«Адырна» ұйымы - Зеленовта

3919
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір мен аталмыш бірдестіктің өңіріміздегі жетекшісі Нұрлан Сәдір келіп, аудан ұстаздары мен мектеп оқушыларына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» «Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту» атты жалпыұлттық жобасының жай-жапсарларын түсіндірді.

Алдымен сөз алған Арман Әубәкір:

- Жастарды әлеуметтендіру дегеніміз – шығармашылық,спорттық, әкери-патриоттық, зияткерлік, қоғамдық белсенділік, ұлттық құныдылықтарды тану, өз-өзін бағалау тұрғысынан жас толқынның болашақ тұлға ретінде қалыптасуына жалпы жағдай жасау. Әрбір баланың дамуы – ең әуелі оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырумен тікелей байланысты.

Абай атамыз: «Жүректе оты жоқ адамда ми болмас» деп. Расында, жүректе оты бар бала кез келген қиындықты жеңіп шығады, биік асуларды бағындырады. Сол жүректегі от ұшқынын дарытатын – отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар қауымы.

Ең бірінші, ата-анадан кейін ұстаздар қауымы балалардың өз-өздеріне деген сенімділіктерін арттыруда өте маңызды қызмет атқарады. Баланы көтермелеп, оның бойында жасырынып жатқан жақсы қырларын танып, соны дамыту арқылы үлкен тұлға қалыптастыруға болады. Атаулы жоба ең әуелі балалардың өз-өздеріне деген сенімін арттыруға көмектеседі,-деп қолға алынған жаңа жобаның маңыздылығы мен мәніне тоқталды.

Иә, расымен қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтарды қастерлеп, салт-дүстірімізге құрметпен қарайтын жас азайды. Міне, солардың бойына ұлттық дәстүрді сіңіріп, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсу мақсатында қолға алынған жоба жастарға құр білім беріп қана қоймай, ұлттық тәрбиені сіңіруге бағытталған.

Кейін жобаның мақсаты жайына сөз сөйлеген Нұрлан Қуанышұлы:

- Жақында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев NEET жастар туралы мәселесін көтерді. NEET жастар деген кімдер? Жалпы, NEET - халықаралық аббревиатура.  NEET —  Not in Empoloyment, Education or Training, яғни не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын жастар категориясы.  Статистика, 2018 жылдың екінші тоқсанында елімізде 300 мыңнан астам «NEET жастар» бар дейді. Бір қарағанда NEET жастар – қылмыскер емес, бұзақы емес, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, ештеңеге құлықсыз, бос жүрген жастар. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – сұмдық көрсеткіш. Себебі бұл – әртүрлі заң бұзушылық-қылмыс, бүлік, теріс дін ағымдарға тартылуы, суицидке бару қаупі жоғары категория.

Қазіргі таңда Қазақстанда жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» жасақтары, «Серпін»,  «Дипломмен —  ауылға» және т.б. бар.  Бірақ осыған қарамастан, NEET жастардың қарасы жоғарыда айтылғандай болуы – бұл бағдарламалар әлі де жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Себебі бұл іске тек үкімет емес, қоғам да ат салысу керек. Осы қоғамның қозғаушы күштерінің бірі – қоғамдық бірлестік ретінде – «Адырна» бірлестігі «Жастар бастамаларын қолдау бойынша әлеуметтік қызмет» жобасын қолға алып отыр. Аталған жоба – «Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту бойынша жалпыұлттық жоба»-ның құрамдас бөлігі болып табылады.

Сонымен, әлеуметтендіру дегеніміз не және неге оған қатты көңіл бөліп отырмыз. Әлеуметтендіру – қарым-қатынас жасай білетін, өмірлік мақсатына жете білетін, өмірлік және адамгершілік құндылықтарды ұстанатын, өзінің қажеті мен қызығушылығын қоғам талаптарына сәйкес шектей білетін тұлғаның қалыптасуы, - деп жастарды әлеуметтендірудің мотивациялық жүйесі, азаматтық жауапкершілігін дамыту, жастардың барлық санаттарының  (ауылдық, белсенді емес, маргинал топтарының, т.с.с) әлеуметтік инклюзиясін қамтамасыз ету, жастар арасында еріктілік, спорт және шығармашылықты дамыту, ұлттық құндылықтарға жалғау сияқты жолдарын көрсетті. Сондай-ақ Нұрлан Сәдір интелектуалдық (зияткерлік),еріктілік пен әлеуметтік белсенділік, әскери-патриоттық, шығармашылық, спорттық, ұлттық құндылық сияқты алты бағыт бойынша өтетін байқаудың шарттары мен мақсаттары жайын кеңінен түсіндіріп өтті.

Шара барысында жиналғандар аталмыш жоба жайында сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Пікірлер