Ұлт қаймақтарын қалқып алған сұм заманның зардабын зерделеу — ұлағатты іс

1703
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл – шын мәнінде тарихи шешім болды. Ұлт азаттығы жолында қыршын кеткен ұлыларды ұмытпау – ұрпақ борышы. Ұлт қаймақтарын қалқып алған сұм заманның зардабын зерделеу ұлағатты іс.

Осы тақырып төңірегінде «Адырна» ұлттық порталының тілшісі Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссияның топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Құлтаевпен сұхбаттасып көрді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысынан тек хабардар ғана емеспін, сол комиссия құрған жұмыс топтарының біріне жетекшілік етемін. Аталмыш комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен құрылған болатын. Артынша бұл комиссияның жұмысын дұрыс жүргізу үшін әдіснамалық комиссия жасақталды. Мемлекеттік комиссияның орталық кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына орнықты. Оның төрағасы ҚР-ның хатшысы Қ.Көшербаевтың бұйрығымен республикада он бір жұмыс тобы еңбек ете бастаған болатын. Биыл бұл істі Е. Карин мырза басқаруда. Бүгінгі күндері республикамыздың әрбір облыс орталығында жұмыс топтары осы салада қызмет атқаруда. 2021 жылдың сәуірінде Алматыда да республиканың барлық өңіріндегідей қала әкімдігі жанынан саяси репрессия құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссия құрылған болатын. Оның төрағасы – қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров еді. Комиссия төрағасының орынбасары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, доцент Бауыржан Жанғұттин болып сайланған. Былтыр қалалық комиссия 9 топтан тұратын. Биыл комиссия 7 топ болып қайта ықшамдалды. Оның құрамында 50-ге жуық тарихшы ғалымдар жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның бірнеше отырысы өткізілді. Олардың барлығы, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, онлайн форматта атқарылды. Онда комиссия жұмысының басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру екендігі аталып кетті, жұмыс тобы басшыларымен сұқбат барысында мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу бойынша негізгі бағыттар айқындалды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмыс тәсілдері бойынша жұмыс топтарының жетекшілері Ш.Забих, М.Губайдуллина, А.Құдайбергенова, Н.Алпысбаева, Б.Қабдушев, Г.Нұрымбетова, Г.Мұқанова, Т.Құлтаев, З.Төленова болып табылады.

Қалалық комисияның жұмыс топтары әртүрлі бағытта қызмет атқарады. Мәселен, Бірінші топ мүшелері ұжымдастыру (коллективизация) жылдары шаруалардың наразылығы нәтижесінде Қазақстанда болған 372 көтерілісті басу кезінде сотсыз және тергеусіз атылып кеткен жандарды, сонымен бірге соттан тыс және сот органдармен осы көтеріліске қатысқаны мен жақтағаны үшін репрессияға ұшырағандарды ақтау мәселесін қарастырады.

Екінші топ, Қазақстанға күштеп депортацияланған халықтар мен арнайы қоныстарда жазасын өтегендер арасында кездесетін реабилитацияланбаған құрбандарды ақтаумен шұғылданады.

Үшінші топ, кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды және шаруаларды ақтау мәселесін қарастырады. Осы орайда бай-кулактарға байланысты да сұрақтар көп екенін айта кеткеніміз жөн. Олардың арасында да ақтауға келетіндері және келмейтіндері бар, сірә. Комиссия ішінде осы мәселені жан-жақты зерттеу үшін арнайы топ құрылған. Жоғарыда қойылған сұраққа нақты жауапты солар береді.

1916-1930 жылдары мемлекеттің жазалау акциялары мен биліктің түрлі саяси күштеу кампаниялары және ашаршылық салдарынан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар тарихын зерделеу, ақтау проблемасын зерттеу комиссиямыздың төрт жұмыс тобына тапсырылған.

Бесінші топ, шаруаларға байланысты большевиктік-сталиндік саяси науқан құрбандарын ақтау мәселесімен шұғылданады.

Алтыншы топ, НКВД-ның ГУЛАГ-тағы 26 лагерінде жазасын өтеп, бірақ реабилитацияланбаған қазақстандықтарды, интеллигенция өкілдерін, құрбандарды және зардап шеккендерді ақтау жұмыстарымен айналысады.

Жетінші топ, Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориалдық тұтастығы үшін күрескен, халықтың, қоғамдық және саяси ұйымдардың бой көтерулеріне қатысушыларды, сонымен бірге қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа сфераларда осындай идеялары үшін мемлекеттік қудалаулар мен репрессияларға ұшыраған азаматтарды ақтаумен шұғылданады.

Тоғызыншы топ, дәстүрлі дінбасылар өкілдерін ақтау мәселелерін зерделейді. Айта кететін жайт, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1991–1993 жылдары дәл осындай комиссия құрылған болатын. Онда депортацияға ұшыраған азаматтарды, содан кейін ұжымдастыру, индустралиаландыру жылдарында шәйіт болған және 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан қырылған адамдарды ақтау мәселесі тұрған еді. Ал біздің комиссияның негізгі жұмысы – саяси құрбандардың барлығын түпкілікті ақтау болып табылады. Әрбір топ өз жұмыстарының негізгі нәтижелерін Республикалық офис ұйымдастырған семинарларда баяндап басқа өңірде аттас проблемалармен айналысып жүрген әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.

Өзіміз қызмет атқаратын сегізінші топ туралы нақтырақ айта кетейік. Біздің топ Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссияның 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде әскери тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ Түркістан легионында уақытша болған қазақстандықтарды ақтауға қатысты зерттеу жүргізеді, қорытынды және ұсыныстар дайындайды. Ол дегеніміз немістердің қолына тұтқынға түскен жауынгерлердің барлығы толығымен ақталады деген сөз емес. Себебі олардың ішінде түрлі әскери қылмыс жасаған адамдар да болған. Яғни ақтауға жатпайтын да адамдар бар. Мәселен, айтайық, 1944 жылы елімізге неміс әскерлерінің тапсырмасы бойынша Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы Жылыой ауданына диверсанттар түсірілген болатын. Вермахтың оларды мұнда жібергендегі басты жоспары – халықты Совет өкіметіне қарсы көтеру болатын. Қазақстанға келген соң олардың көбі НКВД, яғни ішкі істер халық комиссариатының қызметкелерінің қолына өздері берілген еді. Бірақ олардың ішінде Кеңес үкіметімен күресемін деген адамдар да болды. Соның бірінің, лақап аты Әлихан Ағаев деген адамның, ойы өз руластарын көтеріп, Кеңес үкіметін жоюға әрекет жасау еді. Шайқас барысында ол шейт болды. Алайда, басқа әрекеттерін былай қойғанда, ол жергілікті колхоздың бригадирі Байжан Атағозиевтің қанын мойнына жүктеуі себепті ақталуға келмейтін болуы керек деп ойлаймыз.

Жалпылай айтсақ, Кеңес одағы кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан адам саны 35 миллионнан асса, оның 5 миллионнан астамы тұтқында болған. Яғни әрбір жетінші адам түрлі жағдайларға байланысты тұтқынға түскен. Тұтқыннан қашқандары, құтылып кеткендері де болған, партизандарға қосылып кеткендері және бар. Қайтадан кеңес әскеріне қосылғандары да болды. Солардың анық-қанығын білуге қатысты сұрақтар соғыс аяқталғаннан кейін қойыла бастаған. Яғни «сен қандай жағдайда тұтқынға түстің, қалай құтылдың немесе немістерге қызмет еттің бе, мысалы, Түркістан легионында солардың антын қабылдадың ба, солармен бірге соғыстың ба?» деген тергеулер жүргізілген. Сол себепті, өзінің кінәлі еместігін дәлелдей алмаған азаматтар түрмеге отырғызылып, жазасын өтеді. Олардың арасында басында ату жазасына кесіліп, бірақ артынан ұзақ жылдарға абақтыға сүңгітілгендері де кездеседі. Соғыстан кейінгі жылдары, тек қана Қарағанды лагерінің өзіне бір кездері 2 миллионнан аса адам отырғызылған деген дерек бар. Солардың біраз бөлігін соғыс жылдары неміс тұтқынында болған азаматтар құрады.

Біз қалалық комиссия болғандықтан Алматыға қатысты материалдарға көбірек көңіл бөлеміз. Қазірдің өзінде соғыс жылдары немістердің қолына түскен 700-дей алматылыққа байланысты материалдар таптық. Олар әрқайсысы түрлі жағдайға байланысты тұтқынға түскен. Көбінің тағдыры өте ауыр болған. Көрмеген азаптары жоқ. Олардың осындай күйге түсуіне сол кездегі кейбір партия-совет және әскери басшыларының қателіктері зардабын тигізгенін де айта кеткеніміз жөн. Қазақстанда, нақты айтсақ Ақмолада, құрылған 106 дивизияның тағдыры бұл сөзімізге нақты мысал бола алады. Ол жөнінде біздің тобымыздың мүшесі, көрнекті тарихшыларымыздың бірі Қ.Алдажұманов өз еңбектерінде жазып жүр. 1942 жылдың мамыр айында Украина аумағындағы соғыс қимылдарына басшылық жасаған қолбасшы С.К.Тимошенко мен Н.С. Хрущев И.В.Сталинге өтініп, шабуыл жасауға тілек білдірген. Бірақ оған бірқатар көрнекті әскери қолбасшылар қарсы болған еді. Дегенмен Жоғары қолбасшы өздерің шешіңдер дегендей кейіп танытқаннан соң түбінде сол шабуыл атқарылады. Оған басқа құрамалар қатарында қазақстандық дивизия да қатысып қоршауда қалады. 242 мыңнан аса адам немістердің қолына тұтқынға түседі. Осылайша, Тимошенко мен Хрущев жіберген қателіктің нәтижесінде, басқа ірі тосқауыл көрмеген немістер Сталинград түбінен бір-ақ шығады.

Біздің тақырыпқа байланысты баса айтатын нәрсе – немістерде қолға түскен солдаттарды ұлтына қарай жіктеп, кейіннен Кеңес одағын басып алған соң өз мақсатына қарай қолдану деген жоспармен құрылған арнайы мекеме болған. Соның қызметінің арқасында құрылған Түркістан легионының біраз бөлігі қазақ жауынгерлері еді. Ондай легиондар орыстардың, украиндардың, грузиндер, армяндар мен кавказдықтардың да арасында болды. Немістер оларды Белоруссия, Украинадағы партизандар қозғалысына қарсы күреске пайдалануға тырысты. Оның қаншалықты жүзеге асқаны белгісіз, біз соны қазір зерттеп жатырмыз. 1944 жылы немістер аталған легионның жауынгерлерін одақтастардың әскеріне қарсы соғысқа пайдалануға тырысқан болатын. Олар сол соғысқа қатысты да. Бірақ аса жақсы дайындалмаған, оның үстіне моральдық рухы жоқ легион қызметкелері жеңіліп тұтқынға түседі. Кейіннен бұлардың негізгі бөлігі репатриацияланды. 1945 жылдың желтоқсан айында одақтастар Кеңес одағына 24 мыңнан аса қазақ жауынгерін қайтарып берді деген деректер бар. Олардың арасында алматылықтардың да болғаны еш күмән тудырмайды. Біздің басты мақсатымыз соларды тауып, кінә мөлшерілерін анықтау, кінәсі жоқтарды ақтау болып табылады.

Соғыс халқымызға, әрбір отбасына үлкен ауыртпалықтар мен қайғы-қасіреттер әкелді. Жеңімпаз атанып келген еліміздің азаматтарының арасында жазықсыз сотталып түрмеге жабылғандар да жетіп артылып жатты. Олардың біразы НКВД-ның арнайы қоныстарына сүңгітілді. Арасында атылып кеткендері болды. Өз үйлерінде тұруға рұқсат берілгендері арнайы комендатураларға есепке тұрғызылып, олар сонда барып тұрақты белгіленіп тұратын болған. Сол екі ортада жүріп, кейін көзден ғайып болып жоғалып кеткендері бар. Солардың бәрінің тағдырына жаңаша көзқараспен қарап, кінәсіздерін ақтау мәселесі бойынша нақты ұсыныстарымызды жинап республикалық комиссияға тапсырамыз. Өз ойымызды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап дәлелдеуге тырысамыз. Ол үшін сол кездегі және соғыстан кейінгі заңдарды алып қараймыз. Алматылық комиссия болғандықтан ақтауға байланысты ұсыныстарымызды бізден жоғары тұрған республикалық комиссияға жолдаймыз. Қалған дүниелер көпшілік болып шешіледі.

Жазықсыз жазаға ұшырағандарды толықтай ақтауға не кедергі?

– Құжаттардың көбі мұрағаттардың құпия қорларында сақталады. Оларды құпиясыздандыру мерзімі және шарттары бар. Соғыстың аяқталғанына 77 жыл болса да ІІМ мен ҰҚК-нің қорларындағы көп істерде «құпия» деген мөрлер әлі де тұр.

Бүгінде комиссияның атқарған істері нәтижесінде қанша адам ақталды? Қандай құпиялар ашылды?

– Жұмыс топтарында адамдарды тікелей ақтау құзыры жоқ. Біз архивтерден тапқан материалдарды Комиссия басшыларына ұсынамыз. Олар қаралған материалдар бойынша өз ұсыныстарын республикалық комиссияға ұсынады. Біздің топ мүшелері Алматы қаласы ПД мамандандырылған мұрағатында (Қ.1 және Қ.10), Қазақстан Республикасы ОМА (Қ.1146), Қазақстан Республикасы ПА (Қ.708) және Алматы қаласының орталық мемлекеттік мұрағатында (Қ.276) материалдарды іздестіріп табу және жинау бойынша жұмыстар атқарды. Жұмыс тобының мүшелері Түркістан легионының қатысушылары Х.Тыныбековтың және басқа да әскери тұтқындардың (49 адам - 46 том), «оңалтуға жатпайтын» тұлғалардың (2 212 адам – 726 іс) істерін, сондай-ақ бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға фильтрациялық және трофейлік материалдарды (5 243 адам – 3 530 іс) зерделеумен айналысты, Алматы қаласында туылған немесе тағдыр тәлкегімен біздің қалаға келіп тұрақтаған, осында өмір сүрген бұрынғы КСРО-ның Германиядан репатрияцияланған 500-ден аса әскери тұтқынының сауалнамалық деректерін (мұрағаттық сүзу істерін) зерттеді.

Қордаланып қолға жинақталған деректер бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары немістер құрған легиондар құрамында болған, бақылау және тергеу істері Алматы қаласынының мұрағаттарында сақталған 186 адам анықталып отыр. Олардың 79-ы – Түркістан легионында (ТЛ), 8-і – Орыс азат ету армиясында (РОА), 12-сі – Солтүстік-Кавказ легионында (СКЛ), 87-сі – басқа әскери топтарда қызмет атқарған. Яғни Қазақстанға қатысы бар легионерлер тарихы тек Түркістан легионымен ғана шектеліп қоймайтыны анық. Сол себепті елімізде оларды ақтау жөнінде мәселе қозғалғанда бізге көршілес жатқан кейбір мемлекеттердің саяси серкелері мазасыздана бастайтыны да бекер емес. Тексеру-фильтрлеу пунктерінен өткен әскери тұтқындарға толтырылған карточкалардан да көптеген мағлұматтар табуға болады. Өкінішке орай, олардың фильтрациядан өткеннен кейінгі тағдыры белгісіз. Алматы архивтерінен олар туралы деректер табылмады.

Енді «түпкілікті ақтау» деген сөз тіркесіне байланысты біздің топтың жұмысына қатысы бар жақтарына тоқталып кетейік. Қалың көпшілікті қозғамай-ақ қояйын, тіптен кейбір әріптестеріміздің өзінде соғыс жылдары немістердің қолына тұтқынға түскен жауынгерлердің барлығы толығымен ақталады екен деген жаңсақ пікір қалыптасқан көрінеді. Біздің ойымызша, олай болуы мүмкін емес. Себебі олардың ішінде түрлі әскери қылмыс жасағандар да болған. Яғни ақтауға жатпайтын да адамдар бар. Мәселен, айтайық, Алматы қаласы ПД мамандандырылған мұрағатының арнайы қорындағы тергеу істері Түркістан Ұлттық комитетінің немістерге адал қызмет етіп, тұтқындардың негізгі басшы органы болғанын айқын дәлелдейді. Сонымен бірге, соғыстың соңғы кезінде олардың Түркістан ұлттық кеңесін құрып, сатқын орыс генералы А.Власовпен келісімге қол қойғаны, А.Власовтың Россияны азат ету халықтары комитетіне (КОНР) кіргені, осы орыс комитетінде Түркістан легионының өкілі ретінде бұрынғы тұтқын, неміс капитаны Жұмабек Ақбергеновтің соғыс бітіп, Германия жеңілгенше, А. Власовты кеңес әскерлері ұстағанша отыруы тергеу ісінде ашық айтылған. Кейін ол американдықтарға өтіп, батыс Германияда қалып қойған.

Сонымен бірге құжаттарда Түркістан легионы солдаттарының, тіптен оның бірінші ботальонындағы 3-ші қазақ ротасының Украинаның Сумы облысында партизандарға қарсы жазалау операциясына қатысып, үйлерді, тұтас селоларды өртегені баяндалған. Оған қоса қазақ ротасының командирі Т. және басқаларының (аты-жөндерін ұрпақтарының, жақындарының барын ескеріп, бермеуді жөн көрдік) кәмелетке толмаған украин қыздарын жаппай зорлағаны дәлелденген. Глухов, Ямполь аудандарында жаудан азат етілгеннен кейін арнайы комиссия жұмыс істеп, фашистердің аюандығы туралы акт жасалып, тіркелген. Тергеу ісінде сол адамдардың фамилияларына дейін бар. Мұндай қылмыстарды Түркістан легионерлері Қырым жағалауында, Қалмақ республикасы жерінде, Белоруссияда, Варшава көтерілісі кезінде 1944 ж. Польшада жаппай жасаған. Италия, Греция жерінде партизандарға қарсы соғысқан. Сонымен бірге Сталинград шайқасы кезінде, онан соң Солтүстік Кавказда, Белоруссияда, басқа да жерлерде Кеңес Армиясына қарсы соғысқан.

Егер осындай қылмыс жасаған Түркістан легионының солдаттары ақталатын болса, жоғарыдағы айтылған фактілер Нюрнберг сотының шешімдеріне сәйкес тіркелген актілерден жаппай шығары сөзсіз. Оның үстіне осындай қылмыстары үшін Түркістан легионының солдаттарының медаль, орден (кейбірі бірнеше рет алған), әскери шен алғандарының аты-жөндері тергеу істерінде толық жазылған.

Осындай жағдайда бұл «Түркістан әскери күштерінің» солдаттарын, жалпы Түркістан ұлттық комитетінің, оның баспасөз органдарының жұмысын «майлап-майлап», Орта Азия халықтары мен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі етіп көрсету әрекеті ешқандай заңға да, ақылға да симайды. Оның үстіне 1944ж. 8-11 маусымда Вена қаласында өткен Түркістан Ұлттық комитетінің 1 конгресінде Гитлерден құттықтау алып, өздері Гитлерге мадақтау жіберген оның басшысы Вели Каюм-хан қуыршақ мемлекет - «Түркістан мемлекеті» атынан КСРО-ға соғыс жариялағаны да құжаттарда тұр./11/ Ал бұл әрекет неміс тұтқынында болып, оларға қызмет еткен қандастарымыз бен жерлестеріміздің жасаған қылмыстарын одан сайын шиеленістіре түскені анық. Германияның қолымен тәуелсіздік аламыз деген «тұжырымның» өзін қалай бағалауға болады?

Соғыста қолға түкен тұтқындарды неміс фашистері барынша өз пайдасына асыруға тырысты. Айталық, 1944 жылы олар өздері құрған басқа құрамалар сияқты Түркістан легионының жауынгерлерін одақтастардың әскеріне қарсы соғысқа пайдалануға тырысқан болатын. Легионерлер сол соғысқа қатысты да. Бірақ аса жақсы дайындалмаған, оның үстіне моральдық рухы жоқ түркістандықтар жеңіліп тұтқынға түседі. Кейіннен бұлардың негізгі бөлігі репатриацияланды. 1945 жылдың желтоқсан айында одақтастар Кеңес одағына 24 448 қазақ жауынгерін қайтарып берді деген деректер бар /12/.

Жоғарыда баяндалған жайттарға тікелей қатысы бар кінәлі тұтқындар, ТҰК пен ТҰС басшылары, аталмыш құрылымдардың баспасөз органдарының редакторлары 1947 ж. 18 сәуірде әртүрлі мерзімге сотталды. Дегенмен, 1955ж. 17 қыркүйектегі амнистия туралы заңға сәйкес 1955-1956 жж. олардың бәрі бостандыққа шықты. Сондықтан мұндай тұтқындардың ісі ақтауға жата ма, жоқ па деген сұрақ моральдық тұрғыдан да қарастырылуы керек екені айдан анық. Ал Шығыс легиондарындағы соғыс қимылдарына тікелей қатыспаған және көптеген құрылыс, теміржол, көлік және басқа да қосалқы бөлімшелерде қызмет еткен адамдар мен ерікті көмекшілер-хивиларды ақтау мәселесі де олар жасаған іс-әрекеттердің, қылмыстардың ауыртпалық деңгейіне сай шешілгені әділ болары анық.

Жалпылай айтсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары туралы сөз болғанда, әрине тек Шығыс легионы бойынша мағлұматтармен шектеліп қалуға болмайды. Айталық, тек Ұлы Отан соғысына қатысқан адам саны 35 миллионнан асса, оның 5 миллионнан астамы тұтқында болған. Яғни әрбір жетінші адам түрлі жағдайларға байланысты жау абақтысында отырған. Олардың арасында сол жерде шәйт болғандары, тұтқыннан қашқандары, құтылып кеткендері де болған, партизандарға қосылып кеткендері және бар. Қайтадан кеңес әскеріне қосылғандары да болды. Өзінің кінәлі еместігін дәлелдей алмаған азаматтар түрмеге отырғызылып, жазасын өтеді. Басында ату жазасына кесіліп, бірақ артынан ұзақ жылдарға абақтыға сүңгітілгендері де кездеседі. Солардың бәрінің тағдырына жаңаша көзқараспен қарап, ақ–арасын ажыратып, анықтап, әділ бағасн беру, кінәсіздерін ақтау біздің борышымыз, біздің алдымызда тұрған міндет болып табылады. Болса да, қалың көпшілік басталған осы бір іске қолынан келгенше көмектерін беріп, білетін дүниелерін ортаға салса нұр үстіне нұр болар еді. Ізгі ниетті игі бастаманың көздеген мақсатына жететініне ешқандай күмән жоқ.

