Медеу Ержанұлы: АЭС энергетика дағдарысының алдын алады

22392
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы энергетика және байланыс университетінде «Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Шараға аталған тақырыпты зерттеуші-ғалымдар, қоғам белсенділері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Электр жүктемесі артып келеді

«Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Оңғарбекұлы «АЭС құрылысын жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру» атты баяндамасында тақырыпты тәптіштеп түсіндіріп өтті.

Баяндамада 2018 жылдан бері АЭС жобасы бойынша жүргізілген жұмыстарға шолу жасалды. Мәселен 2018 жылы тәуелсіз халықаралық сараптама жүргізілді, 2019-2021 жылдары жетекші сатушылардан техникалық-коммерциялық ұсыныс алынды.

Асуан Оңғарбекұлы электр жүктемесінің жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен 2021 жылы 15,8 ГВт болса, 2050 жылы 38 Гвт жетеді деген болжам бар. Яғни, екі есе жүктеме артады.

«АЭС салынатын өңір мұқият зерделеніп жатыр. Әзірге Абай облысының Курчатов ауданы мен Алматы облысының Үлкен ауылы барлық талапқа сай болып отыр. Аудандарды зерттеу МАГАТЭ құжаттары және нормативтік талаптары негізінде жүргізілді. Жер сілкінісі және геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық және гидрологиялық жағдай, болжамды су тұтыну, АЭС құрылысының іргелес аумақ өсімдіктері мен жануарларына әсері, аудан гидрографиясына әсері сынды факторлар қарастырылды», – дейді А. Оңғарбекұлы.

Баяндамада АЭС құрылысы мен іске қосу ұзақ мерзімді жұмыс екені айтылды. Мәселен, осы жылы технология таңдалып, бекітілсе де іске 2035 жылы қосылады.

Атом энергиясына үрке қарау – заңдылық

«Атомдық энергетиканың негізгі отыны уранды адамзат элемент ретінде танығанына да 3 ғасырдан астам уақыт болды. Атомдық энергетиканы ядролық қару ретінде сүңгуір қайықтардың маторы ретінде пайдаланғалы бері де 70 жылдай болды. Ал, адамзаттың игілігіне пайдаланып электр энергиясының көзі еткенімізге де сонша уақыт өтті. КСРО кезінде бізде 1400-ден астам ядролық ракета болды олардан бас тарттық, бізде полигон болды, сондықтан атом энергиясына үрке қарау заңды. Бірақ, ол қалыпты. АЭС жоғары технологиялық нәрсе, әлем елдері игілігін көріп отыр», – деді халықаралық зерттеуші Амалбек Өміртай.

Амалбек Дәркенұлы «Біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз» атты баяндамасында "Әлемде электр энергиясын алуда атом 10 пайызға жуық адамзат сұранысын қамтамасыз етеді. Фукусима жағдайы орнағанға дейін көрсеткіш 17 пайызға дейін жеткен-ді. Алдағы 10 жылда елуге жуық энергоблоктың аяқталатынын ескерсек, көрсеткіш арта бермек" деді.

Adyrna.kz тілшісі дөңгелек үстел модераторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Әбішев Медеу Ержанұлымен де сұхбаттасып, бірқатар сауалдарға жауап алды.

– Медеу мырза, бүгінгі шараның қандай маңызы бар?

– Біз қазір АЭС салу қажеттілігін талқылаудамыз. Қажет болса оның төңірегіндегі қауіп-қатердің алдын алу және осыған байланысты қоғамдық пікірді қалыптастыру маңызды. Сол үшін осы бағытта жүрген саясаткерлер мен кәсіби мамандардың ой-пікірін сүзгіден өткізіп соны қоғамдық тылқыға салуымыз керек. Эмоцияға беріліп, радиофобияны алға шығарсақ энергетика дағдарысына тап боламыз. Еуропадағы жағдай, мәселе бізге келуі мүмкін. Бұны мысал ретінде алсақ болады. АЭС энергетика дағдарысының алдын алады деуіміз осыдан. Саланы тереңірек зерттеу, талқылау үшін мамандардың басын қосып сараптама жасау қажет.

– Ел ішінде «АЭС не үшін керек» деген сауал жиі қойылады. Дөңгелек үстелдің тақырыбы да сол екен. Сол жайлы айтып өтсеңіз.

– Ең бірінші және қарапайым түсінікті айтайын. Бізге осы күні энергетиканы әртараптандыру қажеттілігі туып отыр. Өйткені жалпы жағдайда энергетикалық қауіпсіздіктің іргесі әртарапты энергия көздері. Әрине, біз қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуымыз керек. Жылу энергетикасын заманауи түрге өткізіп, әртүрлі тараптар болуы үшін ГЭС және жер асты энергия көздері, соның ішінде АЭС-ты қамтығанымыз дұрыс. Бұларды жүйелі түрде алғанымызда бәрі біздің ыңғайымызға келіп тұр. Көбі «Жапония АЭС салудан бас тартты» деп жатыр бірақ, олар да түбегейлі бас тартты деп айта алмаймыз. Әлі ойланып жатыр. Өйткені «энергетикалық дағдарыс» деген оңай нәрсе емес. Барлық қоғамға, өнеркәсәпке, жалпы сол мемлекеттің өмір сүруіне тікелей әсер ететін нәрсе. Сондықтан бұндай мәселеге ат үсті қарамау керек.

– АЭС Алматы облысының «Үлкен» ауылында салынуы мүмкін деген әңгіме айтылып жүр. Шара барысында да екі нұсқаның бірі осы делінді.

– Бұл әлі жан-жақты сарапталып жатыр. Ол алдын-ала нақтыланып, асықпай таңдалатын іс. Бір-екі жылда болды деп белгілей салатын нәрсе емес. Егер шешімді қазір қабылдағанның өзінде АЭС-ты салып, іске қосу 2035 жылға дейін созылады.

– Алғашқы сауалға қайта оралсақ, Қазақстанда АЭС салынса қандай сұранысты қамтиды?

– Біріншіден, энергетикалық көздерді жаңартады. Екіншіден, қоғам дамиды. Өзіміз де сол дамушы мемлекеттер қатарындамыз. Мемлекетті дамыту үшін қосымша көздердің бірі ретінде АЭС жоспарланып отыр.

– Ел ішінде оның қаупі жайлы алып-қашпа сөз көп. Қатер қаншалықты?

– Біз заманалы АЭС саламыз. Сондықтан мүмкін болған барлық қауіпсіздік шарасын жасаймыз. Қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін сақтаймыз. «Егер АЭС салсақ, ол жарылып кетеді» деп ойлау дұрыс емес. Өйте берсек адамзат дамымайды. Мысалы, автокөлікке «апат болады» деп мінбей қоймаймыз ғой. АЭС те сол сияқты қажеттіліктен туындап отыр. Сондықтан да мамандар энергияның бұл түрі бізге қажет екенін айтып жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер