“Мүгедектікке алып келуі мүмкін”: Ақтөбеде 1-сынып оқушыларына мантудың орнына басқа екпе салып жіберген

3256
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Ақтөбеде бірінші сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салып жіберген. Бұл қателікті ата-аналар екі апта өткен соң бір-ақ білген,  деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы "Астана" телеарнасына сілтеп.

Телеарна мәліметінше, №74 орта мектептің 42 оқушысының жақындары жауапсыз медицина қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Ал ата-аналардың айтуынша, балалардың көпшілігі өздерін жайсыз сезінеді. Екпе салған жер қатты ісіп, іріңдеген. Тіпті қолдарын көтере алмай қалғандары да болыпты. Анықтай келе, балаларға мантудың орнына иыққа салатын тірі вакцина егілгені анықталған.

"Живая" вакцина енгізіліп кеткен. Ол ағзадағы барлық жасушаны оятады дейді. Енді басталып жатыр. Процесс жүріп жатыр. Міне, екі жетіден асып кетті. Бала қолын көтере алмайды. Бездері шошынған. Өзімен өзі жата береді. Әлсіздік пайда болды", - дейді ата-ана Раушан Исаева.

Медицина қызметкерлері ата-аналардан алты айды күтуді сұраған. Сол кезде вакцина күші жойылатын көрінеді.

"Құтының сыртында жазылып тұрады екен бәрі. Түсі де басқа болады. Сонда қалай шатастырған? Түк түсініксіз. Білек терісі өте жұқа. Ағзаға вакцина түсіп үлгерді.  Олар бізге 6 ай күтуді сұрайды.  Күтіп отыратын болсаң, ешкім кепілдік бермейді. Мүгедектікке алып келуі мүмкін", - дейді тағы бір ата-ана  Шынар Бекболатқызы.

Вакцинаны шатасып салған медицина қызметкерлері жеке клиниканың мамандары көрінеді. Олар  мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсеткен. Осындай жағдайдан кейін дәрігер де, медбике де жұмыстан босатылған. Прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр.

"Қателікті жіберген - медицина қызметкерлері. Олар өз қателіктерін мойындап отыр. Енді 42 бала осындай жағдай болған соң, не болатынын ешкім айта алмайды. Тек қана біздің өзіміз айтатынымыз, басқа жерге салынып, техникалық ақау кеткені рас", - Ақтөбе облыстық ДСБ басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер