика-колоратуарлық сопрано иесі әрі хор қызындай сұлу, жас Нұржамалдың сондағы көркіне сұқтанған тамсанушыларға Ғабеңнің: «Біз үндемей отырмыз ғой», – деп ескертетіні осы кез.

Осылайша зор таланты мен Ғабең сияқты ұлы қаламгердің қолдауымен өнердегі бағы жанған Кенжеғалидың тасы өрге қарай домалай бастайды. Ұзамай, композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» операсында басты партия – Адақтың рөліне бекітіледі. Ол жылдары «Адақты» дүние жүзіне даңқы кеткен Италияның Ла-Скала театрында өнер көрсетіп, Лучиано Паворотти сияқты әлемдік опера жұлдызының өзін таңдай қақтырған Амангелді Сембин мен ұлттық операмыздың тағы бір маңдайалды өнерпазы Нариман Қаражігітов сомдап жүрген кезі-тұғын. Осы тұста отызға әлі іліге қоймаған Кенжеғали Мыржықбаев бұл жауапты сыннан да сүрінбей өтіп, биік тенор дауысқа лайықталып жазылған күрделі партияларды талмай шырқап, шыңына жеткізе айтып шығады. Осылайша, небәрі бір-екі жылдың ішінде жас әнші Кенжеғали Мыржықбаев қазақ ұлттық опера өнеріндегі өзінің орнын нықтап бекітеді. Бұл айтуға оңай болғанымен талмас жігер мен зор қайратты талап ететін қажырлы еңбектің жемісі екендігі әншілік салада жүрген өнерпаздар мен музыка мамандарына ежелден белгілі жайт.

1983 жыл. Кенжеғалидың орда бұзар отызға келген шағы. Сол жылы «Біржан – Сарадай» өлмес опера жазып, ұлттық опера өнерін жаңа сапаға көтерген кәсіби композитор Мұқан Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойы Мәскеудің Колонналы залында атап өтілетін болды. Кімдердің, қандай дүлдүлдердің ізі қалмаған жер бұл! Атап айтқанда,Ф.Шаляпин, Л.Собинов, К.Шульженко, С.Лемешев, И.Козловский, А.Гнатюк, Б.Штоколов, М.Биешу, Н.Охотников, И.Архипова, В.Пявко, И.Багочева, Н.Соловяненко, Е.Нестеренко, Е.Образцова, Ю.Богатников, М.Могамаев, Т.Синявская, В.Атлантов, Ю.Мазурок, З.Соткилова, Е.Мирошниченко, Б.Гуляев т.б. өз заманынан ән оздырған небір қас шеберлердің жарқын өнерінің куәсі болған Колонналы зал емес пе, ендігі кезек қазақ ұлттық операсына келіп тұрған жайы бар. Шынында да сын сәт еді бұл. Залда ине шаншар орын жоқ. Төрде КПСС идеология хатшысы, КСРО мәдениет министрі мен композиторлар Одағының хатшысы, Кеңестік музыка өнерінің небір марғасқалары, талғампаз музыка сыншылары отыр дегендей. Бұған аталмыш концерттің 15 одақтас республиканың барлық телевидениелерінде тікелей эфирден көрсетілетінін қосыңыз. Иә, бұл шынында да сын сәт әрі салмағы ауыр жауапкершілік еді.

Бірақ дайындық та қапысыз-тұғын Либреттосын Қажым Жұмалиев жазған Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының бұл концерттік нұсқасының дирижерлігіне – Мемлекеттік симфония оркестрі хор капелласы дирижеры, Бүкіл Одақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Төлепберген Әбдірашев, Біржан партиясына Абай атындағы Опера және балет театрының солисі Кенжеғали Мыржықбаев, Сара рөліне – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алма Оспанова бекітілген еді. Оркестр көктен кенет қаршыға тиіп, көлден дүрк көтерілген қалың аққу-қаздай дүр сілкініп, концерт басталды да кетті. Айта беріп қайткендейміз, бұл концерттің масштабының қаншалықты зор болғанын қазіргі ютуб арнасында тұрған хроникадан көруге болады. Концерт зор табыспен өтті.

Осы жолы қазақ операсына шын көңілден разы болған КСРО Композиторлар Одағын ұзақ жылдар басқарған КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, орыстың классик композиторы Тихон Хреников аталы сөз айтып, ағынан жарылады. Ол кісі: «Мұқанның бұл операсы тек қазақ музыкасының жұлдызы ғана емес, бұл опера Мәскеу, Ленинград, Париж бен Вена сияқты музыка сахнасының көркі болар еді», – дейді.

Шіркін, кеңестік идеологияның күші-ай! Тихон Хренниковтай мэтрдің бір ауыз уәлі сөзінен қуат алған КСРО мәдениет министрлігі енді «Біржан – Сараны» шетелде қоюға қам жасайды. Қазақ өнерін көрсетуге Германия таңдап алынады. Еуропаға тұңғыш шығатын опера болғандықтан декорациялар жаңартылып, жаңа костюмдер тігіледі. Алматыда Германияға гастролдік сапарға баратын үміткерлерге конкурс жарияланады. Жоғарыдан, Біржанға – Қазақ КСР-інің халық әртісі Нариман Қаражігітов, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембин, театр солистері Сұлтан Байсұлтанов, Кенжеғали Мыржықбаев, Сараға – КСРО Халық әртісі Роза Жаманова, Қазақ КСР-нің халық әртісі Рахима Жұбатұрова, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері Сәуле Құрманғалиева мен Алма Оспановалар әзірлесін деген пәрмен түседі. Ол тұс КСРО-ның әлі «Халықтар түрмесі» кезі. Шетелге шығу – айға ұшып барып келумен пара-пар уақ. Германияға барудан барлығы үмітті. Театр ішінде сыпсың сөздер гулеп тұр. Тіпті осынау психологиялық қысымнан жүйкесі сыр беріп, даусы шықпай қалған әншілер де болған деседі. Не деген жауапкершілік десеңізші, дайындық кезеңі бір жылдан астам уақытқа созылады. Сол кездегі Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков өнерпаздарды іріктей келе, екі құрамды қалдырады. Ізінше сол кездегі Казақ КСР Компартиясының хатшысы, еліміздің бас идеологы Зақаш Камелиденов театрға арнайы келіп, жиналыс ашып, Германия мемлекетіне кімдер баратынын хабарлауға мінбеге көтеріледі. Залда өлі тыныштық орнайды. Бәрінің назары хатшының аузында. Зақаш Кәмелиденов ыңырана сөз бастап, – Біржанды – Кенжеғали Мыржықбаев, Сараны – Роза Жаманова орындайды, ал екінші құрамдағылар страховщиктер ретінде барады. Спектакльге дирижерлік ететін Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, бас хормейстер Базарғали Жаманбаев дегенде біреулер сықсыңдап жылайды, баратындар әрине, қуанады... Делегацияны Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков пен Орталық комитеттің инспекторы Дүйсен Қасейінов бастап баратын болып ұйғарылады. Осылайша Германияға аттанған Қазақ Ұлтық операсының тарландары өз тарихында тұңғыш шетел сапарына шығып, Герман елінің Берлин, Дрезден, Лайпцих, Штат-Халле шаһарларында, батыстың талғампаз жұртының алдында қажымай-талмай өнер көрсетіп, елге зор табыспен оралады. Әрине, бұл сапарда Кенжекеңе байланысты төтен оқиғалар болмай қоймайды. Бірақ мұның бәрін Кенжағали ағамыз өзінің құдай берген таланты мен шығармашылық бабының күшімен еңсереді.

Оның бәрін жазсақ, жазбамыздың желісі ұзап кететіндіктен осы тұстан тізгін тартамыз.

Мінеки, бір өнерпазға жер бастырмай жіберерліктей осындай зор табыстарына әсте мастанбаған Кенжеғали әнші бұдан кейін де жатпай-тұрмай еңбектеніп, театр сахнасында ондаған басты ролдерді сомдайды. Бір қуанарлығы – мұның түгелге жуығы Қазақ теледидарының «Алтын қорына» жазылып алынған. Осылайша, Абай атындағы Опера және балет театрындағы үзбей істеген он жылдық қажырлы еңбегі ескерілген Кенжеғали Мыржықбаевқа 1991жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы беріледі. Іле, аяқ астынан Кеңес Одағы құлап, комунистік империя келмеске кетеді. Сол жылы Қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, артынша алмағайып кезең басталады, капиталистік қатынастардың күні туып, нарық заманы орнап, мұның алғашқы зардабын алдымен өнер мен ғылым және мәдениет өкілдері тартқаны белгілі. Не істеу керек? Операның басынан бағы тайғаны сезіледі. Кенжекең үнемі ойланумен, толғанумен болады. Сонда оның есіне Мүсілім Могомаев пен Николай Басков түседі. Екеуі де өнер жолын опера әншісі болып бастағанымен соңынан жеке концерттерімен дүйім жұртқа мәшһүр болды емес пе? Оның үстіне бір жолы Н.Басковпен жүздесіп, әңгімелескенінде ол бұған «Опера сахнасында адалдығыңды бір кісідей танытқан екенсің, сондықтан ештеңеге, ешкімнің сөзіне қарамай әншілік жолында іздене түскенің абзал», – деп кеңес беріп, жөн сілтеген еді. Осылайша, Кенжекең бірте-бірте жеке әншілік жолға бет бұра бастады.

Мұнда да ол қазақ әнін еліміз бен шетелдерге насихаттаушыға айналды. Соның айғағындай, ол сегіз концерттік бағдарламамен әлемнің 18 елінде болған екен. Атап айтсақ, Германияда, Қытай елінің астанасы Бейжің қаласында үш дүркін, сондай-ақ Франция, Түркия, Араб, Иран, Румыния, Польша, Армения, Украйна, Иран, өзіміздің көрші елдер Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларын аралап, ұлттық өнерімізді алыс-жақын елдерге үздіксіз паш етумен болды. Соның ішінде Германияға барған сапарында неміс халқының ұлы ақыны Гетенің сөзіне жазылған қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін неміс, қазақ, орыс тілінде алғаш, үш тілде қатар шырқап, немістің өнер сүйер жұртын тәнті еткенін қалай айтпасқа! Жалпы қай елге барса да, қай сахнаға шықса да әуелі Абай әндерін шырқау – Кенжеғали Мыржықбаевтың шығармашылық кредосы дер едік. Абай әндерін алыс-жақын шетелдерге бұл күндерге дейін дәл Кенжеғали Мыржықбаевтай жүйелі насихаттаған әнші қазақта кемде-кем деп нық сеніммен айта аламыз және бұл пікірімізге кез келген ортады жауап беруге әзірміз. Мәселен, 2006 жыл Қазақстанда – Пушкин, Ресейде – Абай жылы деп жарияланғаны есте. Бұл жолы да Кенжеғали Мыржықбаев өзіне тән өнерпаздық ұшқырлық танытып, дереу «Абай-Пушкин» концерттік жобасын әзірлеп, іле-шала Ресейге аттанды. Әуелі Мәскеу мен Санкт-Петербург шаһарларынан басталған бұл гастрольдік сапары Ресейдің Новосибирск, Омбы, Том, Барнаул, Орынбор, Астрахан, Самара қалаларында жалғасып, аттай бес айға созылды. Осы бес ай ішінде тоқтаусыз концерт берумен болған ол Абай мен қазақ композиторларының ұлы ақынның сөзіне жазылған 25, ал Пушкиннің сөзіне жазылған 12 музыкалық шығарма орындалған екен. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деген қазақ сөзінің шындығын ескерсек, бұл шын мәнінде зор еңбек. Оның үстіне әншінің жасы бұл кезде 53-ке келгенін тағы бір ескерсек, бұл шығармашылық сапарлардың Кенжеғали ағамызға оңай тимегені тағы анық. Үнемі үздіксіз шығармашылық бапта болу, оның үстіне фортепьяно сүйемелімен ән салу өте қиын да, күрделі өнер, оны қазіргі жеңіл эстраданың жетегінде жүрген «фанерщиктермен» салыстыруға әсте болмайды, салыстырған күнде – бұл мұндай ұзақ бәйгеде шалдықпас, шаршау бермес тарлан әншіге қор қиянат болмақ. Дәтке қуат қылатыны кейін Кенжекеңнің осынау концерттік жобасы «Абай-Пушкин» атты компакт-диск болып жарыққа шықты. Ал басқа марапатқа келсек... осы уақытқа дейін, сонау 1991 жылдан бері, келесі жылы жетпіске келеді, басқа Үкіметтік наградаларды былай қойғанда бір жапырақ марапат қағаз бұйырмапты пешенесіне. Бір кем дүние-ай десеңші...

Кенжағали Мыржықбаевтың Абайға, оның мұрасына деген бұл елеулі еңбегі ұлы ақынның музыкалық шығармаларын насихаттаумен ғана шектеліп қалған жоқ, ол ұлы ойшылға мемлекеттік шенеунік болған жылдары, тіпті қоғам, мәдениет қайраткері ретінде де үнемі қызмет етумен келеді. Мемлекеттік шенеунік демекші, Кенжеғали Мыржықбаев 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының бастығы әрі филармония директоры болып тағайындалып, аталған облыста аттай бес жыл қызмет істегені бар. Сол жылдары да Абай еліне шама-шарқынша қызмет етумен болды. Мәселен ол 2007 жылы Абайдың немере інісі әрі ойшыл шәкірті Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойының өз мәнінде өтуіне ат салысты, сондай-ақ Өскеменде Абайдың, Семейде Шәкәрімнің ескерткіштерінің бой көтеруіне өз үлесін қосты. Ән әмірі – Әміреге де Семейде ескерткіш орнатылғанда басы-қасында жүрді. Абайдың туған жері Қарауылда «Қаламқас» атты әйгілі ансамбль болғаны аға буынның есінде болар. Алайда тоқсаныншы жылдардан бері бұл ансамбльдің де басынан бағы тайып, өнерпаз ұжымның шығармашылығы мүлде қожырап кеткен-ді. Міне, Кенжекең осы «Қаламқастың» қисайған жығасын түзеп, бір кездегі даңқты ансамбльді қайта түлетті. Нәтижесінде «Қаламқас» сахнаға қайта оралып, байырғы қалпына келе бастады, кейінгі кезде тіпті алыс-жақын елдерге гастрольдік сапарларға шығуға жарап қалды деп естідік. Алайда өнер адамына кресло баққан шенеунік болу әсте оңай емес.

Мазасыз, қат-қабат шенеуніктік шаруалардан Кенжекеңнің жаны жүдеу тартып, көңілі жабырқай берді. Оған себеп болған түрлі деңгейдегі басшылардың ол атқарған еңбектерді көпе-көрнеу бағаламауы, кейбір әпербақан шенеуніктердің қысас пен қиянатқа ұста болып шыққандығы. Бірде сондай өркөкірек шенеуніктердің бірі, басқалар кезінде атына берілген пәтерлерін ебін тауып жекешелендіріп алып жатқанда, бұл кісіге жекеменшікке берілмейтін қылып тастап, қысас көрсетті. Ақыры Кенжекең 1996 жылы өз қалауымен келген Елордасына екінші рет қайтып оралды.

Кенжекеңнің Астанаға алғаш келуі де өз алдына бір хикая. Арқа төрінде мемлекет астанасы орнап, бұрынғы астана Алматының жаңа Елордаға көшіп жатқан кезі. Сол жылы ол Ақмола қаласына концерттік сапармен барған еді. Кезінде Тың игерушілер сарайы, соңынан Конгресс холл атанған сарайда жоспарлы концерті табысты өткен ол келесі күні Целиноград инженерлік-құрлыс және Целиноград педогогикалық институттарының негізінде құрылып жатқан Еуразия Ұлттық университетінің сол кездегі ректоры Амангелді Құсайыновқа амандасуға барды. Жаймашуақ әңгіме үстінде ректор Кенжекеңе жаңа университетке қызметке келуге ұсыныс білдірді. Қапелінде тосын ұсынысқа тосылып қалған ол: «Мен мұнда жалғыз келгенде не тыңдырамын, онда келгісі келетін әріптестерімді өзіммен бірге ерте келейін», – деп салды. Ректор бірден келісімін берді. Осылайша Елордаға алдымен келгендердің қатарынан табылған ол жаңа астананың рухани-мәдени тыныс тіршілігіне білек сыбана араласып кетті. Келесі жылы облыстық филармония ашылып, жаңа ұжымға «Целиный» кинотеатрының ескі ғимараты берілді. Алайда мемлекет есебінен күрделі жөндеуден енді өткен ғимаратты жең ұшынан жалғасқан пысықай қалталылар жоғарыдағы ықпалды көкелерінің күшімен тізеге басып тартып алып, ішінен қолма-қол боулинг, мейрамхана мен казино ашып, филармонияға тиесілі ғимаратты бай-бағландардың көңіл көтеретін жын-ойнағына айналдырып жіберді. Бұл бассыздыққа күйіп кеткен Кенжекең «Қазақ әдебиетіне» мақала жазып, әлгі алаяқтықтың басы-қасында тұрғандарды батыл әшкереледі. Мұндағы көтерілген өткір мәселелерден көп ұзамай хабардар болған сол кездегі Ақмола облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов Кенжекеңді дереу шақырып алып, аталған филармонияның директоры болуға ұсыныс білдірді. Осылайша ол филармония директоры мен музыка академиясының ұстазы болып тағы да он жылдай жемісті қызмет етті. Жемісті болғаны сол емес пе, Кенжекең шағын филормонияны еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған талантты өнерпаздармен қайта жасақтап, жиын-саны алпыс музыканттан құралған ұлт аспаптар оркестрін құрды.
Әлгінде Кенжекең Елордаға екінші рет қайтып оралды дедік. Бұл 2012 жыл болатын. Бұл жолы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың ұсынысымен оралған ол оқу ордасының жанынан ашылып жатқан «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі ретінде іске кірісті. Әдетте істің тетігін білетін жан қай шаруаны болсын ұршықтай үйіріп әкетеді ғой. Мұны атам қазақ «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейді. Дәп осы сөз Кенжекеңе қарап айтылған ба дерсің. Келе «Кәусарды» қолына алған ол істің басын еліміздің өнер мен мәдениет қайраткерлерімен, ақын, жазушылармен кездесу ұйымдастырулармен бастады. Мойындауымыз керек, еліміздің оқу ордаларында жастарға патриоттық тәрбие беру деп аталатын осынау идеологиялық бағыт-бағдарларымыздың көп жылдардан бері ақсап келе жатқан жайы бар. Оқу бағдарламасы өз алдына, бірақ патриоттық тәрбие болмаған жерде саналы ұрпақ қалыптаспайды. Кез келген қоғамның қозғаушы күші саналы ұрпақ екенін ескерсек, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Құрғақ біліммен қаруланған санасыз, қуыс кеуде ұрпақ келешектің соры. Ал осы келеңсіздікті болдырмау, оның алдын алу үшін алдымен не істеу керек. Ол үшін ең абзалы жас ұрпақты өнегелі аға буынмен жиі жүздестіріп, олардың тағылымды әңгімелерін жастарға жүйелі түрде, тұрақты тыңдатып тұру керек. Сонда көкірегі сәулелі жандардың есті сөзімен санасы нұрланып өскен ұрпақ Абай данышпан айтқандай өздері де есті болмақ. Бұл жастарды тәрбиелеудің бір жолы ғана, әйтпесе тәрбие беру тәсілі сан алуан ғой. Дегенмен аға буынмен жас буынды үнемі дидарластырып отыру – тәрбие ісінің алды дер едік.
Міне, осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында Кенжекең университет ұжымы мен студенттерді еліміздің зиялы қауым өкілдерімен жүздесуін баста кеп жіберді.

