Мәсімовтың кеңесшісі болған академияның президенті: Жұрынов кім?

7786
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

2022 жылы елімізде біршама өзгерістер болуда. Соның бірі Ғылым және білім министрлігінің екіге бөлініп, өзара екі министрлікке айналуы. Көпшілік бұл ғылымды дамытудың бастамасы болуы мүмкін деп санайды. Ондай ойды қалыптастыруға тек министрліктің бөлінуі ғана емес, сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының жаңа статусқа ие болуы да ықпал етуде. Президент Тоқаев маусым айында академияның 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, былай деген болатын: «Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан, оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн». Осы сөздері арқылы президент академияның статусын өзгертті.

Сәтбаев, Қонаев, Шөкин сынды атағы жер жарған тұлғалар тізгіндеген академияны бүгінде Мұрат Жұрынов басқарады. Жұрыновтың ғалымдарға қамқорлығы жайлы 2018 жылы дау бұрқ ете қалғаны ел есінде. Жұрыновтың ғалымдармен сөзге келіп, дауласқан видеосы әлеуметтік желіні шарлап кеткен болатын. Ғылыми гранттарды бөлу туралы шулы мәселе ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына шығарылып, жиынды Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов жүргізген еді.

Бір топ қазақстандық ғалымдар 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларға мемлекеттік гранттар бөлген Ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) біржақты әрі заңсыз екенін мәлімдеген-ді. Дау ғылыми ұйымдар шеңберінен шыға бастағанда сол сәтте Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев бұл мәселені Әдеп жөніндегі кеңесте қарауды тапсырды. Жиын отырысынан видео үзінділер YouTube желісінде пайда болып, кейін ол өзге де әлеуметтік желілерге шықты. Жиында академик Жұрынов жас ғалымдарға оларды Қазақстанда ешкім ұстамайтынын айтқан еді.

«Сендер мені кетемін деп қорқытасыңдар ма? Кете беріңдер! Сендерден де таланттыларды тауып аламыз. Мұндай сөзді айтудың қажеті жоқ. Кетеміз дейді. Кете берсін! Сендерді ешкім ұстап тұрған жоқ!»,— деген еді Жұрынов.

Ол бұл сөзді «елден кетіп шетелден жұмыс іздеуге мәжбүр боламыз» деген жас ғалымдарға жауап ретінде айтқан болатын. Міне, ғалымдарға деген «қамқорлығы асып-тасып тұрған» Жұрынов статусы өзгеріп жатқан академияны әлі тізгіндеп отыр.

Жұрынов білім мен ғылым саласында жүргеніне ұзақ жыл жүрген адам. Ол 1995-1997 жылдары елдің білім және ғылым министрі қызметін атқарған болатын. Ол академияға келгеннен кейін, академияның мемлекеттік статусы төмендеп, қоғамдық бірлестік деңгейіне түсіп қалды.

Жұрынов бір сұхбатында Кәрім Мәсімовтің кеңесшісі болғанын мақтана айтады. Ал Мәсімовке қатысты тергеу күні кеше аяқталып, оған мемлекетке опасыздық жасау,  билікті күшпен басып алу, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша айыптар тағылып отыр.

2021 жылы Математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмұд Садыбеков өзінің Фейсбуктегі парақшасына BULLETIN OF NATIONAL ACADEMY OF SCIENCES OF THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN журналына (Web of Science - Emerging Sources Citation Index базасына кіреді) өте сапасыз мақаланың жарияланғанын жазып, онын скринін өз парақшасына салды. Осылайша ол Ұлттық ғылым академиясына қарайтын журналдың сапасына көңілі толмайтынын айтып, мақалаларға көбіне рецензия жазылмай, ақылы түрде шығара беретінін меңзеген. Web of Scienceқа кіретін журналда мұндай мақаланың шығуы нағыз ұят дейді ол. Бұл айыптауға Жұрынов былай дейді:

«Бұл мақала жайлы авторларына айтылды. Олар айыптаулармен келіспейді. Біздің журналды жағымды қабылдап, жақсы пікір де білдіретіндер жетерлік» дейді ол.

Осылайша Жұрынов басқаратын журналдан да шу шықты.

Жұрыновтың жұбайына қатысты да ашық дерекөздерде түрлі деректер бар. Ашық дереккөздерде Нурмаганбетова Мария Ибеновнаның «Жарқын» мектепке дейінгі шағын орталық балабақша» мекемесіның құрылтайшысы екені айтылады, мекеме 2011 жылы тіркеліп, осы уақытқа дейін 52 млн теңге салық төлегені белгілі болды. "ABC DEVELOPMENT COMPANY" ЖШС деген компания бар, оның басқарушысы Султанова Индира деген азамат, ал құрылтайшысы Нурмаганбетова Мария Ибеновна екен. Компания 2020 жылы тіркелген. 2004 жылы «ИП НУРМАГАНБЕТОВА» деген атаумен 18 жылдық тарихы бар жеке кәсіпкерлік тіркелген. Екі компанияның құрылтайшысы, жеке кәсіпкерліктің иесі. Млрдтаған бюджеті бар академия басшысының жұбайы осындай кәсіп түрін жүргізетін көрінеді...

Ондаған жыл ғылым академиясын тізгіндеп, жобаларға гранттарды бөлуде басы дауға қалған, ғылыми журналындағы мақаласы сын көтермейтін Жұрыновтың Жаңа Қазақстанның ғылымын дамытады деуге сенім аз. Жаңа Қазақстанға жаңа көзқарастағы кадр табылмағаны ма?..

Ғылым академиясындағы ғалымдардың жағдайы қандай? Қазба байлығы жоқ, соғыстан талқандалған Жапонияны Жапония еткен ғалымдар еді. Қазба байлықтың үстінде отырған Қазақстанның ғылым академиясында ғалымдарға лайықты айлық төленіп, күйбең тірліктің мәселесіне алаңдамай, зерттеуін жүргізуге барлық жағдай жасалған ба? Қайдам...Грант бөлінісінде шу шығып жататын академияда ғалымға елді дамытушы ретінде ерекше құрметпен қарайды деуге күмән көп. «Кетсең кете бер, басқасын тауып аламыз» дейтін Жұрыновтың әр кадрға ғалым ретінде қарайтынына сену қиын. «Ақылдылар ағыны» ерекше қарқынмен жүріп жатқан посткеңестік елдер үшін әр ғалым алтынмен тең сәтте, ғылым академиясында оларды академияда, тіпті елде ұстап қалуға әрекет жоқ сияқты. Өкінішті...

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер