"27 қыркүйек - Әлихан әруағына тағзым": Қарағанды жастары батыл бастама көтерді!

9096
Adyrna.kz Telegram

27 қыркүйек - Алаш арысы Әлихан Бөкейхан атылған қаралы күн. Журналист Зарина Әшірбек бастаған Қарағанды жастары тың бастама көтеріп, ел тарихында тұңғыш рет Әлихан Бөкейханның туған жері Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Жекежал қыстағында "Әлихан әруағына тағзым" атты еске алу шарасын ұйымдастырып, баба рухына құран бағыштап, құрбан шалып, ас берді. Осындай жас ұрпаққа берер тағылымы мол, бұрын-соңды болмаған тарихи шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, жастарға Алаш арысының болмысын жаңа қырынан танытып, ұлт көсемі жайлы тың деректер келтіріп, кіндік қаны тамған қасиетті мекен - Ақтоғай ауданы туралы мол мағлұматтармен бөліскен "Әлиханның шырақшысы" атанған әлихантанушы, өлкетанушы, дала академигі Тұңғышбай Мұқан арнайы Adyrna.kz порталына Қазақстанда алғаш рет өткізілген аталмыш шара туралы толғанысқа толы ойларымен бөлісіп, Әлихан Бөкейхан жайлы ғажап естеліктерін баяндап берді. 

Ұлтымыздың Азаттығы жолындағы азаматтық ар-ожданның тұнығын, өр намыстың от жалынды күш қуатын, мұқалмайтын мінез бен табанды көзқарастардың қаһарлы қаруын Қазаққа дербес ұлттық автономия әперуге арнаған Алаш қайраткерлерінің жанқиярлық, табанды, саяси күрес жолынан іздеуіміз керек.  Жошының ұрпақтары: XIII ғасырда «Алтын Орданы» құрған Батуханның ізін жалғаған, қаһарман Әлиханның басқаруымен азаттық пен демократияның саяси жолын таңдаған алаштықтар, XX- ғасырда «Алаш Орданы» жариялады.

Сол сәтті Алаш арысы Әлімхан Әбеуұлы «Дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты Алаштың басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді» деп жазған екен.

Осы екі алыптың да Арқаның заңғар тауы Ақсораңның екі иығында туған Ақтоғайдың төл перзенттері екендігі Тоқырауын топырағының киесінен болар. Ең алдымен автономия құрайық, содан соң Тәуелсіздікке де жетеміз деген Алаштықтардың ұраны - Ұлт азаттығына арналды. Өкінішке қарай, олардың барлығы да ұлт тағдыры үшін арпалысып жүріп, өз идеяларының құрбандары болды. Қазақты өз алдына дербес ел қыламыз деп күресумен айдауда азапталып, атылып, мүрделері күлге айналған арыстардың рухын зұлматтан аршып алып, ұлықтауға еліміз өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана қолымыз жете бастады.

1992 жылғы Ақтоғай ауданының тұңғыш әкімі Сағадат Дүйсебековтың өз идеясынан туған қарымды басшылығымен Алаштың үш арысын «халық жауы» деген жалған жаладан ақтап алу тұрғысында Ақтоғайда арыстардың рухына арналып құран бағышталып, Оралбай Әбдікәрімов, Кеңес Нұрпейісов, Тұрсымбек Кәкішов, Жайық Бектұров, Қали Жуасов, Оңайбек Құдышов, Мұхтар Құлмұхамед, Сұлтанхан Аққұлы т.б. бастаған қайраткерлер мен ғалымдар және Әлиханның немересі Сергей, шөбересі Петр, Міржақыптың қызы Гүлнар, Жүсіпбектің қызы Муза мен Әлімханның ұлы Мағауиялардың қатысуымен Республика бойынша ең алғашқы рет өткізілген танымдық конференция, одан кейінгі жалғасқан барлық конференциялардың әліппесіне айналды.

Ел көлемінде алғаш рет Алаш қайраткерлерінің есімдерін аудандағы мектептер мен көшелерге беру ісі де тура сол күндері шешілді. 1998 жылы аудан әкімі Төлеужан Ахметбековтың бастамасымен Әлихан, Жақып, Әлімханға туған жері Ақтоғайда орнатылған Республика бойынша ең алғашқы композициялық алып ескерткіш «Тәуелсіздік күрескерлері» деген даңқты атауға ие болды. Бұл игілік аудан көлемінде Алаш арыстарына арналып жеті ескерткіш бюстілер мен жеті ескерткіш тақталардың тұғырға көтерілуімен жалғасты.

Осылайша Алаш қайраткерлерінің туған жері Ақтоғайда тұтанған бостандық алауының талықсып жеткен эстафетасы өткен жылы Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейхан ауданы деп ауыстыру салтанатына ұласты.

Алаш қозғалысының қайраткері, «Алаш» демократиялық партиясының, «Алаш-Орда» ұлттық автономиясының төрағасы, ұлт көсемі, дария білімді ғұлама ғалым, фольклоршы, этнограф, аудармашы, журналист, Абай танушы, «Бүкіләлемдік шынайы, даңқты қайраткер» деп танылған дара тұлға, Қазақ даласындағы контрреволюциялық қозғалыстың жетекшісі деген жалған жаламен бүкіл тағдыры тауқыметке түскен, 6 рет түрмеге жабылып, 8 жыл айдауда, 15 жыл үй қамақта отырып, екі мәрте ату жазасына кесілген Әлихан Нұрмұхамедұлының «Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым» деген Бутырка түрмесіндегі соңғы жауабымен аяқталып барып атылған қасіретті, қаралы күнін яғни жыл сайын бір айналып соғатын «27 қыркүйекті» аза тұтып, құран бағыштатып, еске алып, рухқа тағызым ету шарасына айналдыру туралы жас журналист, қоғам белсендісі Зарина Әшірбекқызының тыңға түрен салған батыл бастамасының сілкіністі жаңғырығы Қарағандыдан Ақтоғайға дейін жетіп, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы мен аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылұлынан қолдау тауып, соның әсерімен осы серпілісті сапарға ерекше құлшыныспен қатысқан қала жастары, төре ұрпақтары жерленген «Талдыбейіт» қорымымен, Әлихан туған Жекежал қыстағымен, алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Смақова «Хан тағы» деп атап кеткен Желтаудағы тәуелсіздіктің мұнарасындай Әлекеңнің тұғырлы Қаратасымен, іргелес жатқан Қарабауырдың қойтасындағы қола дәуірінің қаптаған тас таңбалармен танысып, тарих толқынынан дән тергендей толғанысқа тап болды.

Ал, өзінің қас жауы Сталиннің өлген күніне дөп келетін Әлихан Нұрмұхамедұлының туған күні бесінші науырыздың Ақтоғай ауданында алғаш рет Әлихан атын иеленген жастардың форумы ретінде саясаттанушы ғалым Ерлан Кариннің қатысуымен салтанатты шара түрінде аталып өткендігі де маңыздылығымен есте сақталған болатын.

Соның тағы бір баламасындай Алаш идеясына көзқарастары қаныға бастаған бір топ жастардың Әлекеңнің қаралы қазасының 19 жыл бұрынғы туған анасы Бегжанның дүние салған күнімен бір күнге қапталдасып сәйкес келуін қарауылға алып, бүгінгі яғни 27 қыркүйекті алғаш рет «Әлихан әруағына тағзым» күні ретінде өткізгендіктері Ақтоғай атырабындағы үзілмейтін тағылымды істердің тақырыбын жаңа арнаға бағыттап жіберді.

Кезінде Кеңестер Одағының өз Одақтасы Қазақ КСР-ін тура 71 жыл өткенде бодандық бұғауынан амалсыздан босатып жіберуі, қарт Әлиханды 71 жасында «халық жауы» деп қиянатпен өлімге қиған қасыретті үкімінің қарымта жазасындай болғандығына «Талдыбейіт» қорымына табан тірегенде көздері жеткен жастар, Алаш қасіретінің ақтарылмай келе жатқан біраз құпия сырларын көкейлеріне күйзеліспен түйіп алды.

 

Жанталасқан дүбірлі додаға толы XX ғасырдың алғашқы жартысында ақыл-ойының кемелдігімен әлемдік саяси тұлғаға айналған Әлихан Нұрмұхамедұлына «Талдыбейіттен» екі жарым кез жердің топырағы бұйырмаса да ұлылықтан рух іздеген талапты жастардың жаңа толқынының талпынысымен алып тұлғаның кіндік қаны тамып, анасының ақ сүтінен нәр алған Арқадағы жер биігі Жекежалда астарлы ақиқаттың тағы бір алаулаған шырағы жағылғандай болды.

Тұңғышбай МҰҚАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы»

Пікірлер