Кездесуді ол еліміздің көрнекті композиторы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтен бастады. Кейін, интернет желісінен тамашаладық, бұл кездесу өте әсерлі өтті. Бұл жүздесу Еркеғали ағамыздың ардақты елінің алдында соңғы бой жазуы екен, көп ұзамай атақты композитор дүниеден көшті. Мұнан соң ақындар: Кәкімбек Салықов, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Несіпбек Айтұлы, Көпен Әмірбек, ғалымдар: Сейіт Қасқабасов, Намазалы Омашевпен емен жарқын кездесулер өткені белгілі.
Осындай елдік, қоғамдық істердің қайнаған ортасында жүрсе де, ол өзінің алдымен әнші екенін әркез ұмытқан емес. Үнемі түлеп ұшқан қыран құстай бабында. Қыран құстай демекші, кәнігі құсбегілердің айтуынша егер бүркітті баптаған кезде салмағы бір мысқалдан артық я кем болса (бұл үш грамның шамасы) қыран айнығыш келетін көрінеді яғни аңға салғанда бапты қырандай бетті болмайды. Мінеки, Кенжеғали әнші осындай сұңқар бітімдес серек өнерпаз. Әр сәт сахнаға шыға келгенде, жемін іліп түсер тұйғын құстай жарқылдап, жараулы жүйріктей шабытты күймен, небір күрделі шығармаларды асқақтата шырқай жөнелгенде нағыз дегдар әнші осылай болса керек деп еріксіз тәнті боласың. Сөйтсек, Кенжекең әлі күнге дейін жан мен тән күтіміне ерекше мән береді екен. Осы уақытқа шейін арақ-шарақ атаулыны аузына татып алмаған ол кешкі 18:00 кейін ас-судан тиылады екен. Ал дауыс күтімі мен оны жүйелі түрде баптап, жаттығулар жасауы – өз алдына бөлек әңгіме. Бірде «Кенже аға, кейінгі толқын опера өнерпаздарында қазақы үн бояуы кемшін, бәрі дерлік итальяндық мәнермен айтады, бұрындары аға буын әншілерді радио эфирлерден бір естігенде-ақ, кімнің не айтып жатқанын біле қоюшы едік, ал қазіргі әншілердің даусы инкубатордан шыққандай ұқсас болғандықтан, бір-бірінен ажырата алмай қалып жатамыз. Бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін вокал мәдениетін ұлттық үн ыңғайымен игеру тәжірибеңізбен бөлісетін методикалық негізбен жүйелеген ғылыми еңбек жазып, музыкалық жоғарғы оқу орындарында, халқымыздың классикалық әндерін қазақы үннің төл табиғатын бұзбай айтатын, ұлттық ария, романстарымыздың сөзіне мән бере орындайтын шәкірт тәрбиелеу жұмыстарын жолға қоюға неге күш салмайсыз?», – дедім. Кенжекең бұл мәселе толғандыратынын, осы жөнінде министрлікке өз ұсынысын білдіргенін, бірақ жауап ала алмағынын, келешекте бұл жобаны қолға алу ниеті барлығын айтты. Шынында да бұл кезек күттірмейтін мәселе.
Жоғарыда айтқанымыздай, Кенжекең өзінің кәсіби әншілік жолына адалдығынан еш тайған емес. Соның айғағындай, жасы жетпіске келіп қалса да, тыңдарман алдына жиі шығып, сонау тоқсаныншы жылдары бастаған өзінің циклді концерттерін жалғастыруда. Кейінгі жылдары көрермен назарына ұсынған сондай жобаларының бірі – өзінің өмір мен өнердегі аға досы, халқымыздың көрнекті композиторы һәм музыка зерттеуші Илья Жақановтың шығармашылығына арналған «Еділ мен Жайық» атты 15 шығармадан тұратын концерті. Бұл концерт қазір «Абай» арнасынан беріліп жүр. Сөз жоқ, осынау концертте шырқалған әндер Илья ағамыздың композитолық талантына еріксіз бас игізеді. Пешенесіне кең тынысты, шалқыған әндерін тыңдарманға бар болмысымен, сан қырынан жарқырата жеткізуші Кенжекеңдей күміс көмей замандас әнші бұйырған Илья ағамыз бақытты әрине.

Илья Жақановтың шығармалары өз алдына, басқа да замандас Қазақстан композиторларының шығармаларын насихаттуда Кенжекеңнің кенде қалған кезі жоқ. Ел жадынан ұмытылып бара жатқан сондай композиторларымызың бірі, кезінде «Ақан сері – Ақтоқты» операсымен даңққа бөленіп, «Ғасырлар үні» атты ғаламат ораторий, «Шаттық Отаны» атты ғажайып симфония, сондай-ақ «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» (Абай), «Тербеледі тың дала» атты т.б. мәңгі өшпес ән асылдарын жазған Сыдық Мұхамеджанов еді. Мінеки, Кенжеғали ағамыз осы Сыдық Мұхамеджанов есімін ұлықтау мақсатында біршама игілікті істер атқаруда. БАҚ өмірден ерте кеткен композитор туралы мақала, сұхбаттар беріп, музыка қайраткерін ел есінде қалдыру мен шығармаларын насихаттау мақсатында жиі-жиі мәселер көтерумен жүр. Келер 2023 жылы көрнекті композитордың жүз жылдығы. Осы орайда бұл мерейтойға өзінің жеке әзірлігін бастап кеткен Кенжекең таяуда «Еларна» арнасына кілең Сыдық Мұхамеджановтың шығармаларынан тұратын «Сазың кетпес құлақтан» атты бір сағаттық концертін жазды. Жақын күндері көріп қаламыз деп үміттенеміз. Ал «Абай» арнасынан беріліп жүрген Абай әндері концертінің телевизиялық нұсқасы өз алдына бөлек әңгіме. Өз басым интернет желісі арқылы Кенжекеңнің бұл концертін бірнеше рет көрдім. Көрген сайын ойға қаламын. Мұндағы орындалған әр шығарма жөнінде жеке мақала жазса да болар еді. Аталған теле жоба әнші Кенжеғали Мыржықбаевтың Абай әндерінің шын мәніндегі насихатшысы екендігін әйгілей түскен. Осы концертте тағы бір байқағаным, әншінің үнінде бір мұңлы зар пайда болғандай. Әсіресе, бұл әншінің «Өзгеге көңілім тоярсың», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты ойлы әндерді биік шырқаған кезде сезіледі. Абай әндері болған соң солай көрінген де болар. Бәлкім, бұл мағыналы ғұмырында жақсы, жаманды көп көрген есті әншінің замана заһарын елінің бір саналы азаматы ретінде татқанынан жүрегіне ұялаған өз зары шығар?

Өмір, дүние дегенің, ағып жатқан су екен,
Жақсы, жаман көргенің, ойлай берсең у екен... –дейді Абай бұл жайлы. Иә, қай заманда болсын, қазақтың у ішпеген сау жақсысы қалды ма? Кенжеғали – ойшыл өнерпаз. Бұл турасында «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда», – демеп пе еді хакім Абай. Немесе «Зар шығады тілімнен», – дейді ойшыл тағы да. Сонда, тілден шыққан қайғы зар ойлы әнге айналса, оны есті әнші өз жүрегінің тереңіне үңіле айтса, мұның шер толқытар әсері тіпті күшті болмақшы екен. Кенжеғали Мыржықбаев шырқаған Абай әндерінен осындай ғибрат аламыз.

Сөз соңында айтарым, кәсіби әнші Кенжеғали Мыржықбаевтың «Жүрегім нені сезесің» атты бұл концерті, сондай-ақ өнерпаздың қазақ өнері мен мәдениетіне сіңірген көп жылғы қажырлы еңбегі биылғы яғни 2022 жылы берілетін Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа мейлінше лайық деп білемін.

Ерлан Төлеутай,

әнші, өнертанушы

Пікірлер