Ұлылардың есімін бүгінгі ұрпаққа дәріптеудің қандай тиімді жолдарын ұсына аласыз?

– Бірінші кезекте, олар бойынша ғылыми негізделген мақалалар, кітаптар жарық көріп, олар орта және жоғары мектеп оқулықтарына ендірілуі қажет. Сонан соң алаштықтар туралы құжатты, деректі фильмдер шығарылса дұрыс болады. Содан кейі көркем суретті фильмдерге де кезек жетер еді. Ал Елімізге еңбегі ерекше сіңген Алаштықтардың есімі елді мекендерге, көшелерге берілсе құба-құп болары анық.

Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездесті?

– Біз қазір Алматы қаласында орналасқан бірнеше архивте жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын құпия болып келген мұрағаттардың қорында жағымсыздау, әсіресе дизертирлерге және тірі қалудың жолын, соғысқа бармаудың жағдайын жасаған (уклонистерге) адамдарға қатысты, материалдар тым көп екен. Әрине, олардың барлығы дерлік майданға аттандырылған. Алайда соғыстан тірі оралғандарымен ішкі істер органдарының қызметкерлері тәрбие мақсатында біраз «жұмыстар» жүргізгені айтпаса да түсінікті. Яғни олардың барлығы дерлік жағымсыз, өзін ақтауға тырысқан процедурадан өтті деген сөз.

Өкінішке орай, зерттеулерімізді алға жылжытуға көмек беретін бізге қажетті көп деректер толық емес. Себебі бізден соғысқа аттанған кісілердің көбісі, әсіресе өз ұлттастарымыз, шынын айту керек, сауат деңгейі бастауыш мектеп көлеміндегі, ал едәуі бөлігі сауаты мүлдем жоқ жауынгерлер болған. Олардың көпшілігі тек қазақ тілінде сөйлеген, орысша білмеген. Ұлы тілді түсінбегендіктен тіптен өзіне қатысты дүниелерді де айта алмаған, қағазға да түсірмеген. Айталық, құжаттарда жауынгерлер қай жерде тұтқынға түскен, қандай лагерьде отырған дегендей сауалдар жауапсыз келеді, толық емес. Бұл бір проблема. Екінші проблема, соғыс біткеннен кейінгі уақытта совет тұтқындары жайлы материалдар шетелдік архивтерден алынып, Мәскеуге жинақталғаны белгілі. Сонда барып, оларды да қарау керек болады-ау деген жоспарлар бар. Материалдарды салыстыру керек, қарау керек, әрбір тұтқында болған азаматтың тағдыры қалай қалыптасқанын объективті тұрғыда зерделеуіміз қажет.

Қорыта айтсақ, істелетін шаруа шаш етектен, өте көп. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген сөз бар емес пе. Біздің топ ғалымдары ақтайын деп отырған кісілердің барлығы дерлік өмірден озып кеткен, бұл дүниеде жоқ адамдар болып табылады. Атамыз қазақта өлі риза болмай тірі байымайды деген сөз бар емес пе. Отан үшін от кешсе де жазықсыз жазаланып, тіптен кінәсіз болса да сатқын атанған, елім деп еңіреп, қазағым деп қабырғасы қайысқан, бірақ кеңестік идеологияның құрбаны болып кете барған азаматтарымызды ақтап алу бұл біздің азаматтық борышымыз болып табылады. Қалың көпшілік басталған осы бір іске қолынан келгенше көмектерін беріп, білетін дүниелерін ортаға салса нұр үстіне нұр болар еді. Ізгі ниетті игі бастаманың көздеген мақсатына жететініне ешқандай күмән жоқ.

Пікірлер